«Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ Мемлекеті» тақырыбы шеңберінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің (Көкшетау қ.) Құрметті профессоры, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (Орал қ.) құрметті профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану бойынша философия докторы (PhD) Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаровтың еңбектері 2025 жылғы Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр.
Ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жарыққа шығарған бұл көлемді еңбектер кейінгі жылдардағы Қазақстан қоғамындағы зор құбылыс. Республиканың әлемге танылуына септігі тиетін ғылыми шығармашылықтың жемісі. Туындының үш тілде жарыққа шығуы дүниежүзілік жұртшылықтың бірден назарын аударды. Қазақстан секілді постсоветтік мемлекетті көргісі келетін туристік қауымға ізашар жаңалық деп бағалауға болар еді.
Қазақстан Республикасы өзінің өткен тарихымен, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ерекше географиялық орналасуымен көпшіліктің қызығушылығын туғызады. Осыған орай Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың кітаптары шетелдіктерді қазақ халқының тарихымен таныстыратын бірегей туынды. Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басуына орай, дүниежүзіне еліміздің жаңаша бейнесін көрсетуге жәрдем болатын, соған үлес қосатын еңбек ретінде қабылдауға болады.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың аталмыш еңбектері Отанымыздың тәуелсіздік атты асыл құндылығымен астасып жатыр. Кітаптың идеясы қазақ жерінің мемлекеттік біртұтастығы мәселесіне барып тіреледі. Сондықтан саяси тұрғыдан да еңбектің маңызы ерекше. Еңбек қолданбалы тұрғыдан тарихшы студенттер мен магистранттарға зор көмек. Қазақ тарихының соңғы ортағасырлық және отаршылдық дәуірін зерттеуге ден қойған ізденушілерге таптырмас бағыт сілтеуші шығармашылық өнім.
Бүгінде қазақ мемлекеттілігі, қазақ жеріндегі мемлекетшілдік сабақтастығы, Жошы ұлысынан қазіргі Қазақстан Республикасына дейінгі үзіліссіз мемлекеттілік байланыс, қазақ мемлекеттілігі мен ұлттық бірегейлік ұғымдары қоғамда кеңінен талқылануда. Осындай ғылыми пікірталастар ортасында ұлттық мүддені батыл қолдауға Мұхит-Ардагер Сыдықназаров еңбектері мол көмек берері сөзсіз.
1554 жыл. Австриялық корольдік картасындағы «Cassaсkia» Қазақ Мемлекеті. Картаның үлкейтілген фрагменті.
Мемлекет – өзінің атам заманнан бергі тұрғылықты мекенінде халықтың өз тағдырын өзі шешуді көздеген ортақ жүйесі. Мұндай жүйе жерінің аумағымен қатар ортақ тіл мен діл, ортақ дүниетаным мен арман-мұрат, ортақ дәстүр мен мәдениет сияқты киелі ұғымдар айналасында шоғырланумен, ата-баба мирасын қастерлеп, оны байытып, келер ұрпақ бойына дарытуды мақсат қылғанымен, билік пен қоғамның біртұтастығымен ерекшеленеді.
ХІІІ ғасыр әлем өркениетінде ғаламдық қоғам құрылысының түбірінен өзгеруіне алып келген ұлы бетбұрыстардың кезеңі болды. Соның бірі – Ұлы Далада Жошы ұлысының құрылуы. Жошы – аз ғұмырына қарамастан 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалын бағындырған әйгілі қолбасшы әрі батыр. Сан елдерді бағындырған әскери стратег, ірі тактик. Шыңғыс ханның ұсынысымен Қыпшақ даласында өз ұлысын құрды. Бұл тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталады. Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 миллион шаршы шақырымға жеткен.
Жошы ұлысы протоқазақ мемлекеті болып есептеледі. Сол себепті Жошы ұлысының қазақ тарихындағы орны ерекше. Өйткені қазақтың дархан даласында құрылған осы түркі мемлекетінің соңы – Қазақ хандығының құрылуымен аяқталды. Жошыдан шыққан Жошидтер әулеті Қазақстан аумағында 1224 жылдан 1860 жылдарға дейін 6 ғасыр бойы билік жүргізді. Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін маңызды кезең, мемлекеттілігіміздің «алтын ғасыры» болды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылы 3 қаңтарда Egemen Qazaqstan газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек» атты көлемді сұхбатында еліміздегі даталы тарихи оқиғалардың бірнешеуіне көңіл бөле келе, мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін биыл іргетасы қаланғанына 800 жыл толатын Жошы ұлысының тарихына қатысты ауқымды зерттеулер қолға алынатынын атап өткен болатын. Сондықтан да Жошы Ұлысының 800 жылдық мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту маңызды әрі абыройлы іс.
1646 жыл Венециялық картасындағы «Kasakki Tartari» Қазақ Мемлекеті. Картаның үлкейтілген фрагменті.
XV ғасырдың ортасында әлемнің саяси картасында жас, тәуелсіз, еркін, саяси белсенді және жоғары пассионарлы Қазақ мемлекетінің пайда болуы мен оның төрт жүз жылдық тарихи жолы болғандығы арғы-бергі зерттеуші қауымға ақиқат. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи заңдылығы мен сабақтастығы күні бүгін ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың тың да бірегей ізденістері арқылы тағы да дәлелденіп отыр. Бұл жерде Қазақияның құрылуы, нығаюы, күшеюі кезеңдері еуропалықтардың Шығысқа, Азияға деген сауда жолдарын іздестірумен қатар, Ұлы географиялық ашылымдар кезеңінің басталуымен тұспа-тұс келгендігіне назар аудару қажет. Бір жағынан, қазақ прагматизмі, екінші жағынан, еуропалық прагматизм бір-бірімен тоғысып отыр. Біздің ойымызша, ұсынылған карталар сол кездегі еуропалықтар мен америкалықтар үшін бағдарлаудың, навигацияның құралы болды. Бұл өз кезегінде Еуразияны, Азияны, жалпы Шығыс елдері мен Қазақстанды егжей-тегжейлі зерттеп-тануға, Қазақ мемлекетімен дипломатиялық, сауда-экономикалық, әскери-саяси, мәдени және өзге де байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік берді.
1465 жылы Қазақ хандығы құрылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарынан қалыс қалып көрмеген деп отырмыз. Демек Қазақ хандығы дербес, тәуелсіз мемлекет болып қана қоймай, еуропалық державалардың назарын аударған.
XV ғасырдың орта шенінен аса қазақтардың өз мемлекеттілігін одан әрі дамытудағы маңызды үдерісі институционалды түрде аяқталды. Өзінің ұлттық атауын, «Қазақ» атты өз мемлекетінің атын иемдену және тарату қанат жайды. Бұл тарихи оқиғаны сол заманның куәгері, ортағасырлық көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, қолбасшы, Шығыстың ғалымы мен тарихшысы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и-Рашиди» атты іргелі еңбегінде нақтылай дәлелдеді.
Ежелгі Тұран даласындағы түріктердің мемлекеттілігін дамыту мен қалыптастырудың алдыңғы мол тәжірибесі, этносаяси сана, барлық өлшем бойынша тиімді саяси, аумақтық-этникалық, әскери-әкімшілік инфрақұрылым, жетілдірілген есептік-қаржылық және салық жүйесі, қазақ элитасының өз мемлекеттілігін ілгерілетуге тарихи-саяси тапсырысы және басқа да факторлар XV ғасырда жас Қазақ мемлекетінің әлемдік және еуразиялық геосаяси картада пайда болуы мен дамуына табысты әсер етті.
1580 жыл. Швейцар дүниежүзі глобусындағы «Kasakhi. Turchestan» Қазақ Мемлекеті. Толық көрініс.
Қазақ хандығының пайда болуы XIV-XV ғасырларда Қазақстан аумағында болып өткен этникалық-саяси және әлеуметтік-мәдени процестердің заңды қорытындысы болды. Қазақ мемлекеттігі – тамыры ежелгі заманда жатқан ұзақ тарихи дамудың жемісі, ол қазақ халқының топтасуына, оның этникалық аумағының қалыптасуы мен тұтастығының нығаюына, қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетінің дамуына себеп болды.
Қазақ хандығы XVI ғасырдың басында, тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт ішінде, қуатты орталықтандырылған мемлекетке айналып, белсенді геосаяси субъекті болып қалыптасты. Осыдан келіп Қазақ Мемлекеті әлемдік, өңірлік карталарда, еуропалық, америкалық зерттеушілер мен картографтардың атластарында тұрақты түрде орнықты.
Қазақстан тарихындағы мемлекеттік мәселесі саяси мәселеге айналған кездер болды. Көрші Ресей билігі мен идеологтарының «Қазақстанда мемлекет болған жоқ» деген ұстанымдары өз кезегінде қазақ қоғамында үлкен резонанс туғызды. Сөз жоқ қазақ халқының бай тарихы жоққа шығарылды, ар-намысы аяққа тапталды. Бұған жауап ретінде елімізде 2015 жыл – Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде ұлықтауға арналды.
Ал қазір қазақ халқы қуана қабылдап отырған еуропалық және америкалық карталар тәуелсіз Қазақ мемлекетінің болғанын растап қана қоймай, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке хандар тұсында Қазақ Ордасы нығаю мен өрлеу кезеңдерінен өткен, Еуразияда елеулі рөл атқарған орталықтанған мемлекет, біртұтас саяси организм болғандығын дәлелдеп отыр. Қазақ елі жайында айтылған теріс пікірлер бүгінде Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жарыққа шығарған аса құнды тарихи-мәдени карталар арқылы толық және түпкілікті жоққа шықты деп айтуға болады.
Осылайша, «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ Мемлекеті» тақырыбы шеңберінде Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбектеріне 2025 жылғы Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру үшін барлық жоғары критерийлерге сәйкес келетіндігін тағы бір рет қорытындылаймыз.
Самат ҚҰРМАНАЛИН,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор