Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әнші Рүстем Жүгінісовке 79 мың теңге айыппұл салды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сотта әншінің айтқан екі пікірі қаралды.
Біріншісі, 2023 жылғы 31 желтоқсанда әнші TikTok-та “Жаңа жылды тойлау керек пе?” деген сұрақ қойып, “пайғамбар да, ата-бабаларымыз да бұл мейрамды тойламағанын” айтқан. Ал екіншісі – Ақтөбедегі мешіт оқиғасы. Әнші әлеуметтік желіде тараған видеоны талқылап, онда ер адам “бірреттік неке” ұсынған қызды айыптап, әйелдердің мешітке тек әкесі не бауырының еріп баруын жөн көретінін сөз еткен.
Сараптама мұндай пікірлер қоғамда діни алауыздық туғызуы мүмкін деген баға берді.
Осыған байланысты Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әнші Рүстем Жүгінісовті Әкімшілік кодекстің 453-бабына сәйкес кінәлі деп тапты. Нәтижесінде, оған 78 640 теңге айыппұл салды.