Бұл барша қазаққа ортақ данышпанның асына шақырту деп түсіндік. Торқалы тойдың қарсаңында жер-жерде түрлі мәдени іс-шара өтіп жатқаны тағы бар. Сонымен, ел Жидебай етегінде Сүлеймен бидің асындай 300 ат шауып, 40 атқа бәйге бергендей мереке күтіп отыр.
Қазақты толық адам болуға шақырып, кеше мен бүгіннің болмысын суреттеп кеткен ғұлама жайында қызықты ақпарат дайындағымыз келді. Сол үшін бірнеше министрлікке сұрау салып, су жаңа мәліметтерді жинадық. Елімізде Абай есімімен байланысты көп дүние бары белгілі. Бірақ нақты қанша екенін көбі біле бермейді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде Абай атындағы 120 мектеп, 6 колледж бар. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет тағы бар. Ал Абай атындағы бірнеше кітапхана бар десек, Семей қаласындағы «Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының» тарихы тереңде жатыр. Бұл еліміздегі ең көне кітапхананың бірі 1883 жылы ашылды десек, оған 1992 жылы ресми түрде Абай есімі берілген. Оған қоса, Семейде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы жұмыс істейді. Мұны бір сөзбен ұлы ақынның атындағы ғылыми-мәдени орталық деуге болады.
Ал әлемнің бес елінде Абай орталығы барын білесіз бе? Архив құжатнама және кітап ісі комитетінің мәліметінше, Чехияның Прага қаласында Абайдың 175 жылдығына орай ашылған орталық бар. Биыл Черногорияның Подгорица қаласында тағы бір орталық ашылды. Ал 2020 жылы Біріккен Араб әмірлігінің астанасы Абу-Дабида хакім атындағы орталық салтанат құрған. Одан бөлек, Қазақстанның Италия елшілігінде, Санкт Петербург қаласында, Ресей ұлттық кітапханаларында орталық жұмыс істеп тұр.
Жалпы, Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, республика бойынша бір облыс, бір қала, үш аудан, 26 ауыл, бір ферма ұлы Абайдың есімімен аталады. Одан бөлек, Архив құжатнама және кітап ісі комитетінің дерегінше, республика аумағындағы 33 елді мекенге (Павлодар, Ақтөбе, Қостанай, Жетісу, Абай, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында) 1231 көше, даңғыл, аллея және скверге (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Павлодар, Ақтөбе, Қостанай, Жетісу, Абай, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары), 125 мекемеге (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Павлодар, Ақтөбе, Қостанай, Жетісу, Абай, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында) Абай есімі берілген.
Ал ұлы ақынның аттастары туралы мәліметке келсек, Қазақстанда 18 763 адам Абай есімін алған. Қай өңірде Абай көп, бұл сұрақ бізге де қызық болды. Статистикаға сүйенсек, Астана қаласында 2 089 Абай тұрса, Түркістан облысында 2 018 адам ақын атын арқалап жүр. Одан кейін Алматы облысында 1 632 Абай, Маңғыстау облысында 1 254 ақынның аттасы тұрады. Ал Абай есімі аз кезігетін облыс – Ұлытау (190). Тізімдегі ең жасы үлкен Абай 1932 жылы туылса, ең жасы биыл дүние есігін ашқан. Қызығы, елімізде 10 азаматша ақынмен аттас екен. Қоғамда кейінгі кезде Абай есімі сиреп кетті деген пікір бар. Алайда дерекке қарасақ, елде жасы 15-тен кіші 3 667 Абай бар. Одан кейін 30-34 жастағы Абайлардың статистикасы көп (3 228).
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ