in

Тарихты тану – тамырды тану

Өткенімізбен қауыштырып, жарқын болашағымызға қызмет ететін, қаламыз­дың көне тарихын сақтап дәнекер болатын орын – архив. Бұл бағытта елордалық архивтің алар орны ерекше. Астана күні мерекесіне орай, Ұлттық академиялық кітапханада ортақ жоба «Қараөткел құпия­лары» атты зерттеу кітабының танысты­рылымы өтті. Қала күнінде арнайы жарық көрген еңбек Астана қаласы Мемлекеттік архиві ғылым-әдістемелік кеңесінің ұсы­нысымен, ғалым Жамбыл Артықбаевтың авторлығымен шығып отыр. Онда елорда архив қорында сақталған мол деректер кеңінен пайдаланылған.

Тарихты тану – өткеннің емес, бола­шақтың қамы. Ал тарихты терең пайым­дап, ұлттық жадымызды жаңғырту жолын­да сү­бе­лі еңбек сіңіріп жүрген қалам ие­лері­нің қатарында тарихшы-ғалым Жам­был Ар­тықбаевтың есімі айрықша атала­ды. Оның қолымыздағы бұл еңбегі – Қараөткелден басталып, бүкіл Сарыарқа­ның мәдени-тарихи жадын жаңғыртқан тұтас шежіре. «Қараөткел құпиялары» – жай ғана өлкета­ну­лық жинақ емес. Бұл – туған жер тарихы­ның жанды тамырын ұстап көргіңіз келсе, «мінеки, қараңыз» деп ұғынықты ұстында ұсынылатын көне дүниелерге деген құрмет. Бүгінгі Астана­ның орнында – кеше  қандай тарихи мекендер болғанын, қайдан шыққа­нын, не себепті осы жерге орныққанын білгісі келген әр азамат үшін бұл кітаптың оқыр­ман­ға көрсетер көмегі көл-көсір.

Қазақ тарихын зерделеудің, түсініп, түйсінудің, оны тұтас және жанды ағза ретінде қабылдаудың ең сенімді жолы – өлкетанудан басталатыны даусыз. Себебі туған жердің тарихын танып-білу ұлттың жадына терең үңілу, ұлы бастауға оралу дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде, тарихшы Жамбыл Омарұлының жазған­дары елорданың рухани болмысын ай­шық­тай­тын, ғылыми дерек пен көркем пай­ым­ды тоғыстырған құнды еңбек саналады.

Қазақстанның бас қаласы Астана туралы бүгінде бірталай еңбек жазылды. Дегенмен Артықбаевтың бұл кітабының басқа еңбектерге қарағанда, өзіне тән ерекшелігі бар. Ол елорданың ресми шежі­ресінен бөлек, оның көмескіде қалған, көм­беде жатқан тарихи қабаттарын ашуға ұмтылады. Кітап авторы Сарыарқа төсін­дегі, Есіл мен Нұра арасындағы мыңжыл­дық­тарға тамырланған, жұмбаққа толы тарихты оқырманға жақындата түседі. Осы арқылы біз тек қаланың бүгінгі келбетін емес, ежелгі тынысын, археологиялық һәм мәдени-рухани негізін тани түсеміз.

Кітапта мынадай сұрақтар төңірегінде терең мазмұнды ізденіс бар: бұл қаланың бұрын «Қараөткел» аталғанын кім біледі? Нұраның жағасындағы «Тайтөбе» атауы қайдан шыққан, нені меңзейді? «Ормам­бетов тамы» деп аталатын қала неге олай аталған? Астана іргесіндегі «Мортық» атауы қандай тарихи астарға ие? Міне, осы және басқа да көптеген сауалға автор ғы­лы­ми негізде жауап береді. Әрбір атау­дың артында елдің өткенінен сыр шертетін оқиға, естелігі, тағылымы бар. Бұл еңбек оқырманды тек қызықты тақырыптармен ғана емес, отан­шылдық пен тарихи таным­ға бастайтын өміршең мазмұнымен бау­рай­ды.

Кітап, ең алдымен, тарихқа ынтық жастарға, туған өлкенің жүрек соғысын тереңнен ұғынғысы келетін оқырманға арналған. Ол – архивке үңілуге, ескі кар­талар мен ұмыт болған шежірелерге назар салуға ынталандыратын құжат. Автордың шеберлігі – ғылыми деректі оқырманға көркем тілмен жеткізуінде, әрі сана мен жүректі қатар оятуында. Бұл еңбек – Астананың ғана емес, бүкіл қазақ даласы­ның тарихи-рухани болмысын терең танытатын бірегей туынды. Жастарға тарих­ты сүюге жол ашатын, ұлтқа қызмет етудің тамырлы үлгісін көрсететін тағыл­ым­ды кітап.

Сарыарқа төсіндегі рухани тамыр мен елорда тағдырын сабақтастырған Ж.Ар­тық­баевтың тарихи-зерттеу еңбегі – Аста­наның ресми тарихынан бөлек, оның бай­ырғы болмысын, археологиялық, гео­графиялық, этномәдени сипатын тереңі­нен баяндайтын шыншыл шежіре. Кітап­тың «Қараөткел туралы ізденістер» деліне­тін алғашқы тарауында Қараөткел атауы­ның қайнар көзіне, өлкетанушылар ең­бе­гі­не, Ақмола уезінің даму тарихына үңі­ле­міз. Бұл тарауда Есіл мен Нұраның ара­сын­дағы көне қалашықтар мен таңбалы жар­лар, ресейлік шенеуніктер мен жер­гілікті тарихқа еңбек сіңірген тұлғалар тура­лы тың мәліметтер жүйеленіп беріл­ген. Астананың бүгінгі көркіне қарағанда, оның түп-тамырын сезіну – елге деген сүйіспеншілікті арттырады.

Екінші тарау «Есіл–Нұра – екі су» де­ген атпен берілген.  Мұнда Арқа төсін бой­лап аққан екі өзен – Есіл мен Нұраның бойындағы көне іздер, табиғатпен етене байланыста туған аңыздар, географиялық-тарихи ерекшеліктер сөз болады. «Қозы­көш», «Айдаһарлы-Құдайберлі үңгірі», «Тоғанастың тоқсан екі көлі» сынды жер-су атаулары арқылы көне заман тынысы сезіледі. Автор дерек пен мифологияны, ғылы­ми пайым мен танымдық зердені ше­бер ұштастыра білген. 

«Ерте заманның ескерткіштері»  деп аталатын үшінші тарау – археология мен этнотарихтың түйіскен тұсы деуге толық негіз бар. Бұзоқ қалашығы, Мортық, Бы­ты­ғай, Қорғалжын өңіріндегі ортағасыр­лық қоныстар жайлы деректер оқырманды сол кезеңдерге ойша сапар шеккізіп, көне қалпын елестетіп көруге мүмкіндік береді. Ормамбет тамы мен Әз Тәуке ханның ор­да­сы туралы деректер Қазақ хандығының ел іргесін бекіткен ірі оқиғалармен тікелей байланыстырылады. Бұл тарау арқылы біз тек материалдық ескерткіштерді ғана емес, тарихи ойлау жүйемізді де қайта қарастырамыз.

Төртінші, «Қараөткел тарихы» тарауы Қараөткел – жай ғана географиялық нүкте емес, қазақтың мемлекеттік жадындағы маңызды бекет екені, Қараөткелдің Алаш қоз­ғалысы кезіндегі рөлі, Ақмола бекіні­сінің тарихы, Тайтөбе, Сейтен мен Тайжан ба­тырлар, ескі түрме мен көшелер, қала­ның алғашқы фотографы мен автомобиль тарихы – бәрі-бәрі ұлттың ұмыт қалмауға тиіс зердесіне айналған. Автор жазбасында көркемдік тәсілмен шынайы деректерді шебер сабақтастырып, өткеннің күрета­мырын тірілтіп отырады. 

«Қараөткелге қанаттас аймақтар» делінетін соңғы тарау Қараөткелге іргелес жатқан киелі мекендерге арналған. Бура­бай, Атбасар, Ақкөл-Жайылма сияқты өңірлердің тарихи келбеті, хан төбелер мен ана есімдері, жергілікті аңыздар мен шежірелер осы бөлімде кеңінен қамтылған. Бұл тарау кеңістікті тұтастықта тануға мүмкіндік береді. Туған өлкенің шежіресін тек орталықтан емес, айналасынан да оқуға болатынын дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, бұл кітап – елорда­мыз Астананың, оның түп-тамыры Қара­өт­келдің, сондай-ақ Сарыарқаның әр бе­лесі мен тасы сөйлейтін тағылымды та­рих­тың көркем-ғылыми шежіресі. Жамбыл Артықбаев бұл еңбегі арқылы туған топы­рақты танудың жаңа үлгісін, жаңа көзқара­сын ұсынады деп айтуға болады.

Тарих – өткеннің тасада қалған үні емес, бүгінгі болмысты түсінудің кілті. Сол кілтті ұлттың ұлы мұрағатынан іздеген автордың бұл кітабы әр қазақ баласының рухани жүгін ауырлатпай, байыта түсетіні анық.

 

Жанкелді БИМОЛДИН,

Астана қаласы архивінің директоры