Осы күні «Тұран» этно-фольклорлық ансамблін білмейтін жан жоқ, ұжым өз өнерімен жаһанның жартысын жаулаған деп айтуымызға толық негіз бар. Бұл – әлемнің 70-тен аса мемлекеттеріне концерт берген, өз аудиториясын қалыптастырған ұжым. Америкадағы «Карнеги холл», «Кеннеди центр», Германиядағы «Концерт хаус», Франциядағы «Конгресс және фестиваль сарайы» және «Салле Корто» секілді әйгілі сахналардың төрінде қазақтың әнін шырқап, күйін толғау – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. «Тұран» – отандық дәстүрлі музыкамыздың жаңа шежіресінде тұңғыш рет Израиль, Оңтүстік Корея, Испания, Ресей, Түркия мен Қытай мемлекеттерінің үлкен шаһарларына концерттік турне жасаған ұжым. Өзімізбен қоңсылас ТМД елдерінің астаналарында да абыроймен өнер көрсетті. Бұлардан бөлек әлемдік деңгейде өтетін түрлі фестивальдерге Қазақ елі атынан қатысқан еңбектері де – бір төбе. Ал енді осынау оң сапарларының нәтижесінде төрткүл дүние «Тұран» ансамблі арқылы түркі әлемінің және қазақ әуенінің жаңа ғасырдағы сазын тани алды, қазақ музыкасының халықаралық деңгейдегі насихаты арта түсті. Отандық мәдениетіміздің абыройы болып жүрген «Тұранның» таланттары тек туған жерімізде ғана емес, шет аймақтарда да кең танымал екендігін дәл қазір ерекше сүйінішпен айта аламыз.
2008 жылдың 1 наурызында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттер сахнасына имене шығып, өзгеше орындаушылық үлгісімен көзге түскен жас өнерпаздар бұл күнде қазақ мәдениетінің бір ұстынын көтеріп жүрген танымал топқа айналды. Сол уақыттарда консерватория қабырғасында білім алып жүрген арманшыл жастар – Бауыржан Бекмұханбет, Мақсат Медеубек, Кәртенбаева Қорлан, Арықбаев Абзал, Серік Нұрмолдаевтар ұлттық этномузыка жанрының заманауи тынысын дөп танығаны қайран қалдырады, қазақтың көне аспаптарын жаңаша ырғақ-сазбен үндестіріп, халықтық әніміз мен күйіміздің келісімін таба білуі уақыт талабына да сайма-сай еді.
Оқырманға айтар ойымыз жинақы болуы үшін отандық фольклорлық-этнографиялық мәдениетіміздің қалыптасуы жайлы қысқаша шежіре-шолу жасалық. 1968 жылы қазақ аспаптарын жинақтаушы ғалым, профессор Болат Сарыбаев консерватория қабырғасында ұлттық аспаптардан шағын ғана ансамбль ұйымдастырған еді. Арада аз уақыт өткен соң осы бастама мұрындық болып, 1970 жылы этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қамқорлығымен Торғай облысында «Шертер», 1981 жылы Алматыдағы ұлт аспаптары музейінде «Сазген» ансамбльдері ашылған еді. Осыдан кейін-ақ «Мұрагер», «Адырна», Алтынай», «Сазген сазы» секілді кәсіби фольклорлық топтар ұйымдастырылып ел ықыласын ұлттық музыкаға бұра алды. Осы кезеңнің ең жарқын оқиғасы ретінде композитор Нұрғиса Тілендиев ашқан «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін айта аламыз. Одан кейінгі алағай-бұлағай жылдары фольклорлық мәдениетіміздің дамуы тежеліңкіреп қалды, ғасыр алмасарда көптеген кәсіби концерттік ұжымдар жабылып қалды… Дегенмен жаңа ғасырда «Тұран» секілді жас ұжымның өнер әлеміне келуі – біз әңгімелеп отырған әйгілі ансамбльдердің, жалпы отандық фольклорлық-этнографиялық мәдениеттің заңды жалғасы секілді еді.
Алғаш концерт берген кезеңдерде «Тұран» ансамблінің өнері туралы алуан пікір айтылды, қолдаған, сынаған мақалалар мол жазылды. Бір қауым тыңдарман «Нағыз ұлттық саздың қайнары – дәл осы нақыш!» – деп тамсанса, енді біразы «Қазақ музыкасына мүлде жат құбылыс..,» – десіп жатты. Сол жылдардағы халықтық музыка жанкүйерлерінің осылай екі ұдайлы пікірде болуы заңды да еді, себебі біздің отандық өнер тарихында байырғы түркілік дәуірдің сазына қайрыла отырып, жаңаша леппен көрермен жинаған этникалық сипаты бар фольклорлық-аспапты ұжым бұрын-соңды болмаған еді. Тіпті күнделікті өмірімізде этно-музыкалық мазмұндағы табиғи үндер тым бәсең шығатын, әртүрлі кинофильмдер мен театрлық қойылымдарда сюжетке көрнекілік мақсатпен ғана үзік-үзік штрихтар қолданылғаны болмаса мүлде ескерусіз қалған болатын. Кейде эстрадалық аспапты шығармалардың тек қана дәстүрлі реңкін байыту үшін аранжировкашының әуесқойлық сезімі шалықтаған сәттерде бірен-саран фольк аспаптарды пайдаланып жүретін. Енді осылай жұпыны жағдайдағы постсоветтік ортада қарапайым этно-фольклор жанрының аяқ астынан заманауи концерттік өреге көтерілгенін ешкім де күтпей қалған еді. Қоғамдағы әрқандай көзқарастарға қарамастан, аз уақыттың ішінде «Тұранның» даңқы Республика көлемінде аспандап кетті, стадион толы тыңдарман жинай алатын мүмкіндікке ие болды. Бұл шын мәнінде ұлттық және бұқаралық өнер саласындағы айрықша құбылысқа баларлық елеулі оқиға еді.
«Тұранның» сахналық табиғаты бай, көрерменді өзіне тартып тұратын қасиеттері мол. Ансамбльдің келбетінен, киім киісінен қазақтың этнографиялық танымы аңқып тұрады. Бұрнағыда сиректеу соғылатын дабыл мен шыңның көкті қақырата қағылуы, күй мен «көмекей» саздың қосыла сарнағаны, салттық музыка аясында «ақ домбыра қолға алған» жыраулық дәстүрдің сөз алуы, шаңқобыз бен сыбызғының қосанжар толғауға басуы, қобыз бен жетігеннің ішекті саумалай сыр шашуы – шын мәнінде көрерменді дел-сал күйге түсіретін көркем түзілген дүниелер. Оның үстіне байырғы жоралық би өнерінің жаңғыртылуы, оның күймен өріле сахналық қойылым ретінде ұсынылуы, тараулы күйлердің ізімен атқарылатын «Ақсақ құлан» секілді тарихи-уақиғалы әпсананың хикаятталуы, аспаптық музыкамен әдіптелген концерттік-поээияның пәлсапалық еркіндігі – расында отандық мәдениетіміздегі тың жаңалықтар. Көрнекілік мақсатпен қойылған «Ортеке ойнату» да жаңаша, киіктің би күйін «Тұрандықтар» халық күйлерінің ізімен өздері шығарған. Мұның бәрін өнерлі ұжымның қалыптасу кезеңін сипат ететін кешегіден бүгінгіге ұласқан шығармашылық тарихының шағын естелігі болсын деп жазып отырмыз. Қазір ансамбль есейген, толысқан, өнері де кемелдене түскені әмбеге аян. Бұл күнде «Тұран» – отандық өнердің озық бойтұмар брендіне айналған алдыңғы қатардағы авангард коллектив.
Ғасыр ширегіне барабар уақыт аралығында «Тұран» тобы әлемдегі этникалық және фольклорлық музыка саласындағы толассыз әрі жойпат қозғалыстың бір бөлшегіне айналып үлгерді. Қазіргі кезде бұл сала (этнофольк) – жаһандық заманауи музыкадағы қарыштай дамып келе жатқан үлкен жанрлардың бірі. Ашығын айтайық, осынау жаһандық этникалық яки фольклорлық бағыттағы әлем таныған топтардың бәрі дерлік эстрадаға бейімделе құрылған, яғни, белгілі бір ұлттық сипаттағы фольклорлық туынды тек эстрадалық өңдеуден өткенде ғана тыңдалады, солай қалыптасып кеткелі жарты ғасырдай уақыт өткені де рас. Европа, Азия, Америка, Ресей, Үндістан, Жапон, Қытай, Африка елдеріндегі ең мықты деген этникалық топтардың арасында да дәстүрлі әрі табиғи акустикалық аспапты ұстап жүргендері некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Біздің елде ара-тұра өнер көрсетіп жүрген Америка үндістерінің көшпелі этно-фольк топтары осының куәсі, тек эстрадалық фонограмма сүйемелін пайдаланады.
Ал енді түркі тілдес халықтар арасында этно-фольк жанрындағы шағын ұжымдар жоқ емес, баршылық. Дегенмен бұлар этникалық сипаттан гөрі концерттік мақсатты көбірек көздейді. Мысалы, кеңес үкіметі кезеңінде өзбек, қырғыз, ұйғыр, түрік, әзірбайжан халықтарының ұлттық ән-күйге бейімделген халықтық ансамбльдері жұмыс жасады. Бұлардың негізгі міндеті филармониялық қызмет болған соң, соның міндеттемелік шеңберінен аса алмайтын. Қазіргі егемен заманның өзінде түркі халықтары арасындағы музыкалық ұжымдардың концерттік қайраткерлігі жоғары, алайда олардың арасында түркі әлемінің дәуірлік өнерін тұтас қамтығаны немесе оны заманауи сұранысқа айналдыра алғандары кездесе бермейді. Осы орайда «Тұранның» шығармашылық еркіндігі мен ізденісінің арқасында өзгелерден өресі биік тұрғаны, тұғыры мықты екені шын. Қазақтың заманауи этно-фольклорлық дәстүрін жаңғыртқан «Тұран» ансамблі ежелгі Өтікен, Алтай мәдениетінің рухын тірілткендей болды. Әйгілі Түркі қағанаты, Оғыз бен Қыпшақ мұрасы, Алтын Орда мен Қазақ хандығы фольклоры секілді киелі тарихымызға қайта дем берді. Жасампаз ұжым көшпелі түркі дүниесі мен салтын санада тірілте аларлықтай киелі саздың нақ егесі өзі екенін төрткүл дүниеге осындай дәргейімен дәлелдей алды деп кесіп айтуға болғандай.
«Тұран» ансамблі атамекен тарихын күймен, жырмен һәм бимен баян етеді, әлімсақтан келе жатқан ежелгі сал-серілік дәстүрді ұстанған өнерпаздар жаңа заман тудырған саздың өзін эпикалық қастермен өрнектей алады. Бұл орайда «Ақсақ құлан-Жошыхан» композициясын айта аламыз, себебі мұнда күй де, өлең де, хикаят та, әпсана тақпақ (декламация) та біріге келіп, бағзы заманда өткен бір қайғылы оқиғаны баян етеді. Бұл аңыз барша түркі халқы үшін киелі, тарихи шындығы да жоқ емес.
«Тұранның» авторлық (музыкалық) композицияларының поэтикалық бояулармен астасуы концерттік тәжірибеде бұрын болса да сирек шығар деп ойлаймыз… Кешегі дала жырауларының, классик ақындарымыздың осы замандағы от ауыз шайырларымыздың өлеңдері күйдің көркем сүйемелімен бүтін бір поэмаға айналады, әуеннің ширыққан кезінде сөз бен саздың құдіреті егемен өміріміздің күй-ұранына ұласады.
Ансамбль орындауындағы қандай да бір музыкалық шығармадан иненің жасуындай жасандылық таппайсыз, көрермен әманда табиғи таза сезімдерге кенеледі, әсем үндер сиқыры тыңдаушыны транстық ахуалға жетелей жөнеледі. Ал енді Қорқыт Ата қобызы шалынған кезде жүректің түкпірінде жатқан түркілік екпін, алтайы ырғақ, қазақы қисса мақам ояна кетеді.
«Тұран» – эксперимент жасаудан сескенбейтін топ. Қазақ халқының музыкалық аспаптарымен бірге түріктің бағламасы, әзірбайжанның сазы, өзбектің дутары, қырғыздың қомызы.т.б. секілді тектес аспап үндері ансамбльдің дыбыс бояуын кенелте түседі. Әлбетте, концерттік бағдарламаға да түбі бір туыс халықтардың классикалық туындылары енген. Ұжым құрамындағы жастар – Алиев Ержігіт пен Жанту Дадабаевтар сегіз қырлы бір сырлы өнерпаздар. Олар үрмелі, шертпелі, соқпалы аспаптардың бәрін дерлік шебер меңгерген мультимузыканттар. Аспапта орындаушылықпен қатар жастар әншілік өнерді, оның ішінде ең күрделісі Сыр мен Алтайдың көмей мәдениетін де жетік игергендіктерімен көпшілікті тәнті етіп жүр.
Тағы бір өзекті мәселені атап өткіміз келеді, ол ансамбльдің концерттік жобалары төңірегінде болмақ. Жаһандық аудиторияны алқау үшін соған ылайықты ырғын жобалар болуы заман талабы десек, бұл орайда «Тұран» өз жолын сәтімен таба білді. Мысалы, «TAMYR» атты мега жобада қардаш-қарындас халықтарымыздың кең танылған туындылары орындалады. Әзірбайжанның мугамы, ұйғырдың «мукамы», өзбектің «шашмакомы», қырғыздың «ыры», түркіменнің «бахшылық» сарыны, ноғайдың «жырау термесі», түріктің «ашык сазы» алтайдың «кайчисы» бір бағдарламада қатар орындалған сәтте түркі халықтарының үлкен мәдени полотносы пайда болғандай әсер қалдырады. Осының арасында ансамбль сүйемелімен бауырлас халықтардың би қойылымдары да жарасым тапқан, бұл жерде хореографтардың да ізденісі зор, олар дәстүрлі би элементтерін мейлінше традициядан алшақтатпауға тырысқан.
Ансамбльдің аты да ұжымның шығармашылық келбетіне сай. «Тұран» – күллі түрік кіндігінен тараған ұлыстар үшін киелі-кепиетті сөз, оның түбірінен қандай да бір астар іздеудің де қажеті шамалы. Себебі «Тұран» – саяси терминология емес, ол жағрапиялық ұғым, яғни, қазақтың ежелден ауызекі тілінде кең тараған гәп, нақтырақ айтқанда «Тұран» – «Түркістан» сөзінің бір баламасы ғана.
Оқырманға түсініктірек болуы үшін Мағжан Жұмабаев атамыздың бір шумақ өлеңін келтіре кетейік:
Ертеде Түркістанды «Тұран» дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен!
Қорыта айтсақ, қасиетті Түркістанның, жасампаз түркі әлемінің байтақ мәдениетін жырлайтын «Тұран» секілді бірегей топтың болғаны – біздің елдің рухани несібесі және мерейі мен абыройының жетістігі. Ұлттық өнердегі дәстүрлі һәм заманауи жанрды насихаттаушы ретінде топ жарған «Тұран» әлі талай асуларды бағындырады деп сенеміз. Қазақтың кәсіби музыкасының даңқын асырып жүрген осынау дарын иелері аман болса болашақта бұдан да өрелі табыстарға қол жеткізе аларына шәк жоқ. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі – отандық брендіміз, осынау өнердің жарық жұлдыздарының жолы ақ болғай!
Жанғали Жүзбай Әлімханұлы
профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері