Еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы 22 дарынды оқушы екі күн бойы бақтарын сынап, сөз бен домбыраның құдіретін паш етті.
Бұл іс-шара Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti қоры» корпоративтік қоры және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен екінші жыл өткізіліп отыр. Жоба жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.
– Биылғы айтыс «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбында өтті. Бұл айтыстың мақсаты – жастарды ұлттық өнермен сусындату, жас дарындардың жолын ашу. Сонымен қатар ұлттық өнерімізді дәріптеп, жас ақындардың шыңдалуына үлес қосу. Бүгінде елімізде 100-ден астам өнер мектебі бар. Төл өнерімізді одан әрі дәріптеп дамыту үшін барлық өнер мектебінде арнайы айтыс ақындары сыныптарын ашу қажет. Себебі айтыс өнерінің бойында қазақ дәстүріндегі күйшілік, ақындық, шешендік, термешілік сияқты барлық өнер түрі тоғысқан. Сондықтан осы бір ерекше өнерді оқытуды дұрыс жолға қоятын болсақ, келешекте ел мәртебесін биікке көтерері анық, – деп атап өтті ақын С.Дүйсенғазы.
Жас ақындар қазіргі қоғам үшін өзекті үш негізгі тақырып аясында сөз сайыстырды: «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар», «Еңбек адамы – елдің тірегі», «Цифрландыру мен білім: жаңа дәуірдің талабы».
Айтыскерлердің шеберлігіне айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «Еl umiti қорының» өкілі Азамат Оңайбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайыт төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.
Сонымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбында өткен оқушылар арасындағы республикалық айтыста үшінші орынды Айғаным Мақсұтханова (Астана), Белес Өтепберген (Ақтөбе), Айша Бақтияр (Шымкент) иеленсе, екінші орын Ақнұр Зинулла (Алматы облысы) мен Мейіржан Баршынбайға (Павлодар) бұйырды. Бірінші орынды қостанайлық Нұрислам Рағатов қанжығасына байлады. Бас жүлде – «Қола домбыра-2025» жамбылдық Інжу Жаңабайдың еншісіне жазылды.
Бас жүлдеге – диплом, «Қола домбыра» арнайы домбырасы және ақшалай сыйақы табыс етілді. Ал І, ІІ, ІІІ орын иелеріне – дипломдар мен ақшалай сыйақы берілді. Сондай-ақ жас таланттардың әрқайсысына арнайы атаулы жүлделер тағайындалды.
