in

Түркияның Ани қалашығында 1000 жылдық күн сағаты табылды

Түркияның Кәрс қаласындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ани археологиялық аймағында жүргізілген қазба жұмыстары барысында шамамен 1000 жыл бұрын жасалған күн сағаты табылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

TRThaber мәліметінше,  бұл ерекше жәдігер алғаш рет Кәрс археология және этнография мұражайында көпшілік назарына ұсынылды.

2021 жылы Ани қалашығындағы үлкен хамам аймағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған бұл күн сағаты жартылай дөңгелек пішінде және 12 секторға бөлінген. Ортасында орналасқан металл таяқша арқылы күн сәулесінің көлеңкесі түсіп, уақытты көрсететін бұл құрылғы орта ғасырлардағы уақыт өлшеу технологиясының маңызды үлгісі болып саналады.

Кәрс археология және этнография мұражайының басшысы Хаким Асланның айтуынша, бұл күн сағаты Рим және эллинистік дәуірлерден кейінгі кезеңде жасалғанымен, орта ғасырларда мұндай құрылғылардың дамуы шектеулі болған. Алайда, Ани қалашығынан табылған бұл күн сағаты сол дәуірдің уақыт өлшеу әдістері туралы құнды мәлімет береді.

Бұл жәдігердің табылуы және көпшілікке ұсынылуы тарихшылар мен туристердің үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз