Aikyn.kz тұтастай ғимараттарды көшіру технологиясымен newatlas.com сайтының материалына сүйеніп таныстырады.
Шіркеу 1,3 метр биіктікке көтеріліп, өздігінен қозғалатын модульдік тасымалдағыштардың көмегімен көшірілді. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Mammoet
1912 жылы салынған Кирунадағы бұл шіркеу Швецияның ең маңызды сәулет ескерткіштерінің бірі саналады. Бұған дейін ол елдегі ең әдемі ғимарат деп танылған. Оны көшіру – қазіргі уақытта Кирунадағы темір кенішін кеңейту үшін қажет 23 ғимаратты көшіруді қамтитын әлдеқайда ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.
Салмағы 713 тонна болатын ағаш шіркеуді көшіруге 1 000 сағаттан астам мұқият жоспарлау жұмыстары қажет болған.
Mammoet және Veidekke инженерлік компаниялары, LKAB шведтік тау-кен өндіру компаниясы және басқа да мамандар ғимаратты көшіруді алдын ала модельдеп, сынақтан өткізген. Бұдан кейін шіркеуді 1,3 метр биіктікке көтеріп, өздігінен қозғалатын модульдік тасымалдағыштарға (SPMT) орналастырған.
Шіркеуді көліктің үстіне қойғаннан кейін, тамыздың 19-ы мен 20-сы күндері «Үлкен шіркеу шеруі» деп аталған іс-шара өткен. Бұл оқиғаға Швеция королі де қатысып, ғимараттың небәрі 0,5 км/сағ жылдамдықпен 5 шақырымдық жолды жүріп өткенін тамашалаған. Арнайы әзірленген мониторинг жүйесі шіркеудің тұрақтылығын бүкіл процесс барысында қадағаласа, жолдар алдын ала кеңейтіліп, қажетті кеңістік жасалған.Жаңа орынға сәтті жеткізілген соң шіркеу бетон іргетасқа мұқият орнатылды. Болашақта шіркеу залын қоса алғанда, басқа да ғимараттарды көшіру жоспарланып отыр.
«Шіркеудің жаңа орны зират пен жаңа қалалық орталықтың арасында орналасқан. Бұл жер оның өзіндік болмысын, қоршаған ортамен байланысын сақтау үшін аса мұқият таңдалды. Ғимарат 180 градусқа бұрылып, енді алтарь батысқа қарады. Бұл шіркеуді қала мен тұрғындарға ашық көрсететін символдық шешім. Мақсат – шіркеу залы мен басқа да мәдени нысандар сияқты көшіру жоспарланған ғимараттарды біріктіретін біртұтас кешен құру», – деп түсіндіреді LKAB өкілдері.
Кирунадағы шіркеу – осылайша көшірілген жалғыз нысан емес және ең ірісі де емес. Қытайдағы Фу Ган ғимараты тұтастай әрі зақымсыз көшірілген ең ауыр ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген, оның салмағы шамамен 20 000 тонна.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.