Осы сапар аясында Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті мен Шәкәрім университеті арасында академиялық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылып, сондай-ақ Шәкәрімге арналған музейді аралап, оның идеялық жолын жалғастырған қазақ ойы, мәдениеті, өнері мен әдебиетіне қатысты құнды жәдігерлермен таныстым.
Абайдың шәкірті әрі немере інісі Шәкәрім – ақын, ойшыл, тарихшы, аудармашы және сазгер ретінде танылған ерекше тұлға. ХХ ғасырдың басындағы жаңғыру, ұлттық ояну мен саяси дүрбелеңдер кезеңінде ол ар-ұждан, еңбек пен хақиқатқа негізделген тұтас ой жүйесін қалыптастырды. «Үш анық» атты еңбегі мен өзге де шығармаларында «ар ілімін», еңбек этикасын, сондай-ақ дін, ақыл және ғылым арасындағы үйлесімділікті жүйелі түрде негіздеп көрсетті. Алайда 1931 жылы Шәкәрім сот үкімінсіз атылып, оның шығармаларына 1980 жылдардың соңына дейін ресми түрде тыйым салынды. Бүгінде Шәкәрім есімі университеттерге, ескерткіштерге, ғылыми еңбектер мен басылымдарға арқау болып, қазақ руханияты мен мәдениетінің іргетасын қалаған ірі ойшылдар қатарында құрметпен аталады.
Шәкәрімнің өмір жолы мен тарихи контексті
Жастайынан Абайдың маңайына жақын жүріп, поэзия, музыка, философия мен тарихқа ден қоя бастаған Шәкәрім тілге бейімдігі мен терең ойлау қабілетінің арқасында Шығыс классиктері – Хафиз, Физули, Науаи сынды шайырлардың еңбектерін, сондай-ақ Батыс әдебиетінің көрнекті өкілдері – Пушкин мен Толстойдың шығармаларын оқып, зерделеген.
1903 жылы Ресей География қоғамының Батыс Сібір бөлімшесіне мүше болып қабылданады. Ал 1906 жылы қасиетті қажылық сапарына барып, бұл сапарында Мысыр мен Ыстанбұл қалаларындағы кітапханаларда ғылыми ізденістер жүргізіп, шығыстық және батыстық ой-ағымдармен тереңірек танысады.
1910-1920 жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлттық жаңғыру идеяларын алға тартқан Алаш зиялыларымен рухани байланыста болды. Ол кеңестік жүйенің далалық өмір салтын түбірімен өзгертуге бағытталған саясаттарына сын көзбен қарап, бұл өзгерістердің ұлттық болмысқа төндіретін қаупін терең сезінді. Осыған орай 1922 жылдан бастап Шыңғыстаудың баурайына оңаша кетіп, шығармашылыққа ден қойып, рухани тұтастық пен ар-ождан тазалығын сақтау жолын таңдады. Алайда бұл таңдау да оны ажалдан арашалай алмады. 1931 жылы 2 қазанда ешбір сот үкімінсіз, әділетсіз түрде атып өлтірілді.
Шығармашылық мұрасындағы ізгілік
Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы – жанрлық әрі мазмұндық тұрғыда аса бай. Лирикалық өлеңдерімен қатар, ол «Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Нартайлақ пен Айсұлу» сынды көлемді поэмаларында қазақ тарихы мен қоғамдық жадты көркемдік драма арқылы бейнелейді. Бұл шығармаларда тарихи оқиғалар мен әлеуметтік қақтығыстар адамгершілік пен махаббат, намыс пен әділет секілді тақырыптармен үйлесім табады. Шәкәрімнің музыкаға бейімділігі мен сазгерлік дарыны да оның шығармашылығында елеулі орын алады. Ол жазған өлеңдеріне өзі ән шығарып, күй де тартып, поэзиясын музыкамен сабақтастырған. «Қазақ айнасы» мен шежірелік жазбалары арқылы ол халықтың шығу тегі мен мінез-құлқын тарихи сана негізінде талдайды. Бұл еңбектер ұлттың болмысын ұғынуға бағытталған терең зерделеудің нәтижесі.
Ойшылдың философиялық дүниетанымының шырқау биігі – «Үш анық». Бұл еңбегінде Шәкәрім адамның кемел өмір сүруінің үш тірегін айқындайды: адал еңбек, арлы ұждан, шынайы жүрек. Ол осы үш ұстанымды негізге ала отырып, діни ақиқат, ғылыми білім және ар-ұждандық түйсікті (ар) өзара үйлестіріп, біртұтас дүниетаным ұсынады. Бұл еңбегі мазмұны мен құрылымы жағынан философиялық трактатқа жатады.
«Мұсылмандық шарты» – түркі-қазақ әлемінде сенім (ақида), құқық (фиқһ) және адамгершілік (ахлақ) мәселелерін қарапайым әрі түсінікті тілмен жүйелеп жазған алғашқы діни-этикалық еңбектердің бірі. Бұл кітаптың саяси және әлеуметтік ықпалы жөнінде қазіргі академиялық еңбектерде терең зерттеулер жүргізілуде.
Абайдың көркем аударма мектебін жалғастыра отырып, Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский» мен «Қар бораны» повестерін, Хафиз бен Физулидің ғазалдарын, сондай-ақ «Ләйлі–Мәжнүн» желісіндегі әйгілі шығарманы түпнұсқаға адалдықпен, «мағынаның әдебін» сақтай отырып тәржімалаған. Бұл аудармалар оның орыс, парсы, араб және түрік тілдерін терең меңгергенін әрі көркем сөздің мәнін жеткізудегі биік шеберлігін көрсетеді.
Ойшылдың көзқарасында еңбек – білім – адамгершілік үштағаны – адамның рухани кемелденуінің іргетасы. Оның атақты «адал еңбек, таза ұждан, шын жүрек» тұжырымдамасы жеке тұлғаның ішкі тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің негізін құрайтын нормативтік құндылық ядросы ретінде бағаланады. Бұл – қазақ ой жүйесіндегі тағдыршылдыққа қарсы, белсенді әрі жауапты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған жаңаша үндеу.
Сондай-ақ Шәкәрімнің дүниетанымында Мәтуриди тамыры айқын сезіледі. Ол Ханафи–Мәтуриди бағытына тән ақыл мен иманның теңгерімін сақтап, діни сенімді ақыл-оймен ұштастырады. Сенім мен ізденісті бір-бірін жоққа шығаратын емес, өзара кепілдік беретін рухани негіздер ретінде қарастырды.
Шәкәрім діни-ахлақтық тәжірибе мен заманауи ғылыми ойлау жүйелерін бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, толық адам концепциясы аясында оларды үйлестіруге тырысты. Ол Дарвин мен Руссо секілді батыс ойшылдарымен пікір алмасып, Платон мен Архимедке оң баға береді. Осы арқылы даналық пен ғылымның үндестігін мақсат етеді.
Сопылық қыры: Жүрек – Ар – Сезім
Шәкәрімнің дүниетанымында сопылық рух ерекше орын алған. Ол жүрек, ар (ұждан) және ішкі сезімді – адам болмысының тірегі, рухани дамудың өзегі ретінде қарастырды. Ойшыл үшін шынайы таным тек ақылмен емес, жүрек арқылы сезініп, армен өлшенуі тиіс. Бұл көзқарас сопылықтағы «жүрек көзімен көру», «ішкі әлем арқылы тану» қағидаларымен үндеседі.
Шәкәрім Алланы сүюді адамды сүюмен қатар қойды. Оның дін туралы ұстанымы моральдық биіктікке, адамгершілік тазалыққа негізделген. «Үш анық» еңбегінде ол ар-ождан мен жүректің үндестігін нағыз ақиқатқа жетудің жолы ретінде көрсетеді. Бұл тұжырым дінді сыртқы рәсімдермен шектемей, ішкі рухани шындықты іздеуге бағытталған сопылық дәстүрмен сабақтас.
Шәкәрім үшін сопылық – рухани кемелдікке жетудің, адам болмысының тереңіне үңілудің, мән мен мағына іздеудің жолы. Ол сыртқы діншілдікке емес, жүректегі тазалыққа мән берді. Зікір мен рәсімнен гөрі мінез тәрбиесі мен ұжданның үніне ден қойды.
Шәкәрім Қожа Ахмет Ясауи ықпалы айқын аңғарылатын Орталық Азия тасаууфының дәстүрінен нәр алған. Оның сопылық көзқарасында бірқатар ерекшелік айқын көрінеді. Атап айтқанда, зікірдің орнына – зерделі-имани мұрақабаға (яғни, өзін бақылау мен ішкі байыптау) басымдық беріледі, тарихаттағы сыртқы рәсімдерден гөрі мінез тәрбиесі мен жан тазалығы алдыңғы орынға шығады. «Дін – ғылым – ар» үштағанында – жүрек шындығы мен ұждан үні танымның ажырамас бөлігіне айналады.
Қазіргі ғылыми еңбектерде бұл көзқарас «зәһири (сыртқы) ақыл» мен «жүректегі танымды» өзара байланыстыра отырып, қазақы философиялық ойлау жүйесін халықаралық деңгейдегі философиялық диалогке жақындатқан тұжырым ретінде бағаланады.
Шәкәрім «Ар ілімі» мен «Үш анық» секілді ұғымдар арқылы Абайдың көбіне өлең мен афоризм түрінде берілген хикметті ойларын философиялық жүйелеу деңгейіне көтереді. Бұл – оның дүниетанымындағы жүйелілік пен танымдық тереңдіктің айғағы.
Сонымен қатар Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегі – халыққа діни білім беруге арналған, иман, шариғат және ахлақ мәселелерін жеңіл тілмен түсіндіретін практикалық-дидактикалық құрал ретінде бағаланады.
Шәкәрім – Алаш қозғалысының идеяларына рухани және дүниетанымдық тұрғыдан жақын, ұлттық жаңғыру мұраттарын бөліскен қайраткер. Дегенмен ол кеңестік әлеуметтік инженерия саясатына сын көзбен қарап, дала тіршілігінің дәстүрлі құндылықтарын қорғауға ерекше мән берді. Оның бұл ұстанымы жаңғыру үдерісіндегі парасатты сақтық пен адамгершілік негіздерден айнымай реформалау ниетін көрсетеді.
Шәкәрім поэзияның көркемдігін, философияның жүйелілігін және сопылықтың тереңдігін біріктіре отырып, «ар-ұжданға негізделген жаңғыру» идеясын ұсынды. Оның «Үш анық» атты еңбегінде түйінделген адал еңбек, таза ұждан, шынайы жүрек ұстанымдары – жеке тұлғаның кемелденуі мен қоғамның тұрақтылығы үшін моральдық конституция іспетті.
Шәкәрім шығармашылығында түркі халықтарының бірлігіне деген көзқарас та көрініс тапқан. Абайдан алған дана тілді жүйелеп, қазақ ойы мен руханиятын әлемдік философиялық кеңістікке алып шықты. Саяси қуғын-сүргінмен уақытша үнсіз қалса да, бүгінгі Қазақстанда жаңа өркениеттік негіздің рухани тірегіне айналып отыр.
Мұса Қазым АРЫЖАН ,
Түркия Жазушылар одағының төрағасы,
профессор