in

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Қазан қаласынан табылған суреті хақында

Әріптесіміз  Қазан қаласына жасаған сапары барысында бұрын беймәлім болып келген Ұлт ұстазы, ХХ ғасырдың басындағы халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ақын, аудармашы, тұңғыш публицист Ахмет Байтұрсынұлының Татарстан Республикасы Ұлттық музейі қорындағы бір топ татар зиялыларымен түскен суретін тауып жариялады. Құнды тарихи сурет жайында газет бетінде жарияланған мақаласында және теледидардан берген сұхбатында ой бөліскен ғалым: «Екіншіден, бұл құнды мұрағат материалы бізге көрнекті ғалымның Қазан қаласында 1927 жылдың күзінде жасаған іссапары туралы тың мағлұмат ұсынады. Осы уақытқа дейін А.Байтұрсынұлының Татарстан астанасына барды деген деректі кездестірмедік», – деп жазады. Ал  тарихи деректерді зерделеп қарасақ, Ұлт ұстазы Қазан қаласында болған. Бұл жайында тарихи деректер де бар. 

Ұлт ұстазы 1929 жылы 12 мамырда өз қолымен жазған өмірдерегінде кеңестік билік жылдарындағы қызметі туралы: «1919 ж. екінші жартысынан 1920 жылы соңына дейін Қазақ өлкесінің әскери-төңкерістік комитетінде комитет мүшесі болдым. 1920 ж. Бүкілодақтық атқару комитетінің орталығы (ВЦИК) және әскери-төңкерістік комитет мүшесі болып сайланғаннан кейін, өзімнің лингвистикалық жұмыстарымды қайта қолға алдым. 1921 жылдан бастап лингвистикадан бөлек, Қазақстандағы жауапты лауазымдарда жүріп, Оқу ағарту ісі жөнінде бірінші халық комиссары ретінде, кейіннен орынбасары болып, сонан соң Халық ағарту комиссиараты жанынан құрылған Академиялық орталықтың төрағасы болып тағайындалғанда, біртіндеп оқу-педагогикалық жұмыстарына ден қойдым. Қазақ халқы ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби  комиссиясының төрағасы кейін алқа мүшесі болдым. 1921-1928 жылдар аралығында Халыққа білім беру қазақ институтында (КИНО) қазақ тілі, қазақ әдебиеті және қазақ мәдениеті пәндерінен дәріс оқыдым, мұнан басқа 1926 ж., 1928 ж. ҚазМУ-ге ауысқанға дейін Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында доцент болдым», – деп жазады. Яғни, бұл кезеңдегі бүкіл ғұмырын оқу-ағарту саласындағы ұстаздық жұмысқа және қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуге арналған ғылыми еңбектер жазуға арнады.

Ғылыми-педагогикалық жұмысы барысында көптеген қиыншылықты көрді. Кешегі алашордашыл деген сенімсіздік пен әрбір басқан қадамын аңду Ұлт ұстазының алаңсыз жұмыс істеуіне көп кедергісін келтірді. Оның үстіне, осыған дейін қолданылып келген, оқып жаза білген Қазақ халқының жазу алфавитін ауыстыру жөніндегі Кеңестік биліктің құйтырқы саясаты халықты сауаттандыру жөніндегі ушығып тұрған мәселені одан сайын ушықтыра түсті. Жалпы, кеңестік билік, қазақ халқын бұған дейінгі қолданыстағы араб жазуынан және Ұлт ұстазының араб алфавитінің негізінде жасаған төте жазу әліппесінен айыруды жан-жақты ойластырып жоспарлаған. Кеңестік биліктің бұл құйтырқы саясатына Ұлт ұстазы бастаған Алаш қайраткерлері қарсы шықты және қарсы күресте жүргізді. Мәселе, Қазан төңкерісінің басында тұрған революционерлердің бірі Л.Троцкий: «Маркс ілімінің иісі мұрнына бармайтын, тіс жұлудан өзгені білмейтін, жоқ жерден пайда бола қалған төңкерістің әпербақан әміршісі», – деп сипаттаған Л.Голощекиннің Мәскеудің пәрменімен Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгеннен кейін республикамыздағы қоғамдық-саяси жағдай қатты шиеленісе түсті. Әпербақан әмірші Қазақ жеріне келе салысымен тап күресін ұрандатып, халқымыздың ұлтжанды қайраткерлеріне қарсы күресті бастады. Халқымыздың тілін дамыту, мәдениетін көтеру, оқу-ағарту саласын өркендету секілді өмірлік мәселелердің барлығын ұлтшылдықтың көрінісі деп бағалап, ұлт мүддесі жолында қажырлы еңбек етіп жатқан ұлтжанды қайраткерлердің барлығына «ұлтшыл» деген айдар тағып, қудалауды өзінің басты жұмысы еткен еді. 1927 жылы қараша айында өткен партияның ІІІ пленумында жасаған «Қазақстандағы ішкі партиялық жағдай туралы» деген баяндамасының басым бөлігінде Л.Голощекин С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев секілді ұлт қайраткерлерін «еуропалықтарға қарсы күресушілер», «топшыл көсемдер», «ұлтшыл көсемдер» және тағы да басқа айыптаулармен айыптап, біраз көпіргеннен кейін партияда жоқ ұлт зиялыларын пайдалану жөніндегі мәселеге өзінің қарсы еместігін айта келе: «Бірақ мен олардың біздің партияға ықпал етуіне, партия ішіндегі топтар келісе алмаған кезде оларға жүгінуге қарсымын.

Сондай-ақ олардың бізге идеологиялық ықпал етуіне, баспасөз, мектеп секілді нәрселердің олардың қолында болуына қарсымын. Міне, жолдастар, ешкім байқамаған кішкене мәселе – қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесі. Мен латыншыл да, арабшыл да емеспін, мұнда басқа нәрсені айтқым келеді ғой, бұл партия басшылығының мәселесі. Ал іс жүзінде мәселені партиядан тыс Бөкейханов, Байтұрсыновтар шешіп отыр. Түркологиялық съезге олар барды, қазақтар атынан олар сөйледі. … Қазанға Байтұрсынов барған», – деумен бірге: «Қазақстанда бізде бар болғаны 3-4 пайыз ғана сауатты адамдар бар. Демек, бұл мәселені сол 3-4  пайыз сауатты немесе өздеріне ыңғайлап әліпби жасап, реформалап отырған партияда жоқ интеллигенция шешіп отыр», – деп бар қаһарын Алаш зиялыларына төкті. (Қазақстан Республикасының Президентінің архиві. 141-қор, т-1, іс-38. 35-36 п.п.). Яғни, Ұлт ұстазының Қазан қаласына барған сапары туралы партия пленумында бірінші хатшының аузынан айтылды, Ұлт ұстазын онда жібергендер «ұлтшылдықпен» айыпталып қуғындалды. Және осы «ұлтшылдық ауытқушылыққа» басты «кінәлі» жауапты тұлға ретінде С.Сәдуақасовты айыптады. Л.Голощекиннің партиялық басшылықты алға тартып, өзінің жеке-дара диктаторлық билігін орнатуы осы кезден басталған еді.

Бүкіл Кеңес Одағын, соның ішінде Қазақ елінде қатты жүргізілген жаппай қуғын-сүргін жылдары Алаш қайраткерлері алдымен тұтқындалғанын білеміз. Ұлт ұстазы 1937 жылы тамыз айында тұтқындалды. Ұлт ұстазы 1937 жылы 28 тамыз күні өз қолымен жазған көрсетуінде, өзінің латын жазуына неге қарсы шыққандығына тоқталып: «Мен латын әрпіне көшуге қарсы үлкен күрес жүргіздім. Латын әрпіне көшуге мен Бакудегі 1 Түркологтар съезінде (1926 ж.), Қазақстандағы осы мәселе бойынша өткен барлық талқылауларда, сондай-ақ Татарстандағы мәдениет қызметкерлерінің кеңесінде (1926 ж.) қарсы пікір айттым. Мен латын әрпіне көшуге қарсы болдым, біріншіден, бұл шараның ешқандай қажеттілігін көрмедім, екіншіден, қазақтар қолданып келген араб әліпбиінен артықшылығын таппадым, үшіншіден, ең маңыздысы – жаңа әріпке көшу сауатты қазақтарды сауатсыз етіп шығарады. Бұл халық үшін үлкен мағынаға ие, себебі сол уақытта сауатты адамдар қатты жетіспейтін. Халық арасындағы сауатсыздық жойылмаған кезде жаңа әріпке көшу сауатсыздықты жоюдың орнына оны көбейтуге әкеледі. Осы ойларға байланысты мен латын әрпіне көшуге қарсы болдым», – деп батыл түрде мәлімдейді («Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар». 5-том. Алматы: «Kitap», 2023. – 532б.).

Ұлт ұстазы 1929 жылы 1 маусымда қолдан ұйымдастырылған әртүрлі саяси айыптаулармен айыпталып, тұтқынға алынды. Ұлт көсемі Ә.Бөкейханов: «А.Байтұрсынов өз халқының Кирилл мен Мефодиі, Новиковы мен Радищеві» деп бағалаған Ахмет Байтұрсынұлының қараңғы қазақ халқын жарқыраған жарық шам болып алға жетелеген тауқыметті тағдырының қилы кезеңі осыдан кейін басталған еді.

Досалы САЛҚЫНБЕК, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры