Олардың қатарында қыпшақтан шыққан батыр әйелдер Рәзия мен Зарина, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханым есімізге бірден түседі. Ал өткен ғасырдағы жойқын соғыста алабөтен ерлігімен советтік әскери биліктің көзіне түсіп, батыр атанған Мәншүк, Әлия, Хиуаз, Зура Досбергенова апаларымызды қалай ұмытамыз?
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары тағдырдың талқысына түсіп, өзінің ғазиз басын бір адамға деген шексіз махаббаты үшін оққа байлауға дейін барған Мұхсина апамыздың тағдыры да, ерлігі де бір бөлек. Батыр әйел жас өмірін ел арасында «Банды Аманғали» деген атпен Нарын өңіріне белгілі болған адамға арнады, оның шексіз махаббаты үшін құрбан етті. Екі ғашықтың махаббаты тұтанған шағы «банды» атанған Аманғалидың Нарынға сыймай, басын анда-мында соғып жүрген кезі болатын. Аманғали Кенжеахметұлы Беріш тайпасының Cебек руынан шыққан (1888-1928 жж.). Ол кезде Аманғали жасы 40-тан асқан, елге серілігімен, ақындығымен, әншілігімен танымал адам болатын. Сол уақыттың өзінде Аманғалидың бірнеше әні көрнекті музыка зерттеушісі А.Затаевичтің назарына ілініп, оның атақты «Қазақтың 500 әні» атты жинағына енген еді.
Аманғалидың «банды» атануына оның бұрынғы құдасы Қайыр Қарынбаев екеуінің арасындағы тұрмыстық кикілжің себеп болған. 1926 жылы басталған кикілжіңді ушықтырмай, заң шеңберінде шешудің орнына Аманғалиды «банды» атандырып, оның артына жарық күнде шам алып түскен. 1926 жылы он алты жастағы Мұхсина өзінен біршама үлкен Аманғалиға деген ынтықтығын хат арқылы жеткізген көрінеді.
Мұхсина туралы Аманғалидың үлкен қызы Рахила былай еске алады: «Көкем Мұхсина шешемізге Орал түрмесінен келген жылы жазда үйленді. Мұхсина – Нарын құмының Айбас деген жерін қоныстанған Айбас-Жайық Беріштің Сары атасынан тарайтын Әлімтай деген кісінің қызы. «Отырған қыз орнын табады» демекші, байғұстың қайғы-қасіретте жүрген әкемізді ұнатып, соған тап болғанын қараңызшы. Мұхсина бұрын нағашылары жағынан, Есен-Беріштің бір жігітіне айттырылып қойған екен, оған өзі көнбеген деседі. Бір жеңгесінен көкеміз келгенде хат беріп, оның оңаша келіп кетуін өтініп, өзінің тұрмысқа шықпақ ойы барын білдіріпті. Мұхсина шешеміз біздің үйге келін боп түскенде, мен өзім де бойжеткен қызбын. Бәрі-бәрі көз алдымда, есімде.
Ауылымыз Халидолла ахун хазірет атамыздың «Шошақ үй» дегенінен (бұл балалар оқитын үй) он шақырымдай жерде жеті-сегіз үй жаз жайлауда отырмыз. Бір күні әкеміз үйге кіріп келіп: «Ал Мұхсина шешелеріңізді алып келдім, қарсы алуға шығыңдар!» – дегені. Бәріміз үйден жүгіре-жүгіре шықтық. Байқап үлгергенім, шешеміз өте ажарлы адам екен. Өзім де бойжеткен болған соң оның киіміне зер сала қарадым. Қызыл мақпал бешпетінің сыртынан салған қапсырма белбеу бау мүсінінің сәнін келтіріп, кең иығы мен омырауын айқындап тұрды. Оған қоса, жуандығы ірі кісінің білегіндей қос бұрымы тілерсегіне түсіп, шолпысы сыңғыр-сыңғыр етеді. Бәріміздің беттерімізден сүйгеніне біз дән риза болдық. Той жасадық…
Тойдан кейін көп болған жоқ, екі-үш күннен соң, қасында үш-төрт адам бар, әкеміз Мұхсинаны ертіп ауылдан кетіп қалды. Келесі бір келгенде шашын түйіп, басында алшы бөркі бар, ер адамша киініп алыпты. Көк жорғамен ағызып келгенде қайсысы әкем, қайсысы Мұхсина екенін танымай да қалдық. Мұхсина әкеміздің салтанатын асырып жіберіпті. Осындай сәнімен ол өзімізге өте ұнап қалды».
Мұхсина Аманғалидың қасында болып, аз уақыттың ішінде оқ-дәрімен атылатын қару-жарақтың барлық түрін пайдалануды жетік үйреніп, үкімет әскерлерімен болған шайқастарға асқан ержүректікпен қатысқаны туралы деректер баршылық. Осындай шайқастардың бірі – Терлікбай қыстауында болған оқиға. Ол туралы Аманғалидың кіші қызы Рахима апай былай әңгімелейді. Бұл оқиға 1926 жылы тамыз айында болған.
«Бір күні түсте Терлікбай қыстауы жағынан мылтықтың дауысы шықты. Үйде көкем, Мұхамберлі, шешеміз Мұхсина, ас пісіретін бір әйел бар, балалардан Нағымжан, Қадыржан және мен. Әкем Нағымжанға сыртқа шығуына қатаң тыйым салды. Қадыржан екеуін үй ортасындағы қазылған шұңқырға түсіріп, үстіне алаша жауып, текемет төсеп тастады. Әкемнің мұнысы қалай да ұл балаларды қауіптен сақтағысы келгені ғой. Мұхамберлі мылтықтарды алып, әкемді ілестіріп үй жанындағы орға түсті. Мұхсинаны да ала кетті. Ас пісіретін әйел маған бие сауатын кішкене шелекпен су беріп тұрды. Мен оны ордағы атысып жатқан әкеме тасимын. Атылған оқтар менің алдымнан да, артымнан да құмға түсіп, бұрқ-бұрқ етіп жатты. Кейде шелектегі суды төгіп аламын, кейде әрең-әрең әупірімдеп жеткізіп беремін. Сол екі арада әкем мені қайта жүгіртеді.
Мұхсина шешеміз мылтықтардың ұңғыларын сулы шүберекпен таңып байлап әрі оқтап үлгереді. Қимылы өте шапшаң. Өзі көкемнің екі жағына кейде зып беріп шығып, келіп түсіп жатқан бораған оқ пен әкем арасына қалқан болғандай, денесімен жауып, әкемді қорғаумен әлек. Көбірек ататын –Мұхамберлі. Атқан сайын ышқынып қояды. Күн сондай ыстық. Мылтықтар шыдамайды, ұңғысы ысып, суды көп керек етеді. Сөйтіп жатқанда, Мұхамберліге оқ тиді. Оған Мұхсина бір-ақ қарғып барып, қан ағып жатқан жарасын шүберекпен таңып тастады. Мұхамберлі атуын қайта бастады. Сол кезде үй жанында бір ат байлаулы тұрған, оған оқ тиіп, аяғын бір-ақ серпіді.
Әйтеуір, түс ауа атыс тоқтады, екі ара көкпеңбек мұнартып кетті. Әлгі келгендер кетіп қалды. Кейін көкем мен Мұхсина қыстаудың ішін, айналасын аралап қарады. Мен арттарынан еріп жүрдім. Естуімше, екі адам шығын болған. Шамамен 1927 жылы болса керек, бұлар Орал облысының аумағындағы бір қамысты, ық жерге келіп тоқтап, сол жерден жер қыстау қазып, бүкіл отбасымен сол жерде қыстап шығыпты. Жазға қарай сол жерге киіз үйлерін тігіп отырыпты. Күндердің бір күнінде бұлардың ауылына суыт жүріспен бір топ салт аттылар келіп тоқтаған. Үйде әкем Қабдолхамит мен әжесі Жамиға болған. Үстіне қару мен патрон асып алған салт аттылар аттарынан түсіп, үйге кірген. 7-8 жастағы Қабдолхамит пен оның әжесі Жамиғадан басқа үйде ешкім болмаған екен. Үйге кірген ұзын бойлы, түсі суық ер адам әжеме қарап: «Апа, сәлем бердік. Сендер қандай ел боласыңдар, немен айналысасыңдар, советтің адамдары емессіңдер ме?» – деп сұрады», – дейді менің әкем. Әжем: «Қарақтарым, біз бір кеңестің зорлығынан қорқып көшіп жүрген жандармыз, Мәмбеттің Қаратоқай руынан – Аққұлылармыз», – депті. Сонда ер адам: «Е-е, сендерден қауіп жоқ екен ғой. Ал мен Себек Аманғалимын. Мынау менің әйелім – Мұхсина, сырттағылар менің жігіттерім», – депті. Сол кезде үйге атам Ахмедияр кіріп келіпті. Аманғали оған алая қарап, «Сен кімсің, советтің адамы емессің бе?» – депті ақырып.
Сонда әжем: «Бұл менің балам, советке ешқандай қатысы жоқ, одан да сырттағы адамдарыңды үйге шақыр, барымен қонақ боласыңдар», – депті. Содан Аманғалилар біздің үйде тамақтанып, қонған екен. Әкемнің айтуынша, таңға жақын бұлардың ауылында Аманғалилардың қонып жатқанын біреулердің көрсетуімен білген Ішкі істер халық комиссариатының әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, үкімет әскерлері мен «банданың» арасында кескілескен шайқас басталған.
«Таңертең елең-алаңда басталған шайқас екі сағатқа созылды», – дейді менің әкем. Аманғали үйдегі көпшіктерді шынтағының астына қойып тұрып, өзінің жауларымен атысқанда, әйелі Мұхсинаның көз ілеспес шапшаңдықпен сүйіктісінің мылтығын оқтап беріп отырғандығы аздай, арасында өзі де керегеден сығалап, наганмен жауларына оқ жаудырғанын әкем көзімен көріпті. Бір мезгілде атыс аяқталып, екі жақтан шығын болғаннан кейін, Аманғалилар тірі қалған өз адамдарымен сол жерден іздерін жасырып үлгеріпті. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай біздің үйге милициялар келіп, менің атам Ахмедияр Құлмағанбетұлын Оралдың түрмесіне қамаған көрінеді. Одан кейін атамнан тек бір рет қана хат келген. Артынан жөн білетін сауатты туысқандарымыз Орал түрмесіне жолығамыз деп барғанда, ол кісінің өлігін носилкаға салып, үстіне өзінің ескі бешпетін жауып жерлеу үшін алып шығып бара жатқандарын көріп, ауылға кері қайтқан көрінеді».
Мұхсинаның Аманғали тобы құрамындағы іс-әрекеті туралы Орал мемлекеттік мұрағатында ОГПУ-дың қаулысы сақталған. Осы қаулының кейбір үзінділері мынадай:
«1927 жылы сәуірде 9 адамнан тұратын Аманғали тобы, оның ішінде Мұхсина да бар ІІХК отрядымен шайқасты. Маусымда болған үкімет әскерлерімен болған шайқаста, атына оқ тиіп, ауып құлаған Нағымға ерлердің бірі де көмектесе алмай, төбені асып бара жатқанда, Мұхсина атының басын кері бұрып барып, баланы атының артына мінгестіріп алуға тырысып, екі рет қолын ұсынып, оны құтқара алмай, өзі әрі қарай жауға ұстатпай кетуге мәжбүр болған.
Жазушы Ләтифолла Қапашевтың «Банды Аманғалидың ісі» атты кітабында нақты деректер келтірілген. Мұхсина Новая-Казанкада ұсталғаннан сотталып, бәлен жыл түрмеде отырған. Түрмеден шыққан соң, Оралдың Тасқала (ол кезде «Каменка» деп аталатын) деген аудан орталығында тұрады. Сол кездері «Жаман Жәутік» повесін жазып жүрген жазушы Есенжол Домбаев Мұхсинаны іздеп Тасқалаға барады. Бірақ Мұхсина Жайық бойындағы ауылдардың біріне қоныс аударыпты. Араға тағы да жылдар салып, артынан іздеп барса, Мұхсина өмірден озған екен.
«Ауыл адамдарының айтуынша, Мұхсина түрмеден келгесін кәдімгі ер адамдарша ел ішінде бала піштіріп, сүндетке отырғызған көрінеді. Бұл деректер менің ел ішінен әр кезеңдерде естіп, еске ұстап қалғандарым», – дейді белгілі өлкетанушы Сәтқали Әуелбаев.
Мұхсина апамыз 1927 жылы үкімет әскерлерінің қолына түсіп, Аманғалидың құдасы Әбдірахман Жүсіповпен, күйеуінің інілері Сүндетқали және Үмбетқалимен Орал түрмесінде үш жыл отырады. 1929 жылы сот шешімімен Мурманск облысындағы тұтқындарға деген ауыр азабымен теріс атағы шыққан СЛОН лагерінде жазаларын өтеді. Кеңестік сот билігінің әділетсіздігі мен қатыгездігін жасы тек 18-ге жаңа толған Мұхсина бір кісідей-ақ көрді.
Мұхсинаның Орал түрмесінде соңғы жауап алу кезінде өзінің жүктілігін ескере отырып, түрмеден босатуды сұрап берген арызын түрме әкімшілігі кереңдікпен жауапсыз қалдырды. Сөйтіп, Мұхсина ана болудың қызығынан біржола айырылды. Мұхсина Кенжахметова Мурманск лагерінде 1933 жылға дейін күйеуінің ағасы Сүндетқалимен жазасын өтеген. 1933 жылы Мұхсина мен Сүндетқали лагерьден босатылғаннан кейін Мәскеу арқылы өз Отанына оралады.
Алайда Мұхсинаның өткені ол байғұсты жібермегені соншалық, ол өзінің ата-анасына оралуға батылы бармай, Орал облысының Қазталов ауданында тұрып қалады. Белгілі өлкетанушы Мұрат Бектеновтің мәліметтері бойынша, Мұхсина апамыз 70 жылға дейін Орал облысында өмір сүрген. Ол 1994 жылы наурызда ақталды. Ішкі істер органдары Кенжахметовтар отбасына байланысты асқан қатыгездіктің үлгілерін көрсетті.
Кенжахметовтер 5 ағайынды болатын. Аманғали қаза болғаннан кейін көп ұзамай інілері Әндірғали мен Мұқанғали ОГПУ отрядымен шайқаста қаза тапты. Тағы екі інісі – Сүндетқали мен Үмбетқали Орал қаласына түрмеге қамалды, сол жерден 1929 жылы СЛОН лагеріне (арнайы мақсаттағы Солтүстік лагерь) жіберілді. Сүндетқали мен Үмбетқали жазықсыз түрме мен лагерь азабын басынан кешірді. Яғни, жергілікті тілмен айтқанда, бұлар «қосақ арасында босқа кеткен» жандар еді. Тағдырдың қалауымен Үмбетқали Финляндияда болып, онда ол 80 жасқа дейін өмір сүрді.
Бұл оқиғалардың басты трагедиясы – Мұхсина өзінің ерекше қасиеттерін адам қызметінің басқа лайықты түріне жұмсамай, ақыр соңында өзінің туған жерінен жырақта қайтыс болды.
Тағдыры ауыр, ыстық махаббаттың құрбаны болған апамыз Мұхсинаны қанша аясақ та болар іс болды, бояуы сіңді. Сондықтан қиын да, бірақ жарқын өмірдің иесі, жерлесіміз Мұхсинаның есімі ұмытылмауға тиісті. Өйткені оның тағдыры – біздің тарихымыздың бөлінбейтін бір бөлігі.
Зәки АХМЕТЖАНҰЛЫ,
шежіреші