Жиынға университет ректоры Ерлан Бәтташұлы, Елтаңба авторы, архитектор, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, Еуразия ұлттық университетінің Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының ұстаздары және ғалымның жары мен ұрпақтары қатысты. Іс-шара басында сөз сөйлеген ректор Ерлан Бәтташұлы Қаржаубай Сартқожаұлының еңбегі де, кітаптары да мәңгі жасайтынын атап өтті. Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы ғалымның тарихи зерттеулері Күлтегін ескерткіштерін толық тануда орасан зор құрал екеніне тоқталды.
Ғалым, жазушы Серік Негимов Қаржаубай Сартқожұлының артында қалған шығармашылық мұрасы күллі қазақ баласын біліммен сусындауға күші жететінін атап өтті.
– Ұлт патриоты, дархан даланың баласы, түркітанушы, жазушы – Қаржаубай Сартқожаұлы көгілдір экран алдында «Мен білім үшін өлем» деп қиын кездерде күндей күркіреп айтқан еді. Сол сөзі бүгін халықтың жүрегінде жатталып қалды. Ол – нағыз тіл жанашыры. 1890 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Мәшһүр Жүсіп орыс тілінде жазған мақаласында «Түркі тілдерінің ішіндегі гаухары – қазақ тілі» деген. Қазақ тілінің ХХІ ғасырдағы шын жанашыры, тексерушісі, таразылаушысы болған бірден-бір тұлға ол – Қаржаубай Сартқожаұлы. Қара тастағы жазуларды тірілткен. «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деген 3 томдық еңбегінде ұлтымыздың ең керемет тұжырымдары, әлеуметтік пайымдаулары осының ішінде айтылған. Егер Қаржекең жазушылыққа толықтай бет бұрғанда классик болып кетер еді. Оның еңбектері – мемлекетіміздің рухани жетілуіне үлес қосатын кәусар бұлақ. Сол бұлақтан бәріміз сусындауымыз керек, – деді С.Негимов.
Марқұм Қаржаубай Сартқожаұлы – елімізде көне түркі ескерткіштерін ұзақ уақыт практикалық тұрғыдан зерттеп-зерделеген, әрі аталмыш ескерткіштердің лингвстикалық, эпиграфиялық, тарихи, этно-мәдени қырларын ашқан ғалым. Нәтижесінде, оның «Орхон ескерткіштерінің атласы» (М.Жолдасбековпен бірге, 2005), «Атлас Орхонских памятников. І том» (М.Жолдасбековпен бірге, 2007), «Көне түркі жазуының генезисі» (2007), «Орта ғасырлардағы Майхан-үленің жерасты кесенесі. Археологиялық барлау және зерттеу» (Л.Эрденболд, К.Жантегин, А.Очир қатарлылармен бірге. Ұланбатыр. Моңғол тілінде. 2013), «Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы», І, ІІ том (2019), «Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы». ІІІ том (Майда жазулар, Қ.Жантегінмен бірге. 2019), «Үйсін хан-дығы» (2016), «Керейлердің этникалық тарихы» (Ж.Ошанмен бірге, 2022) т.б. ғылыми кітаптары жарыққа шықты. 80-нен астам ғылыми мақалалары Москва, Улан-Батор, Пекин, Стамбул, Лондон, Париж, Алматы, Астана қалаларындағы ғылыми басылымдарда жарияланды.
Қаржаубай Сартқожаұлы шығармашылық өмірінде қоғамдық қызметтер атқара жүріп, жалпы көпшілік және әдеби тақырыптарға да қалам тартқан қайраткер. Тұсауы кесілетін еңбектердің қатарында өмір мен өлім, сағыныш пен сыр, ғылым мен руханият үндесе тоғысқан іргелі туындылары бар. Олардың бірі отбасы естелігіне құрылған, ананың асыл бейнесі мен ғалымның отбасылық өміріндегі адами болмысы терең сезіммен өрілген «Қош бол, апа» кітабы.
Екінші еңбек – Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми-шығармашылық келбетін, түрік дүниесіне сіңірген еңбегін кеңінен ашатын әлемдік әрі отандық ғалымдар мен қаламгерлердің жүрекжарды мақалалары, естеліктері мен лебіздері топтастырылған «Тастан тамыр іздеген ғұлама» жинағы.
Үшінші кітап – «Подземный мавзолей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты ғылыми монография. Байырғы түрік әлемінің жәдігерлерін зерттеуге арналған Қаржаубай Сартқожаұлы жетекшілік еткен халықаралық археологиялық экспедициялардың нәтижесі ретінде жарық көрген іргелі еңбек. Бұл еңбек арқылы Моңғолия даласында ашылған түрік дәуірінің жерасты мавзолейі туралы тың деректер ғылыми айналымға түсіп отыр.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ