Әнші Қарақат Әбілдина қазір ажырасу мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді, – деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі отбасын сақтап қалу маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қиындықты мейіріммен, кешіріммен, түсіністікпен, сабырмен ғана жетесің. Әнші жастарға қиындықта бір-біріне қолдау білдіруге шақырды.
«Бірге өмір сүріп, қол ұстасып талай сынақтан сүрінбей өткен, махаббатын ескіртпеген жандар бар. Олар қашанда басқаларға үлгі. Бірақ… Жас жұбайлардың қосылу сәтіне талай куә болып жүрміз ғой… Сүйдім, күйдім деп қосылғанымен, арада жыл өтпей жатып айырылысып екі жаққа кетіп жатқандар қаншама. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде алғашқы үштікке еніп тұр екен. Бұл ұлт үшін үлкен қасірет. Иә, «үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтылмаған. Махаббатты сақтау – үлкен еңбек. Мейіріммен, кешіріммен, түсіністікпен, сабырмен ғана жетесің. Нағыз “ескірмейтін махаббат” бірге өскен, бірге күрескен, өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзген, ұзақ жылдар бойы бір-бірін қолдап, түсіністік танытқан жандарға тән. Ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайды. Дегенмен, шын сүйген жүрек ешқашан қол сілтемейді. Қиындықта бірге болуға, отбасын аман алып қалуға тырысады. Алаулаған махаббатты, ыстық сезімді суытпай сақтап қалуға тырысайықшы! Себебі махаббаттың мәңгілік болуы сол екеудің қолында!», – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.