in

Қазақ киносы: жыл сайын қанша фильм түсіріліп, оның нешеуі халықаралық жүлде алды?

6 жыл көлемінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино мемлекеттік орталығының қолдауымен 117 киножоба өндіріске жіберілген. Оның ішінде 72 көркем фильм, 37 деректі туынды мен 8 анимациялық фильм бар. Бұл жобалар арасында көрерменнің жүрегінен орын алған «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Burkit» секілді фильмдерді ерекше атап өтуге болады , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Өткен жылы отандық киноөндіріс үшін табысты жыл болды. Прокатқа 15 жаңа фильм ұсынылды. Олардың қатарында «Алматы, мен сені сүйемін», «Дала қасқыры», «Набат операциясы», «Соңғы үкім», «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Қажымұқан», «Бауырына салу», «Стоп, ночь», «Ағайындылар» және тағы да басқа туындылар бар.

Сонымен қатар 2023 жылы питчингтен өткен 17 жобаның өндірісі аяқталды. Атап айтсақ, «90+1», «Игроманка», «Капитан Байтасов», «Qaitadan», «Фейковый арман», «Мангистау – край океана Тетис», «Күн ұясына батқанда», «Үміт әрдайым жанымызда», «Шырмауық», «Осенний бриз», «Граждане крыши», «Құт», «Мы здесь живем», «Победителей видно на старте», «Здравствуй, добрый человек», «Соңғы парыз» фильмдері бар. Ал «Алан туралы аңыз» ауқымды анимациялық жоба болғандықтан, осы жылы аяқталады. Биыл бұл фильмдердің бірқатары прокатқа шықты. Олардың қатарында «Граждане крыши», «Фейковый арман», «Игроманка», «90+ 1» фильмдері бар. Бұдан бөлек, «Тезек», «Тарлан» көрермен назарына ұсынылды.

Бұған қоса, 2025 жылы  питчингтен өткен 17 жобаның түсірілім жұмысы басталады. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы жоғары, кең ауқымды көрермен аудиториясына арналған фильмдер, оқиғалы, бірлесіп шығарылатын, анимациялық, деректі және дебюттік фильмдер де бар.

Мәселен, «Кенжем қайда?» көркем туындысында кенже баланың тағдыры баяндалып, отбасы құндылығы суреттеледі. Түсірілім жұмысы осы жылға жоспарланған тағы бір туынды – «Ақжелең». Махаббатқа адалдық, қазақ әйелінің қайраткерлігі, бауырмалдық, анаға деген сүйіспеншілік суреттелетін фильм нәзік бір иірімге толы болмақ.

Қазақ киносы тарихындағы орманшылар туралы тұңғыш жеке кинокартина да биыл түсіріледі. «38» фильмі қарапайым еңбек адамының ерлігін ашып көрсетуді мақсат етіп отыр.

Мюзикл жанрындағы «Ар мен сезім» картинасы да биыл түсірілмек. Туынды көрерменді ар-намыс қасиетін жоғары қоюға, адалдыққа, адамгершілікке үндейді. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді мақсат етіп, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттайды. Қазақтың атбегілік өнерін жаңғырту, ұлттық музыкасын жаңа қырынан көрсетуге негізделген фильм болмақ. Осы жылға жоспарланған дебюттік фильмдер де киноөндіріс саласына өз қолтаңбасымен келмек. Әмір Әменовтің «Сағындым сені», Аяна Нұрдинованың «Мұғалім» көркем картиналары адамгершілік, ізгілік, ұстазға құрмет секілді адамзаттық мұраттарды тақырып етеді.

Сондай-ақ швейцариялық саяхатшы, жазушы Элла Майярдың Түркістан даласына сапары суреттелетін Қанат Төребайдың «Туркестан-Соло» деректі фильмінің түсірілім жұмысы да өз кезегін күтіп тұр.

Балалар аудиториясына арналған контентке де ерекше мән беріліп отыр. «Адамзатқа іздеу саламын» анимациялық фильмі жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін көрсетпек. Туынды кішкентай көрерменге адамдар арасындағы жылы қарым-қатынасты, табиғатқа іңкәрлікті көрсеткісі келеді. Ал «Жібек» анимациялық фильмінде Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыс баяндалады.

Сондай-ақ дебюттік фильмдер қатарында «Батыл бол» анимациясы да бар. Бұл фильмде тіл мәселесі қаузалып, еліміздегі береке-бірлік секілді ұлттық ұғымдар көтеріледі.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жас режиссерлерге қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады. Дебюттік фильмдерімен танылған Дархан Төлегенов, Айдын Сахаман, Алдияр Байракимов, Асхат Кучинчиреков және басқа да  талантты жас режиссерлер соған дәлел.

Дерек бойынша 2019 жылдан 2024 жылға дейін 38 дебюттік фильмге қолдау көрсетілді, олардың басым бөлігі қысқаметражды туындылар. Осы кезеңде жас режиссерлердің фильмдері 79 халықаралық жүлдеге ие болған. Мемлекеттік қолдау оларды танымал етуге ғана емес, сонымен қатар кәсіби өсу мен киноиндустриядағы болашағын айқындауға көмектесті.

Өткен жылы Кино орталығы Халықаралық Канн кинофестивалі аясындағы Marche Du Film кино нарығына қатысты. Франциядағы Рalais сарайында алғаш рет  Kazakhcinema  стенді қойылды. Бұл отандық киноөндіріс имиджін қалыптастыруға, бірлескен киноөндірісті дамыта отырып, шетелдік серіктестер тартуға, сондай-ақ отандық фильмдердің танымалдығын арттыруға мүмкіндік берді. Шара аясында еуропалық киностудиялардың, киноөндірісті қолдауға бағытталған шетелдік қорлардың, киноиндустриядағы маркетингтік компаниялардың басшыларымен бірқатар іскерлік кездесу өткізілді. Канн фестивалі аясында Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығымен келісімге қол қойылды. Кинонарыққа қатысу барысында Грузияның Ұлттық кино орталығымен де ынтымақтастық шаралары жүзеге асты. Алдағы уақытта ол жаңа перспективаларға жол ашпақ.

Қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерге де белсене қатысып келеді. Мысалы, «Бауырына салу» және «Ағайындылар» фильмдері Азия Оскары саналатын Asia Pacific Screen Awards сыйлықтарына ие болып, Ташкент, Баку және Берлин фестивальдерінде көрсетілді. «Бауырына салу» фильмі Оскар жүлдесіне ұсынылды, ал «Дала қасқыры» Канаданың Fantasia Film Festival фестивалінде жоғары баға алды.

Бұған қоса өткен жылы Қазақстан әлемдік рейтингте 30-позицияға көтеріліп, «Ұлттық көркем фильмдер» көрсеткіші бойынша 61-орыннан 31-орынға жоғарылады. Бұл рейтингті Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы шеңберінде Global Innovation Index әзірлеген.

Ұлттық кино орталығы шет мемлекеттерде және еліміздің аймақтарында «Қазақ киносының күндерін» де ұйымдастырып келеді. Биыл жыл басында ел ішінде қазақ киносының онкүндігі басталды. Бұған дейін шара Қарағанды облысында басталып, Жамбыл, СҚО, БҚО-да жалғасын тапты. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасып, еліміздің өзге қалалары мен ауылдық округтерінде де ұйымдастырылмақ. Мұндағы мақсат – шалғайдағы ағайынға ұлттық киноның өзгерген бедерін таныстыру, ұлттық киноны көрерменге қолжетімді ету. Кино күндері аясында әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылады. Жекелей жіктесек, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығуға болады. Ал «Бауырына салу» деп аталатын кинода дәстүріміз дәріптеліп, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі еселенбек. Кішкентай көрермендерге «Тайқазан» деп аталатын анимациялық туынды көрсетіледі.

Өткен жылы мұндай көрсетілімдер Мәскеуде, Швецияда, Арменияда және басқа елдерде өткен еді. Осы бастамалардың барлығы еліміздің киноөндірісін дамытуға және қазақстандық киноның ел ішінде және халықаралық деңгейде танылуына үлкен үлес қосуда.

Тағы бір маңызды жаңалық – Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген фильмдер Кинопоиск онлайн-видеосервисіне орналастырылды. Онда 17 фильмнен тұратын арнайы тақырыптық сөре ұсынылған. Олардың ішінде «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұкан»,  SHULAMAH, «Ағайындылар», «Дала қасқыры» және басқа да маңызды тақырыптағы фильмдер бар. Алдағы уақытта бұл тізім толығатын болады.

«Біздің басты мақсатымыз – ұлттық киноны көрерменге қолжетімді ету. Әсіресе, цифрлық кеңістікте. Бұл ретте Кинопоиск – кең ауқымды платформа және біздің фильмдеріміздің арнайы сөреде орналасуы отандық кинематографистер мен көрермендер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз бұл серіктестік ұлттық киноны дамытуға ғана емес, жалпы біздің мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға да септігін тигізетініне сенімдімін», – деп атап өтті бұл ретте Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Айта кетейік, Кинопоиск – Яндекс Плюс жазылымына кіретін Қазақстандағы жетекші бейнесервис, оны 1,3 млн қазақстандық пайдаланады. Онлайн-кинотеатр ең табысты қазақстандық фильмдер мен мазмұнды сериалдарды ұсынады.