Ол – қазақ музыка өнеріне ерекше жанр-мен келген бірегей тұлға. Рух пен лирикаға толы әндердің авторы Табылды Досымовтың туғанына биыл 60 жыл толды. Осыған орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Сәйгүлік» атты спектакльдің премьерасын қойды.
«Өзгеруге дайын болдым»
Қойылымда ақынның өнердегі өмірі айқын көрініс табады. Шымылдық түрілген сәттен бастап көрерменнің бар назарын аударып алған рок жанрындағы музыка, шарықтау шегіндегі лирика мен рухқа толы әндер келген қонақты жалықтырмай, қалың назарды бір сахнаға қадады. Осылайша, ақын тағдырын әуенмен өріп отырды.
Театр актері Ақжол Амантай – сахнадағы Табылды Досымов. Ол айтқан әндер, қайсар мінез, қатты дауыс, тіпті гитарада ойнау шеберлігі бәрі-бәрі бард-әншінің өзінен аумайды. Бұл біздің емес, спектакльді көріп қайтқан қалың көрерменнің де әсерге толы пікірі. Өйткені актер бард-әншіге ұқсауы үшін біраз уақыт әндерін жаттап, сыртқы бейнесін ұқсату үшін қаншама өзгеріске де дайын болды. Бір қызығы шашын 6 ай бойы өсірген.
– Бір жыл бойы ой үстінде жүрдік. Шашыңды өсір, әндерін жаттап зерттей бер деген тапсырма келді, 6 ай уақыт қалғанда шашымды өсіріп бастадым. Тек түр-сипатқа емес, әндеріне, өлеңдеріне зейін қойдым. Ол кісі туралы БАҚ беттерінде бейнематериал көп емес. Содан кітаптарды, түрлі диск-журнал, Табылды ағаға қатысты деректің бәрін жинадық. Негізі дүн- иеде болған адамды сомдау өте қиын. Спектакль басталғаннан бір шеңберден шықпауға, өзіңді әр сахнада ұстап Табылды ағаның көзін көрген адамдардың көңілінен шығып батасын алуға, көрерменнің қарғысын емес алғысын алуға барыңды саласың.
Ең қиыны – 1986 жылы болған көтеріліс сахнасы. Әндерін орындау жағынан қиындықтар болды, жасырмаймын. Бұл жерде бірінші орында сөз тұрады, әр сөз сөйлейді, – дейді актер Ақжол Амантай.
Бұл – актердің өмірде болған тұлға кейпін алғаш рет сомдауы. Қойылым Табылды Досымовтың Алматыға оқу іздеп, жаңа достарымен танысу кезінен басталады. Студент жылдарындағы махаббатына айналған Гүлайым рөлін Гаухар Жеңісова ойнап шықты. Ол – Мәмбетов театрында Ақжол Амантайдың әріптесі болса, өмірде жары. Екеуінің бір сахнада ойнауы режиссердің шешімінен туған.
«Сәйгүлікті» көркемдік формаға салдық
Спектакль Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнінің атымен аталады. Режиссері – Әли Бидахмет. Ақынның қаншама әнінің ішінен мұны таңдап алудың бір себебі бар. «Табылды Досымов – бойында қаны қайнап тұрған, позициясынан таймайтын қазақтың сәйгүлігі, қазақ үшін жанын садаға еткен адам» деп түсіндірді режиссер. Айтуынша, «Сәйгүлік» сахнаға оңай шықпады, бір жылға жуық уақыт ізденісті, кейіпкерді жақыннан тануды талап етті. Сөйтіп елге, туған жерге деген махаббаты басым ақынның образына негізделген спектакль дүниеге келді. Шығармашылық топтың көрерменге жеткізгісі келгені де осы еді. Бұл премьера – Табылды Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған екінші қойылым. Алғашқысы ақынның туған жеріндегі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры қойған «Қыр баласы» драмасы еді. Режиссер Мәмбетов театрының ұжымы сол спектакльді көріп қайтқанын да айтты.
– Спектакльге кіріспес бұрын ақынның туған жері Индерге барып, ағамыздың достарымен, туыстарымен арнайы кездескенбіз. Өзінің үйінде де болдық. Өмір бойы жүрген сары волгасын да көрдік. Зиратының басына барып құран бағыштап қайттық. Табылды Досымов жайында шыққан 5-6 кітап бар, соның бәрін оқып, керегін алдық. Біз қойған қойылым таза шындық емес, ойдан шығарылған кейіпкер, ойдан қосылған конфликт бар. Бұларды спектакльдің көркемдік формасын ашу үшін пайдаландық. Табылды ағаның өмір жолын жатқа білетіндер болса, осыны байқап та отыр. Оның кімнің прототипіндегі кейіпкер екенін түсінеді. Өйткені ағамыздың негізгі конфликті кіммен болғанын кітаптан оқып білсеңіздер болады. Оны сахнаға шығарып көпке жария еткім келмеді. Сондықтан оны ойдан шығарылған кейіпкермен ауыстырдық, – деді режиссер Әли Бидахмет.
Актер таңдау режиссер үшін жеңіл әрі сәтті болды. Өйткені Ақжол Амантайды бұрыннан Табылды Досымовқа ұқсатып жүрген және содан кейін ғана бард-әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған қойылым қоюға қадам жасаған.
– Дұрыс таңдау жасағаныма көзім жеткені – көптеген көрермен спектакльден кейін «Табылды ағамызға ұқсайды екен, гитара ұстап ән айтқанына дейін, қылықтары да аумайды» деген пікірлерінің жиі айтылуы. Байқауымша, сахнадағы Табылды ағаның өмірін көбі шындық деп түсініп жатқан сияқты. Негізі олай емес. Кей кейіпкер мен конфликтілерді ойдан қосуымыз – мықтылығымызды көрсету емес, тарихты бұрмалап жеткізу де емес, ең бастысы көркемдік формаға үйлесетін көркем дүние жасау. Себебі бұл – театр, деректі спектакль емес, документалды қойылым емес, – деді режиссер Әли Бидахмет.
Премьера екі күн қатарынан сахналанды. Табылды Досымовтың ұлы екі күнде де театр қонағы болып, спектакльді тамашалады. Актердің шеберлігі мен режиссердің ұтқыр шешімдері Аяш Абылдың көңілінен шығып, көз алдына әкенің нағыз өр мінезін көрсетті. Өзі де осылай баға берді.
– Спектакльден әкемді көргендей болдым. Әкемнің жас кезін көрмесем де, мінезін өте жақсы көрсете алды. Көбі Табылды Досымовтың мінезі қатал болған кісі деп ойлайтын. Негізі олай емес. Үнемі көңілді жүріп, ортасын қызыққа бөлейтін адам еді. Әзілге де жат адам емес-тін. Театр ұжымы осыны әдемі көрсете алды. Тағы бір айтатыным – әкеміздің әндерінің түпкі мағынасына, өзегіне, негізіне терең үңіліп ізденгені көрініп тұр. «Сәйгүлік» әнінің шындығы ашылды. Оның шынайы бейнесі мен тарихи оқиғасы ашылды деп есептеймін, – деді ақынның ұлы Аяш Абыл.
Табылды Досымов өзі шығарған әндерден бөлек, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Шәкизада Әбдікәрімов, Сағат Әбдуғалиев, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан секілді ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Досымов өлеңдерінде тағдыры жатыр. Спектакльге солардың біразы енді: «Қазақ едім дегенше», «Биіктік», «Сәйгүлік» әндері рухты көтеріп, бойдағы қанды бір тулатса, «Астананың аруы», «Күнікей қыз» жастық шағының, махаббатының символындай. «Сәйгүлік» спектаклімен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының жетінші маусымы жабылды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ