17 қыркүйек, түс әлетінде Астанадан Торғай топырағын бетке алып жолға шықтық. Иә, елордадан оңтүстік-батысқа қарай 850 шақырым жерде жатқан – киелі Торғай. Менің туған ауылым. Қарбалас өмірдің иірімінде жүріп ат ізін салмағалы да көп болыпты. Көңілде толқыныс бар. Алда ұзақ жол ғана емес, ауыр міндет, үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Торғайда 20-21 қыркүйек күндері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Дүйім Алаш көз тігетін торқалы тойға атсалысу, ең әуелі, перзенттік парызымыз.
Жол адамды ойға бөлейді, сергітеді. Әсіресе, дәл осындай жаймашуақ қоңыр күз – алыс сапарға шығуға таптырмас мезгіл. Қаладан алыстап, Атбасарға жақындаған сайын сары жағал алтын күз көркімен көз тартты. Көкжиекке сіңіп көсіліп жатқан қазақтың сайын сахарасы. Ақтылы-қаралы төрт түлік сол даланың сәні екен. Халықтың ырыздығы – алтын астықтың да піскен шағы. Қатар-қатар тізіліп астық орып жатқан комбайнның өзі мамыражай заманның жырын атыздарға жазып бара жатқандай… Осы кең далаға ұзақ қарап отырып, оны ұрпаққа мирас қылып қалдырған ата-бабаның ерлігіне сүйінесің, рухына бас иесің. Анау алқара аспаннан Міржақып атамыз әлі де «Оян, қазақ!» деп жар салып тұрғандай…
Мая-мая шөп үйілген жол бойына тоқтадым. Жусанның кермек иісін көкірек кере жұтқанда қалада жүріп әбден ішқұса болғаныңды сезесің. Ауылда өскен адам даланы аңсайды. Даланың өз құдіреті бар. Ол пендешілік өмірдің бойға жапсырған барлық кірін өзі-ақ жуып-шаяды. Жаныңды емдейді. Бұдан артық рухани сапар болмас…
* * *
Алда атқарар жұмыстарға іштей жоспар құрып отырып, 11 сағатқа созылған жолдың қалай өткенін сезбей қалыппын. Түнгі сағат 22:30. Міне, бір қырдың астында жатқан – Торғай. Ауылға жақындаған сайын сағынғанымды анық сезем. Тойға деген дайындық қалай, не өзгеріс болып жатыр деген сұрақтар тағатыңды тауысады. Түнгі оттары жарқ-жұрқ еткен алақандай ауыл алыстан менмұндалап көз тартты. Құдды үлкен шаһар тәрізді. Баяғы он мың адам тұратын дәурені қайта айналып келгендей жүрегім дір ете қалды. Ауылдағы 1969 жылы туған азаматтар көше шырақтарын жөндеп берді деп естіп едім. Мынау самаладай жарқыраған қызыл-жасылды жарық сол болды. Осыдан-ақ тойға деген дайындықтың қызу жүріп жатқанын аңғаруға болады.
Бұл – күллі Тобыл-Торғай өңірі көптен күткен қуаныш. Бабаның атын әспеттеп, елдік пен бірлікті әйгілейтін сәтте ешкім аянып қалған жоқ. Қара ормандай халық жұдырықтай жұмылып ортақ іске белсене атсалысқан. Қызу дайындық жыл басында-ақ басталып кеткен болатын. Тойдың негізгі шығынын өздері көтеріп, аты алысқа жететін мерейлі күннің куәсі болғысы келді. Жұрт қолда барын аямады. Халықтан қаншама қаржыдан бөлек, ірілі-ұсақты мал да көп жиналды. Осының бәрі – елдің бірлігі мен ұйымшылдығының арқасы. Облыс әкімдігінің жүгін жеңілдетіп, өздері-ақ жұмыстың ауырын арқалады…
Осындай жаны жайсаң, патша көңіл жұрттан айналасың. «Бұл – Ахаң мен Жахаңның елі!» – деп мақтанышпен айтқың келеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының соңы қалай аяқталғаны көпке мәлім. Сонша күткен қуаныш су сепкендей басылған еді. Өрт жерді ғана емес, көңілді де шарпыды. Елдің ұнжырғасын түскенін көргенде іштей күрсініп, амалсыз қалғанбыз… Торғайға басқа емес, осы бір тойды да қимады ма деп налығанбыз. Одан бері 3 жыл өтті. Міне, Жахаңның тойы. Енді сондай бір көлденең кесел кедергі болмай, бәрі абыроймен өтіп, елдің еңсесі көтерілсе екен деп тілеп келемін…
Заманынан озып туған қаншама заңғар тұлғалардың кіндік қаны төгілген Торғайға да жеттік…
* * *
18 қыркүйек. Таң бозынан тұрып іс-шара өтетін жерлерді аралап шықтым. Кем-кетігін қағазға түсіріп, істеуге тиісті жұмыстарды көңілге хаттадым. Осы тойға Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатыспақ. Бұл – тойдың салмағын арттырып қоймайды, ел үшін де үлкен мерей. Торғайға дәл осындай мемлекеттік деңгейдегі қайраткер соңғы рет қашан келді? Есімде жоқ. Қолымызда «AMANAT» партиясы басшылығы берген арнайы тапсырма бар. Ерлан Жақанұлы 20 қыркүйек күні таңертең Қостанай қаласында Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіштің ашылуына қатысып, одан кейін Бидайық ауылындағы кесенесіне зиярат жасайды. Түс ауа Торғайда Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мен аламан айтысқа қатыспақ. Арасы шалғай, локация көп. Қызу жұмысқа білек сыбанып кірісіп кеттік.
Осы жұмыстарға жетекшілік ету үшін кеше бізден кейін партиямыздың Орталық аппарат басшысы Мәди Оспанов та жолға шыққан болатын. Түнделетіп болса да, Торғайға жетіп алғысы келгенімен жолда көлігінің доңғалағы жарылып, Арқалыққа түнеп қалған еді. Көп кешікпей ол кісі де жетті. Мәди Жарылғасынұлымен бірге іс-шара өтетін әр нүктені, жалпы бағдарлама мен сценарийді қайыра мұқият қадағалап, пысықтап шықтық. Облыс, аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.
Әрине, ауданда мұндай ауқымды іс-шара күнде өте бермейді. Сондықтан да азаматтар жайбарақаттыққа салынып, кейбір маңызды дүниелерге мән бермейтіні де заңды. Оны табан астында шеше қою да қиын. Мысалға, кейбір қажетті материалдар Торғай түгілі Арқалықтан да табылмайды. Оны қиырдағы облыс орталығынан алдыру қажет. Уақыт болса, жақындап келеді. Нағыз қарбаластық басталды да кетті. Бірақ ешбір азамат шаршағанын айтып, қабақ шытқан жоқ. Қайта бабаның аруағы қолдап, елдің айбыны ассын деп дамыл таппады. Сол азаматтардың бәріне, жалпы Торғай жұртына алғысымыз шексіз.
Біз бұл күні партиямыздың аудандық филиалында тапжылмай отырып түнімен жұмыс істедік. Жарты өмірім қалған қара шаңыраққа қайтып бара жатып сағатқа қарасам, таңғы 04:15-ті көрсетіп тұр екен…
* * *
19 қыркүйек. Көз шырымын алар-алмастан қайта атқа қондық.
Бір кездері Торғайдағы әуежайдың ұшу-қону жолағы болған ат шаптырым алаңда қаздай тізіліп киіз үй тігілді. Облыстың 16 ауданы мен 6 қаласы өзіндік сән-салтанатымен келіп, тойдың көркін асырған. Осы үйлерде бір жағы келген қонақтар ас-ауқат ішіп, аунап-қунаса, екіншіден, қазақтың бай салт-дәстүріне, мол мәдени мұрасына куә болады. Әсіресе, киіз үй қалашығын аралаған балалар әрнені қызықтап сұрайды, суретке түседі. Ұлылардың ұлағатты өмірін жадына тұтады. Осының өзі-ақ рухани тәрбие емес пе?!
Бұл күні кешегі жұмыстардың тыңғылықты орындалуын қадағаладық. Оған үстеме қаншама шаруа күтіп тұр. Түске жақын партиямыздың Орталық аппараты мен облыстық филиал қызметкерлеріне партия мен Парламент Мәжілісінің баспасөз ұжымы қосылды. Дайындықтың соңғы кезеңі басталды. Әрбір шара өтетін алаң ғана емес, алыс-жақындағы камера орнатылатын нүктеге дейін төрт тұрманы сай болғанда ғана дайынбыз деп айтуға болады. Оған жету үшін тағы да ала таңнан қара кешке дейін дамыл таппай шақпылауға тура келді. Іс-шара өткізіп жүрген адамға мұның өзі бір бақыт. Бастаған ісің ойдағыдай аяқталса, көңілің марқаяды. Олай болмаса, көздеген межеге жеткізгенше тағат таппайсың.
Шаруаның дені тиянақталған соң Мәди Жарылғасынұлы Қостанайға аттанып кетті. Қаладағы ескерткіштің ашылу рәсімін ұйымдастыруға және Бидайықтағы іс-шараларға бас-көз болуға партияның Орталық аппаратынан арнайы инспекторлар жіберген. Солардың жұмысын пысықтап шығады да, ертең Ерлан Жақанұлымен бірге негізі іс-шараларға қатысады.
Бұл екі күнде маған Торғайдың таңы ерте атып, кеші тез бататындай көрінді.
* * *
20 қыркүйек. Көптен күткен сенбінің таңы атты. Біз дайынбыз.
Таңғы сағат 8:30. Қостанай қаласының қақ жүрегінде бой көтерген Алаштың ардагер перзенті Міржақып Дулатұлының еңселі ескерткішін ашуға бір қауым жұрт жиналды. Тарихи сәт. Мәжіліс Спикері, партиямыздың Төрағасы Ерлан Қошанов ескерткіштің ақ шымылдығын түсіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Композицияның мүсіншілері – Жеңіс Жұбанқосов пен Тимур Ермұхаметов. Биіктігі – 3,5, ені 2,1 метр болатын айбынды ескерткіш көзге оттай басылады. Бойында маңғаздық та, бекзаттық та бар. Сөзі жадымызға жатталып, болмысы зердемізге сіңген қайраткердің өр тұлғасы қараған жанды өзіне тартады. Енді облыс әкімдігің алдында қасқайып тұрып, өзі көксеген жарқын болашаққа тағылымды жол нұсқай бермек. Ұлылар бес күн жалғаннан өзі кетсе де, өмірі осылай мәңгі жалғаспақ.
Бұл – Алаш қайраткерлері шын бағасын алған тарихи әділдіктің тағы бір айқын көрінісі. Дүйім қазақтың шын қуанып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатқанын көргенде көңіліміз толқыды. Алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазақ елі 37 жыл бойы күткен ескерткіш ашылды. Гүлнар Міржақыпқызы осы күнді аңсап өтті», – деп жазды. Бұл күнді бәріміз күттік. Әсіресе, Тобыл-Торғай жұрты үшін естен кетпес рухани мейрам дер едім.
Шынымен де, қайраткерлер ақталса да құнды мұрасы жан-жақты зерттеліп, алаштану ғылымы бірден аяғынан тік тұрып кете алған жоқ. Осы бағыттағы жұмыстардың өзегіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары ғана қан жүгірді. Мысалы, 2021 жылы елорда төрінде Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш ашылса, 2022 жылы Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл дегеніміз – жай ғана тас мүсін емес, тарихымызды жан-тәнімен, өр рухымен, ақыл-парасатымен жазып кеткен ұлыларға деген құрмет. Сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын сәтті тиянақтады. Қазақстан тарихының жеті томдығы дайындалып жатыр. Демек, жаңа кезең басталды. Ұзағынан сүйіндірсін дейміз!
* * *
Құрметті оқырман! Жолыңыз түсіп Қостанайға, Жангелдин ауданына келіп жатсаңыз, Бидайық ауылына соқпай өтпеңіз. Онда жаны мәңгілік тыныс тапқан Міржақып Дулатұлының кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштарсыз. Жанында тұрған мемориалдық мұражайын аралап, күреске толы өмір соқпағымен танысарсыз.
Иә, тарихына қанық емес көп адам «Онда өзі жатыр ма?» деп сұрайды. Айыбы жоқ сауал. Бірақ осы сөзде қазақтың қара жер қайысатын қайғысы жатыр. Алаш қайраткерлерінің дені жат өлкеде, туған жерінен жырақта жан үзді. Көбінің сүйегі қайда қалғаны да белгісіз. Ойласаң, көкірегің сыздайтын шерлі тарих. Міржақып Дулатұлының сүйегін ғалым Марат Әбсеметов 1989 жылы сонау Карелиядан тапқаны, қызы Гүлнар Дулатованың бастамасымен 1992 жылы туған жері Торғай даласына әкелініп жерлегені белгілі. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып кіндік қаны тамған жерге оралған бірден-бір қайраткер – Міржақып атамыз. Мәйітті қайта қазуға барған режиссер Қалила Омардың: «Жахаңның бас сүйегінің жағы елге әкелгенде бірақ ажырағаны» жайлы әңгімесі де ел аузында жүр. Тәңір-Тағала текке жаратпаған киелі адам ғой. Рухың шат болсын!
Қалада ескерткіш ашылған соң тағылымды іс-шаралар легі дәл осы Бидайықта жалғасты.
* * *
Сағат 13:30-да мерейтойдың мерейін асырған Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Елімізде алтыншы рет өткізіліп отырған айтулы аламан – М.Дулатұлының 140 жылдығына және Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Салтанатты іс-шараның ашылуына қатысқан Ерлан Қошанов: «Бәйге десе, қаны қызбайтын қазақ жоқ. «Ұлы дала жорығы» рухымызды асқақтататын іс-шараға айналды. Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай осындай ауқымды іс-шараның өтуі – ұлт спортын ұлықтаудың, тарихқа тағзым, тұлғаға құрмет көрсетудің іс жүзіндегі көрінісі», – деді.
Иә, 2022 жылы «AMANAT» партиясының қолдауымен басталған бұл дода аз уақыт ішінде толағай жетістікке қол жеткізді. Елдің рухын көтеріп, арғымақтың қадірін арттыра түсті. Отандық туризм мен ұлттық спорт саласын дамытуға тың серпін берді. Парламент қабырғасында қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданды… Айта берсек, мұрындық болған игі бастама аз емес. Ең бастысы, жылқы жанымызбен үндес болған түпкі тегімізге қайта оралып жатырмыз. Төрт түліктің пырағының түп Отаны – қазақ даласы. Біздің жылқыдан қол үзгеніміз – рухымыздың әлсірегені. Сондықтан да бұл – ең әуелі, болашақ үшін керек бастама.
Торғайда басталған «Ұлы дала жорығына» еліміздің 13 өңірінен және Қырғызстан мен Ресейден келген 18 команда қатысты. Бәрінің де тәжірибесі мол, тастүйін дайын. Желтақым шабандоздар желдей жүйрік тұлпарлардың басын Арқалыққа бұрып, 500 шақырымдық жолға аттанды. Олар жолай Бидайықтағы Міржақып атамыздың басына түнеп, зиярат етпек. Сондай-ақ елі үшін еңіреп өткен Амангелді мен Кейкі батырларға тағзым қылады. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» ұрпаққа ұлағатты жол нұсқайтын рухани сапарға айналды. Бұл сапарға аттансаң, даланың тілін түсініп, бабалар рухына жақындай түсесің…
Бөкен желіске салып ұзап бара жатқан командалардың соңынан қызыға қарап, «Жорытқанда жолдарың болсын!» деп тілеп тұрдық…
* * *
Сағат 14:40-та халық асыға күткен ақындар айтысы басталды. Айтыстың шымылдығын ашқан құттықтау сөзінде Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының Торғай өңірінің дамуына ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Ерлан Жақанұлын Торғай жұрты құрмет тұтады. 2023 жылы Парламент Мәжілісі сайлауы қарсаңында Арқалыққа келіп, халықпен кездесті. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының тойынан кейін жасып қалған ел көңілін демеген жылы жүздесу болды. Мемлекеттің шынымен де бізге бүйрегі бұрылмай ма деген жұрттың көңілінде күмәнді сейілтті. Арада екі жыл өткенде Торғайдың аты дүркін-дүркін аталып жатса, халық қалай Ерлан Жақанұлын қуана қарсы алмасын. Бұл жолғы келісін де ақжолтай қадамға балады.
Иә, бір кездері аламан айтыста Торғайдың үнін Айбек Қалиев ағалар көтерсе, бүгінде ел аманатын Берік Бейсенғалиев бастаған азаматтар арқалап жүр. Оны ескі Қазақстан тыңдамағанымен, жаңа Қазақстан құлақ асты. Әуелі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Астанадан Арқалық–Торғай–Ырғыз арқылы жалғасатын автожол құрылысын бастауды, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіруді тапсырды. Елдің сөне бастаған үміті қайта оянып, бөркін аспанға атқан. Көп кешікпей осы жолдың бағытын өзгерту туралы талқы болып жатқаны жайлы суыт хабар жетті. Ел Президентінің тапсырмасы мүлтіксіз орындалатынын айтып, Ерлан Жақанұлы бұл екіұшты әңгімеге нүкте қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жалғыз Торғай өңірін ерекше атап өтіп, Үкіметке тапсырма берді. Ал Ақмола облысына барған жұмыс сапарында жыл соңына дейін Торғай топырағына келетінін мәлімдеді.
Мұның бәрі – екі рет ашылып, екі рет жабылған Торғай өңірі үшін баға жетпес қуаныш. Оны сол өңірде өмір сүріп жатқан, тіршіліктің қылбұрауы қанша қысса да ауылды тастап көшпеген халық жақсы түсінеді. Міржақып Дулатұлының мерейтойы қарсаңында осындай игі бастамалардың қолға алынғанына, әрине қуанамыз әрі жақсы ырымға балаймыз.
* * *
«AMANAT» партиясының қолдауымен өткен сөз барымтасына 14 ақын қатысып, кәделі айтыс өтті. Сөз – құдірет. Қазақтың болмысын біріктіріп, рухын асқақтатқан ұлы күш болса, ол әуелі сөз екені күмәнсіз. Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» дегенде күллі қазақ даласы дүр сілкінді. Намысын қайрап, жігерін жанып, болашаққа үмітпен қарады. Бүгінде қазақ баласы сөз қадірін өз қадіріндей біледі. Аталы сөз айтатын азаматын ардақ тұтады. Ақынына төрден орын ұсынып, жыр-маржанын күн-түн демей тыңдауға әзір. Оған бүгінгі Торғай төсінде өткен аламан айтыста тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жырға әуес, күйге құмар, тауып айтса, астындағы атын түсіп беретін мәрт халық 6 сағат бойы ақынын тік тұрып тыңдады.
Қызыл тілі мүдірмей, алдаспандай жарқылдаған ақындарға деп жүлдеге екі бірдей темір тұлпар тігілген еді. Оның бірін сыр сүлейі Мұхтар Ниязов еншілесе, екіншісін айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков тақымдады. Қазақтың ақсүйек өнері айтыстың бағы асқан, жалауы биікте желбіреген күн болды.
Қадірлі оқырман! Мерейтой аясында өткен шаралар осымен тәмамдалған жоқ. Мен тек 20 қыркүйек күні «AMANAT» партиясының тікелей қолдауымен өткен іс-шараларды ғана атап өттім.
Бұдан бөлек, Торғай ауылының ойы мен қырында өзге де іс-шаралар өтіп, той қуанышына бөленіп жатты. Айтыспен параллель уақыт мүйізі қарағайдай ғалымдардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ал ұлттық спорт шаралары 19 қыркүйек күні басталып кеткен. Ауыл сыртындағы атшабарда халықтың делебесін қоздыратын көкпар тартылып, палуандар аударыспақ сайысында үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасып жатты. Бір уақытта бәйгенің де басталғанын айтып жұрт дүрлігіп кетті. Бірақ бізге оған мойын бұруға уақыт жар бермеді.
Бәйгенің төресі – аламан болар. Ақшығанақ ауылынан басталған 70 шақырымды тұлпарлар еңсергенін естідік. Мәрені бірінші болып Ақтөбенің азаматтары үкілеп қосқан «Ақбілек» атты сайгүлік кесіпті. Міржақыптың тойында Жүсіпбектің «Ақбілегімен» аттас тұлпардың қара үзіп келгені бір ғанибет емес пе?! Тойға демеуші болған Тобыл-Торғай жұрты ұлттық спорт түрлеріне деп үш автокөлік, 38 сәйгүлік және 31 миллион теңге қаражат бөлген. Ұлы аламанда 1-8 орын, аламан бәйгеде 1-6 орын, құнан бәйгеде 1-4 орын, ал «Алтын тай» жарысында 1-5 орынға дейін жеңімпаздар марапатталған. Бұл – тойдың жоғары деңгейде өтуі ғана емес, ұлттық спортқа қосылған еселі үлес болмақ…
Ас ішуге де уақыт таппай, ары-берлі жүгіріп жүргенде мерейтойдың алғашқы күні де өте шықты. Арқадан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдық.
21 қыркүйек. Мерейтойдың екінші күні басталды. Торғайды «Музейлер қаласы» деп те атайды. Мұнда жәдігерлері мол, тарихтың терең қатпарынан сыр шертетін жеті бірдей музей бар. Бұл күн А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Ары қарай салтанатты іс-шаралар легі «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты республикалық жыр-терме орындаушылар байқауымен жалғасып, облыстық ақындар мүшәйрасы мәреге жетті. Түстен кейін халық алты сағатқа созылған қала және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал Торғайдың қоңырсалқын кешінде мерейтойдың сіргежияр шарасы – Гала концерт өтті.
Әрине, әрбір іс-шараның артында қаншама адамның күш-жігері, табан ет, маңдай тері жатыр. Оның бәрін тәптіштеп жазу бұл шағын жолжазбаның көлеміне сыймас. Кеудені кернеген әсер мен көңілді толқытқан сезімді бейнелеудің өзі қиын. Қалай десек те Торғай топырағында көптен күткен дүбірлі той өтті. Жаны сергіп, рухы серпілген ел бір жасап қалғаны анық. Ағайынның татулығына, береке-бірлігіне сүйіндік. Ғазиз тұлғаның аруағы да бір аунап түскен болар!
«Жахаң» деп халқы қадір тұтқан қайраткер: «Балалар келер заманның қожасы, біздің мирасқорымыз. Балаларға біз не қалдырсақ олар соған ие. Оларға біз көркем тәрбие, түзу бағыт, пайдалы білім берсек, келер ұрпақтың азаттық, адамгершілік дүниесі гүлденбек. Біз балаларға нашар тәрбие, қисық бағыт, қыңыр білім үйретсек, келер буын бұзықшылық, қараңғылық, құлдық дүниесінде өмірі өксіп, азып-тозуына себепкер боламыз. Сондықтан келер буынның жақсы, жаман болуына, біз жауаптымыз», – дейді. Жахаңдар ұлт үшін жауапкершілік арқалады және оны адал атқарды. Алаш ардақтылары мирас қылып «көркем тәрбие, түзу бағыт, пайдалы білім» қалдырды. Бүгінгі біз де, келер заманғы толқын да олар салған сара жолмен жүріп, олар жаққан отпен жылынамыз. Уақыт озған сайын тұлғасы асқақтай түспек. Олар – қазақтың маңдайына жазылған бағы, жүрегіне сәуле түсірген шамшырағы…
Осымен той тәмамдалған жоқ. «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі сайын даланы дүбірге бөлеп, әлі де жалғасып жатыр. Ол аяқталса да, қазақтың жүрек түкпіріндегі қуаныш жалғаса бермек.
Еркебұлан ЖАУЛЫБАЕВ,
«AMANAT» партиясы саяси жұмыс
департаментінің директоры