Қошеметін аямаған сол көрермен бүгін осы қойылым билетінің сатылымға шыққанын асыға күтетін болды. Өйткені шымылдығы түрілген спектакль жүрекке жетті. Бұл – режиссердің шығармашылық қуатының байлығы, ойлау шеңберінің кеңдігі. Біз жақында сахна алдына тізілген жұртқа толассыз эмоция сыйлаған туындының режиссері Әли Бидахметпен әңгімелесіп, ішкі жан дүниесі мен шығармашылығына үңілдік. Сұхбатымыз театр, режиссура тақырыбында өрбіді.
– Әли мырза, жақында Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері қызметіне тағайындалдыңыз. Бұл лауазым жұмысыңыздың жүгіне тағы қандай салмақ қосады?
– Бұл қызметтің өзіне жарасар салмағы бар. Бұған дейін ұжымда актер әрі режиссер болып қызмет еткен соң, біраз жауапкершілікті мойныма алмадым. Қазір болса театрымыздың бүкіл репертуары, жылдық жоспары, алда қоятын қойылымы мен қандай режиссерлер келетіні, сондай-ақ қатардағы актерлердің жаңа рөлдерге еніп, өзін басқа қырынан ашуы, қысқасы, театрдың тыныс-тіршілігінің бәрі осы жаңа лауазымның жүгі деуге болады. Театрдың айнасы – актер. Ал сол актерді өсіретін, театрды жаңа бағытқа сүйрейтін, оған жаңашылдық әкелетін – режиссер. Сондықтан бас режиссердің міндетін дұрыс атқару – мен үшін өте жауапты жұмыс. Бұл осыған дейін жасаған жұмысыма еселеп салмақ қосайын деп тұр.
– Есіміңіз қазақ режиссурасында танылып жатқан жас талантты режиссердің қатарында аталып келеді. «Танакөз» бен «Сәйгүлік» қойылымдары сіздің қолтаңбаңызға айналды. Алдағы уақытта тағы қандай тақырыпты арқау еткіңіз келеді?
– Көрермен солай бағаласа, алғыстан басқа айтарым жоқ. Сіз айтқан спектакльдермен гастрольге де шығып келдік. Алдағы уақытта қоятын тақырып та, дүние де көп. Театр ұжымы үшін жоспар бәрінен биік тұрады. Жоспарымда қазақ авторларының шығармашылығын көбірек сахналағым келеді. Өйткені заманымызға сай жазылған еңбектер бар, осылайша ұлттық дүниемізді шығаруымыз керек. Бұл – маған дейін де, менен кейін де айтылатын нәрсе. Келесі жылы сахнаға шығатын үлкен әрі маңызды қойылым бар. Ол – Естай мен Қорлан махаббатына арналған, олардың шынайы өмірін арқау еткен авторлық дүние. Ол музыкалық қойылым болатыны анық. Өйткені бұл жанр жаныма жақын. Рок-опера бола ма, муздрама бола ма, оның бәрі алдағы уақытта нақтыланады. «Естай–Қорлан» ұлттық сипаты бар қойылым болмақ.
– Театр өнері – таза, ғажап әлем. Бұл сала майталмандарына не керек? Сіздіңше, олар қандай болуы керек?
– Театрға келгенімнен бастап мен білмеген нәрсе көп екенін ұқтым. Осы жолда түйгенім, өнер адамына керегі – еңбек және ізденімпаздық. Бұлай деуімнің себебі, егер осы екі қасиет бойыңызда болмаса, режиссердің өсуі екіталай. Режиссерге ізденіс өте керек. Спектакль қойғанда оны көркемдеп, заманауи форматқа салу үшін бойда осы қасиеттің болғаны абзал. Актерлерді таңдауда мұқият болу керек. Олардың өсуі тікелей режиссерге қатысты. Сол арқылы актерді өсіреміз. Театрда құпия жатқан дүние көп. Театрдың қызығы да сол, құпиясын шешеміз, жауабын табамыз. Және оны ешкім таба алмайтын да сияқты. Егер ол табылған жағдайда, меніңше, театр өмір сүруін тоқтатады.
– Сонда спектакльдің «шедевр» шығуы үшін режиссердің аянбай еңбек еткені жеткілікті ме?
– Жоқ, әрине. Қазір көп нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Театрлар мемлекеттен бөлінетін бюджетке спектакль қойып келеді. Меніңше, сырттан демеушілерді тартқан дұрыс. Осы жолда өзіміз де демеушілерді іздеп жатырмыз. Өйткені М.Әуезов атындағы театрда қойылатын «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» спектаклін «Рахат» компаниясы қаржыландырып, қайта шығарып жатыр. Біз де тың жобаларды жүзеге асырайық десек, қаржы жетіспегенінен кейінге қалып қояды.
– Театрлар бұрын шетелден режиссерді жиі шақырып тұратын. Қазір бұл үрдіс қалай? Қазақ режиссурасының дамуы туралы не айтасыз?
– Режиссура өсіп жатыр. Заман бір қалыпта тұрмайды ғой. Әр заман өз адамдарымен жасайды. Алдыңғы кезең жақсы режиссерлерін қалыптастырып шыққан болса, қазіргі кезең де өзінің жас актер, режиссерлерін тудырып жатыр. Шетелден режиссер шақыру дегенді қолдаймын. Бұл – тәжірибе алмасып, жаңа дүниелерді көру. Қазақтың тарихында театр кірме өнерлердің бірі. Сондықтан оның негізгі жүйесін жасаған режиссерлерден үйренуіміз керек. Солардың бағытымен театрымыздың негізгі жолын жасаймыз.
Театрды кірме өнер деп отырғаным, бұл өнер сонау Грекиядан келді. Біздің қолданып жүрген бағытымыз, стиліміз, бәрі Ресейден келген шеберлердің тудырған дүниесі. Жаңа режиссерлер келіп спектакльдерін қойып жатса, жақсы болар еді. Мысалы, Әзірбайжан Мәмбетов Е.Вахтанов атындағы Мәскеу академиялық театрында Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты көркем дүниесін қойды. Сол уақытта қазақ театрларына да басқа елден келген режиссерлар қойып жүрді. Мұндай үрдіс қазір де жалғасуы керек. Әзаға театрының жаңа маусымында башқұрттық режиссер Айрат Абушахманды шақыруды жоспарлап отырмыз.
– Сіз сахналаған қойылымдарды қалың көрермен қызығып көреді. Солардың ішінде бір қайнауы ішінде кеткен спектакльдер бар ма?
– Көпшілікке ұнаса, еңбегіміздің зая кетпегені. Спектакль соңында олардың эмоциясынан, тілегенін жақсы көңіл күй сыйлағанымызға қуанамыз. Қазіргі мақсатым сол – көрермен үшін жұмыс істеймін. Ал «әттеген-ай» дейтін спектакльдер барлық жұмыста болады. «Болдым, толдым» деп айтудың өзі қате болар. Егер қандай да бір қойылым көңілімнен шықпаған жағдайда, актерлермен жеке жұмыс істеймін.
– Бұған дейін қойған спектакльдеріңіздің ішінде сізге салмағы ауыр болғаны қайсысы?
– Белгілі бір спектакльдің жүгі ауыр деп қадап айту мүмкін емес шығар. Өйткені кез келген спектакльдің қиындығы әрқилы. Техникалық тұрғыда қиын спектакльдер болды: ол – «Сәйгүлік» муздрамасы. Себебі сахнадағы әр оқиға үлкен контейнердің қозғалысынан тұрды, көзге көрініп тұрған жарықты жасау жағы да оңай емес. Бүкіл ән жанды дауыста айтылады. Одан кейін процесс жағынан, таңдау жағынан қиын болатын спектакльдер туралы сөйлесек, бәрінің деңгейін тең көремін. Солай болған жағдайда еңбегіңіз бір күні міндетті түрде ақталады. Мысалы, «Танакөз» премьерасы Тикетон премиясын ұйымдастырған театр бөлімі бойынша «Жылдың үздік спектаклі» деп танылды.
– Әр маманның кәсіби қалыптасуында ұстаздың еңбегі зор. Сіздің ұстазыңыз кім? Ұстаз дегенде ең алдымен кімді атайсыз?
– Театрға, өнерге баулыған ұстазым көп. Бұл өнердің сиқыры мен сырын үйреткен, ғашық еткен, жаңа бағыт пен жаңа дем берген ұстазым – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде сабақ берген Ерлан Кәрібаев. 9-сынып бітірген бала не білсін, сол кезде мені қамшылап тұрып, өнердің қыр-сырын меңгерткен осы кісі еді. Марқұм Есім Сегізбаевтан да алғаным көп. Есім ағаның тәлімін алған небір мықты актерлер, режиссерлер бар. Одан кейін «Алашұлы» тобының солисі Мақсат Рахмет ағамыздан табанды болуды, еңбекті үйрендім. Колледж бітіргеннен кейін Қазақ ұлттық өнер униерситетіне түстім. Ол жақта Сайлау Қамиев өнерде тағы бір биікке өсуіме септігін тигізді.
– Театрдың жаңа маусымында, жаңа қызметіңізде қандай жаңалықтар болады?
– Жаңалығымыз көп. Премьерадан бөлек, «Қасым» кітап баспасымен серіктестік орнаттық. Яғни, әр спектакльден кейін бас кітаптары театрымыздың фоесінде сатылымда тұрады. Сондай-ақ театр актерлері осы кітап баспасымен подкасттар мен съемкалар түсіруді жоспарладық. Алдағы уақытта осы баспаның кітабында жазылған бір шығарманы сахнамызда спектакль түрінде қоятын боламыз. Премьера – әр театрдың алдағы жаңалығы. Мұндай бастамаларымыздың ең біріншісі – күш атасы Қажымұқан жайлы спектакль. Оны режиссер Ақниет Жақсығали қояды. Сахнамыздан цирктің манежін, элементтерін көресіздер. Цирктан арнайы маман алдырдық. Осы маусымнан бастап акробатика толыққанды жүреді. Жас актерлердің көбін сол жаққа икемдеп жатырмыз.
Бұдан бөлек, Әзірбайжан Мәдиұлының мемлекеттік сыйлыққа ие болған, Мәскеу қаласында сахналанған көптеген қоры бар. 8 маусымнан бастап біз сондай спектакльдердің жыл сайын біреуін қойып, репертуарымызға қосып отырамыз. Соның алғашқысы Әзағамыздың «Қан мен тері» болмақ. Оны қоюға башқұрттан шыққан атақты режиссер Айрат Абушахманды шақырдық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болады деп сенемін. Өйткені ол – театр саласының оскары саналатын «Маска» сыйлығына ие болған талантты режиссер.
Сөйтіп, жаңа айтқанымдай, жыл соңында Естай мен Қорлан махаббатын арқау еткен спектакль қоямыз. Режиссері – өзім. Ол таза ұлттық колоритте, жанды дауыста, ұлттық аспаппен ойналатын қойылым болады. Ол рок-опера, муздрама жанры болар. Өйткені театрымызда көбіне драма басым болады.
– Режиссер ретінде ғана танылған Әлидің көпшілік білмеген тағы қандай жетістігі бар?
– Бұл сұраққа жауабымды өзімнен емес, театрымнан бастағанды жөн көріп отырмын. Өйткені мені көтерген, өсірген – театр. Театрымыз Көшпенділер ойыны кезінде үлкен мерекелік іс-шараларда, қаланың әр түкпірінде өткен концерттерде өнер көрсетті. Сол кезде өзіміз күтпеген жаңалық болып, әріптесім Қазыбек Аманжол екеумізді театрдағы еңбегіміз үшін Forbes журналы өзінің тізіміне енгізді. Бұл – біз күтпеген ең керемет жаңалық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ