Жалпы кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көпшілік арасында «уақытын гаджеттерге телміріп өткізетіндерді күні ертең кітап оқығандар басқарады», – дейтін тәмсіл бар. Шетелдердің бірінде айтылған деседі. Шынында да, кітапқұмар халықтардың ұтылғаны болған емес. Соны ескерсе керек, 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген еді. Ал Үкімет сол жылдың 29 маусымында қаулы шығарып, 23 сәуірді Ұлттық кітап күні деп белгілеген болатын.
Биыл алғаш рет атап өтілген Кітап күні мейрамында таңдаулы 100 кітапты анықтайтын сауалнама басталған болатын. Сауалнама 23 сәуір мен 9 тамыз аралығында өтті. Қазіргі қоғамның қандай әдебиетті бағалайтыныны, қандай шығармалар өз әлеуетін әлі сақтап келе жатқанын айқындайтын сауалнамаға eGov порталы арқылы 100 мыңнан аса адам қатысыпты.
eGov порталындағы сауалнаманың бірнашама артықшылығы бар. Біріншіден, зерттеуде бір адамның бірнеше рет пікір білдіру мүмкіндігі болмайды. Екіншіден, бәлкім, басты ерекшелігі – отандастарымыздың қандай кітап оқып жүргені айқындалады. Өз кезегінде сауалнама әдеби құндылықтар жүйесін таразылауға мүмкіндік береді.
Оның үстіне 3 ай ішінде сауалнамаға жүз мыңнан астам азаматтың қатысуы халықтың озық ойлы ұлт болуға ұмтылысы жоғары екенін, Президент бастамаларының қоғамға жетіп жатқанын аңғартса керек. Әрі сауалнамаға еліміздің барлық аймағы белсене атсалысқан. Ең жас респондент 16-да болса, қарт оқырман 92 жаста екен.
Астанада өткен «100 кітап» жобасының қорытынды іс-шарасында қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бастаманың ұлт руханияты үшін айырықша маңызды қадам болғанын атап өтті. Зиялы қауым өкілдері жобаның қазақ әдебиетін насихаттауға ғана емес, кітап өндірісіне де, кітапхана ісіне де соны серпін беріп, ықпал ететінін атап өтті.
Қорытынды тізімге классикалық шығармалардан бастап, қазіргі заман авторларының да туындылары енді. Тізім құрамына көркем әдеби роман мен повестер, өлең жинақтары кірді.
«100 кітап» жобасы бойынша іріктелген еңбектер тізімі Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланды. Ал жоба бұдан былай тұрақты түрде жалғасып, тізім жаңартылып отырады.
«100 кітап» жобасы – ұлтымыздың болмысын айшықтайтын, қалың оқырманның әдеби талғамын қалыптастыратын, келер ұрпаққа рухани бағыт-бағдар болатын маңызды қадам.
Амангелді ҚҰРМЕТ