Міржақып Дулатұлы шығармашылығы толық зерттеліп бітті ме? Біз мұны белгілі ғалым, алаштанушы, профессор Айгүл Ісмақоваға қойған едік. Ғалым Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты отаншылдық ұраны мен «Бақытсыз Жамал» романының қазақ қоғамының отарлық кезеңдегі күйін анық бейнелеген, ұлт азаттығы мен рухани еркіндік ұстанымын көтергені туралы әңгімелеп берді.
– Міржақып Дулатұлы және деколониялық дискурс. Бұл қайраткер шығармаларында қалай көрініс тапты?
– Міржақып Дулатұлының шығармашылығына қарасаңыз, ол кісі нағыз ұлтжанды тұлға болғанын аңғарасыз. Оның деколониялық дискурсы – қазақ халқының отарлау кезеңіндегі әлеуметтік, мәдени, саяси ахуалын сынға алып қана қоймай, ұлттық сананы оятып, ұлттық бірлікті қалыптастыруға арналды. Оның деколониялық дискурсының негізі – қазақты ұлт ретінде сақтап қалу: ұлтжандылық, жаппай орыстандыруға қарсы күрес, әйел теңдігі мәселесі, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Мәселен, әйел теңдігі мәселесін де алғашқылардың бірі болып көтерген жанның бірі – осы Дулатов. «Бақытсыз Жамал» романын алайық, онда қазақ қызының мүшкіл халін ашық көрсетіп, оның азаматтық құқығы ерлермен тең болуын талап етті. Бұл – тек әдеби шығарма емес, қазақ қоғамына ой тастаған манифест десек те болады. Одан кейін қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, оны кеңсе, ғылым мен білім саласында кеңінен қолдануды ұстаным етті. Ғалымның «Есеп құралы» мен «Қирағат кітабы» сынды ғылыми еңбектері қазақ тілінде жазылған алғашқы оқу құралы ретінде 1937 жылға дейін қолданыста болған.
«Бақытсыз Жамал» – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш деколониялық әрі гендерлік роман. Романның басты ұстанымы мынада: қазақ қызы – ертеңгі ұрпақтың Анасы, ал егер ол күң болса, құл ұрпақ дүниеге келеді. Бұл – Алаш арыстарының басты қағидасы еді. Осыдан 100 жыл бұрын-ақ олар қазақ қыздарының жағдайын түзеуді, қоғамдағы орнын көтеруді ұлт мүддесі деп таныған. Сондықтан бұл роман – нағыз деколониялық көзқарастың әдеби көрінісі, отаршыл саясаттың қазақ қоғамын қалай күйреткенін ашып көрсеткен бірегей туынды.
– Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Міржақып Дулатұлының «Абай» атты мақаласы ақынның қазасынан кейін 10 жылдан кейін жарық көрген екен. Алаш арысы ақын туралы жазбасында не мәселе қозғады?
– Міржақып Дулатұлының Абай туралы алғаш жазған мақаласы – «Ибрагим ибн Кунанбаев». Бұл 1908 жылы «Уақыт» газетінің №383 санында жарық көрді. Қарап отырсаңыз, бұл мақала Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағы шықпай тұрып, орыс ғылыми ортасына ақынның кім екенін таныту мақсатында арнайы жазылған. Міржақып сол мақаласында Абайдың нақты өмірден өткен күнін «опат: 23.06.1904» деп көрсетіп, дәл анықтап жазды. Кейін Абайдың дүниеден қайтқанына он жыл толғанда, 1914 жылы «Қазақ» газетінде екінші мақаласын жариялады. Онда: «Қазақ әдебиетінің атасы, Хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында алпыс жыл өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді» деп жазды.
Абай туралы алғаш 1904 жылы Омскіде Ахмет Байтұрсынұлынан естігенін айтады. Ал Ә.Бөкейхан бастауымен 1909 жылы Абайдың балалары ақын кітабын бастырып, Петербордан шығарғанын да сөз етеді.
Міржақыптың бір сөзі бар ғой: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихы, әдебиеті жоқтығынан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері болуы қиын. Әдебиет, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады».
Сонымен қатар қайраткер мақаласында: «Әдебиет не үшін керек, ол нені көрсетеді?» деген сауалға да жауап іздейді. «Қандай жұрттың болса да, жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ». Әдебиетші «Абайтану не үшін керек?» деген сауалға: «Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей», – дегені бізге де қаратып айтылған.
Ол мақаласында М.Лермонтовтың «Жалғыздықта» өлеңінің қазақша аудармасын Абай қалай жасағаны, неге осы өлеңді таңдағанын да айтады. «Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес. Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымды, ауқымды еді». Абай қандай адам болды? «Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді». М.Дулатұлы таңдап алып келтірген Абай өлеңі өзіне үндес екені «Оянбай, қайран жұрт» деген сөздерден де көрініп тұр: «Қуатты оттай бұрқырап, Уәзінге салып тізілген. Жаңбырлы жайдай зырқырап, Көк бұлттан үзілген. Қайран тіл, қайран сөз, Наданға қадірсіз. Тәуекел мен батыр ой Өткір тілді найза етіп. Сайысып-ақ бақты ғой. Неше түрлі айла етіп. Оянбай қайран жұрт. Ұялмай қал жым-жырт! («Уақыт», 1908 №383).
М.Дулатұлы Алаш ғалымдары сияқты «асыл сөз – қазақ елінің тарихы, оның жаны туралы болу керек» дегенді ұстанған адам.
– Міржақып Дулатұлын шоқантанудың басында тұрған ғалым деп санайды. Не себепті?
– Міржақып Дулатұлы – Абылай хан туралы көлемді мақала жазған Шоқаннан кейінгі екінші тұлға. Оның «Хан Абылай» мақаласында хан туралы деректер әдеби мәтіндермен дәлелденген. «Кеше Кенесары заманында шыққан Тобылбай бидің баласы Арыстан ақынның айтқаны да бар: «Қылады Макаржада байлар сауда. Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда. Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда». Осы арқылы Абылай ханның XVIII ғасырда туып, Көкшетауда қырық сегіз жыл хандық құрғанын нақты айғақтайды.
«Қызылжардағы «Абылайдың ақ үйі» қашан, қандай мақсатпен, кім салып берген?» деген мәлімет те осы мақаласында нақтылап көрсетіледі.
Сол сияқты Алаш арысының «Эсперанто тілі», «Ғабдолла Тоқаев», «Жер аудару», «Қазақ жайлы», «Қазақта муфтилік мәселесі», «Құлдар достығы», «Тірі жүк» атты мақалалары да өте құнды. Өйткені бұл еңбектер XX ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік, ғылыми, әдеби мәселелерді қамтып қана қоймай, нағыз деколониялық ұстанымның көрінісі болды. Ол қазақты тек ағартуға шақырып қана қойған жоқ, ұлттың намысын оятуға тырысты.
Міржақып Дулатұлын біз не себепті шоқантанудың басында тұрған ғалым дейміз? Өйткені ол алғашқылардың бірі болып, Шоқан туралы жүйелі зерттеу жазған. «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан» атты мақаласы 1914 жылы «Қазақ» газетінің №71, 73, 76–77 сандарында жарияланды. Бұл – Шоқанның қайтыс болғанына 49 жыл толуы қарсаңында жазылған дүние. Мақала «Шоқанның кім екенін көп қазақ білмейді» деп басталады. Осы сөздің өзі-ақ Міржақыптың мақсаты – ұлтқа Шоқанды таныту екенін көрсетіп тұр. Ол Шоқанның ата-тегін, ана-тегін, оқыған мектебін, ғалым ретіндегі еңбегін нақты деректерге сүйеніп баяндаған. Тіпті, Міржақып Потаниннің Шоқан туралы айтқан сөзін де мысалға келтіреді: «Орысша оқыған қазақтың ең есті, артына кітап қалдырғаны – осы Шоқан».
«Шоқан қандай азамат болды?» деген сауалға М.Дулатұлы Потанин сөзімен жауап беруге тырысады: «Потанин жазады: «Шоқан өз жұртын өте сүюші еді, қолынан келсе, жақсылық қылу, қазақ халқының кемшілігі үшін қызмет ету оның бар мақсаты еді». «Мен ең әуелі қазағымды жақсы көремін, онан кейін Сібірді, онан кейін Россияны, онан кейін бүкіл адамзатты жақсы көремін. Орыс қазақты сабап жатса, мен қазаққа болысамын. Егер орысты француз сабап жатса, менің жүрегім орыс жақта», – деуші еді Шоқан. Шоқан шешен, өткір тілді, өшіккен кісісін әзілмен, сықақпен кемітіп тастайтын еді. Шоқанның мінезінде Пушкин, Лермонтовтардың мінезін еске түсірерлік белгілер бар еді. Заманында қазақтан оқушы болса, Шоқан қазақ халқының данышпан жазушысы, қазақ әдебиетіне бірінші негіз құраушы болмақ еді, бірақ заман һәм тағдыры опа қылмады, Шоқан арманда кетті…».
Міржақып Дулатұлы шоқантанудың ғылыми негізін тұңғыш рет осылай қалыптастырды. Бұл бағыттағы жұмысты Совет кезінде тек Әлкей Марғұлан ғана жалғастырды. Қарап отырсаңыз, күні бүгінге дейін қазақ ғылымында екі-ақ кәсіби шоқантанушы болғанына көз жеткізесіз.
– Ал қайраткердің ахметтану ісіндегі еңбегі қалай көрінді?
– Міржақып Дулатұлы Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының емлесін қолдауға өзін міндетті санаған. Ол кезде жазу, емле мәселесі – жай ғана тілдік мәселе емес, ұлттың тағдырын шешетін үлкен идеологиялық майдан болатын.
«Қазақ тілін қолына қалам ұстағаннан бері ылғи қазақша жаза бастаған Байтұрсынұлы қазақ емлесін шығарды, оқу құралдарын жазды. Осы екі жылдың ішінде «Қазақ» газетасының тіл, емле туралы қылған қызметі көзге көрінерлік болды. Екі жылдың ішінде орта есеппен 250 мың дана «Қазақ» нөмірі тарады. Жаңа емлемен 15-тей кітап шықты. Бұлар 45 мың данадай бар. Осының бәрі қазақ арасына тарап жатыр. Бұл емлені тосырқап, «түсінбейміз, оқи алмадық» деген ешкімді естігеніміз жоқ. «Қазақ» емлесін мұсылман медреселерінде, орыс школындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл еткендігі былтырғы «Қазақ» нөмірлерінің көбінен көрінеді. Бұл екіжылдық ғана қызмет, иншаллаһ. Мұнан кейін артпаса, кемімес деген үміт зор».
Міржақып – қазақ әдебиеттану ғылымында ахметтанудың да негізін осылай қалыптастырған ғалым. «Ахмет Байтұрсынов» (М.Дулатов. Биографический очерк. Труды общества изучения Киргизского края. Вып. ІІІ. Оренбург, 1922) атты орысша мақала Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толу мерейтойына арналып, орыс тілінде жазылған. «Ақжол» газетінде М.Әуезов мақаласымен қатар басылған бұл мақала – алғаш ғұмырнамалық дерегі мол зерттеу. Ахмет Байтұрсынұлының туған жері, оқу жолы, шығармашылығы, ататегі толығымен қарастырылған. «Ақжол» газетінде Мұхтар Әуезовтің мақаласымен қатар жарияланған бұл еңбек – Ахмет Байтұрсынұлы туралы алғаш жазылған, дерегі мол ғұмырнамалық зерттеу деуге болады. Мұнда ағартушыныың туған жері, оқу жолы, шығармашылық қызметі, ататегі түгел қарастырылған. Ахаң ақталған кезде жіберілген қателіктің арқасында бізді күні бүгін шатастырып келе жатқан туған жылына қатысты дерек, бұл жерде дұрыс берілген. Ахаңның әкелерінің текті істері, өзінің жастай кедейліктен көрген тауқыметі, бірақ білім арқылы қасіреттен құтылғанын нақты көрсетіп береді. «Ахаң қандай білім алған?» деген сауалға жауапты да осы зерттеуде табасыз. Ғылыми еңбектерімен қатар, Ахаңның ақындығы, аудармашылығы нақты талдаулар арқылы айқындалған.
«Через всю литературную деятельность Ахмета Байтурсынова красной нитью проходят беспощадная критика и строгий анализ царской политики и протест против нее». Бұл – жазбадан үзінді.
Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы ерекше дарынды көсемсөзші екені, «Қазақ» газетін ашқаны үлкен азаматтық іс ретінде айтылады. Ахаңның тілтану, әдебиеттану ғылымдарының қалыптасуына себеп болғанын да жаза кетеді.
Алаш арысы өз мақаласында: «В результате научно-педагогических трудов Ахмета Байтурсынова мы имеем казахскую азбуку, фонетику, синтаксис и этимологию казахского языка, теорию словесности и историю культуры. Этим кропотливым трудом Ахмет Байтурсынов поднял казахскую словесность на высокую ступень и заложил прочный фундамент для национальной школы и родной литературы» деп жазады. Бұл мақаланың орыс тілінде жазылуы – жалпы жұртқа таныту үшін екені анық. Бүгінгі ахметтанушылар қолданып жүрген мәліметтер толығымен осы зерттеудің негізінде екені де айқын.
– Ақын арманы қандай еді? Алаш арысы аманат еткен сол арманға жете алдық па?
– М.Дулатұлының «Қазақ халқының бас адамдарына» атты мақаласында (Азамат Алашұлы. «Айқап» 1911. №7) : «Біздің әрбір ісіміздің негізі бос, өмірі қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесе де қосылмайды». Алашқа жаны ашыған тұлға осы екі қауымның басын қосуды меңзейді. Биік дәрежедегі жігіттеріміз бен қазақты билеп, жұрт ағасы болып келе жатқан ел ішіндегі жақсыларға қаратып айтқан сөздері бүгін де күшін жойған емес: «Қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз», – дейді Алаш ғалымы. Осыдан 100 жыл бұрын айтылған бұл сөздер әлі де құнды, мазмұнын жоғалтпаған деп айтуымызға болады.
«Оян, қазақ!» деп ұлтының еңсесін көтерген алаш ардақтысының ғылыми мұрасы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан ғылымына қосылған сүбелі үлес. Қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтар – «Есеп құралы» мен «Қирағат» кітабының авторы ретінде ол ұлттың тарихын, тілін, әдебиетін тарихи контексте терең қарастырып, негізгі тұлғалары туралы құнды зерттеулер қалдырды. Міржақып Дулатұлы – отарлық үстемдікке қарсы күрескен Алаш саяси элитасының өкілі ғана емес, қазақ тілінде математиканы сөйлеткен, тілді, әдебиетті, тарихты, көсемсөзді осыдан 100 жыл бұрын-ақ деколониялық тұрғыда қалыптастырып берген ғалым.
«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!
Тамшылап көзден аққан бұл суық жас,
Балқытып қашан ерітер жүректі тас?
Қаламнан жылап аққан қара бояу,
Жазылып қағазға, сен жұртқа қыл паш».
Бар жігіттік ғұмырын қазіргі Тәуелсіздігіміз үшін күреске арнаған, елу жасқа да толмай біздің бүгінгімізді армандап өткен аяулы Міржақып Дулатұлының ғылыми мұрасы енді ғана оқытылып жатыр. Мұның бәрі ғалым мұрасының қазіргі заманға да қажетті болғандығынан! Нағыз ғалымның хаты өлмейді екен: Міржақып Дулатұлының ғылыми мұрасын өзіне заманауи ұстаным санайтын қазіргі студенттерім «осыны бізге мектепте неге оқытпаған» деп өкінеді.
«Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан меңзеген келешек ғылыми, интеллектуалды элитамыз Алаштың отаншыл, мемлекетшіл ұстанымын өздеріне басты ұран етіп алатындай.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС