in

Шымылдық сыртындағы шындық

Әр өңірде орналасқан рухани өнер ордаларының жай-күйін жергілікті театр ұжымы мен көрерменнен басқа ешкім артық білмес. Қандай жағдай болса да, олардың жағдайын жақсартуды, аймақтарда да театрдың салынуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Құрылтайда атап өтіп, мұндай дүниеге баса назар аудару керегін айтқан еді. Осы орайда еліміздің бірнеше өңіріндегі облыстық театрдың көркемдік жетекшілерінің басын қосып, жоғарыда аталған мәселелер төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдастырған едік. Олар өздерінің театрындағы мән-жайды, өзгерістерін айтып, шешілуге тиіс мәселелерді көтерді.

Кадр жетіспеушілігі – басты мәселе

– Президент Ұлттық құрылтайда сол театр көпшілігінің жай-күйі мәз емес екенін, аймақтарда театр салуға және дамытуға баса назар аудару керегін атап өткен еді. Қазір сіздер жетекшілік етіп отырған театрдың ахуалы қандай? Кадр жағы, ғимараттың жөндеу жұмысында шешіліп жатқан не болмаса шешімін күтіп отырған мәселе бар ма?

Анар САҒЫМБЕКОВА, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі: 

– Сіз айтып отырған кадр жағы – қазір барлық дерлік облыстық театр­лардың алдында тұрған мәселе. Бізде гример, жа­рық беруші, музыкалық операторлар, дыбыс беруші сияқты мамандарды оқытпайды ғой. Осы жағына келгенде бізде үлкен қиындық туып жатты. Олардың жетіспеушілігі жұмысқа да кедергі жасайды. Нағыз мамандар аға буындар еді, олардың да көбі зейнетке шығып кетті. Оған он жылдай уақыт болды, біз жастарды тартып жатырмыз. Бірақ олар театр маманы емес. Арнайы гример не болмаса дыбыс режиссурасын оқып келгендер емес. Мамандығы сәйкес келгендерді теріп алып, ары қарай өзіміз үйретіп, театрға бейімдеп жатырмыз.

Театр – шығармашылықтағы үлкен ізденіс. Бәрі бір тыныста жұмыс істеуі керек. Осы кезде енді кіріп келген жас мамандардың сіңуіне біраз уақыт кетеді. Оның үстіне, жаңа мен айтқан кадрлардың жалақысы да төмен. Егер оның жоғары білімі болмаса, тіптен аз. Мұндайға қазір жастар да келгісі келмейді ғой. 

Ал режиссерлерге келсек, біздің Асқар Тоқпанов театрында осы уақытқа дейін 14 жыл бойы Қуандық Қасымов режиссер әрі көркемдік жетекші болды. Сол кезде өзі барлық спектакльді қойып, тиянақты жүргізіп отырды. Ол кезде театр режиссурадан қиналмайтын. Бұл кісілер кеткеннен кейін, 10 жылдан астам уақытта біздің театрда нақты режиссер жоқ.

Өйткені облыс театрында бірінші жалақы мәселесі, екіншіден олардың жатар орындары қарастырылмаған. Оны біз сұрап жатырмыз, жылда айтылып жатқан нәрсе. Театрымызға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын, Шабытты бітірген жас мамандарды шақырғымыз келеді, алайда жатын орынның қарастырылмауынан бұл қадамға бара алмай отырмыз. Сөйтіп, өзіміздің өңірдегі оқу орындарында мәдениеттану факультетін, қосымша актерлік мамандықты бітірген жас мамандарды даярлап жатырмыз. 

Асхат ЗАУАТБЕК,  І.Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театрының басшысы: 

– Елімізде 46 аймақтық театр бар екені анық, Құрылтайда Президент жай-күйі мәз емес бірнеше театрды атап көрсеткен болатын. Бірақ проблемалы театрлар тізімінде І.Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театры жоқ және болуы да мүмкін емес деп анық айта аламын. Кішігірім өзімізге тән проблемалар бар. Әрине, бірақ ол Президент деңгейінде талқыланып, шешімін таппайтын дүние деп айтуға анық болады. Жалпы, облыстық жергілікті басқару өкілдері аталған театрға оң көзқарас танытып отырғаны қуантады. Мен бұл театрға былтырғы жылдан бастап басшылық қызметке келдім. Содан бері біраз менеджерлік қызмет атқарып жыртығымызды жамап, кем-кетік жерлерімізді түзеп алдық. Менің мүмкін осы театр саласында білім алып, театр саласының дамуына жанашыр жан болғаннан кейін болар бәлкім. Біраз уақыт бойы театрымызда кадр мәселесінде бірнеше олқылықтар болған. Бірақ былтырдан бері ол да шешімін тапты.

 «Жас келсе іске» дейді ғой, осы театры­мыздың жұмыс процесінің қарқынды болуына орай жас мамандар келіп қызмет атқарып жатыр. Барлығы дерлік Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, К.Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ түлектерімен соңғы курстың бітіруші студенттерін болашақта осы театрда қызмет атқарып қалады деген ниетпен алып келіп жұмыс жасап жатыр. Олар үшін де материалдық жағдайын шешіп, үй-күйімен қамтамасыз етіп, тек қана шығармашылықпен айналысуына бар мүмкіндігін басшы ретінде жасап бердім. 

Театрымыз – еліміздегі жас театрлардың бірі. Құрылғанына 25 жыл ғана болды. Театр ғимаратына 12 жыл ғана болған. Су жаңа деп айтуға келеді. Еуропалық, ресейлік, жалпы шетелдік әріптестерім ерекше қызығушылық танытып отыр. Өйткені мүмкіндігі үлкен театрдың бірі. «Бәрі жаңа, көп сөзді қойып, тек жұмыс істеу керек» деген позицияны жақсы ұстанамын. Театрдағы проблемалардың оң шешілуі және шешілмеуі тікелей іскер басшыға байланысты деп ойлаймын. Алайда басқа әріп­тестеріме тиіп кетпесін, шындық сол. Жалпы, еліміздегі театрларда мүмкін көп, бірақ соны ақыл­ды пайдалану театр әкімшілігіне байланысты.

Сағындық ЖҰМАДІЛ, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда айтқан дүниелер қолға алынып жатыр ғой. Біздің де жап-жаңа театрымыз бар. Кадрларымыз да толық. Шешімін күтіп отырған мәселе деп қалдыңыз, театрымыздың ғимараты әлі жаңа, жақсы болғандықтан мұндай күрделі мәселелерге тап бола қойған жоқ. Басқа аймақтарда театрлардың жиі салынғанын құптаймын, бірақ бізде бұрыннан белгілі театр бар. Одан артық не керек. Ал кадр мәселесіне келсек, осы жыл театр ұжымы шы­ғармашылық құрамы жағынан жақсы болды, құрам жаңарды. Қатармызға Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбаев, Жомарт Зейнәбіл, Гүлбахрам Бай­бо­сынова, Әсет Есжан сынды елімізге белгілі танымал әртістер қосылып, ұжымның кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтерді. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш және көрермендер үшін де жағымды жаңалық деп білемін.

Репертуар мәселесі өзекті

– Аймақтағы театрдың ахуалын ірі қалаларда отырғандар көп біле бермейтін сияқты. Драматург, режиссер аз, аймақтарға сапалы дүние жете бермеуі мүмкін. Репертуар мәселесі әлі де өзекті ме? Жылына қанша рет жаңа премьера қойылады? Республикалық театрлармен байланыс бар ма?

Анар САҒЫМБЕКОВА: 

– Асқар Тоқпанов театрында қазір екі театр отырмыз: орыс және қазақ театры. Бір ғимаратта екі театрдың отыруы – шығармашылық жұмысқа кедергі. Бір апта үлкен сахнаны орыс театры алса, бір апта қазақ театры алады. Қалған аптада кіші залда жұмыс істейміз. Ол жерде қандай қойылым қойсақ та, көп көрермен сыймайды. Үлкен ауқымды қойылым қоя алмай, кіші сахнаға арналған шағын спектакль ғана қоюға мүмкіндік бар. Әсіресе, премьералар жақындаған кезде сахна жетіс­пеушілігінен дайындық кезінде қиналамыз. Осындай жағдайдан кейін актерлерімізді өздерінің келісімімен нормативтен артық жұмыс істетуімізге тура келеді.

Елімізде де белгілі режиссерлер көп емес, атасақ санаулы-ақ. Аймақтағы театрлардың сол режиссерлерге қолы жетпейді. Жыл сайын Т.Жүргеновті бітіріп шыққан режиссер көп шығар, бірақ оның бәрі қайда кетіп жатқаны белгісіз. Мүмкін басқа салаға ауысып кететін шығар, біз білмейміз. Жергілікті балалар да бар оқып жатқан, олар да ірі қалаларда қалғысы келіп, бізге көп келе қоймайды.

Біз жылына 4-5 қойылым шығарамыз. Былтыр үш премьера қойған едік. Былтыр жыл басында Рахымжан Отарбаевтың «Құдалық» спектаклін қойдық, оны Мұқағали Тұманов қойып кеткен. Екінші «Мәңгілік бала бейнені» М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрының режиссері Аридаш Оспанбаева қойды. Жыл соңында Мейрам Хабибуллин «Бақытсыз Жамал» спектаклін қойды. Сондай-ақ театрымызда «Менің атым Қожа» аңсау жанрында қойылды және екі ертегінің премьерасы болды. Биыл жыл басында «Келіндер көтерілісі», «Ромео мен Джульетте» қойылды. Үшінші қойылымға режиссерімізді күтіп отырмыз. Жұмыс барысы онлайн форматта басталып кетті. Күзге таяу Асқар Тоқпановтың 110 жылдығы мен театрымыздың 90 жылдығына орай республикалық фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. 

Репертуар мәселесі өзекті. Ол талқыланып барып қойылады. Өйткені көрерменнің де талғамына қарауымыз керек. Қазір көрермен арасында ретро стильдегі қойылымдарға сұраныс жоғары болып жатыр. Біз «Бақытсыз Жамалды» былтыр қойғанымызбен, әлі де өтімді. Ұзақтығы 150 минут болса да, көрерменін жалықтырмады. Келген қонақтар тырп етпей көреді, әр қойылған сайын аншлагпен өтіп жатыр.

Асхат ЗАУАТБЕК:

– Аймақтағы театрлардың хал-ахуалын үлкен қала біле бермейді деп айтуға келмейді, жалпы негізі ең еңбекқор театрлар ол – аймақтағы театрлар. Аз мүмкіндіктен, жоқ нәрседен бар жасап, аз қаражатпен көлемді спектакльдер шығарып, елімізді де аралап, алыс-жақын шетелді де шарлап, фестивальдерде жүлде алып, қатардан қалмай тырысып, алға ұмтылып келеді. Қазір енді ақпараттық заман ғой көзіқарақты көрермен немесе ақпарат керек адам әлеуметтік желіні ашып қарап бақылап отыр дер едім. 

Аймақтық театрларды негізі сүзгіден өткізетін – Театр сыншылары. Әрбір аймақтағы театр сол кісілермен жұмыс атқарып, қонаққа шақырып, спектакльдерін көрсетіп, бағыт-бағдарларын айқындап алып жататыны жоқ емес. Драматург аз деуге келмес, себебі жалпы театр әлемі кеңінен дамып, қарыштап келе жатқандықтан қоятын дүние көп, тек ізденіс қажет. Бұл – көркемдік жетекшілердің тікелей міндеттемелері. Ол жайында да кеңінен айту керек болса тоқталуға болады. Режиссер аз екені рас, бірақ аймақты театрлар оған да қарап отырған жоқ секілді алыс-жақын шетелден режиссер шақырып, түрлі шығарманы қойып отыр. Керісінше, кейде сапалы дүниелер аймақтарда болуы мүмкін. Репертуар мәселесі, әрине, өзекті. Репертуар театрдың негізі ғой. Мен енді өз тәжірибемде түсіндірсем, көпке топырақ шашпаймын және өзге театрлардың репертуар жүргізу саясатын онша біле бермеймін. 

Біздің театр былтырдан бері үш бағытта жұмыс істейді: кассалық спектакльдер, репертуарлық спектакльдер, фестивальдік спектакльдер. Кассалық спектакльдер – комедиялық, мелодрамалық, көрерменнің көруіне, қабылдауына жеңіл, ешқандай психологиялық немесе моральдық салмақ салмайтын спектакльдер. Репертуарлық дегеніміз – атаулы даталарға, белгілі бір іс-шараларға міндеттелетін спектакльдер. Мысалы, «Міржақып» спектаклі. 140 жылдығына орай қойылады. Фестивальдік спектакльдер аты айтылып тұр фестивальдерге, гастрольдерге, көркемдік жағынан мүмкіндігі өте үлкен спектакльдер тізбегі десем болады. Бұл тұрғыда мен Ресей мен Еуропаның озық театр­ларының ішкі саясатын бақылап, соларға анализ жасап, «болмасаң да ұқсап бақ» демекші, сондай дүниелерді жасап отырмыз. Сол үшін де былтырдан бері шетелдік режиссерлермен көп жұмыс істеу үстіндеміз, әлі де байланысымызды үзбейміз деп ойлаймын. Биылғы жылдың басынан бері театры­мызда мамыр айына дейін 5 спектакль ұсынылды. Әр театр өз мүмкіндігіне байланысты жылына бір театр 10 спектакль қояды, бір театр – 5, арнайы шектеу жоқ. Ол қаражат пен жұмыс процесіне байланысты.

Сағындық ЖҰМАДІЛ:

– Бекен Римова театры көрерменінен соншалықты шалғайда жатқан жоқ. Өйткені мегаполис Алматы қаласына жақынбыз. Драматургтермен де, режиссерлермен де, сыншылар қауымдастығымен де тығыз байланыстамыз. Біз өткен маусымда 7 премьера қойдық. Әр премьераға кем дегенде үш театр сыншысынан жетіге дейін келіп, қойылымды көріп болғаннан кейін пікірін айтып, театрдың істеп жатқан жұмысы туралы да тұщымды әңгімелерін айтып кетті. Одан кейін мынаны айтайын: театрымыздың қабырғасына енді ғана келіп қосылып жатқан жас режиссерлер талантты режиссер Фархад Молдағали, Ұланмырза Қарыпбаевтармен тығыз байланыста отырады. Жақында берген екі премьерамызды алматылық жас режиссерлер қойды. Сондықтан «біз шалғайда жатырмыз, драматург, режиссерлер келмейді» деп айтқанымыз шындыққа жанаспайды.

Жылына қанша премьера қойылатыны бөлінген бюджетке байланысты. Айтпақшы, биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» атап өтті ғой, соған байланысты «Беу, қыздар-ай» комедиясын қойдық. Ол кезінде Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның сауыншы қыздар туралы шығармасы еді. Оны да қойған – алматылық жас режиссер. Осыдан елу жыл бұрын театрымыз шымылдығын «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен ашқан, қазір жаңа жас буынмен араластырып қайта қойып жатырмыз. Оны Болат Ұзақов қоятын болды. Одан кейін Атыраудағы жастар театрының режиссері Мұқанғали Томанов Ш.Айтматовтың «Жәмиласын» қоймақ. Мұның ар жағында BIKEN ІІІ театры фестиваліне дайындық жүріп жатыр.

Ауылдағы көрерменді қуантқан – «Театр керуені»

– Облыстық театрлар ауылдарға гастрольдік сапармен бара ма? Шет аймақтарда Мәдениет үйлерінің жағдайы қалай? Өңірлерде спектакль қоюға мүмкіндік бола ма?

Анар САҒЫМБЕКОВА:

– Әрине, республикалық театрлармен байланысымыз бар, гастрольдерге шығып тұрамыз. Көктемде Түркістан мен Шымкент қаласында болдық. Ауылды жерлерді міндетті түрде аралаймыз. Жамбылдағы Жуалы, Аса, Байзақ, ары қарай Құлан, Меркі аудандарында болдық. Ірі аудан орталығында ғана емес, шеттегі аймақтарға да жылына бір рет шығамыз. Таразда 27 наурызда қалалық Жастар театры ашылды. Алдағы 21 мамыр Мәдениет күніне орай бірінші қойылымын көрерменге ұсынғалы жатыр. Шымылдығы Қуандық Қасымовтың «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклімен ашылады. Өте қуанатындай жағдай.

Асхат ЗАУАТБЕК:

– Әрине, біздің тәжірибеде ондай да жұмыстар жүргізіледі. Былтырдан бері «Театр керуені» жобасын іске қосып, облыстағы ауыл-аймақты аралау біз үшін сәнге айналды. Табыс та тауып, ауылдардағы көрерменді де қуантып қайтатынымыз бар. Қазір шет аймақтардағы Мәдениет үйлерінің жағдайлары да біршама жақсарып қалған. ХХІ ғасыр ғой, ешкім киіз үйде отырған жоқ. Мен негізі өз облысымыз бойынша айтып жатырмын. Басқа облыстарда жағдай қалай, онша білмедім. Әрине, мүмкіндікті жасайтын адамдар өзіміз, оған сәл қажыр мен еңбек кішкене ғана идея керек деп ойлаймын. Сонда Мәдениет үйінде де, мектептің жиын залында да өнер көрсетуге болады.

Сағындық ЖҰМАДІЛ:

– Биыл театрымыздың 50 жылдығына орай гастрольдік сапарымызды бастадық. Алғашқысы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театр болды. Сол театрмен қанша жылдан бері қоян-қолтық араласып, жұмыс істеп келе жатырмыз. Одан кейінгі гастрольдік сапарымыз Шымкент қаласында жал­ғасты. Биыл Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы драма театрына 70 жыл толып отыр. Сол мерейтой аясында «Сырдың Сабирасы» атты бірінші рет халықаралық театр фестивалі өтті. Ол да Бикен апа сияқты 100-ден асқан. Сол фестивальге біз «Ана» атты спектакльмен қатыстық.

М Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театры бір фестивальдермен келіп, төрт бірдей спектаклімен Талдықорған көрермендерін қуантып кетті. Бұл да біздің басқа театрлармен тығыз қарым-қатынаста отырғанымызды көрсетеді.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС, Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ