in

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау мәселесі ЮНЕСКО-да талқыланды

Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мәселесі ЮНЕСКО-да талқыланды, – деп хабарлайды 24KZ. Ұйымның Париждегі штаб-кеңсесінде Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-ші сессиясы өтіп жатыр. Халықаралық сарапшылар Батыс Тянь-Шань мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғауға бағытталған бірқатар құжат қабылдады.

Сондай-ақ ұйым Қазақстандағы табиғи және тарихи-мәдени мұраларды сақтау бойынша игі бастамаларға оң бағасын берді. Әсіресе Түркістан қаласындағы шаралар назарға ілікті. Шаһардың ерекше мәртебесі туралы Заңның қабылдануымен ортағасырлық кесенені қорғаудың ең жоғары халықаралық стандарттары бекітілді.

Сонымен қатар еліміз Дүниежүзілік мұра тізімін жаңғыртады. Оған Маңғыстаудың жарасты мешіттері мен Ферғана сегментіндегі Ұлы Жібек жолы қалашықтарын енгізу жоспарда бар.

«ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшелері Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңына жоғары баға берді. Бұл заңда ЮНЕСКО-ның 1972 жылғы мұрасын қорғау туралы үкіметаралық конвенцияның талаптарына ерекше мән берілген және бұл талаптар Қазақстанның ЮНЕСКО алдындағы міндеттемелерін күшейтіп отыр», – деді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.