in

Kóshpendiler áýeni II халықаралық этникалық музыка фестивалі басталады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 18-19 қазан күні сағат  18.00-де Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында  Kóshpendiler áýeni  II халықаралық этникалық музыка фестивалі өтеді, –  деп хабарлайды Аikyn.kz.

Жобаның мақсаты – біртұтас шығармашылық орта құру, тарихы тереңге жайылған өнер, ежелгі салт-дәстүр арқылы түркі халықтарының бірлігі мен руханиятын ұлықтауға бағытталған түркі мәдениетін дәріптеу. Фестиваль үздік өнерпаздар тәжірибе алмасып, ұрпақтар сабақтастығын насихаттайтын алаңға айналмақ. Сонымен қатар  жас орындаушылардың көркемдік талғамын тәрбиелеуге және оларды үздік мәдени құндылықтарға баулуға бағытталған.

Сондай-ақ дала әуендерінің байырғы үлгілері мен халық әндерінің заманауи өңделген нұсқалары, ұлттық аспаптарға арналған туындылар мен орындаушылықтың тың формалары ұсынылады.

Фестивальдің алғашқы күні сахнаға шығатын шетелдік өнерпаздар: Ресей Федерациясынан «Намғар» тобы (Бурятия), Закир Дүйшенбек (Қырғызстан) және Жәнібек Пиязов (Қарақалпақстан). Сондай-ақ  қазақстандық өнер ұжымдары мен талантты орындаушылары да өз өнерлерін ортаға салады. Атап айтқанда, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Жошы» ансамблі,   Satzhan Project  тобы, Еділ Құсайынов, Қазыбек Әдікей, Аманжол Нығмет, Санджай Альмишев және Айхат Қазихан.

Фестивальдің екінші күні сахнаға шығатын шетелдік өнерпаздар: Арсланбек Султанбеков (Түркия), «Зафар» тобы (Әзербайжан), Ресей Федерациясынан Эркин Алексеев (Саха Республикасы) және Азат Бикчурин (Башқұртстан). Сондай-ақ  «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Түркістан» камералық ансамблі, Еділ Құсайынов және Салтанат Ерсұлтан. 

2023 жылы алғаш рет өткен  Kóshpendiler áýeni  халықаралық этникалық музыка фестиваліне Якутия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Мажарстан елдерінің өнерпаздары қатысқан болатын.