Бұл көрсеткіштер алдыңғы айға қарағанда әлдеқайда төмен. Өйткені мамырда жеті бірдей отандық кинотуынды көрерменге жол тартқан еді. Бұдан ұлттық киноға деген қызығушылық толықтай жоғалып кетті деу де қате пікір. Мәселе – ұсынылған өнімнің сапасы мен көркемдік деңгейінде. Көрермен ұлттық болмысты, өзіне таныс өмір шындығын экраннан көргісі келеді. Бірақ бұл сұранысқа жауап беретін фильмдердің үлесі әлі де аз. Мұның себебін киносыншылар маркетингтік жарнамаларға бөлінетін қаржының аздығы деп түсіндіреді. Мәселен, жоғарыда аталған «Тимбилдинг» және «Биік сезім» киносының екеуі де коммерциялық жоба. Біріншісі комедия жанрында түсірілген. Көрікті таулы өңірде компания директоры өз қызметкерлеріне арналған тимбилдинг ұйымдастырады. Ойнатылған лоторея билеттерінің бірінде ұтыс шыққанда тату-тәтті болып жүрген ұжым кенеттен ашкөздік пен көреалмаушылық билеген гладиаторлар аренасына айналады. Таудағы демалыс күтпеген жерден қатаң тартысқа, үлкен олжа үшін жүріп жатқан қатыгез күреске ұласады. Екіншісі – ромком жанрындағы махаббат хикаясы. Фильмнің басты кейіпкері
Биік – ширақ, бойы аласа жігіт. Өзінің курьерлік компаниясы бар. Өмірлік жарын кездестіре алмай жүрген ол бір күні жол апатына түсіп, бойшаң әрі көрікті қыз Сезіммен танысады. Фильмнің соңында Биік романтикалық қадам жасап, Сезімге сезімін білдіреді. Осылайша, бойының ұзындығы емес, жүректің кеңдігі маңызды екенін дәлелдейді. Бұл фильмдер алдыңғыдай рекорд орнатып, касса жинамағаны рас. Өйткені олардың алдын голливудтық фильмдер орап кетті. Рейтингте де көш бастап тұр. Себебі бір айда 28 шетелдік кино прокатқа шыққан болса, олардың күніне 1-ден 12-ге дейін сеансы қойылады.
Көрермен үшін таңдау көп. Голливудтың жазғы блокбастерлері, шетелдің көп бюджетті жобалары, көрші елдерден жеткен жанрлық фильмдер экрандарды жаулап алды. Ал отандық кино сол көрермен назары үшін күресте бәсекеге түсе ала ма? Саланың басты кемшілігі жүйелі қолдаудың, кәсіби сценарий мен маркетингтің жетіспеуінде ме? Киносыншылар ай қорытындысы бойынша өздері үшін үздік болған киноны талдай келе, біз жолдаған сұрақтарға жауап берді.
Кәрім ҚАДЫРБАЕВ,
киносыншы:
– Шынымды айтсам, өткен айдың қорытындысы бойынша, көңілімнен шыққан кино болмады. Брэд Питт басты рөлде ойнаған «Формула 1» фильмі ғана ұнады. Иә, бұл – Голливудтың жазғы блокбастеріне тән барлық шаблонмен жасалған кәдімгі экшн. Бірақ Питтің тамаша актерлік шеберлігі, динамикалық монтаж және Ханс Циммердің әсерлі саундтрегі фильмге «кино сиқырын» сәтті сыйлайды. Сол үшін бұл туындыны кинотеатрда көру керек. Үйде қарасаңыз, мұндай әсер қалдырмауы мүмкін. Ал отандық киноның басым бөлігі әлі де комедия жанрында түсіріліп келеді. Өйткені көрерменнің оған белгілі бір сұранысы бар. Қоғам терең әлеуметтік дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Сондықтан адамдар бойда жиналып қалған күйзелістен әзіл мен күлкі арқылы арылғысы келеді. Қазіргі қазақ киносына, ең алдымен, мықты сценаристер жетіспейді. Біз мынаны түсінуіміз керек: кинода «табысы көп» және «сапалы туынды» деген түсінік бар, бірақ оларды шатастырмауымыз керек. Шын мәнінде, сапа мен табыс әрдайым қатар жүрмейді. Кассада жақсы нәтиже көрсеткен фильм көркемдік тұрғыдан әлсіз болуы мүмкін. Сол себепті «көрермен көп жиналды» деген өлшеммен ұлттық киноның деңгейін бағалау да біржақты пікір. Бұл екеуі үнемі бір ұғымды білдірмейді. Мысалы, кейбір өте әлсіз жобалар прокатта сәтті болғанымен, көркемдік тұрғыдан алғанда нағыз шалағай дүние.
Жанкелді ӨМІРӘЛИЕВ,
Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі:
– Маусым айында біздің кинотеатрлардан көрсетілген фильмдердің ішінде маған ұнағандары – қытайдың «Айдахар патшасына қарсы шыққан Нэчжа» мультфильмі, америкалық «Материалистка» романтикалық комедиясы және екі үлкен блокбастер – Бред Питт ойнайтын «Формула 1» және зомбилар туралы «28 жыл бұрын» картиналары. Отандық кинематографистер жаз айларын көп менсінбейді және бұл мезгілде көп фильмдерін шығармайды.
Қытайдың «Нэчжа 2» мультфильмі – осы жылдың басты сенсацияларының бірі. Жыл басында Аспан асты елінде прокатқа шыққан бұл анимация 2 миллиард доллардан астам қаражат жинап алды. Қазір ол кино тарихындағы ең көп ақша жинаған мультфильм болып саналады және әлемдегі ең табысты фильмдердің бестігіне кіреді. Керемет көрсеткіш. Анимацияның мазмұны да ерекше – Қытай мифологиясына негізделгенмен қазіргі заманға сай етіп жасалған. Өте мықты кейіпкерлер, сюжеті неше түрлі аллегорияға толы және барлық жастағы көрерменге қызық. Мұндай сапалы анимация өкінішке қарай біздің елде қазір жоқтың қасы.
«Материалистка» фильмі көрермендерді екіге бөлді. Картина қазіргі замандағы әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынастарды жақсы зерттеп, көптеген ауыр тақырыпты көтереді. Бас кейіпкер – сұлу да табысты әйелдің өмірінде бір мезетте екі жігіт пайда болады. Біреуі – бай, әдемі, ақылды, сымбатты, сөзінде тұратын, былай айтқанда нағыз қыздардың арманындағы жігіт. Екіншісі – 30-дан асса да тұрақты жұмысы жоқ, әлі достарымен пәтер жалдап тұратын қыздың жастық шағындағы бұрынғы жігіті. Фильм әлеуметтік желілерде бірталай пікірталас тудырып, талай жандардың жараларын ашты.
«28 жыл бұрын» мен «Формула 1» – бұл нағыз жазғы блокбастерлер. Өте сапалы да саналы туындылар. Мазмұны жағынан да, экшн мен эффектілер тұрғысынан да көрерменге қызықты жобалар. Бұл екі картинаны міндетті түрде үлкен экранда, ең үздік дыбыспен көру қажет – сол кезде ғана нағыз киноның магиясын сезінуге болады.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,
киносыншы:
– Өткен айда отандық кинотеатрларда көрерменге жол тартқан Disney мен Pixar-дың жаңа туындысы «Элио» анимациялық фильмі – қазіргі анимациялық кино кеңістігіндегі тың ой мен терең философияны ұсынған көркем өнім ретінде ерекше назар аудартады. Қазақ тіліне кәсіби деңгейде дубляждалған бұл туынды балалар мен ересектерге ортақ құндылықтар туралы сыр шертеді. Фильм сюжетінің негізінде – өзін «басқалардан ерекше» сезінетін, қоғамға бейімделе алмай жүрген жасөспірім Элионың күтпеген жерден бүкіл ғалам атынан сөйлейтін тұлғаға айналуы жатыр. Бұл оқиға тек шытырман оқиға немесе күлкілі қиял ғана емес, адамның ішкі әлемін тануға, өз орнын табуға, қабылдау мен өзін-өзі сүюге арналған нәзік метафора. Pixar студиясы өз дәстүрінен жаңылмай, тағы да күрделі психологиялық тақырыпты қарапайым әрі әсерлі формада жеткізе білген.
«Элио» – бүгінгі ұрпақтың жалғызсырағаны мен шынайы байланысқа деген мұқтаждығы жөнінде терең ой тастайды. Анимациялық формада ұсынылғанымен, бұл фильм баланың емес, бала арқылы адамзаттың эмоционалдық және әлеуметтік жалғастығы туралы толғанысқа жетелейді. Элионың ғаламмен байланыс орнатуы – ішкі диалогке, өзін тануға апаратын күрделі жолдың көркем символына айналады.
Фильмнің тағы бір маңызды қыры – оның қазақ тіліне дубляждалу сапасы. Соңғы жылдары елімізде дубляж мәдениеті тың қарқын алып келеді. «Элио» фильмі осы үрдістің нәтижелі жемісі деуге болады. Кейіпкерлердің дауыс тембрі, эмоцияны беру техникасы, сөздің ұлттық бояуын сақтай отырып, көрерменге әсерлі жеткізуі – отандық дубляж өнерінің кәсіби деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Бұл – тек техникалық жұмыс емес, тіл мен мәдениетті сақтау жолындағы көркем миссия.
Фильмдегі анимация стилі, жарық пен көлеңке қатынасы, түстер палитрасы арқылы ішкі драматургияның берілуі – Pixar-ға тән көркем шешімдердің тағы бір дәлелі. Әсіресе, эмоция мен визуалдың үндестігі көрерменді Элионың ішкі күйзелісі мен үмітіне ортақтасуға итермелейді. «Элио» – заманауи анимацияның тек балаларға арналған өнім емес, үлкендерге де бағытталған көркемдік, тәрбиелік және философиялық мазмұнға ие күрделі туындысы. Қазақ тіліне сапалы дубляждалуы – бұл фильмді тек көру ғана емес, ұлттық тілдік ортада сезіну мүмкіндігін сыйлады. «Элио» – адамның ішкі әлеміне апаратын ғарыштық сапар.
Ал көркемсуретті фильмдерге көз жүгіртетін болсақ, соңғы онжылдықта комедия жанрының үстемдігі айқын аңғарылады. Кинотеатрлар репертуарынан комедиялық бағыттағы отандық фильмдердің басым болуы кездейсоқ құбылыс емес – бұл нарықтық сұраныс пен өндірістік тиімділіктің түйіскен тұсы. Отандық киноның комедия жанрына байлануы – продюсерлік тәуекелді азайтып, табыс табуға бағытталған нарықтық стратегияның нәтижесі. Себебі комедия – көрерменге түсінікті, кең аудиторияны қамтитын, тез өтетін жанр. Алайда аншлаг фильмдер көркем сапаның өлшемі емес. Кассалық табыс көркемдік ізденіс пен терең мазмұнның бар екенін білдірмейді. Сондықтан шынайы өнер туындысы болу үшін кино тек күлкі сыйлап қоймай, эстетикалық, әлеуметтік, идеялық құндылықтарға ие болуы қажет.
Дайындаған
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ