in

Ұлттың жоғын жоқтаған азамат

Ақжайық ауданы Базартөбе ауылдық округінде әкім болып тұрған кезде үйін музейге айналдырып жібергені ел есінде. Аманжол Сәлімов бір кездері Жаңақала ауылдық округіндегі музейдің басшысы болды. Соңғы үш жылда Теректі ауданындағы музейге жетекшілік етеді. Аманжол ағайдың негізгі мамандығы – зоотехник. Бірақ бұл тарихты түгендеуге еш кедергі келтірген емес.

Теректі ауданындағы музей мұрағатының сексен пайызын Аман­жол ағай өз қолымен жина­ған. Ағайдың көне жәдігерлерге деген әуестігі бала кезден бастал­ған. «Жайық бойындағы құм ара­сы­нан табылған ескі қорымнан патша заманындағы сөлкебайлар жиі кездесетін, жас кезде қадірін білмей сұрағандарға беріп жібер­дік», – дейді ол. 

– Жайық жағасында Книяз деген қала болған, он тоғызыншы ғасырда, мен Тайпақтың Кал­мыков мектебінде оқыған кезде сол жерден тиындар, түрлі құмы­ра­лар шығатын құм астынан, ба­ла­лықпен басында тек тиын жи­най­тын едік. Бала кезімізде су қай­­тып, жағалау ашылған кезде барып жинайтынбыз, кейін ол жерден таза күміс шәйнекті де тап­тым. Ол жерден мылтық, қылыш­тың сынығын да таптым. Кейін музей ашамыз деген мектептерге таратып бердім. Бірақ олардың сақталмайтынын түсіндім, сон­дық­тан да бұл жәдігерлерге өзім ие болуым керек деп музей ашуды көз­­дедім. Оқу бітіріп, ауылға бар­ып зоотехник болып жұмыс істе­дім ғой. Ауылдағы ескі қорымдар, орындар бәрін аралай беретін едім. Бүгінгі күні сол жерлерге бар­­саңыз, көшелердің орындары сақ­талған. Кейін өзім музей аша­мын деп құнттағалы базарға көп баратын болдым, себебі базардағы орыс әжелер көп дүниені шығарып сатып отырады. Бірақ өне бойы сатып ала беретін ақша бола бер­мейді, сондықтан еңбек демалы­сым­да сол ескі қорымдарды аралап кетемін. Бұл менің хоббиім сияқты ғой, – дейді өз сөзінде жәдігерші Аманжол Сәлімов. 

Ол Жаңақала ауданында қыз­метте болған кезінде сол өлкенің құм-тасын шарлап, жәдігер ізде­ген. Тіпті, жергілікті халықтан көне жәдігерлерді сатып алып, қор жинақтаған. Соңғы тиынын да көне жәдігерге беруге әзір тұратын Аманжол ағай қарақан бастың қамы үшін емес, ел тарихына жаны ашығандықтан осылай жас­ай­тынын айтады. Талай жыл жина­­ған жәдігерлерінің тең бөлігін Ал­ма­тыдағы республи­ка­лық муз­ей­ге тегін сыйлап жібер­ген. Оның жина­ған жәдігерлерінің бір парасы Ақжайық ауданындағы аудандық музейде тұр. Теректі музейінде тұрған көздің жауын алатын жез, күміс тектес металдар­дан жасалған ыдыстар, асылтасты сақиналар мен тас моншақтар көз тартады.

Аманжол Сәлімов ертеректе адамдар түрлі әшекейлерді жасау­дың технологиясын білген деп есептейді. 

– Бұрын әйнектерді балқытып, әйнек моншақтар істеудің тех­но­логиясын білген сол заманның өзінде. Мен басында осыны тауып алғанда бұл столбалардың басын­дағы тоқ өткізбес үшін қойылатын шыны деп ойладым. Кейін архео­логтарға көрсеткенімде, «бұл сол за­манда моншақтар жасау үшін қол­данылған әйнек қой» деді. Кей­ін дәл осы әйнек түстес мон­шақ­тар тауып алдым. Қазір музей­де тұр, – дейді кейіпкеріміз.

Теректі аудандық музейіндегі жәдігерлер көздің жауын алады. Әсіресе, ыдыстар мен әйелдердің әшекейі ел назарын бірден аудар­тады. Бұл жердегі жәдігерлердің қай-қайсысы да құнды. Қару-жарақ, ыдыс-аяқтар өткен ғасыр­дан сыр шертеді. Бұл жерде орта ғасырға тиесілі қанжар да бар. Ол қаңылтырмен қапталып, күміспен әрленген. Оны Аманжол ағайға Теректі ауданының тұрғыны сыйға тартыпты. Ал мына қыш құмыра­лар Сарайшық қаласы маңынан табылған. 

– Мына қыш құман, құмыра, құмыраның сынықтары кезінде Жай­ық бойындағы Сарайшық қала­сынан табылды. Қазір ол жер­ді қоршап қойды, бұрын ол жер сумен ағып жататын еді. Сол кезде адамның сүйектері, құмыралар, ыдыс­тар сумен бірге ағып жағаға шығып жататын еді. Негізі, ол жер­­­де әлі де өте көп жәдігер бар. Тек қазір ол жерді қазуға рұқсат жоқ, мемлекет қорғауына алды ғой, – дейді Аманжол Сәлімов. 

Жаңақала ауданындағы музей­ге басшылық еткен жылдары ол ауыл ақсақалдарынан сұрап, құм кезіп жүріп сармат дәуіріне жата­тын жәдігерлерді тапқан. Қыш құ­мыралардың бірнешеуін әкел­ген. «Мұндай заттардың көбі құм көшкенде шығады», – дейді Аман­жол ағай. 

– Осы құмыраларды Жаңақа­ладан таптым. Адамдардың сүйек­тері шықты ғой құм көшкенде. Сон­да осы құмыралар адамдардың бастарына кигізіліп қалған. Мына тастарды бұрын адамдар мойын­дарына байлап жүрген. Олар осы тастармен найзаның ұшын ұштап жіберетін болған. Мен құмның ара­­сынан пышақ, қайрақтың түр-түрін таптым, – дейді кейіпкеріміз. 

Ол қазақтар жәдігер сақтауға аса қатты әуес емес екенін айтады. «Татар халқы жәдігерді өте жақсы сақтайды. Ғалия деген әйел кісі бар. Сол тұрмысқа шықпаған екі кемпірді бағыпты. Екі кемпір бір дорба күміс алқа тастап кетіпті. Олар Екатерина дәуірінде жасал­ған күмістер екен. Ол әйелде біле­зік­тің, алқаның түрлері өте көп. Алтын монетаға дейін бар. Азғыр деген жерде Мұрат деген үлкен кі­сі­­нің үйінде құран кітап бар. Ол кітаптың үлкендігі – шырпының қорабын­дай. Сол кітапты алып, муз­ейге қойғым келген. Ол кісі көп ақша сұрады, менде ондай ақ­ша болмай, кейін қалып қойды. Азғыр ол Бө­кей ордасының аумағы ғой. Құмның арасында негізі жәдігер көп, мен ол жақтан түрлі әше­кейлер мен монеталар тапқан­мын. Қылыш, найзаның сынық­тары өте көп», – деген ойын айтты Аманжол ағай. 

Теректіден табылған мамонт сүйектерінің қалдығы да осы музейде тұр. Аманжол ағамыз муз­ей жанынан Ботай мәдениетіне жатады деген жәдігерлерден ашық аспан астындағы музей жасағысы келеді. Бірақ оған қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Жылқы жер­ленген қорымдардан табылған дүние­лерді де сол ашық аспан ас­тын­дағы мұражайға қоюды арман­дайды кейіпкеріміз. 

– Жылқылар жерленген жер­лер де бар. Сондай қорымдар біз­дің БҚО-да бірнеше рет кездесті. Біреуі Подстепное ауылы жанын­дағы қорымнан табылды. Ал енді бірі осы Теректі ауданы жанынан табылды. Олар көбіне қазба жұ­мыс­тары кезінде анықталып жата­ды. Ал Тасқала ауданынан табыл­ған жылқы жерленген қорымдар Ботай заманынан да бұрын жер­лен­ген қорымдар болуы мүмкін, – дейді. 

Жаңақала ауданы маңынан та­былған ат құралдары мен бөлшек­тері түгел сақталмаған. Алғаш тап­­қан жандар ат жабынына та­ғыл­ған күміс әшекейлерді жұлып алған. Өкінішке қарай, құнды жәдігерлерді жұлмалап, талап ке­тетіндер де бар. Ал Аманжол ағай болса, Қаратай әулетінен қал­ған сандықты әлі музейге жеткізе ал­май жүрмін деп қынжылады. 

– Бір сандық бар, өзгеше, үл­кен. Үлкен кілттері бар. Бірде ма­ған Марат деген кісі хабарласып, «мен­де Қаратай сұлтаннан келе жат­қан сандық бар сізге беремін» деді. Ол сандықты шешесі қалдыр­ыпты. Ал оның шешесінің аты – Софья Қа­ра­таева. Олар кезінде Ал­матыда тұрыпты. Сол Алматы­дан Оралға көшкенде сандықты тастамай алып келіпті. Кезінде Шахзода Шона­нова деген Арон­ның қызы осы сан­дықты пайда­лан­ған екен. Шах­зо­да Шонанова өзі репрессияға ұшыр­ап кеткен. Бұл сандық сол заманнан бері сақ­тал­ып келеді, – дейді Аманжол ағай. 

Теректі аудандық музейінде күмістен жасалған мөрдің түр-түрі бар. Өкінішке қарай, мөрдегі жазу­­ларды оқу мүмкін емес. Себебі көбісі арабша жазылған, ал кей­бірі­нің жазуы кетіп жатыр. 

Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінің жертөлесі ста­линдік репрессия кезеңіне арнал­ған. Ол жерде НКВД басшысының архив бөлмесі, тергеу бөлмесі, тұ­тқындарды арнайы орналастыра­тын барак та бар. Одан бөлек, тұт-қындарды азаптауға арналған орын да жасақталған. Сол кездің жәдігерлерінің жасалған бөлме өте ауыр, еңсені езеді. Бірақ ол шын­дық, ол – біздің тарихымыз. 

Біздің кейіпкеріміздің тарихқа деген құлшынысы сонша, осы жер­тө­ле қабырғасындағы тастарды түрме кірпішіндей қылып өз қолы­мен салған. Сол Сталин заманын­дағыдай етіп бояп, өз қолынан жа­са­ған. Бұл жерді дайындаған кезде тарихи фактілерге көп назар аудар­ған көрінеді. Төменге түссең­із, құд­ды қазір сізден жауап алар­дай суық бөлмеге тап боласыз. Реп­рессия құр­бандарының сол кездегі хал жайын жеткізу үшін біздің кей­іп­керіміз қолдан келген­ді жасаған. Қа­бырғаға Алаш арыс­тарының азаптаудан кейінгі сурет­тері ілінген. 

Аманжол Сәлімов – өз ісін сүйетін жан. Өте еңбекқор. Ол барлық жәдігерді жатқа біледі. Өзі табады, өзі түгендейді. Ол – ұлт мәдениетін түгендеуші азамат. Қазір де кезекті мұражайға арнал­ған экспонат­тарын тазалап, қа­ғып-­сілкіп отыр. Біз ұлт мәдение­тіне үлес қосып жүр­ген ағамыздың жұмысына сәттілік тіледік.

 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы