in

Қазақстанда лудомания жайлы фильм жарыққа шығады

Фильм PROTALENT кинокомпаниясымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Режиссері – Алдияр Байракимов.

Оқиға желісі Жұлдыз есімді келіншектің бәс тігуге құмарлығын көрсетеді. Соның салдарынан ол кәсібін тастап, үйінен ұтылып, белшесінен қарызға батқан. Оның үстіне, ішімдікке салынып кеткен. Енді сот алдында аналық құқығынан айырылғалы тұр. Ана жүрегі жалғыз ұлын, өмірдегі сүйінішін ешқайда жібергісі де, ешкімге бергісі де келмейді. Ол үшін санасын улаған дерттен айығуы қажет. Аналық махаббат пен құмар ойынға деген тәуелділік арасындағы арпалысы баяндалады.

Фильм режиссері Алдияр Байракимовтың айтуынша, фильмнің сценарийі осыдан екі жыл бұрын қолына тиеді.

– Ойынқұмарлық – бүгінгі күнде ушығып тұрған проблеманың бірі. Екіншіден, бас кейіпкер – әйел. Бұл – біздің қоғамда сирек кездесетін жайт. Сондықтан бұл картинаны қуана қабылдадым. Фильмді түсіру барысында Қазақстанда құмар ойынға әуес жандардың көптігіне көзіміз жетті. Оның үстіне, елімізде ойын, бәс тігу ашық түрде жарнамалайды. Ал әр ойынның артында қаншама тағдыр байлаулы. Ол дерттен арылудың өзі оңай емес, соған қарамастан күрсіп жатқан жандардың мәселесін көрсеткіміз келді, – Алдияр Байракимов.

Түсірілім бір айға созылған және фильм Астанада, Бурабай, Щучьеде түсірілген. 

Бас кейіпкерді сомдаған актриса Гузель Жан осы киноға түсу үшін Германиядан келіп тұрған. 

– Бүгінде құмар ойынға, ішімдікке, нашақорлыққа деген тәуелділік бүкіл қоғамның ауыр дерті. “Ауруын жасырған өледі” дегендей, тәуелділікпен күресу керек. Өзіңнің күшін жетпесе, өзгеден көмек сұрауға қымсынбау керек. Сонымен қатар ойынқұмарлыққа көбіне әйелді емес, ер азаматтарды көрсетеді. Бірақ оның ішінде әйелдер де бар. Ал олардың отбасынан ажырап, баласын тастауы – нағыз қасірет. Өйткені ана – ол үйдің берекесі, баланың – сүйеніші. Осы фильм арқылы әртіс ретінде тәжірибе ғана емес, өмірлік сабақ алдым, – дейді Гузель Жан.

Кинотуындыда қазақ-орыс тілі аралас өрбиді және аудармасы қатар жүреді. Сондай-ақ авторлар фильмді көруді 14 жастан жоғары аудиторияға ұсынып отыр.

– Лудомания – үлкен қасірет, емделетін дерт. Ұлттық статистикаға қарасақ, елімізде 400 мың азамат осы зұлматқа тәуелді екен. 400 мың адамның артында қаншама отбасы тұр, бұл біздің халық үшін ауыр проблема. 2023 жылы шығармашылық ұжым осы тақырыпты ұсынған кезде сарапшылар кеңесінің барлық мүшесі қуана қолдады. Себебі бұл қоғамда бар проблема, оны көрсетуіміз керек. Құмар ойыннан аулық болу керектігін елге жеткізу тиіс. Бұл тақырып – біздің орталық қолдайтын басты бағыттардың бірі, – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.