Оның шығармашылығы симфониялық, вокалдық, аспаптық және опералық жанрлардың қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Кең ауқымды музыкалық тіл мен жанрлық алуандылықты қамтыған композитор туындылары қазақ музыкасының ұлттық бағытын сақтай отырып, жаңа кәсіби бағыттармен ұштасты.
Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Ол музыкамен ерте жастан айналысты. Туған өңіріндегі Тәттімбет, Ақан сері, Естай мұралары, халық әндері мен күйлері оның музыкалық қабылдауына тікелей ықпал етті. Анасы өз дәуіріндегі белгілі әншілердің бірі болған. Мұның барлығы болашақ композиторға әсер еткені анық. Ол орта білімді қазақ және орыс мектептерінде алды. 1947 жылы киноактерлар мектебін аяқтағаннан кейін, музыка училищесіне оқуға түсіп, кейінірек Алматы консерваториясында профессор Е.Брусиловскийдің класында білім алды.
1950 жылдардан бастап Сыдық Мұхамеджанов кәсіби композитор ретінде қалыптаса бастады. Ол домбыра, қобыз, фортепианоға арналған пьесалар, романстар, хор шығармаларын, оркестрге арналған туындылар жазды. Бұл кезеңдегі елеулі еңбектерінің қатарында «Қазақ күйі» симфониялық сюитасы (1955 жыл), «Домбыра туралы баллада» поэмасы (1955 жыл), «Шаттық Отаны» симфониялық поэмасы (1952 жыл) бар.
«Шаттық Отаны» шығармасы 1953 жылы Бухарестте өткен бүкіләлемдік жастар фестивалінде орындалып, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Осы туынды композитор есімін музыкалық ортаға кеңінен танытты.
Осы жылдардағы шығармашылығы туралы өнертану ғылымдарының докторы Ү. Жұмақова: «Консерваторияда оқып жүрген кезеңде-ақ оның шығармаларынан ұлттық әуен мен әуездің, формалық тұтастықтың үйлесімділігі байқалды», – деп жазады.
1960 жылдардан бастап Сыдық Мұхамеджанов симфония, кантата, поэма сияқты ірі жанрларға көбірек бет бұра бастады. Оның шығармашылығында лирикалық және батырлық-эпикалық бағыттағы туындылар қатар дамыды. 1964 жылы «Айсұлу» атты Қазақстандағы алғашқы лирикалық операсын жазды. Бұл опера қазақ сахналық өнеріндегі жаңа белес болды.
Сыдық Мұхамеджанов бірнеше үлкен музыкалық шығарма жазды. Мысалы, М.Әуезовтің мәтініне жазылған «Бекет» атты операсын бастағанымен, оны аяқтай алмады. Бірақ қазақ музыка өнерінде жаңа жол ашқан «Айсұлу» атты шығармасы халыққа кең танылды. Бұл туынды алғаш рет 1964 жылы жазылып, кейін 1972 жылы қайта өңделді. Үшінші үлкен шығармасы – «Жұмбақ қыз». Ол Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы негізінде жазылған. Мұнда Абылай хан тұтқындаған қалмақ қызының айтыста жеңіп, бостандыққа шығуы туралы тарихи оқиға суреттеледі. Сондай-ақ композитор «Ақан сері – Ақтоқты» атты еңбегінде қазақтың атақты ақынының өмірін және шығармашылығын арқау етіп алды. Кейінірек ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» туралы туындыны жазуды қолға алады, бірақ бұл жұмысын аяқтап үлгермейді.
Профессор Ү. Жұмақованың жазуынша, Сыдық Мұхамеджановтың барлық шығармаларында өзіндік нәзіктік пен сезім байқалады. Оның жазған әндерінде шынайылық пен терең ой жатыр. Дегенмен кейбір тұстарда оқиға желісінің әлсіздігі көрініп тұрады. Бұл сол уақыттағы қазақ музыкасының ортақ ерекшелігі еді. Солардың ішінде ең сәтті шыққаны – «Айсұлу». Бұл шығарма сол кездегі өмірді шынайы суреттеп, күлкілі де, ойлы мазмұнмен көрерменнің жүрегінен орын тапты.
Бұл туынды Абай атындағы театрда қойылып, көптің көңілінен шықты. Композитор үлкен танымалдыққа ие болды. Шығарманың кейбір әндері жеке концерттерде де орындалып жүрді. Мысалы, Серкенің каватинасы.
1960-1970 жылдары Сыдық Мұхамеджанов вокалдық-симфониялық және аспаптық жанрларда өнімді еңбек етті. «Ленин туралы» кантатасы, «Ғасырлар үні», «Заря века» шығармалары мен «Халық арманы», «Даңқ», «Қос басар» сияқты симфониялық поэмалары оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Бұл туындылар революциялық тақырыптарға арналса да, ұлттық нақыш пен әуендік құрылым сақталған. Сонымен қатар композитор қазақ халық аспаптарына арнап «Дала таңы», «Мереке», «Кұлагер» секілді табиғат пен даланы суреттейтін шығармалар жазды. Олардың кейбірі классикалық симфониялық оркестрге де бейімделіп орындалды.
1980 жылдары Мұхамеджанов симфониялық жанрға көбірек көңіл бөліп, терең мазмұндағы үш ірі симфония жазды. «Бұл шығармаларында ұлттық интонация мен заманауи формаларды үйлестіре отырып, музыкалық ойды жинақтау, көркем бейне жасау шеберлігін айқын көрсетті», – деп жазады Ү.Жұмақов. Композитор симфония саласында қазақ музыкасының жаңа биіктерге көтерілуіне зор үлес қосты.
Әрине, композитор өз заманында танымал болған ән жанрларын да жазған. «Қазақтың музыкалық әдебиеті» (Астана, 2005) оқулығында келесідей дерек оқи аламыз: «Композитордың шығармашылығында дуэтке арналған әндері ерекше көзге түседі. Бұл әндер атақты орындаушыларға арналып жазылған. 60-жылдары ағайынды Абдуллиндерге арнайы жазған дуэттері халық арасына кеңінен тараған. Ағайынды Абдуллиндер Сыдық Мұхамеджановтың ең көрнекті дуэттерінің орындаушылары болды. Бұған – «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Тербеледі тың дала» және т.б. жатады».
Қорыта айтқанда, Сыдық Мұхамеджанов қазақ музыка өнеріне терең әрі жүйелі өзгеріс енгізген нағыз реформатор. Ол ұлттық музыканың тек мазмұнын ғана емес, құрылымын, орындалу тәсілдерін жаңа деңгейге көтере білді. Академиялық жанрлар симфония, опера, кантата, оратория сияқты қазақ музыкасына бұрын-соңды болмаған өлшемдер мен тәсілдер арқылы еніп, ұлттық стильмен табиғи үйлесті. С.Мұхамеджанов симфонизмді халықтық әуезбен тоғыстырып, қазақ тыңдарманына күрделі формаларды түсінікті, әрі кәсіби деңгейде тартымды етіп жеткізді. Ол қазақ операсына жаңа мазмұн әкеліп, күлдіргі опера сияқты тың бағытты қалыптастырды. Аспаптық музыкада да жаңашылдық танытып, ұлттық аспаптар оркестріне арналған жаңа репертуар жазды. Осындай ауқымды өзгерістерге қарамастан, ол туралы көп айтыла бермейді, есімі кәсіби ортадан тыс сирек аталады. Бірақ оның сіңірген еңбегі отандық кәсіби музыканы дамытып, бүгінгі биігін қалыптастырған шынайы реформа. Сол себепті біз оны сенімді түрде «Қазақ музыкасының үнсіз реформаторы» деп атаймыз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі