Жақында ақын, сазгер, композитор, әнші елордамызда ерекше форматта шығармашылық кешін өткізді. Жиылған тыңдарман әр әнін қосылып шырқады, енді бірінде көзіне жас алып, өлеңмен сағынышын басқандай тебіренді. Кештің иесі тура он бес өлең оқып, он бес ән орындады. Кеш соңында әншіні әңгімеге тартып, сұхбаттастық.
– Роза ханым, бұған дейін сіздің шығармашылық кешіңіз үлкен сахналарда өтетін. Ал бұл жолғы концерт шағын әрі жылы форматта ұйымдастырылды. Не үшін мұндай форматты таңдадыңыз?
– Жақында Жазушылар одағына мүшелікке құжат тапсырдым. Негізі журналистика факультетін бітіргенмін. Бірінші – кәсіби журналиспін. Екінші – үш кітабы шыққан ақынмын. Сондықтан бұрын өзім үшін жазған өлеңдерімді енді жеке шығармашылық кеште елдің де керегіне жарайтын шығар, оқырманға ұнайтын шығар деген оймен оқиын деп шештім. Жалғыз өлеңмен емес, лирикалық әндерді орындап, әсерлі кеш беріп көрсем деп ойладым. Мұндай форматта бұрын Мирас Асан екеуміз ән айтып жүрдік. Кейін Мирастың өзі «Әдемі акустикалық кеш берсеңізші» деп қолқа сала бастады. Сол арманым бүгін орындалып жатыр. Поэзия мен әннің кеші болғандықтан шағын форматта өткені жөн деп ойладық. Себебі мұндай ортада тыңдарманмен жақын отырып, олардың көзіндегі жылылықты, жүректегі толқынысты сезіне аласың.
Үш ақынға қарыздармын
– Шығармашылығыңыз туралы сөз етсек. Қазір жас пен үлкеннің тыңдайтын әндерінде айырмашылық көзге көрініп тұрады. Сіздің қоржыныңыздағы әндерді көбіне тыңдайтын аудитория кімдер? Тыңдарман талғамы туралы не айтасыз?
– Сахнада ән салып келе жатқаныма 25 жыл болыпты. Соңғы 15 жылдан бері гастрольмен жүріп, жылына шамамен 50-60 шақты жеке шығармашылық кеш беремін. Сонда байқағаным, кешке келетін қонақтардың ішінде көбіне үлкен кісілер екен. Әндерімнің лирикалық бағытта болуы оларға ұнайтын шығар деп ойлаймын. Жақында өткен «Жүрегім менің» атты кештің афишасында мелика мен лирикалық бағыт екені көрсетілді. Мелика гректердегі ырғақты поэзия, ал лирика – біздің бағытымыз. Сондықтан сол шығармашылық кеш – тура осындай адамның ішкі сезімдерін жария ететін, ешкімге айтылмайтын күйді көрсететін өте нәзік, мұңға, сырға толы кеш. Тыңдармандарым әнімді өте жақсы біледі, тіпті өздері де қосылып айтып отырады. Өздерінің жақсы көретін әндерін, мысалы «Мен сыйға тартқан орамал», «Мен сені сүйем, өмір», «Жүрек назы» сияқты әндерімді күтіп отырады. Мұндай әндердің де ғұмыры тыңдарман ықыласымен бірге ұзарып келе жатыр.
– «Қинайды Фаризаның аманаты» деген өлең жолдарының мазмұнына үңілсек…
– Өзімді үш ақынға қарыздар санаймын. Оны сахнада да айтып жүрмін. Біреуі – Мұхтар Шаханов. Оның өлеңдерінен өрелікті, махаббатқа, достыққа адалдықты үйрендік. Бірде «Аға, сіз бізді өлеңдеріңізбен тәрбиелеп едіңіз. Махаббат та, достық та сіз айтқандай емес екен ғой» деп едім өзіне. Жүзіме қарап күлімдеп қойды. Екінші – Фариза Оңғарсынова. Қазақ қыздарының болмысын, қайсарлығын, ибалығын Фариза апамыздың өлеңдерінен бойымызға сіңірдік. Үшіншісі – Төлеген Айбергенов. Ол менің – сүйікті ақыным. Біз соларды оқып өстік.
Фариза апамызды ақын ретінде ғана емес, адам ретінде адамгершілік қасиетін жоғары бағалаймын. Өзінің айналасындағы таланттардың барлығына тым құрығанда жылы қабағын көрсеткен, қамқор болған тұлға еді. Бірде Қалқаман Сарин хабарласып; «Сені Фариза апаң іздеп жатыр. Өзіңмен сөйлескісі келеді» дегенде, төбем көкке бір елі жетпеді. Ақын апамның бір-ақ ауыз сөзі әлі күнге дейін маған қуат беріп, сенім сыйлайды. «Тақтайды тақтайға соққан композиторсымақтардың ішінде «Мен сыйға тартқан орамал» деген әні бар қызды сырттай жақсы көретін едім. Өзің жақсы ақын да екенсің» деді. Апамның осы сөзінен кейін өлең жаздым. «Елордаға барып концерт бер» дегенінен кейін Астанаға жиі келе бастадым. Жалпы, адамның өмірінде бағыт беретін, дұрыс жол сілтейтін адамның болғаны үлкен бақыт екен.
– Өлеңді қай кезде жазасыз? Әр өлеңнің, әннің туған тарихы бар шығар?
– Шынымды айтсам, қай жерде қандай ән туғаны естен де шығып қалады екен. Өткенде қасымда көмек беріп жүретін сіңлім Әсел Айымбет «Қасыңызда жүріп, біраз әннің куәгері болыппын» дегеннен кейін ғана кей әндерім есіме түсіп жатыр. Негізі, көбіне табиғат аясында жазамын. Өзім қалаға сыймай, тауға не басқа қалаға кетіп қалатын, қысқасы жол жүргенді жақсы көретін адаммын. Өйткені қазан-ошақтың алдында үйге қамалып отыра берсең одан ештеңе тумайды. Адам табиғаттың бір бөлшегі ғой. Өлең тууы үшін ерекше әсер, әдемі сәт болуы керек. Өлең содан туады деп ойлаймын.
Журналистикаға ренішім жоқ
– «Кез келген сәтсіздіктен сақтап қалған ақ парақ» дейсіз. Неге?
– «Бағы асқанның досы көп, бағы аспағанның досы жоқ» деп айтамын. Бағы асқан адаммен бәрі дос болғысы келеді. Бағы аспаған адаммен көп адам дос болмайды. Өйткені Мұхтар Шахановтың «Дара талғам қасіреті» деген өлеңі бар. Біздің, өнердегі, өлеңдегі жандардың жалғыздығы өзіне ғана белгілі. «Қиядағы қыранның жалғыздығы, бәйгедегі тұлпардың жалғыздығы» – олар сонымен ерекшеленеді. Өйткені кейде қасыңдағы сенген адамың ойламаған жерде сатып кетуі, уәдесінен тайып кетуі мүмкін. Ондай дүниелер көңіліңе қаяу салады, аңқылдаған тап-таза көңіліңді бір сәтте өзгертеді. Мен бұрын бәріне сенгіш, бәріне жүрегімді ала жүгіретін қыз болсам, қазір байыпты, байсалды әжеге айналдым. Бақыттың, тәжірибенің, сол қиындықтардың өзі мені осы деңгейге алып келді. Осынша уақыттың арасында мен тек қалам мен ақ параққа ғана сүйендім. Сол кездерде мені құтқарған өлең деп айтқаным сол еді.
– Роза Әлқожа десе, көпшілік ең алдымен сахнада сырлы да сазды әнімен жүректерді тербеген өнер иесін елестетеді. Алайда сіздің жолыңыз журналистика саласынан басталғаны белгілі. Айтыңызшы, ақпарат әлемінен өнер сахнасына түбегейлі бет бұруыңызға не себеп болды?
– Оның себебі – «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді». Мен не журналист, не әнші болуым керек еді. Мен өнер әлемін таңдадым. Журналистикада алған білімім бойымда тұр, оны қай кезде істесем де, таңдау еркі өзімде. Сондықтан ән әлемі мен үшін құпия, сырға толы әлем еді, осы әлемнің тұңғиығына үңілгім келді. Бірақ журналистикаға да ренішім жоқ. «Ақ жол – Қазақстан» газетінде 2 жылдай жұмыс істедім. Қазақ радиосында «Аққулы айдын», «Ән домбыра» деген хабарым болды. Телеарнада Жанарбек Әшімжан екеуміз «Жастар жырлайды» атты айтыстың жобасын жүргіздік. Баспасөздің де, радио мен телеарнаның да, әрқайсысының адамды тартатын, жібермейтін ләззаты бар. Соны қия тұрып мен әнге келдім, әлі де журналистиканы жақсы көремін, жұмыс істегім келеді. Бірақ бәрін қатар алып жүру мүмкін емес.
– Әндеріңіздің сөзін де, сазын да өзіңіз жазасыз. Әуен мен сөздің арасындағы үйлесімді қалай табасыз? Ақын мен әншінің арасында қандай байланыс болуы керек?
– Бұрын ақындарға сөз жаздырып, оған әуенді өзім жаза жүрдім. Жаңа да айттым ғой, Фариза апамыздың сөзінен кейін біржола өлең жазуға кірістім. Сол кезде әндерімнің де сөзін жаза бастадым. Өйткені өлең біздікі емес екен. Өлең – тәңірдікі екен. Сен жазасың ба, жазбайсың ба, сені ақын, сазгер, әнші қылып таңдайтын да тәңір екен. Кейде біз «Әкем өлең жазды, анам ақын. Белгілі ақын ұстазым болды» деп айтамыз ғой. Негізі олар тек бағыт-бағдар беруші, жол көрсетуші. Шын мәнінде, өзім де соны түсіндім. Ақын мен әншінің арасында үнсіз үйлесім, берік байланыс болады. Кез келген әнші ақынға құрмет көрсете алса, соның өзі жеткілікті.
– Үлкен сахнада ән салып жатқанда тыңдаушыларыңызға ішкі сырыңызды қаншалықты ашасыз? Халық алдында эмоция, көңіл күйіңізді көрсетіп қалатын кез бола ма?
– Жаның салтанат құратын жер болады. Ол қандай жер? Ол – сөз ұғатын жер, ол – дәстүрді білетін, дінді білетін, кісінің қадірін білетін жерде адам өзі толық ашылады. Иә, кейде эмоцияға ерік беретін кездер болады. Бұған дейін үлкен сахнада, мыңдаған адамның алдында концерт беріп жүрсем де, бүгінгі шағын шығармашылық кешімде ерекше толқыдым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
