in

Тағылымы мол жүздесу

Тағылымы мол кездесуде қазақ әдебиетінің қалыптасу тарихы, жазушылық өнер және қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келген әдебиет жайы сөз болды. Көшбасшылық дәріске факультеттің 1-курс студенттері мен ұстаздары қатысты.

Жиын шымылдығын ашып берген белгілі әдебиет­тану­шы ғалым, филология ғы­лым­да­рының докторы, профессор Өмір­­хан Әбдиманұлы аталмыш кез­десудің маңызына тоқталып, сту­денттерге руханияттың дамуына сү­белі үлес қосқан қаламгердің өмі­рі мен шығармашылығы жайлы аз-кем баяндап берді. Қылышынан қан тамған қилы заманда өткір та­қырыпты шығармасына арқау ете біл­ген тұлғаның рухани болмысы мен жан-жақты саланы қамтыған қа­жырлы еңбегін ерекше атап өтті.

Ұлтты бір қалыпқа түсірген – қазақ дастандары еді

Дәріс барысында Смағұл Елу­бай қазақтың қазақ болып қа­лып­тасуына ықпал еткен ауыз әде­бие­тінің рөліне тоқталды. Қаламгер ба­ла кезінде көзімен көрген ерекше ес­теліктерді ақтарып, әдебиетпен ең алғаш бетпе-бет келген оқи­ға­сын бөлісті. Оның сөзінше, бұл исі қа­зақтың ауыз әдебиетімен су­сын­дап өскен кезеңі еді.

– 1959 жылы Түрікменстан мен Ау­­ғанс­танның шекарасында әке-аға­ларымыз ұжымшардың малын бақты. Біз небәрі 12 жастамыз. Бір кү­ні ауыл ішінде «Қазақстаннан жы­раулар келіпті!» деген әңгіме дүңк ете қалды. Себебі біз тұрған өңір­де жыраулар кездеспейтін еді. Бұл жаңалықты естіген жұрт шап­қылап құдықтың басына жиналды. Со­дан кеш батып, алау жағылды. Қа­расақ, қоршай жиналған жұрт­тың ортасында, алашаның үстінде қо­лында домбырасы бар жырау отыр. Ол Қызылордадан келген Мұ­рат жырау екен. Ал оның қа­сын­дағы серігі ықшам келген, қолына дом­бырасын ұстаған – Ағдос жы­рау. Олардың есімі бала кезімізде құ­лағымызда қалып қойған ғой. Со­дан алып денелі Мұрат ақын дом­­­­бырасын қолға алып, жұртқа: «Қырық жырдың атын атаймын, ағайын. Осы жырлардың ішінен қа­лағанын таңдаңдар», – деп арнау айт­ты. Кейін жиналған жұрт «Мұ­хам­мед-Әнафия» атты пайғам­бар­дың батыр немересі туралы дас­тан­ды таңдады. Бір қызығы, жырдың әрқ­айсысы таң атқанша жырлауға же­теді екен. Содан жыраулар жұрт таң­даған дастанды таң атқанша сіл­теді. Халық қимылдамай, ауыз­да­рын ашып отырып тыңдады. Бұл біз­дің өмірімізде ең алғаш рет үл­кен әдебиетпен бетпе-бет келуіміз еді. Сол бір сәттен бастап біз әде­биет­ке, батырлық дастандарға ға­шық болдық. Соның арқасында қо­лымызға түскен әрбір кітапты құ­ныға, құмарта оқи бердік. Көп ұза­май «Көроғлы», «Қырымның қы­­рық батыры», өзбек әде­бие­тін­дегі «Фархад-Шырын» дастаны, қа­зақ тіліндегі «Қобыланды ба­тыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тар­ғын» жыры қолыма келіп түсті. Жаз­ба әдебиеті шыққанға дейін мың­даған жылдар бойы халқы­мыз­ды тәрбиелеген, бір қалыпқа түсір­ген – қазақ дастандары еді, – деді жазушы.

Сөз зергері әрбір халықтың мен­­талитеті, яғни мінезі, ерек­шелігі мен бірегейлігі әдебиетінде жат­қанын атап өтіп, студенттерге фи­лологияны таңдау – ұлттың ру­ха­ни насихатшысы, рухани дидары болуға ұмтылу екенін түйреп өтті.

– Кез келген халықтың рухани та­рихына үңілсеңіз, дастандарды та­басыз. Мәселен, гректің өткеніне қа­расаңыз, «Илиада» мен «Одис­сея­ға», парсылардан Фирдаусидің «Шах­намасына», ал қазақтың ру­хани тарихынан «Қобыланды ба­тыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тар­ғын» жырына куә боласыз. Біз осы дү­ниеге ой жүгірткеннен кейін мы­­­надай заңдылықты байқадық. Шын­туайында, Абай дәуіріне дейін, яғни, жазба әдебиеті шық­қан­ша бүкіл халық ондаған ғасыр бойы қандай рухани шығарманы азық етті десек, бұл ауыз әдебие­тін­дегі батырлық дастандар болған екен. Халық өзін-өзі сақтау үшін, жау­дың табанында тапталып, жойы­лып кетпес үшін батыр ұл-қыз­дарды тәрбиелеу қажет болған. Ха­лықты қырып алмай, аман сақ­тау үшін елге батырлар керек еді. Міне, жыраулар да осыны жақсы түй­сінді. Сондықтан олар батырлар жы­рын таңды таңға ұрып жырлай­тын болған, – деді Смағұл Елубай.

Қалам ұстаған жазушы ғана ұлт үшін отқа түсе алады

Әдебиет – ұлттың жаны. Ке­зін­­де руханияттың ең көне, ең асыл ар­насы – батырлық дас­тан­дар бол­ды. Әр буын өзінің рухани қуа­тын осы мұрадан алып отырды. Жырау­лар толғауы елдің бірлігін бе­кем­деп, бүтін бір елдің болашақ­қа де­ген үміт отын жақты. Халқы­мыз­дың өмір сүруіне, жау таба­нын­да тап­тал­мауына дем берген осы дәс­түр ту­ралы қаламгер былай дей­ді.

– Қазіргідей кино, театр, қо­лы­мызда ұялы телефон болмаған за­ман­да халық батырлар жырын ру­ха­ни талшық етті. Жырауларға де­ген сұраныс өте мықты болды. Сол дәуірде олардың ел арасындағы бе­делі айрықша еді. Жыраулар ел-ел­ді аралап, жұртты жинап, сөз өне­рімен халықтың рухын көтерді, жү­регін тазартты, санасын шың­да­ды. Мыңдаған жылдарға жалғасқан бұл дәстүр – ұлтты жойылудан аман сақтап қалған киелі өнердің өзі. Ойланып көріңізші, егер жы­раулар болмағанда не болар еді? Мүм­кін біз тарих сахнасынан жойы­лар ма едік… Батырлар жы­рын тыңдап өскен бізге басқа ма­ман­дықтың қажеті жоқтай көрі­не­тін. Арманымыз бір – батыр болу! Қо­быландыдай қалың қолдың ал­дын­да ту көтеру, Алпамыстай елін қор­ғау, Ер Тарғындай жауға қарсы ат­тану. 17-18 жасқа дейінгі жас­ты­ғы­мыз осындай асқақ арманмен, ру­хани толқумен өтті. Сол арман, сол жырдың рухы біздің даламызды жау­дан қорғауға, ұлы мекенді сақ­тап қалуға дем берді. Әдебиеттің құ­діреті – осында. Қалам ұстаған жа­­­зушы ғана ұлт үшін отқа түсе ала­ды. Тарихтың өзі осыны талай мәр­те дәлелдеді, – деді қаламгер.

Қазақ халқының өткен тари­хын­да ақтаңдақ беттер аз емес. Со­лардың ең қасіреттісі – ХХ ға­сыр­дың алғашқы жартысындағы ашар­шылық жылдары. Мил­лион­дар­дың тағдырын жалмаған бұл нәу­бет ұзақ уақыт бойы көпшілік ал­дында айтылмай, тарих пен әде­биеттен де тыс қалды. Кеңестік идео­­логияның қатал цензурасы ха­лықтың басынан кешкен шын­ды­­ғын бүркемелеп, тасада ұстады. Де­­генмен ауыл арасындағы кө­не­көз қариялардың естеліктерінде сол сұмдықтың ізі сақталып, өзінен кейінгі ұрпаққа ауызша жетіп отыр­ды. Кейіннен әдебиетке қадам бас­қан жас қаламгерлердің ішінде осы ауыр тақырыпқа оралуға тал­пын­ғандар да болды. Соның бірі – «Ақ боз үй» романын жазуға бет бұрған Смағұл атамыз еді.

– Бала күнімде тоғызыншы сы­ныптан кейін қаладағы №12 мек­тепке келдім. Тарихқа үңіліп қа­расақ, Голощекиннің зұлмат жыл­дарында, яғни 1920 жылдары біз­дің ауыл Ақтөбеден Үстірт ар­қылы Қарақалпақстанға, одан әрі Түрікменстанға көшіп кеткен екен. Ал біз 1961 жылы ғана Түрік­мен­стан­нан елге қайта оралдық. Сол уа­қытта тарихта да, әдебиетте де 1920–1930 жылдардағы ашар­шы­лық жайлы бір ауыз сөз жоқ еді. Бар­лығы «асыра-сілтеумен» бүр­ке­меленіп келген. Біз баламыз ғой, үл­ке­ндердің әңгімесіне сенетінбіз. Сон­да шынымен-ақ олар өз көз­де­рімен көрген сұмдықтарын айтуға бат­пай ма? Әлде өтірік айтқаны ма? Студент кезімізде 1-курста оқып жүр­генде-ақ дәптеріме «Ақ боз үй» ро­манының кейіпкерлерінің ал­ғаш­қы сұлбасын түсіре бастадым. Бірақ мойындау керек, сол кезде қа­зақ әдебиетінде ашаршылық та­қырыбына арналған шығарма жоқ бо­латын. Бұл, әрине Кеңес үкіме­ті­нің қатал цензурасының салдары еді. Әдебиетті оқыдық, архивтерді ақ­тардық, бірақ онда бұл зұлмат жай­лы тек шет жағасы ғана айты­лып, мардымды дерек таба алма­дық. Ал ауылдың көзкөрген үлкен­дері шындықты айтқанда, небір адам төзгісіз сұмдықтарды жет­кі­зе­тін. Иә, бұл тақырып тым ауыр еді. Уни­верситетте жүріп біз бұл та­қы­рыпты толық игере алмайтыны­мыз­­ға көзіміз жетті. Сонымен, са­ра­лай-салмақтай келе, бұл т­­а­­­­­­­­­­қырыпты уақытша ысырып қойып, проза мен әңгіме жанрында шы­ғармалар жазуға ден қойдық. Кейіннен кітаптар басып шы­ғар­дық. Ақыры, арада он жылдан аса уақыт өткен соң ғана ашаршылық туралы романды қайта қолға алуға бел будым, – деді Смағұл Елубай.

Шығармаға өзің жақсы білетін адамдарды кейіпкер етіп таңдау қажет

Дәрістен соң аудиторияға жи­нал­ған оқырмандар қаламгердің шы­ғармашылық зертханасы мен жазу өнеріне қызығушылық таны­тып, көкейдегі бірқатар сұрағын қойып үлгерді. Солардың бірі әде­биет өкіліне: «Шығармадағы кейіп­кер­лердің сипатын, мінезін өз ойыңыздан шығарасыз ба, әлде олар шынайы өмірде көрген адам­дар ма?» – деген оқырман сауалын жол­дады. Осы тұста жазушы қо­лы­на қаламын серік еткен болашақ жа­зушыларға өмірлік тәжірибе­сі­нен сыр шертіп, ақыл-кеңесін де бө­лісті. 

– Маған туған ағамдай болып өт­кен Әбдіжәміл Нұрпейісов кезін­де мынадай ақылын айтқан еді. «Шығармаға өзің жақсы білетін, өмір­де көрген адамдарды кейіпкер етіп таңдау қажет, сонда қателес­пей­сің» дегені бар. Оның бұл ақы­лы өте дұрыс деп ойлаймын. Мы­са­лы, «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жал­ған дүние» шығармаларына об­раз бейнесі ретінде өзіміз жақсы бі­летін адамдарды таңдадық. Алай­да шығармада олардың есімі өз­гер­тіліп берілді. Шынтуайына кел­­­­­­генде, әр адам – қайталан­бай­тын құ­былыс. Өмірде айрықша есте қа­латын адамдар болады. Тіпті, бала кезімізде бірге ойнап өскен ба­лаларға дейін мінезі әртүрлі еді. «Ақ боз үй» шығармасының алғаш­қы бөлімі балалардың ойынынан бас­талады. Дәл осы шығармада біз сол балалардың мінезі мен сипатын кейіпкер етіп алдық, – деді қалам­гер.

Бізге жеткен бейбіт күн әке-шешеміздің азапты тағдырынан кейін ғана бұйырды

Кездесу барысында студент­тер әдебиет өкілінен бү­гін­гі жастардың жауапкершілігі мен жас жазушылардың ізденісі туралы пікірін сұрап, жаңа буынның қа­лам­герлері қаузауға тиіс тақы­рып­тар жөнінде білуге талпынды. Бұл сұраққа жазушы өткеннің қасіреті мен қазіргі бейбіт заманның мүм­кін­діктерін сабақтастыра отырып жауап қайырды. 

– ХХ ғасыр – адамзат тарихын­дағы ең ауыр кезеңдердің бірі бол­ды. Бұл туралы біз талай рет айтып та, жазып та жүрміз. 1916 жылдан бастап 1956 жылға дейінгі қырық жыл – күллі халық үшін қиямет-қайым кезең еді. 1916 жылғы Ұлт-азат­тық көтеріліс, ашаршылық, қу­ғын-сүргін, революциялар… Қа­­зақ халқы басынан осындай адам төзгісіз заманды өткерді. Тек 1956 жылы ғана Сталин әшкере­лен­­ді. Осы аралықта халқымыз көр­меген азап жоқ. Сол қияметтің бар салмағын біздің әке-шешеміз, ата-бабамыз арқалады. Кейде сол ұрпаққа жаның ашиды. Бізге жеткен бейбіт күн солардың азапты тағдырынан кейін ғана бұйырды. Лайым, мұндай қайғы-қасірет қай­таланбасын! 

Ал ХХІ ғасыр мүлде басқа. Қа­зір­гі заманның жазушысы «Мен не ту­ралы жазамын?» деп сұрамауы қа­жет. Өйткені әдебиетке адал жан­ға Құдайдың өзі сыбырлайды. Мә­селен, бір кездері құлағы есті­мей қалған атақты композитор Бет­ховен: «Құлағыма Құдай сы­быр­лап тұрады», – деп айтқан екен. На­ғыз жазушы үшін де жағдай со­лай, – деп сөзін түйіндеді жазушы Смағұл Елубай.

Кездесу соңында жазушы  жас­тарға жүрек­жар­ды лебізін біл­діріп, ақ батасын бер­ді. Сту­дент­тер жазу­шы­мен ес­те­лікке сурет­ке түсіп, ру­хани сер­пін алып қайтты. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы