in

Президент Дональд Трамп бірінші рет мешітке кірді

Бұл сапар барысында ірі әрі қымбат жасанды интеллект кампусы араб жерінде салынатыны жарияланды. Ол АҚШ-тан тыс жерде салынатын алғашқы ірі технологиялық хаб болмақ. Reuters жариялаған ақпаратқа сүйенген Aikyn.kz  жасанды интеллект кампусын салудағы басты мақсаттарды талдайды.

Президент Трамп 2025 жылы 15 мамырда Әбу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхамед бен Заид Әл Нахаянмен бірге Шейх Заид мешітіне барды. Фото npr.org сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Brendan Smialowski

15 мамырда Біріккен Араб Әмірліктеріне келген АҚШ президенті Дональд Трамп бұрын Қытайға байланысты себептермен араб елінде тыйым салынған ірі жасанды интеллект кампусын салуға келісімін берді. Сол күні Араб Әмірліктері мен Америка Құрама Штаттары тиісті келісімшартқа қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес, Парсы шығанағы елі АҚШ аумағынан тыс орналасатын ең ірі жасанды интеллект (ЖИ) кампусын салады. Бұған дейін бұл жобаға Вашингтон Қытай компаниялары сол кампус арқылы америкалық озық технологияларға қол жеткізуі мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты шектеулер қойылған болатын.

Екі ел нақты қандай ЖИ чиптерін қолданатынын (мысалы, Nvidia) немесе өзге компаниялардың қандай технологиялары БАӘ-нің деректер орталықтарында қолданылатынын жариялаған жоқ. Дегенмен ақпарат көздері келісім БАӘ-ге озық жасанды интеллект чиптеріне кеңейтілген қолжетімділік береді деп хабарлады. 

Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг бейсенбі күні (15 мамыр) Абу-Дабидегі сарайда АҚШ президенті Дональд Трамппен және БАӘ президенті шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаянмен сөйлесіп тұрған сәтте телекадрларға түсіп қалған.

Бейсенбі күні (15 мамыр) Трамптың Абу-Дабиге сапары барысында жасалған бұл көптен күткен келісім – АҚШ-пен одақтастығын сақтай отырып, Қытаймен сауда байланыстарын реттеуге тырысып жатқан БАӘ үшін маңызды жеңіс. Бұл келісім Трамп әкімшілігінің чиптерге қатысты қауіпсіз басқаруға сенетінін көрсетеді. Оның ішінде деректер орталықтарын америкалық компаниялар басқаруы тиіс деген талап та бар.

Мұнайға бай БАӘ миллиардтаған доллар инвестиция құйып, ЖИ саласында жаһандық ойыншыға айналуды көздеп отыр. Алайда Араб Әмірліктерінің Қытаймен сауда қатынастарына байланысты, Джо Байден президент болып тұрған шақта АҚШ чиптеріне қолжетімділігі шектелген болатын.

2025 жылдан бастап БАӘ жылына Nvidia-дан ең озық 500 000 ЖИ чипін импорттай алады. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Brian Snyder

Ақ Үйдің хабарлауынша, ЖИ саласындағы келісім «БАӘ-нің АҚШ-та да кем дегенде Әмірліктердегі көлеммен және қуаттылықпен салыстыруға келетіндей деректер орталықтарын салуға, қаржыландыруға немесе оларға инвестиция құюға міндеттемесін қамтиды». Яғни, Әмірліктерде қаншалықты қуатты, үлкен деректер орталығы салынса, одан кем емес орталықты араб елі Америка жерінде салуға немесе сондай көлемде инвестиция құюға міндеттіледі.

Сонымен қатар «келісім аясында БАӘ ұлттық қауіпсіздік ережелерін АҚШ стандарттарымен сәйкестендіруге міндеттеледі, соның ішінде америкалық технологиялардың тарап кетуіне жол бермейтін сенімді қорғау шараларын қабылдау» туралы тарихи міндеттемелер қабылданды.

Бұған дейін Reuters агенттігі екі елдің технологиялар бойынша негіздемелік келісімді аяқтағанын хабарлаған еді. Ол құжат екі тарапқа да технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттемелерін жүктейді. 

Reuters-ке берген ақпарат көздері хабарлағандай, 2025 жылдан бастап БАӘ жылына Nvidia-дан ең озық 500 000 ЖИ чипін импорттай алады. 

Бейсенбі күні (15 мамыр) жарияланған келісімнің басты бөлігі – Абу-Дабиде 25,9 шаршы шақырым аумақта орналасатын ЖИ кампусы. АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, ол қуаттылығы 5 Гигават болатын деректер орталықтарымен жабдықталады.

Сарапшылар бұл инфрақұрылым бұрын-соңды жасалған жобалардан асып түсетінін айтуда. Олар бұндай қуаттылық Nvidia B200 типті 2,5 млн ең озық чиптерді қолдауға жеткілікті екенін айтады.

Кампусты Абу-Дабидегі мемлекеттік қолдауға ие G42 компаниясы салады. Ал АҚШ сауда министрі Говард Лютник болса баспасөз хабарламасында «деректер орталықтарын америкалық компаниялар басқарып, бүкіл аймаққа АҚШ-тың басқаруындағы бұлттық қызметтерді ұсынатынын» мәлімдеді.

Америкалық ақпараттық бюллетеньдерде сонымен қатар Qualcomm компаниясы жасанды интеллектке қатысты инженерлік орталық әзірлеп жатқаны және Amazon Web Services (AWS) компаниясы киберқауіпсіздік пен бұлттық технологияларды енгізуде жергілікті серіктестерімен жұмыс жүргізетіні хабарланды.

12 мамырда Астанаға келген Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян АҚШ президенті Дональд Трамппен араб-америка бизнес форумында. 16 мамыр 2025 жыл. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Brian Snyder

АҚШ ұзақ уақыт бойы Қытайдың алдыңғы қатарлы жартылай өткізгіштерге қол жеткізуіне шектеу қою мақсатында протекционистік саясат жүргізіп келді. Оған үшінші тараптар арқылы чиптердің Қытайға өтіп кетпеуін қамтамасыз ету де кіреді.

Алайда Трамп әкімшілігі бұл саясатты жұмсартуда. Оның жасанды интеллект бойынша кеңесшісі Дэвид Сакс сейсенбі күні (13 мамыр) Эр-Риядта сөйлеген сөзінде Байден әкімшілігінің экспорттық бақылау шаралары «достарға, одақтастарға және стратегиялық серіктестерге қарсы бағытталмағанын» мәлімдеді. БАӘ-ге Nvidia сияқты компаниялардың ең озық чиптеріне қолжетімділіктің кеңеюі – АҚШ саясатының елеулі бетбұрысы.

«Бұл қадам БАӘ-ге АҚШ-пен технологиялық серіктестігін тереңдетуге мүмкіндік береді. Және Қытаймен сауда байланыстарын сақтауға да кедергі келтірмейді. Бұл Қытайдан толық бас тарту емес, бірақ бұл – есептеу, бұлттық технологиялар және чип жеткізу тізбектері сияқты аса маңызды салаларда стратегияны АҚШ стандарттарына бейімдеу», – дейді Таяу Шығыс институтының аға ғылыми қызметкері Мұхаммед Солиман.

Жасанды интеллект тақырыбы БАӘ президенті шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаян 2023 жылғы желтоқсанда, Джо Байденнің президенттік мерзімі аяқталуға жақын кезде, Вашингтонға барған сапарында басты күн тәртібі болды. БАӘ-нің ЖИ инвестицияларына жетекшілік ететін мемлекеттік компаниялары – G42 мен MGX – OpenAI және Илон Масктың xAI сияқты америкалық компанияларға инвестиция салған. Сонымен қатар Microsoft былтыр G42 компаниясына 1,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға келіскен еді.

Бұл компаниялар келісімді қауіпсіздік кепілдіктерімен қамтамасыз етілген деп мәлімдеді. АҚШ-тың қысымынан кейін G42 компаниясы өзінде қолданылып жүрген қытайлық құралдарды алып тастап, Қытай инвестицияларынан бас тарта бастады.

Алайда Huawei және Alibaba Cloud сияқты ірі қытайлық компаниялар әлі де БАӘ нарығында бар. Reuters агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың ақпанында Малайзия, Сингапур және БАӘ сияқты елдер арқылы Қытайға ЖИ чиптерін контрабандалық жолмен жеткізу әрекеттері тіркелген.

Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізді. 12 мамыр 2025 жыл. Фото akorda.kz сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

Жасанды интеллект кампусы дегеніміз — жасанды интеллект (ЖИ) саласына арналған зерттеу, әзірлеу және қолдану орталығы. Мұндай кампустар: деректер орталықтарынан (data centers); жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымынан (мысалы, Nvidia чиптерімен жабдықталған серверлер); ғылыми-зерттеу институттарынан немесе зертханалардан; инженерлік, бағдарламалық жасақтама және киберқауіпсіздік бөлімдерінен тұрады.

Зерттеу кампустарының мақсаты – ЖИ-ді дамыту; ірі көлемдегі деректерді өңдеу, машиналық оқыту және нейрожелілерді оқыту; бұлттық қызметтер ұсыну; ғылыми жобалар жүргізу.

БАӘ-де салынатын кампус – АҚШ-тан тыс ең ірі ЖИ инфрақұрылымы болмақшы. Бұнда озық чиптермен жабдықталған деректер орталықтары, ғылыми командалар және халықаралық әріптестер жұмыс істейтін болады. Яғни, бұл – университеттік кампустан гөрі, технологиялық мегахаб ұғымына жақын.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.