Атаулы іс-шара Global of RECORDS халықаралық ұйымының бастамасымен жүзеге асты. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек бұл рекордты ұлттық болмысты жаңғырту мен тарихи жадымызды сақтауға бағытталған маңызды бастама деп бағалайды. Ансамбль құрамында талантты 18 музыкант өнер көрсетті. Мерекелік шарада қазақтың төл күйлерімен қатар, заманауи және шетелдік композиторлардың шығармалары ұлттық аспаптарда орындалды. Домбыра мен қобыз, шертер мен жетіген, сыбызғы, сазсырнай және дауылпаз секілді аспаптардың үні сахнадан күмбірлей төгіліп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Мәдени кеш шымылдығы «Құлагер» күйімен ашылып, ары қарай Құрманғазы мен Тәттімбет сынды ұлы күйшілердің таңдаулы туындыларын орындау арқылы жалғасын тапты. Абай әндерінен құрылған попурри де қазақ ән-күй өнерінің терең сырын аша білді. Ал кештің 80-ші туындысы ретінде саз тобының көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің дирижерлігімен «Ғасырлар үні» атты композициясы тыңдармандар назарына ұсынылды.
«Қорқыт» бес жыл бұрын отандық және шетелдік композиторлардың 75 музыкалық туындысын 4 сағатта орындап, рекорд тіркеген еді.
«Бұл рекордты тіркеу үшін бірнеше уақыт бойы ауқымды зерттеу жұмысы жүргізілді. «Қорқыт» этноансамблінің бұған дейінгі жетістіктері де ескерілді. Олар әлемдегі ең күрделі музыкалық рекордтар санатына енді. «Қорқыт» этномузыкалық аспаптармен ұйымдастырылған рекордтар рейтингінде 4-орында тұр. Сондай-ақ, нотасыз, дирижерсіз, үзіліссіз – нон-стоп режимінде этникалық әндер мен композицияларды орындауы ерекше», – деп атап өтті Global Book of Records халықаралық ұйымының Азия-Африка дивизионы бойынша бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайбергенов.
«Қорқыт» ансамблінің рекорды халықаралық деңгейде тіркеліп, оның кәсіби бағалануы арнайы мамандардың қатаң сараптауынан өтті. Рекордты бағалау процесіне әлемдік және қазақстандық профессорлар, музыка саласының білікті мамандары мен композиторлар қатысты.
«Бағалау шынайы әрі объективті түрде жүргізілді. Негізгі көрсеткіштің есептелуі мен растығын халықаралық комиссия бақылап, Мумбай және Дубай қалаларындағы кеңселер желіде тікелей қадағалады. Сонымен қатар Беларусь елінен арнайы халықаралық сарапшы келді. Бұл – академиялық талаптарға сай тіркелген рекорд. Белгіленген шығармалар тізімі мен олардың ноталық әуендерінің дұрыс орындалуы толықтай расталды», – деді Қуандық Құдайбергенов.
Ділназ РАФАИЛ