in

Ілес Көпбосын, актер: Актер болу – әр образда қайта туу

Жас баланың аңғал күлкісі мен қарттың күрмеулі тағдырын бірдей бейнелеу – әр актерден жанын салып жұмыс істеуді талап ететін үлкен еңбек. Осы орайда сахнада сан қырлы бейнені шебер сомдап, көрермен ықыласына бөленіп жүрген актер Ілес Көпбосын – ел өнерінің өрісін кеңейтіп жүрген талант иесі.

– Ілес аға, Әзірбайжан Мәмбетов театрының көрермені сізді бірқатар қойы­лымның басты кейіпкері ретінде жақсы таниды. «Күшік күйеу», «Келіндер көтері­лісі» сияқты қойылымда негізгі кейіпкер­дің рөлін сомдадыңыз. Жақында Ақан серінің рөлін алып шықтыңыз. Көр­ермен алдындағы сахна жауапкершілігі қандай?

– Әрине, әрбір актер сахнаға  шы­ғар­да үлкен жауапкершілікті сезініп шығуы керек. Өйткені бұл кино емес, кинода бір қателесіп кетсең, тоқтатып қайтадан дубль жасауға болады, ал театр сахнасында ешқандай дубль жоқ. Бұл жерде бір қате кетсе кешірілмейді. Сон­дықтан әрбір актер сахнаға шығарда өзінің рөліне жүз пайыз дайындалып шығу керек. Сахнаға шықаннан кейін бар жан тәніңмен беріліп ойнамасаң отырған көрерменге ешқандай сезім сыйлай алмайсың. Өйткені көрермен бәрін көріп отырады. Сахна деген айна сияқты, бәрі көрініп тұрады. 

Жалпы сахна – қасиетті мекен. Ол тек өнер көрсететін жер ғана емес, ол тәрбие беретін, ой салатын, жүрекке жететін алаң. Әр рөл – аманат. Сол аман­атты көрерменнің жүрегіне жет­кізу   –  біз үшін үлкен жауапкершілік. «Күшік күйеу», «Келіндер көтерілісі» секілді қойылымдар­дағы кейіпкерлердің де, Ақан серідей тұлғаның да тағдыры әртүрлі. Бірақ бәріне ортақ нәрсе шын­айылық. Сахнаға шық­қан сәттен бастап, өзіңді емес, кейіпкер­іңді сөйлетуің керек. 

– Театрды тірі өнер деп бағалаймыз ғой. Бүкіл синтездік өнердің басын бірік­тіретін театр өнеріне қалай келдіңіз? Қа­зақ театрында талантына сүйсіне қарай­тын, кумир тұтатын актеріңіз кім?

– Менің негізі мамандығым – дәстүрлі әнші. 2010 жылы Астана қала­сындағы Қазақ ұлттық өнер универ­си­те­тінің колледжында дәстүрлі ән маман­дығына түсіп, сол жерде төрт жыл оқып, сол колледжді тәмамдағаннан кейін ма­ған ұстазым келіп ұсыныс айтты: «Ілес, сен жоғарғы оқу орнына дәстүрлі әнді жалғастырмай-ақ актерлік өнерге тапсырсаң қалай болады? Өйткені сенің түр келбетің, дауысың актерлікке келеді, ертең Біржан сал, Ақан сері, тіпті қазақи киноларда хандарды, билерді ойнауға түр-әлпетің келеді, сен театр өнеріне барсаң қалай болады?» деп керемет ұсыныс тастады. Мен ойланып, ұстаз­ым­ның айтқан шешіміне келісіп, әрі қарай жоғарғы оқу орнына музыка­лық әртіс мамандығына тапсырып, сол жерден білім алып шықтым. Оқуды бітіргеннен кейін Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мем­ле­кеттік драма және комедия театрына жұмысқа тұрып, сол жерде актерлік өнер­імді бастадым.

Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Досхан Жолдасов деген сияқты ағаларды кумир тұтамын. Осы кісілерге еліктейміз, соларға қарап бой түзейміз. 

– Театрдағы аға буыннан не үйрен­діңіз? Кімге шәкіртсіз?

– Аға буыннан, ең алдымен, тәртіп пен сахна мәдениетін үйрендім. Олар­дан: «Сахнаға шықтың ба, халқыңа адал бол» деген қағиданы санаға сіңірдік. Мен өзімді Талғат Теменов ағамыздың шәкірті санаймын. Оның бағыт-бағ­дары, режиссуралық талғамы, актермен жұмыс істеу тәсілі, менің шығарма­шылық қалыптасуыма ерекше әсер етті. 

Екінші сұрағыңызға «мен бәріне шәкіртпін әрі жақсы шәкіртпін» деп жауап берер едім. Мен жалпы жақсы шәкірт бола аламын, өйткені өзім білмейтін нәрсемді біреуден сұрағанды, үйренгенді жақсы көремін. Тағы бір ерекше байқағаным, аға буын ешқашан жас актерді менсінбей қарамайды. Кері­сінше, сахнада саған орын беріп, қажет кезде жанашыр болады. Бұл – үлкендік. Мен өзім де бүгінде жас актерлерге дәл сол құрметпен қарап, сахнадағы досты­ғы­мызды, кәсібилігімізді жоғалтпайық деп тырысамын. Сондай-ақ маған аға буыннан өткен ең үлкен сабақ – жауап­кершілік. «Сен сахнаға шықсаң, көрер­меннің бір уақыты, бір жүрегі саған қа­рап отыр» деген сөзді ұстазым айтқан еді. Содан бері әр қойылымға сол көз­қа­распен қарап келемін. Сондықтан шәкірттік тек формалды атақ емес. Ол – ішкі мойындау. Мен өзімді театрда жол көрсеткен аға буынның алдындағы бір борышты адамдай сезінемін. Өйткені олар бізді актер етті, ал біз кейінгілерге жол көрсетуіміз керек.

– Актер сахнада түрлі кейіпкердің болмысымен көрініп, ішкі күйін көрсетуге тал­пынады. Сондайда өзіңіз сомдаған кейіпкердің рөлінен шыға алмайтын кез бола ма? Сахна сыртындағы Ілес қандай адам?

– Әрине, рөлден шыға алмайтын сәттер болады. Бірақ кәсіби актер үшін бұл – қалыпты жағдай. Себебі актер кез келген уақытта рөлге кіріп, кез келген уақытта одан шыға алуы керек. Театр мен киноны қатар алып жүрген әртіс ретінде бір күн бұрын мүлдем басқа об­разда боласың, ал келесі күні жаңа кейіп­ке енуің қажет. Мұндайда «рөлден шыға алмай жүрмін» деген сылтау жарамайды. Нағыз кәсіби актер өз рөлін уақытында алып шығып, қажет кезінде одан шыға білуі керек.

Сахна сыртындағы Ілес – қарапай­ым адам. Ұстаздарымыз жиі айтатын «Жақсы актер болғың келсе, алдымен жақсы адам бол» деген сөзді өмірлік ұста­нымға айналдырдым. Мен біреуге ұл­мын, бауырмын, доспын. Ал сахнада кейіпкермін. Сахна  мен үшін – жүрек­пен өмір сүретін алаң. Бірақ шынайы өмір сахнаның сыртында. Әр рөлдің өз ізі, өз әсері болады. Менің басты қағи­дам – рөлді «ойнау» емес, оны шынайы сүру.

– Сіздің былтыр «Театр барысы» атан­ғаныңызды білеміз. Одан бөлек дом­быра тартудың шеберісіз. Бұлар жеке қыз­ы­ғушылығыңыз ба, әлде актерге осындай жан-жақтылық керек пе?

– Жалпы, актер жан-жақты болуы шарт. Себебі сахнада сен тек кейіпкер емес, өмірдің өзін бейнелейтін жансың. Кейде ән айту керек болады, кейде би билеу, тіпті акробатика, атқа міну, гит­ара, домбыра, скрипка тарту немесе каскадерлік әрекеттер де қажет болуы мүмкін. Сондықтан «білмеймін», «істей алмаймын» деген сөз актер үшін жат. Өнер жолын таңдаған адам үшін әрбір жаңа қабілет жаңа мүмкіндікпен тең. 

«Театр барысы» атағы мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – жай ғана атақ емес, үлкен сенім мен жауапкершілік. Сол сәтте «мен расында сахна үшін туған шы­ғармын» деген ой жанымды тербеді.

Ал домбыра – менің жан тынысым. Қолыма домбыра алсам, балалық ша­ғым, ауылым, атамның дауысы, анам­ның әлдиі еске түседі. Бұл мен үшін жай ғана хобби емес. Домбыра – әр қазақтың болмысына жақын қасиетті аспап. Актер ретінде мен үшін домбыра сахна­дағы серігім. Бірде халық композиторы­ның рөлін сомдадым. Сол кезде домбыра тарту мен дауыс мүмкіндігім көп көмек­тесті. Кей көрермен: «Осы рөл үшін арнайы музыка мамандығын оқыдыңыз ба?» деп сұрады. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. 

– «Өнер – тәрбие құралы» деп жа­тамыз? Келісесіз бе?

– Өнер – адам жүрегіне, санасына, рухына әсер ететін ең күшті құрал. Заң, тәртіп, ереже адамның сыртқы болмы­сына ықпал етсе, өнер адамның ішкі әлеміне жол табады. Әсіресе, театр шын­дықтың мінберін айқындайды. Сахнадан айтылған әр сөз, әр әрекет көр­ерменге тікелей әсер етеді. Бала да, жас та, ересек те театрдан өзін көріп кетуі мүмкін. Біреу өз қателігін түсінеді, енді бірі өмірдің басқа қырын аңғарады. Бұл тәрбиенің ең биік үлгісі емес пе? Мұны тек қанатты сөз емес, өнердің ең басты миссиясы деп білемін. Өнер – адам жүрегіне айналып соғатын, көңілін оятатын, кейде үнсіз отырып-ақ санаңа қозғау салатын үлкен рухани күш. Сон­дықтан театр сахнасына шыққанда біз ­тек кейіпкерді сомдамаймыз, біз өзі­міздің адамдық ұстанымымызды, қоғам­ға айтатын сөзімізді бейнелейміз. Мы­салы, «Келіндер көтерілісінде» мен ойна­ған рөл әйел мен ердің, үлкен мен кішінің қарым-қатынасын бейнелейді. Қойылымның күлкілі тұстары бар, бірақ астарында үлкен әлеуметтік және мор­аль­дық ой жатыр. Көрермен сахнада күліп отырып, ішінен ой түйеді. Кейін шы­ғып бара жатып: «Мен де дәл осын­дай жағдайдамын. Енді басқаша қарай­мын», – деген сөзді көп естідік. Бұл теа­тр­дың тәрбиелік әсерінің айқын дәлелі. Тағы бір мысал, Ақан сері рөлін сомдаған кезде, халықтың ерке серісінің ішкі күйзелісін, жалғыздығын, өнер адамы­ның жан қайғысын көрсету арқы­лы көрерменге мүлде басқа Ақанды тан­ыт­тық. Сол қойылымнан соң бір студент келіп: «Мен бұған дейін Ақан серіні тек әнші, сал-серінің образында ғана білетінмін. Бүгін оның да тағдыры бар екенін, терең жарасы болғанын түсіндім. Адамдарды сыртынан емес, жүрегімен тану керек екен», – деді. 

Өнердің тәрбиелік мәні біржақты емес. Ол адамды тәрбиелейді, қоғамды тәрбиелейді, тіпті кейде билікті де ой­ландырады. Өнер – үнсіз қару. Бірақ сол үнсіз қарудың күші шындық пен жүрек тазалығында. Біз сахна арқылы әділдік пен мейірімділік, ізгілік пен жауапкер­шілік ұғымдарын көрерменнің жүрегіне сіңіруге тырысамыз. Сондықтан мен үшін театр тек кәсіби орта емес, бұл – рухани қызмет. Өнер тәрбие құралы ғана емес, ол – ұлттың рухани иммунитеті. Қай өнерпаз осы жауапкершілікті сезіне алса, ол сахнада да, өмірде де өз миссия­сын орындап жүр деген сөз.

– Қазіргі жастар театрға аз барады деген пікір бар. Сіз бұған қалай қарайсыз? Көрермендеріңізден кері байланыс алып отырасыз ба?

– Негізі мүлдем келіспеймін. Қазір қазақ театрында жастардың легі өте көп. Қазіргі жастар өте  білімді, қызығушы­лықтары артуда. Қазір әлеуметтік желі­нің дамыған заманы. Бүкілін көріп, біліп, үйреніп келеді. Өзім театр актері болғаннан кейін көбінесе қазір жастар театрға ағылып келеді деп айта аламын. Себебі өзім әрбір спектакльдерден кейін  жастардың залда лық толып отырғанын көргенде өз басым қатты қуанамын. Жастардың театрға деген ынтасы төмен емес, тек олардың өмір салты, ақпарат қабылдау формасы өзгерді. Бүгінгі жа­стар жылдам ойлайды, визуалға, эмо­ция­ға тез әсер етеді. Сондықтан қойыл­ымдарда баяндаудан гөрі әрекет, лек­циядан гөрі шынайы оқиға, көп сөзден гөрі жүрекке жететін бір образ маңыз­дырақ болып барады.

Бір кездері қойылымға келген мек­теп оқушыларының ішінен театрға ға­шық болған жастарды байқадым. Кейін солардың кейбірі актер болуға ниет біл­діріп, өнер жолын таңдады. Бұл – біздің ең үлкен жеңісіміз. Демек, жастар театрға келмейді емес, олар театрдан өз әлемін көргісі келеді. Сол үшін біз за­ман­мен үндесіп, олардың жан-дүниесіне жол таба білуіміз керек.

Жастармен кері байланыс тек пікір ретінде ғана емес, кейде жанды диалог­ке, ашық әңгімеге ұласады. Бір қойыл­ым­нан кейін бір топ студентпен сөйлесіп қалдық. Олар рөлдің ішкі иірімдерін, сахнадағы кейіпкердің психологиялық сәттерін талдап берді. Мен таңғалдым. Өйткені біз кейде жастар тек TikTok көреді деп ойлаймыз, бірақ шын мәнінде олардың ішкі ізденісі, талғамы терең болуы мүмкін. Тек соған жағдай жасау керек. Сол үшін мен жиі айтамын: біз жастарға баруды доғармауымыз керек. Театрда отыруын күтпей, мектепке, университетке барып, ашық кездесулер өткізуіміз керек. Жастармен тікелей байла­н­ыс орнағанда, олар театрдың да, актердің де тірі адам екенін көреді. Содан кейін сахнадағы сөз де, сезім де оларға шынайы естіледі.

Тағы бір айтарым, қойылым үзінді­лерін әлеуметтік желіге шығарып, сахна сыртындағы қызықтарды көрсетіп, театр­ды «жабық әлем» емес, «ашық кең­іс­тік» ретінде таныстыру қажет. Өйт­кені бүгінгі жас көруге, сезінуге, арала­суға құмар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әсет ҚАЛИ