Науқасқа басқа қан тобын құйып жіберу қандай қауіпті болса, музыкалық талғамыңды мипалау жасау да сондай үрейлі әрекет. Барабаншыл батыстың жеңіл, салмағы қаңбақтай ұшпа әндеріне өз топырағына терең тамыр жіберген халықтық сазы ғана қарсы тұра алады. Сондай аяулы ақынкомпозиторымыздың бірі – Асхат Сүйіндік.
Адам өзіне жарасқан киімді ұқыптап, жұрт мақтағасын ұзақ үстінен тастамай киеді. Сол сияқты ән мен мәтін бір-біріне жарасса, гүл мен топырақтай үйлесімде болса, онда тотықұстай таранып, масатыдай құлпырып шыға келеді. Оның әділ төрешісі саналар тыңдарманның сеніміне төрлеп, бір-екі күнге келген «қонағына» емес, үйінің «тұрақты тұрғынына» айналады. Кәсіби ақындық деңгейге көтерілген, шығармашылық қуаты замандастары тарапынан мойындалған Асхат Сүйіндік ән мәтіндерін жазуға хоббиі ретінде қарамайды. Өзінің де тамаша авторық әндері бар. Отар қойын сыртынан санап қойып, кейбір шопандардай «түгел екен» деп тоқмейілсіп жүре бермейді, әр нәрсенің ішіне үңіліп, ықпыл-жықпылына барлап қана әнге жан беретін маржандай асыл сөздер тауып, композитормен шығармашылық одақта жұмыс істейді.
Отанға деген махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік, он сегіз бен жиырма бестің бұлқынған бұла сезімі, жан түкпіріндегі нәзік дауыстарды еститін сыршыл лиризм, ақ пен қараның арпалысы, жақсы мен жаманның тартысы – Асхат Сүйіндік жырларының негізгі қозғаушы күші. Абай туған топырақтың перзенті арзан мен жасыққа әуестенбейді. «Құлақтан кіріп, бойды алар» шедевр дүниелер ғана тудырады. Он саусағынан бал тамған ағаш шебері сөз құрылысына да, мелодияның ішкі гармониясы мен сыртқы пластикасына да ерекше мән береді. Өзі жасаған жиһаздардың беріктігі мен сұлулығына қалай акцент қойса, осы талапты ақындық лабораторясына да басты критерий қылып алады.
Құдіретті музыканың кез келген халықтың санасын төңкеріп салатын күші бар. Батыс елдерінің тарихында жауынгерлік, пафостық шығармаларының революциялық көңіл күй сыйлаған мысалдары аз емес. Адольф Гитлер Рихард Вагнердің үрмелі аспаптарға басымдық берген оркестрінің қуатын неміс ұлтының ой-талғамына сіңіріп, Екінші дүниежүзлік соғыстың тұтануына алып келді. Жазушы Дидахмед Әшімханұлы Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеруде бірінші кезекте идеологиялық жұмыстар жүргенін айта келіп: «Жерге соқа түсу үшін, алдымен қағазға нота түскен», – деген еді. Демек, елдік мұраттарды баянды етуде, мемлекетшіл рухты қалыптастыруда пернелердің дұрыс басылуын ойламасақ, алдымыздан түрлі перделер шыға беретіні анық. Бұл миссияны Асхат Сүйіндік өте терең түсінеді. «Балама аманат» өлеңінде:
– Тербетіп сені, әлдилеп балам,
Шырқатып айтып берейін жаңа ән.
Көзіңді ашып қарай ғой, қарғам,
Нұрлы еді қандай сен келген ғалам.
Қазақтың жері – сен жатқан бесік,
Алладан бүгін бұйырған несіп.
Ертегі елің Ертөстік болып,
Құлпырып бүгін, келеді өсіп.
Қайырмасы:
Тәуелсіз елім!
Кең байтақ жерім,
Тербетсін сені, анаңдай керім.
Ерікті санам,
Егемен далам,
Ертеңім саған, аманат балам, – деп тебіренеді. Автор өмір эстафетасын ертеңге жалғар жас буынға ел мен жердің қадірін түсіндіріп, отансүйгіштік сезімін оятады. Жазушы Лев Толстой «Крейсер сонатасы» повесінде әншілердің репертуарын мұқият қадағалайтын қытай елінің тәжірибесін сүйсіне баяндайды. Дәл осындай постулат попсалық популацияны тежеп, руханиятымызға бесік атын қайтарып беру үшін бізге де ауадай қажет. Оның жарқын өкілі саналатын Асхат Сүйіндіктей өнерпаздарды қолдап-қолпаштап, көркемдік көкжиегін тани білуіміз қажет. Әзірше ұлттың ұпайын түгендейтін бұл мақсатты олар үндемей атқарып келеді. Бүгінгі заманның Ілияс Омаровы мен Өзбекәлі Жәнібековы қайта туып, мәдени кеңістігімізде бір серпіліс боларына сенеміз.
Атамекен, туған жері – әркімнің бойтұмары. Суы бал, шөбі шүйгін, самалы жаныңды тербейтін өскен өңіріңнің өрнегі бөлек. Оны жырында тұмарлап, әуезбен құнарлап, көңілінде кестелемеген өнер иесі кемде-кем. Асхат Сүйіндіктің «Аягөз ағады» туындысы – соның бір дәлелі.
– Неге мұңлы, Аягөздің жанары,
Жаз ғұмырдың
жоғалған ба жамалы.
Жүрегінен кешегідей жыр тулап,
Тербемейді Өкпетінің самалы, – дейді автор. Әнге әр беретін, бойына қан жүгіртетін ғажап сурет. Ностальгия. Сағыныш. Шығыстың алқасындай Аягөз өңірі көз алдыңа келіп, жұпарын сезінесің. «Аядай бұлақ деседі» деп келетін Мұқағали Мақатаевтың «Аягөз – ару» жырымен үндесік табасың. Әнмен астасқан мөлдір сезімнің тұнығына сүңгіп кетіп, біраз уақыт жағаға шыққың келмей, ғаламат күй кешесің.
Белгілі композитор, әнші Тұрсынғазы Рахимовтың «Сәби болғым келеді» әнін білмейтін қазақ жоқ. Асхат Сүйіндік сол маэстроға жақсы шәкірт болып, ақылын көп тыңдаған. Тек жерлес қана емес, рухани әкесі санаған. Осы тандем «Тұрсынғазы әні» туындысын өмірге әкелді.
– Қазақтың ұлы,
Ғажайып үні,
Даламда дабылдаған.
Ақанға іні,
Біржан сал пірі,
Кешегі жалындаған.
Тыңдайсың ұйып,
Жүрекпен сүйіп,
Әуенін ол ырғаған.
Толғаса сазды,
Қондырған қазды,
Көліне мамырлаған, – дейді ол бар махаббатымен. Сөзбен тұрғызылған ескерткіш, әнмен қашалған мүсін! Оңаша қалып тыңдай бергің келеді. Ұстазды ұлықтаудың, оны ұмытпаудың керемет үлгісі.
Аламанда атой салудың эмоциялық тұсы, желпіндірер күші керемет жігер береді. Ағызып өтетін арғымақтың шабысына кім сүйсінбейді?! Асхат Сүйіндіктің «Тұлпарым» жырында осы мінез бар.
– Пай, шіркін, жануарым!
Келеді жауындатып,
дауылдатып,
Шабандоз қамшыңды
бас сауырлатып.
Әй, азамат,
Алға, қазақ, алға, қазақ! – дейді аласұрған ақын жүрек. Қос құлағын қайшылап тұрған Тайбурылды көз алдыңа әкеледі. Бұл туындыны тыңдаған қаланың қақатұяқ баласы, ат жарысын ипподромда тамашалаған бостекі қалпынан арылып, қолына қамшы ұстары анық.
Асхат ақын көңіл иірімдерін шебер суреттеп, жүректің нәзік қылын шерте біледі. Лирикалық тақырыпта жазған шығармаларының бояуы бөлек, келбеті сұлу. «Алматы түні», «Өмір», «Тағдыр», «Ана», «Бауырым», «Арман-ай» т.б. ішкі энергетикасы, музыкамен ымдасуы ғажап. Мысалы, «Құс жолы» өлеңінде:
– Құс жолы – менің де
алыс сапарым,
Қарап тұрмын қаздың
қайтқан қатарын.
Тіршіліктің таусылғанда жаз әні,
Құсқа ілесіп,
қалқып бара жатамын, – деп толғайды ол. Өмір философиясы. Оның поэзиясы мен ән мәтіндерінде айдың арғы бетіне үңіліп – тағдыр сынағы мен тіршілік тауқымет еңсеру, ұршықтай иірілен жылдар мәнін түсіну мен сынаптай сырғыған уақыт қадіріне жету, сөйтіп оқырман мен тыңдарманға өзінің қорытындысын ұсыну бар. Аймаңдай ақынды ерекшелеп тұрғаны да осы қасиеті!
Бекжан ӘШІРБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты