in

Түркі мәдениетінің алтын арқауы

Қор құру туралы бас­тама алғаш 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес елдері мемлекет басшыларының IX саммитінде көтерілген болатын. Бұл бастама жоғары бағаланып, 2012 жылдың 23 тамызында Түркі мемлекеттері ұйымының Бішкек қаласында өткен саммитінде Қазақстан, Түркия, Қырғызстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен Қор құрылып, Жарғысы қабылданды. 

Қордың басты мақсаты – Түркі әлемінің бай мұрасын және көпғасырлық тарихын зерттеу, сақтау және насихаттау. Сонымен қатар түркі халықтары арасындағы мәдениет көпірі рөлін атқарып, ортақ тарих пен рухани құнды­лықтардың жаңғыруына, рухани ынтымақтастықтың кеңеюіне және түрлі мұрасын әлем елдеріне таныстыру бағытында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қор құрылған күннен бастап, Түркі әлемінің бірлігі мен мұрасы – болашақ ұрпаққа қалдырар ең ұлы аманат ретінде қарастырылып, материал­дық және рухани мұрасы, көне дәстүрі мен ұлттық құнды­лықтары туралы бағдарламалар мен деректі фильмдер көрсетілетін Turk Discovery YouTube плат­формасын құру, TurkHeritage мәдени мұра нысандарының каталогын жасау, ағартушылық және ортақ тарихты оқыту, халық­аралық ғылыми жобалар ауқымын кеңейту секілді мәселелер қолға алынды. 

Штаб-пәтері Баку қаласында орналасқан Қор Кеңесінің ал­ғашқы отырысы 2024 жылы Түркі мемлекеттерінің Мәдениет ми­нис­трліктері басшылары дең­гейінде Әзербайжан Респуб­ликасының Мәдениет министрі Әділ Кәрімлінің төрағалығымен өтті. Отырыста Қордың 2025 жыл­ға арналған қызметінің стра­тегиялық бағыттарын айқындау мәселелері талқыланып, іс-қимыл жоспары мен бюджет бекітілді, сонымен қатар Қор жанынан Кон­сультативтік-сараптамалық ко­митет құрылды. Қордың Жарғы­сына сәйкес, 2025 жылы Қордың Кеңесіне төрағалық ету Қазақстан Республикасына өтті. Қордың II Кеңесі 2025 жылдың ақпан айында Астанада өтеді деп жоспарланды. 

Қабылданған шешім бойынша 2025 жылы 7 ақпанда Астана қала­сында Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық музейінде Қа­зақ­стан Республикасының тө­­­­ра­­ға­лығымен ұйымға мүше ел­дер­дің Мәдениет министр­лерінің қатысуымен Түркі мә­дениеті және мұрасы қоры Кеңе­сінің II оты­рысы өтті.

Кездесуде Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова Түркі мем­лекеттері басшыларының «Түркі әлемінің келешегі-2040», TURKTIME және басқа да стратегиялық құжаттарында көрсетілген бас­тамаларға сәйкес түркі мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық аренада ілгерілету жөніндегі ұйымның стратегиялық бағыттары туралы айтты. Жиында Қордың 2025-2026 жыл­дарға арналған іс-шаралар жоспары егжей-тегжейлі таныс­тырылды.

Кездесу қорытындысында ұйымға мүше елдердің өкілдері Хаттамаға қол қойды. Хаттамада Қордың 2024 жылға арналған қызметіне жоғары баға беріліп, ұйымның 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарларын бекіту және басқа да ортақ мәселелер қарастырылды. Қор Кеңесі отырысының нәтижелері Түркі елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға, мәдени мұраны сақтау саласын­дағы ынтымақтастықты нығайтуға және Түркі әлеміндегі халық­аралық жобаларға жаңа серпін беруге жасалған маңызды қадам екені даусыз. 

Қор басшысы Ақтоты Райым­құлова бауырлас елдердің мәдени-рухани бай мұрасын насихаттау, ынтымақ-бірлігін сақтау мақ­сатындағы жиындарға қатысып, түркі әле­мінің болашағы туралы ой-пікірін бөлісіп отырады. Мәселен, Ақтоты Райымқұлова «TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» ұранымен өткен Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (TÜRKPA) 14-плен­арлық оты­рысына қаты­сып, «Парламенттік дипло­матияны бай түркі мұрасын сақтайтын көпірге теңей келе, мұндай ынтымақтастықтың түркі мемлекеттері арасындағы сенім мен ынтымақтастықты арт­тыру­мен қатар, өңірлік тұрақтылық пен өркендеуге қуатты серпін беретінін ерекше атап өтті.

Қазір Қордың жұ­мысы кеңейе түсіп, 2024 жылы Түрікменстан бақылаушы ел болуы жайлы, Өзбекстан Қорға мүше болу ту­ралы шешімдерін жа­риялады.

Жыл бойы Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының стра­тегия­лық  жобалары мен бағдарламалары аясында бірқатар Түркі елдерінде рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, қор жұмысын кеңейте түсу мақсатындағы жос­парлар іске асырылды. Қазақ­стан және Әзербайжан, Польша, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Қырғызстан, Мажарстан секілді елдердің тарихи рухани-мәдени бірлігінің маңызын арттыру, түркі және еуропалық халықтар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени жақындасу бағытында көптеген игі шара жасалды. Ислам әлемінің Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жө­ніндегі ұйымы, Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазГАСА), Ататүрік орталығы, «Жібек жолы» мәдени-тарихи зерттеулер қо­ғамдық бірлестігі, Гейдар Әлиев қоры секілді ха­лықаралық ұйым­дармен мемо­рандум негізінде ауқымды жо­баларды жүзеге асырды. 

Түбі бір түркі мұрасын тү­гендеп, болашақ ұрпаққа мәңгілік табыстау мақсатындағы іс-ша­ралар жоспары жыл бойы толас­таған жоқ. Ұлы мұрат жолындағы айтулы оқиғалар, маңызды жо­балар мен келелі кеңестер ұйым­дастыру арқылы Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры түркі әлемінің мәңгілік ортақ мақсат-мұраттары мен арман-тілектерінің орын­далуы жолында орасан зор үлес қосып отыр.  

Биыл маусым айында Түр­кістан қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және қалпына келтіру әдістері» тақырыбында Түркі әлемінің сәулетші-та­рихшылары және реставратор­ларының II Халықаралық сим­позиумы өтті.

Симпозиумның салтанатты ашылуына Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ICESCO-ның мұра жөніндегі сарапшысы Осама Эльнахас, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен ха­лықаралық сарапшылар қа­тысты. Екі күнге созылған Сим­позиум жұмысы «Түркі өр­ке­ниетінің ес­керткіштерін зерттеу мен тарихи-мәдени маңызы» және «Сәулет ескерткіштерін сақтау мен қал­пына келтіру» тақы­рып­тарын­дағы панельдік сессия­лармен жал­ғасты.

Симпозиум аясындағы ұлы энциклопедист Махмұд Қаш­қаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің мәдениет орта­лығында өткен «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық қойылымы болды. 

Түркі әлемінің ортақ мұрасы мен бірлігін нығайтып, әлемге таныту жолындағы жылдың ең маңызды оқиғасы – «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы 2025» рәсімінің ашылу сал­танатына А.Райымқұлова қа­тысып, бұл жиында да түркі әлемінің бай мұрасын сақтау мен насихаттау, ынтымақ-бірлігін нығайту мақсатында сөз сөйледі.

Ал Қор тарапынан ұйымдас­тырылған Алтай өңірінің бірегей мәдени-тарихи мұрасына сарапшылардың назарын аудару және оны сақтау бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу мақсатында «Берел» мемлекеттік музей-қорығына барудың жөні бөлек. Сапар барысында Ақтоты Рахметоллақызы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жанындағы реставраторлар, тарихшылар мен сәулетшілерден құралған Кон­сультативтік кеңес мүшелерінің назарын Берел қорғандарын жан-жақты зерттеуге аударды. «Алтай – Түркі дүниесінің бесігі» халықаралық музыка фестивалі, айтыс және ғылыми конфе­ренция­лары аясында Берел қор­ғандарын археологиялық тұрғыда ғана емес, түркі халықтарының мәдени және тарихи сабақ­тас­тығын қамтамасыз етудегі маңызы мен өңірдің экологиялық және климаттық осалдығын ескере оты­рып, археологиялық олжаларды тұрақты сақтау үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Яғни, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Түркі әлемін біріктіру мен оның мәңгілік ортақ мақсат-мүдделері жолында аянып қалған емес.

Былтыр Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының XI саммиті аясында Махмұд Қашқаридің бай мұрасына арналған көрменің ашылу салтанатында Ақтоты Райымқұлова баяндама жасап, онда Махмұд Қашқаридің «… Алла Тағала бақтың нұрын түріктердің жұлдызына жасырған, олардың сұлтандығын көк жүзімен қосар­лаған…» деген қанатты сөзін еске алып, тілге тиек еткен болатын. Осы мақсат биігінен қарағанда түркі әлемінің бірлігі мен жарқын болашағы үшін Түркі мәдениеті және мұра қорына жүктелер жүк жеңіл емес.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ