in

Түркістан қолөнер мұрасы және туризмнің болашағы

Сондықтан оған шебердің қолынан шыққан бұйым деп қана емес, ғасыр­лар қойнауынан сыр шерткен шұрайлы шежіре, тағылымды тарихтың бір парасы деп қарағанымыз абзал.  

Осынау ұлттық құндылығымызды за­ман ағымымен үндестіріп, бү­гін­мен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз шаһары. 2022 жылы   екі мың жыл­дық тарихы бар көне шаһар Дүние­жү­зілік қолөнершілер қалаларының тізі­мі­не енді. Әрине, ықылым заманнан бері сау­да-саттықтың ордасына айналған, та­ри­хы тереңде жатқан қаланың бұл тізім­ге енуі – кездейсоқтық емес, заңдылық. Осылайша, Тараз бұл мәртебеге ие болған әлем­дегі 56-шы, ал еліміздегі алғашқы қа­ла атанды.

Ал өткен жылы қолөнершілер қала­лары­ның қатарында болуға Алматы қала­сы лайық деп танылса, күні кеше бұл тізім Түркістан шаһарымен толықты. Соған орай Түркістан төрінде TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025 атты халық­ара­лық фестиваль өтті. Ұлттық құнды­лық­ты ұлықтаған айшықты іс-шараға тараз­дық қолөнершілер де құрметті қонақ ре­тін­де шақырылып, арнайы делегацияны Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орын­беков  бастап барды. 

Халықаралық фестивальға Түркия, Әзер­байжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан, Қытай және Ресей мемлекет­тері­нен 100-ге жуық қолөнерші келсе, елі­міздің әр аймағынан 300-ге тарта қо­л­ө­нер шебері қатысты. Солардың сапында әу­лиеаталық 30-дан астам шебердің жүн­нен жасалған бұйымдары көпшілік на­за­ры­на ұсынылды. 

Маңызы зор іс-шараның шымылдығы Түр­кістан қаласының рухани-мәдени ор­та­лығында орналасқан «Қолөнершілер қала­шығының» ашылуымен түрілді. Сал­танатты рәсімде Түркістан облысының әкі­мі Нұралхан Көшеров көпшілікті ай­тулы сәтпен құттықтап, алыстан ат ары­тып келген құрметті қонақтарға алғысын жеткізді.

– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерек­ше мәртебесі туралы» арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда қолөнер са­ласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, жергілікті қо­лөнершілердің кәсібін дамытуға жол ашыл­ды. Ұлттық дәстүрді қолдау мақса­тын­да «Қолөнер қалашығының» құры­лы­сын жүргіздік. Биыл Түркістанға «Ха­лық­аралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Ұлы Жібек жолының бойында ор­наласқан тарихи шаһар ежелден қолө­нер мен сауда орталығы болған. Қазір об­лысымызда 130-дан астам шебер еңбек ету­де. Кешенде ұлттық қолөнердің сан түр­лі бағыттары тоғысып, өңірімізге ке­летін туристер үшін жаңа мәдени ор­та­лыққа айналады. Қалашық тек сауда-сат­тық орны ғана емес. Бұл – шеберлердің тә­жірибе алмасатын, жаңа туындыларын ұсы­натын, жастарды өнерге үйрететін үл­кен орталық. Қолөнершілер қалашығы Түр­кістанның түркі әлемінің рухани аста­на­сы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығай­тады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Туристік және мәдени бағыттағы орталық 8 негізгі функционалды бө­ліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме зал­дары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй жә­­не туристік инфрақұрылымы бар қала­шық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұн­да шеберлер ұлттық нақыштағы бұйым­ын жасап, көпшілікке ұсынып қана қой­май, тәжірибе алмасады. Нысан құры­лысы же­ке инвестиция есебінен жүзеге асырыл­ған.

Келесі кезекте «World Craft Council» ха­лық­аралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев сөз алып, Түркістан қала­сы­ның Дүниежүзілік қолөнершілер қала­ларының тізіміне енгенін растайтын рес­ми куәлікті табыстады. Түркістан бұл ті­зім­ге қыштан жасалған бұйымдары ар­қылы кіріп отыр. 

Орталық Азия қолөнер ұйымының пре­зиденті, қырғызстандық Эльдар Ат­та­куровтың айтуынша, Тараз бен Түркістан қа­лаларының бұл мәртебеге лайық деп танылуы – Қазақстанның ғана емес, тұтас Түркі елдерінің рухани-мәдени өміріндегі маңызды белес.

– Бұл фестиваль – Орталық Азия кеңіс­тігіндегі қолөнер шеберлерінің ба­сын қосатын аса маңызды әрі ауқымды мә­дени оқиға және ежелгі дәстүрлер мен за­манауи көзқарастың тоғысқан, ұлттық мұ­раны ұлықтайтын бірегей алаң. Біз осын­дай бастамалар арқылы шеберлер еңбегін дәріптеп қана қоймай, бауырлас елдердің рухани сабақтастығын тереңдете түсеміз. Мен осыған дейін былтыр Тараз қа­ласында өткен қолөнер фестиваліне ар­найы қатысып, тараздық шеберлердің ең­бегімен жіті танысқан едім. Тараз – тек кө­не тарихымен емес, қолөнер мәдение­тінің үзілмей келе жатқан дәстүрімен де ерек­шеленетін ерекше шаһар. Осындай ха­лықаралық деңгейдегі іс-шаралар қол-ө­нерді тек өткеннің мұрасы ретінде емес, бү­гінгі өміріміздің бөлшегі, мәдени дип­ломатияның маңызды құралы ретінде дамытуға мүмкіндік береді, – дейді  Э.Атта­куров. 

Фестиваль әрі қарай «Достық үйін­де» өткен «Түркістан қолөнер мұрасы және туризмнің болашағы» атты халықаралық қолөнершілер форумымен жалғасты. Жиында Тараз қаласының әкімі Ба­қытжан Орынбеков сөз алып, кө­не шаһардың Дүниежүзілік қолөнер­ші­лер қа­ласы атануы саланың өрістеуіне тың сер­пін бергенін айрықша атап өтті. 

– Ұлы Жібек жолының бойындағы та­лайғы тарихтың куәсі – Тараз қаласы бұл тізімге өзінің үлкен туристік және қо­­­лө­нер әлеуетінің арқасында еніп, құрмет пен мәр­тебеге лайық­ты түрде ие болды. Бұл мәртебе шаһа­рымыздың халықаралық дең­гейде та­нылуына жол ашты. Мәртебе беріл­ген кез­де қалада 70-тен астам қол­өнер­ші жұ­мыс істеген болса, қазір олар­дың саны 250-ден асты, – деді.

Түркістан төрінде үш күнге ұласқан ау­қымды фестиваль аясында қолөнер көрмелері, шеберлік сабақтары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәр­меңкесі, Fashion этно сән үлгісінің көр­сетілімі мен та­ны­мал эстрада жұл­дыз­дарының кон­церттік бағдарламасы ұйым­дастырылды. Бұл шара екі өңір ара­сын­дағы рухани һәм экономикалық бай­ланысты тағы нығайта түскені хақ. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы