Таир Қаратаев — кәсіби музыкант, виолончельші, Күләш Байсейітова атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Ол мәдениет саласын терең білетін, мол басқарушылық тәжірибесі бар маман ретінде оркестр артисінен бастап еліміздің жетекші мәдени ұйымдарының басшылығына дейінгі жолдан өтті.
Ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясын, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрын басқарған. 2023 жылдан бастап Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры қызметін атқарып, ірі мәдени бастамалар мен жобаларды табысты жүзеге асырған тиімді стратег ретінде танылды.
– Astana Ballet театры сияқты еліміздің ең жарқын мәдени брендтерінің бірінің қатарына қосылғаныма қуаныштымын. Театрдың бүгінгі жетістіктерін сақтап, оны жаңа белестерге көтеру – біздің ортақ мақсатымыз. Ұжымдық күш-жігермен біз ұлттық және халықаралық деңгейде жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін, – деді Таир Қаратаев.