in

Сақинаның сырын ұққан зергер

Ұлттық өнерге жанашыр көзбен қарайтын зергер бүгінде әлемнің алпауыт елдеріне қазақ әшекейлерін танытып, өзінің нағыз шебер екенін де мойындатқан. Ұмыты­­­лу­ға шақ қалған әшекейле­рімізді қайта тірілткен – оның ісмер қолдары. Көпке беймәлім және ұмыт болып бара жатқан ұлттық әшекей бұйымдар жасаумен айналысатын зергер Икрамжан Рафи­ковпен сұхбаттасқан едік.

– Икрамжан мырза, бүгінде қазақтың әшекейлері трендте десек те болады. Бірақ қазіргі қолданыстағы әшекейлерге қарағанда ұмыт болып не жойылып кеткені көбірек сияқты. Олардың фи­лософиялық мәні де ерекше болатын…

– Қазір қыз-келін­шектер тағып жүрген әшекейдің бәрі бірдей. Ал қазақ әйелді қо­лындағы сақинасына қарап таныған. Мен бұған дейін өзім жасаған, ойдан шығарған әшекейлерді белгілі бір фи­лософиялық астарға сүйене оты­рып жараттым. Мысалы, «Билік жүзігі», «Әс­кер қыз» деген жү­зіктер әйел адам­ның әртүрлі жасына арналған. 

– Оларды қалай ажыратуға болады?

– Зергерлердің стилі әртүрлі бола­ды және өздерінің қолтаңбасын қал­дырғысы келеді. Осы екі жүзік менің қолтаңбам сияқты. Өйткені бұларды осы уақытқа дейін ешкім жасамады. «Әскер қыз» – 16 жастан асқан қыздар тағатын жүзік.  Оның «Билік жүзігінен» айыр­машы­лығы аса көп емес: оюы аз және көлемі кішірек. Нақтырақ тү­сіндіре­йін, сақина формасы батыр­лардың сауыты­на ұқсас болғандықтан, ою аз түседі. Қазақ қыз­дарының да батыр болғанын ескеріп, оны жүзік сипатына кіргізуге бел будым. 

Ал «Билік жүзігін» 35 жастан асқан әйелдер таққан. Бұл жүзік – бір рулы елдің анасы, әйел көсемнің бейнесі. Қазақ даласында мұндай аналарымыз көп болды. Оның таққан жүзігі ешқай­сысына ұқсамаған. Бұл жүзік үш бөлік­тен тұрады. Саусаққа толып киіліп тұратындықтан, бүгілуге тиіс, сондықтан оны үш бөлікке бөлдік. Жұмыс кезінде қиялға ерік береміз, формасын өзгертеміз. Сөйтіп, «Билік жүзігінің» қазір 20 түрлі нұсқасы жасалды. Театрда жұмыс істеген он жылым пайдасын тигізді.

– Театрда да жұмыс істедіңіз бе?

– Зергерлік өнерін үйренгенімнен кейін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында біраз жыл бойы жұмыс істедім. Ол жерде сахнаға керек-жабдықтарды, актерге керек заттарды істедік. Бірақ нағыз зергер болумен екеуі екі бөлек еді. Сондықтан біржола зергер болуға бет бұрдым.

– Әшекейлерді тек күмістен жасай­ды екенсіз. Әрі оны «мейірімді металл» деп атапсыз. Қазақ әшекейлерінің ма­териалы қандай болған? Әшекей бұйы­мының материалы оның түріне қарай таңдала ма?

– Алғаш рет зергерлік бұйымымды күмістен жасаған едім. Мельхиордан да жасадық. Бірақ одан көбіне тұрмыс­тық заттарды жасайды. Ал қазір әше­кейлер күмістен жасалғаны дұрыс. Өйткені күміс адам денсаулығына пайдалы. Оның құрамында микробты жоятын қасиет бар. Баяғыда әжелері­міз қолына қос білезік таққан. Себебі адам­ның қан қысымы жоғарылаған кезде әлгі білезік қарайып, қан қысымын реттейді. Тіпті, халық арасында тамақ адал болуы үшін әйел адамның қолында күміс жүзік болуы керек деген сөз де таралған. Осы үшін де күмісті «мейірімді металл» деймін. Кейде әшекейді сәндеу үшін алтын жалатып, тастардан сердолик, бирюза мен халцедон пайдаланамыз. Бұл тастардың түсі мен энергетикасы қа­зақ болмысына жақын келеді. Күмістің алтыннан бағасы әлдеқайда төмен. Айырмашылық мынада: егер ал­тыннан жасалған әшекей болса, оның салмағына қарай мән беріп кетеміз, ал егер күмістен жасалса, онда оның түріне, формасына қызығушылық пайда болады. Қарап отырсақ, әшекейлерді тек күмістен жасау бұрыннан қалыптасқан. Құрметті, бай адамға тарту, жоралғы беретін кезде сол күмістің үстінен алтын жалатылған.

– Өзіңіз айтпақшы, әшекейлер сәнді ғана емес, денсаулыққа да пайдалы болуы керек. Ол үшін, әри­не сапаның рөлі ерекше ғой. Сіздің қолөнеріңіз ЮНЕСКО-ның «Ше­берлік сапа белгісіне» ие болғанын естідік.

– Иә, бұл ЮНЕСКО көлемінде ұйым­дастырылып отырады. Кез келген қолөнерші өзінің жұмысын тапсыра алады. Дүниежүзілік қол­өнершілер ұйымы оны 16 пункт бойынша бағалайды, әр талапқа сай келген шебер жұмысы «Шеберлік сапа белгісіне» ие болады. Бұл сайысқа «Құдағи жүзік» атты туындымды өткіздім. Бұл әшекейдің де мағынасы қазақ дәстүріне негізделген. Яғни, бұл – қыздың анасы күйеу жігіттің анасына сыйлайтын жүзік. Екі саусаққа қатар киіледі. Шаңырақ көтерген жігіт пен қыздың арқасындағы құдалық байланыс берік болсын деген ниетте беріледі әрі анасы қызын құдағиына аманаттап тапсырғанының белгісі. Қазір бізде бұл жүзікті ешкім алмайды, қолданыста жоқ. Осылайша, мұндай құнды жәдігерлеріміз ақырын ұмыт бола бастайды. Өйткені олардың орнын қазір алтын, бриллиант сияқты қымбат асыл бұйымдар басып жатыр. 

– Қиялыңыздан туып, қолыңызбен жасалған қаншама әшекей барын білдік. Оларды қазір көбі қолданбайды деп те жатырсыз. Бірақ соларды енді қалай сақтауға болады? Бәрін топтастырған жинағыңыз бар ма?

– Байқауға қатысу үшін зерттеген әшекей бұйымдар туралы жинақ жарық көрді. Ол «Батыс Қазақстан» деп аталады. Оған өңіржиек, білезік, сырға, алқа мен жүзік кіреді. Қолөнершілер үшін ұйымдастырылатын ең үлкен «Шебер» атты байқау бар. Оған тек зергерлер емес, кілем тоқитын, ағаш не былғарыдан жасайтын шеберлер де қатыса алады. Соған қатысу үшін кітаптарды парақ­тадым. Сөйтіп, әр кітаптан 7 түрлі жүзікті таңдап алып, бір қобдишаға жинадым. Оның бәрі әйелдердің жасы­на қарай тағылатын жүзік еді. Оның атауын «Әжемнің мұрасы» деп қойдым. Мағынасы – әйелдер өмірінде жас кезінде, келіншек болғанда, ана атан­ғанда, құдағи, әже болғанда  әртүрлі жүзік тағады. Мен солардан жиынтық жасап, конкурсқа ұсындым. Осылайша, «Шебер» конкурсында «Жойылып бара жатқан қолөнер» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым.

– Қолөнершілерге арналған ха­лықаралық байқауларда болдыңыз ғой. Сонда басқа халық пен қазақ ұлт­тық әшекейінен не байқауға болады? Ұқсас­тығы не айырмашылығы туралы сұрап отырмын.

– Бұрын шекарамыз нақты бөлінбеген кезде көрші халықтармен аралас-құралас болып тұрдық қой. Сондағы белгілер әліге дейін сақталған. Қалай десеңіз, еліміздің оңтүстік өңіріндегі оюымызда өзбек, тәжік халықтарынікіне ұқсастық басым болса, солтүстігімізде татар, башқұрт халқының ою-өрнегіне ұқсастық айқын көрінеді. Ал батыста әзербайжан мен түрікмен халықтарының ұлттық әшекейіне ұқсастықты байқаймыз.

– Ал қазақтың ұлттық әшекейлерінің нарықтағы жағдайы қандай?

– Зергерлік бұйымдардың деңгейі ел ішінде ғана емес, шетелдерде де жоғары. Оған мысал келтірейін: осыдан 4 жыл бұрын Бұқара қаласында өткен Дүниежүзілік фестивальге қатыстым. «Зергерлік» және «Зердоздық» деген екі номинациямен марапаттайтын. Сонда біздің елімізден неше түрлі но­минациямен атағы шыққан 8 қолөнер­ші бардық. Бас­қа елден бір-бір адамнан ғана келіпті. Көрмеге де санаулы-ақ заттарын қойған. Ал біз апарған ұлттық зергерлік бұйымдарымыз саны жағынан да, сапасы жағынан да басқалардан озық тұрды. Көп жерде қолөнерді дамытуымыз керек деп айтылып жатады. Бірақ оның лебі бізге әлі сезілмеді. Шетелге конкурстарға жиі шығамыз ғой, сонда басқа елден келген қолөнер­шілерге елдерінің көрсеткен құрметін көріп, жанымыз ашиды өзімізге. Ма­рапаттар да тек конкурс деңгейінде беріліп жатыр. Жаңа сіз айтып өткен трендтегі әшекейлерге қуанамыз, бірақ біздің жойылып бара жатқан бұйым­дарымыз көп. Біз, зергерлер оны жасай береміз, бірақ қымбат болған соң халық та ала бермейді. Алмаған соң… Не десек те, қазақ ұлттық бұйымының тұтынушы­сы қазақ қана. 

– Зергерлікке ерте келгеніңізге қа­рағанда отбасыңызда бұл өнерге жақын адам болған сияқты?

– Әкем – суретші. Ағаштан ою ойып, түрлі мозайка жасады. Ғұ­мырының жартысын осы өнерге ар­наған болса, қалғанын театрға арнады: спектакльге керек құмыра, қылыш, баскиім, белдік сияқты бірқатар театр қажеттілігін жасады. Кішкентай кезімде үйге су­ретшілер, әртістер көп келетін. Ауық-ауық шығармашылық ортаны көріп өстім. Менің бұл жолға келуіме осылар әсер етсе, екіншіден әкемнің нұсқаулығы да түрткі болды. Оқуым біткен соң мені Абдулла Нау­рыз­баев деген зергер досына алып келіп, шәкірт етті.

– Әңгімемізді қолөнер саласындағы жетістіктеріңізбен тәмамдасақ.

– 90-жылдары қазақ зергерінің өне­рі қазақ даласында қылаң беріп, тіпті жоқ болып кету қаупімен де бетпе-бет келген еді. Сол кезде ұстазымызбен одан қайтсек аман шығуымыздың жолын жан-жақты қарастырғанбыз. Қалмай көрме-жәрмеңкелерге қатыстық. Кейін 2012 жылы Қолөнер шеберлері одағы құрылғаннан кейін барлық қолөнерші жұмысы қайта аяққа тұрды. Содан бері сол одақтың мүшесімін. Бір байқаудың өзінен қатарынан 3 орын алған кезім де болды. Сөйтіп, шетелге де жол ашылды. Мысалы, Ыстанбұл қаласында 24 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қолөнершілер фестиваліне қатыстым. Непалда бақ сынадым. Швеция, Ұлы­британия, Колумбия, Испания, Италия, Мьянма, Грузия мен Кенияның шеберлері қатысқан халықаралық Global Eco Artisan Awards байқауында жеңімпаз атандым. Манхэттен қаласында бір ай көлемінде қазақтың өңіржиек оюы, сырғасы тұрды. Бұл байқауда 6 адам жеңімпаз болдық. Сөйтіп, «Дүние­жүзілік қолөнерші» деген атаққа ие болдым. Мұның бәрін мақтанып айтқым келмейді, бұл жетістікке жетуім – қазақ әшекей бұйымының осындай марапатқа ла­йық болатындай әдемі әрі мағыналы бо­луын­да шығар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ