in

Өнер арқылы өзгерген қоғам

Өйткені өнер шекараға бағынбайды, ол халықтар арасындағы ортақ тілге, өзара түсіністікке қызмет етеді. Әрбір мәдени туынды белгілі бір ұлттың топырағында дүниеге келсе де, оның мәні мен мағынасы бүкіл адамзатқа ортақ бола алады. Бұған дәлел – әлемдік жұлдыздардың өнері. Қазақ Димашты, Америка Джей Лоны меншіктей алмайды. Өйткені олардың таланты адамзатқа ортақ.

2025 жылдың есте қалған мәдени оқиғаларының бірі – Джей Лоның Қазақстанға келуі. Иә, бұл жаңалықты естіген сәтте ешкім сенбеді. Бірақ сәуір айында Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов концерт ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түседі деп болжады. 

– Дженнифер Лопестің келуі – Астананың A класты жұлдыздар гас­троль­дік картасында жаңа кезең ашатын маңызды оқиға болмақ. Шетелден 15 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар. Қала экономикасына қоса­тын жалпы үлес 6,5 миллиард теңге көлемінде болады, бұл HoReCa жүйе­сіне (қонақүй-ресторан бизнесі сег­менті) және концерттен түскен 400 миллион теңгеден астам тікелей салық­тық түсімдерден тұрады, – деді Мәлік Хасенов.

Оның айтуынша, Қазақстанда мәдени туризм саласында үздік болуға барлық қажетті ресурс бар. Астана әкімдігімен бірлесіп алдағы үш жыл ішінде елордада А класындағы жұлдыз­дардың 10 кон­цертін өткізуді көздейтін іс-шаралық туризмді дамытудың стра­тегиялық жос­парын әзірлеу жоспар­лануда. Осылайша, халықаралық дең­гейдегі концертті халық асыға күтті. Билет сатып алу үшін де сайтта сағаттап кезек күтті. Астанада өте­тін концерт билеттері 3 сағат 51 минутта сатылып кетті. Сұраныстың көптігіне орай ұйым­дастырушылар Джей Лоның ком­ан­дасымен келіссөз жүргізіп, 10 та­мызда әлемдік жұлдыз Алматыда екінші рет өнер көрсетті.

Джей Ло Қазақстанның қошеметіне бөленді

Әлемдік мегажұлдыздың Астанадағы шоуына 25 мыңнан астам адам билет сатып алған. Оның кемінде 30 пайызы шетелдік туристер. Мамандар бұл кон­церттің ел экономикасына нақты пайда әкелгенін айтады. Қонақүй, мей­рамхана және қоғамдық тамақтану нысандары 6 жарым миллиард теңге көлемінде пайда табады деп жоспар­ланған. Ал тікелей салық түсімі 400 миллион теңгеден асады деп көзделген. Ал концерт өтетін күні Астана-Арена маңындағы қауіпсіздікті 1300-ге жуық полиция қызметкері қамта­масыз етті. Концертке көлік қозғалысы өте жақсы ұйымдастырылды: арнайы автобустар, кең тұрақтар мен такси үшін ыңғайлы жағдайлар жасалды. Көрер­мендер үшін аренаның өзіне дейін жүретін арнайы шаттлдар ұйымдасты­рылды. Таксимен немесе жеке көлікпен жүргендер оңай тұрақтады – кептелістер болмады. Аренаның жанында кең автотұрақтар жұмыс істеді. 

Жанкүйерлер елдің түкпір-түкпірі­нен, тіпті шетелдерден келді. Қонақ­тардың арасында Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, сондай-ақ АҚШ-тан арнайы келген көрермендер болды. Ал Джей Ло сахнаға шыққан кезде көрермендер ерекше қошемет көрсетті. Ол сүйікті хит әндерін орындады: Ain’t Your Mama, Let’s Get Loud, Love Don’t Cost a Thing, If You Had My Love, Get Right және ерекше ықыласпен қарсы алынған Jenny from the Block. Ән айтумен шек­телмей, залмен сөйлесіп, гүл қабылдап, жылы сөздер айтты. Әнші сахнада тұрып: «Сендер ғажапсыңдар, Қазақ­стан!» – деп ерекше ықыласын да білдірді. 

Концерттен кейін Джей Ло өзінің Instagram парақшасында Астанаға арналған екі жазба жариялады. Ал әншімен бірге жұмыс істейтін бэк-во­кал­истер мен музыканттар Қазақстан туралы әсерлерін әлеуметтік желіде белсенді түрде бөлісті. Олар елдің атмосферасын, адамдарының жылы­лығын, сәулеті мен табиғатын ерекше ықыласпен атап өтті. Топтың барабан­шысы Чарльз Стритер өз видеосында: «Мұндағы адамдар өте мейірімді, ашық-жарқын. Маған біздің оңтүстіктің – Мемфис, Теннесси, Миссисипи өңір­лерінің тұрғындарын еске салды. Архи­тектурасы мүлде басқа әлем секілді. Тамақтары да өте дәмді. Көргілерің келсе, міндетті түрде осында келің­дер», – деп әсерін жеткізді.

Ал бэк-вокалист қыздар: «Қазақстан осындай деп кім ойлаған? Ауа райы керемет, шамамен 22 градус. Өте әдемі! Қазақстан, бізге ұнайды», – деп видео­жазба таратты. Ыстық Дубайдан кейін Астананың қоңыр салқын ауа райы америкалық өнер иелеріне ерекше жайлы болғаны анық. 

Әлеуметтік желі қолданушылары да Джей Лоның командасына қолдау білдіріп, жылы пікірлерін жаудырды. Бұл жағдай Қазақстанның мәдени кең­істігі мен қонақжай бейнесінің әлем­дік аудиторияда оң әсер қалдырып жатқа­нын тағы бір мәрте көрсетті.

Астанадағы әсерлі кештен кейін әншіні Ереван, Ыстанбұл және Ташкент қалаларындағы концерттер күтіп тұрды. Әр екі күн сайын бір елдің астанасында немесе ірі мегаполисінде өнер көрсетіп жүрген 56 жастағы әртістің қажыр-қайраты мен сахнадағы жоғары дең­гейдегі шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Гастрольдік кестенің тығыздығына қарамастан, оның әрбір концерті кәсіби деңгейі мен көрерменге деген құрметін айқын көрсетті. 

Ал 10 тамызда Джей Ло Алматыға қайта оралды. Бұл жолы шоу қаладағы Орталық стадионда өтті. Қауіпсіздікті екі мыңнан астам полиция және алты жүз әскери қадағалады, ал 300-ге жуық ерікті қонақтарға орындарын табуға көмектесті. Концерт билеттері түгелдей сатылып кеткен. Оларды 35-тен аса ел­дің тұрғындары сатып алған. Ең көп қызығушылық танытқандар: ТМД елдері, Еуропа, АҚШ, БАӘ, сондай-ақ Канада, Түркия, Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея азаматтары. Концерт барысында ерекше сәттердің бірі – жас жұп әншіге конверт беріп, болашақ бала­сының жынысын жариялауды өтінді. Лопес микрофоннан: It’s a girl деп жариялап, стадионды шаттыққа бөледі.

Концерт кезінде тағы бір қызықты оқиға болды: Джей Ло сахнада өнер көрсетіп жатқанда кенет оның үстіне шегіртке қонды. Көрермендер бір сәтке таңғалып қараса да, Джей Ло сабыр сақтап, мойнына қонған шегірткені қолымен абайлап қағып жіберіп, сахна­дағы өнерін жалғастырды. Көрермендер бұл сәтті жылы қабылдап, әншінің кәсібилігі мен сенімділігін жоғары бағалады. Осы қызықты оқиғаны Джей Ло кейін америкалық The Tonight Show Starring Jimmy Fallon шоу бағдарла­масында айтып берді. Ол әзілмен: «Ас­тана сахнасында тіпті шегіртке де менімен бірге биледі!» деп бөлісті. Көрермендер үшін бұл оқиға әншінің ашық мінезін, қиын сәтте де сабыр сақтай білетінін және сахнадағы кәсібилігін тағы бір мәрте көрсетті. 

Димаш әлем сахнасын бағындырды

Джей Ло Қазақстанда концерт өткізсе, Димаш Құдайберген Алматы, Ереван, Анталия, Куала-Лумпур, Гонконг, Будапешт, Ыстанбұл, Астана, Прага – Дюссельдорф, Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон, Берлин, Рига қалаларында тур өткізді. Димаш­тың Испаниядағы алғашқы жеке кон­церті аншлагпен өтті. Әнші Барселона­дағы әйгілі Olimpic Arena Badalona Олим­пиадалық аренасында көпшілікке Stranger атты бағдарламасын ұсынды. Ән кешіне әлемнің елу елінен жанкүйер келген. Көрермен Димаштың әнін қосыла шырқап, талантқа қошеметті жаудырды. Өнерде шекара жоқ. Оған Димаштың Барселонадағы концерті тағы бір дәлел. Әлемдік деңгейдегі ән­шіні көруге Еуропа, АҚШ, Канада, Латын Америкасы, Азия, алты құрлық­тан жанкүйер жиналған. Елуден астам елдің өкілі алдымен Қазақстанның Ән­ұранын Димашпен қосыла шырқады.

«Сүйікті әншімнің Испанияға келе­тінін естігенде қатты қуандым. Бұл күнді мен асыға күттім. Ерекше әсерде тұрмын, ғажап концерт»,– деп пікірімен бөлісті Чилиден келген жанкүйер Каталина. 

Қамзол, шапан киіп, ұлттық әшекей бұйымдарды таққан жанкүйерлер қа­зақ­тың көк туын желбіретіп, кумир­леріне барынша қолдау көрсетті. Әсір­есе, испандық фан клуб мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Димаштың жан­күйерлер қауымдастығын Мадрид, Барселона мен Валенсия қалаларында құрған фанаттар осы концертті талай жыл армандап еді. Солардың құрметіне Димаш испан тілінде ән шырқады. Қазақстанның Халық әртісі концертте көпшілікке қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді. Сырға толы ұлттық әндермен бірге, әлемдік классика жау­һар­ларын да құйқылжыта орындады. Жүректен шыққан әр ән жүрекке жетіп, тыңдарманның жан дүниесін тебірентті. 

Димаштың көрермендері қазір әлем­нің түкпір-түкпірінде. Оның дәлелі Ди­маштың Мексикадағы концерті. Алғашында бір концерт жоспарланған болатын, алайда 10 мың билет бірнеше сағаттың ішінде сатылып кеткен соң, ұйымдастырушылар бірден екінші концерт өткізу туралы шешім қабыл­дады. Бұл – Димаштың мансаптық жол­ында үшінші рет қайталанып отыр­ған ерекше жағдай. Бұған дейін дәл осындай аншлаг 2019 жылы Мәскеуде және 2024 жылы әншінің отаны Аста­нада болған еді.

P.S.

Осылайша, биылғы жыл ел мәдениетіндегі ерекше концерттермен есте қалды. Джей Ло мен Димаштың шоу­ын әлі ондаған жыл бойы, бірне­ше ұрпақ аңыз ғып айтатыны анық. Өйткені өнер – адамзаттың өшпес мұрасы.

Көктем ҚАРҚЫН