in

Qaitadan қандай кино?

Адамзат тарихына үңілсек, барлық өркениет өз бастауын өзен-көлдің, теңіз-мұхиттың жағасынан алған. Ніл жағалауындағы Мысыр, Ефрат пен Тигр бойындағы Месопотамия, Сыр мен Әмудария төңірегіндегі ежелгі өркениеттер – соның айғағы. Алайда табиғат сыйлаған осы бір игілік кейде тілсіз жауға айналады. Су тасқыны, дамбының жарылуы, сел, дауыл кезіндегі теңіз толқыны мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіріп, елді мекендерге орасан зиян тигізіп жатады. Міне, дәл осы тілсіз жаудың тығырығынан шығуға ұмтылған жастардың бір күні жайлы қазақстандық Qaitadan фильмі жарыққа шықты. 

Фильм алғашқы минуттары­нан-ақ көрерменді өзіне тартып әкетеді. Экшнге толы кадрлар, дамбының күзетшісі неміс атаның бейнесі – шетелдік блокбастер­лерді еске түсіргендей әсер қал­дырды. Ал цементтің қақ орта­сы­нан жарылған 3D кадр техникалық жағынан да, көркемдік тұрғыдан да ерекше шешім болып шыққан. Көрерменді фильм басталмай жатып селт еткі­зетіні де сондық­тан. Qaitadan тек оқиға желі­сі­мен ғана емес, ви­зуалды қуатымен де баурайды. Ре­жиссер қарапайым өмірдің өзінен үлкен экранға лайық терең көрі­ністерді таба біл­ген. Кейіпкерлердің ішкі әлемі, тағдыр тауқыметі, өмір­лік таңдау сәттері шынайы су­рет­телген. Әр диалог – бүгінгі қоғамға ой са­лады, әр көрініс – көрерм­ен­нің жүрегіне жақын. Фильм ұлттық бояуды да, заманауи тәсілді де ше­бер үйлестіре алған. Бұл – қазақ киносының жаңа белеске көте­рілгенін көрсететін еңбек­тердің бірі.

– Қазіргі фильмдерден стати­калық кадрлар мен ұзаққа со­зыл­ған диалогтерді көп көре бер­мей­сіз. Өйткені ондай жағдайда кө­рермен қолындағы телефонын шұқылап, назарын басқа жаққа аударып ке­теді. Сол себепті қазіргі фильмдер формасы жағынан өте тартымды, динамикасы қарқын­ды, диалогтері қысқа әрі нұсқа, сюжеттік бұрылыс өте көп, маз­мұнды болуға тиіс. Бұ­ған марке­тингтік тұрғыдан тар­тым­ды бо­луды тағы қосыңыз. Мәселен, былтырғы Оскар сыйлығын алған «Анора» фильміне зер салар бол­саңыз, фильмнің 140 минуты, 140 TikTok екеніне көз жеткізесіз, – дейді туындының продюсері Жа­лын Тілеуберген.

Шығармашылық топ Qaitadan фильміне кірісер алдында осы бір факторларды саралап, есепке алуға тырысқан. Сондықтан фильм­дегі дамбының жарылуы мен «уақыт ілмегі» әдісі, яғни бас кейіпкердің бір күн ішінде қалып кетуі, көрер­меннің назарын ау­дар­татын форма. Жалпақ тілмен айтқанда, айс­берг­тің көзге кө­рінетін беті ғана. 

– Осы бір қарқынды, үрейлі әрі қызықты форманың астарына біз көп мағына салуға тырыстық. Яғни, көрермен визуалды тұрғы­дан тартымды, сюжеттік бұры­лысы көп, өте қарқынды фильмді тама­шалап отырып, саналы түрде тек қазақ қоғамы түсінетін шетін мә­селелер­ді байқайды. Өйткені біз бұл фильмге көпқабатты ма­ғына таңуға тырыстық. Осы бір ерек­шелікті көрермен байқайды деп үміттене­міз, – дейді Жалын Тілеуберген. 

Бас кейіпкер – қалада өскен Рауан. Ол ҰБТ-дан сүрінген соң, ата-анасы сабақ болсын деген ой­мен оны шалғайдағы ауылға жібе­реді. Бастапқыда бұл әдеттегі жаз­ғы демалыс секілді көрінген. Алай­­да тағдыр оны күтпеген сы­наққа жетелейді. Кенет Рауан бір күннің тұзағына түсіп қалады: күн сайын таң атады, бәрі қалыпты бас­талады, бірақ әр кештің со­ңында дамбы қирап, ауылды апат жай­лай­ды. Уақыт ілмегі оны қайта-қайта сол күнге әкеліп тастайды. Қор­қы­ныш пен шара­сыздыққа бой ал­дыр­ған кейіпкер бірте-бірте бұл сы­­­н­ақтан өту үшін тек өзін емес, тұ­­тас ауылды құт­қаруы қажет екенін тү­сінеді. Әр қайталанған күн Ра­уан­ға жаңа сабақ береді. Ол адамдарға се­нуді, жауапкершілікті мойнына алуды, тіпті өз қателік­терімен бет­пе-бет келуді үйренеді. Баяғы қа­ланың ерке баласы енді өмірдің нағыз мәнін түсінген аза­матқа ай­на­лады. Фильм режиссері және сце­нарий авторы Думан Ер­кім­бек­тің ай­­туын­ша, бұл әлеу­меттік же­ліде көп адам айтқандай, жамандық шақы­ратын фильм емес. Керісінше, әр қа­те­лік­тен сабақ алуға үн­дей­тін туынды. 

– Фильмнің идея­сы маған 2020 жы­лы келді. Сол жы­лы Алматы об­лы­сындағы Күрті ауы­лында бір түсі­рілімде жүргенбіз. Ауыл­дың шетінде үл­кен дам­быны көріп, «егер жа­рылып кетер бол­са, ауыл­дың түгі қал­майды ғой» де­ген ой келді. Ақы­ры осы идеяны да­мы­та ке­ле, Qai­ta­dan-ның сце­нарийін жазып шық­тық, – дейді Ду­ман Еркімбек.

Фильм Мәдениет және ақ­парат министрлігі мен Ұлттық ки­ноны қолдау мемлекеттік ор­талығының көмегімен түсірілді. Басты рөл­дер­де отандық жас актерлер Жасұ­лан Көпберген, Ермек Шын­бо­ла­тов және Шұ­ғыла Ешенова ой­­най­­ды. Екінші планда Алмат Са­қатовты, Ержан Нұрымбетовты және Әшім Ахме­товты көруге болады. 

– Фильм – жас режиссер Думан Еркімбектің дебюттік туын­дысы. Әркім өз дәуірінің ке­йіпкері. Қоғам, адам, апат, же­ңіс… Кинода әдемі үйлескен! Бүгінгі көрермен өз бейнесін көрді, іздегенін тапты, сәтсіздігін жеңді, мақсатын орын­да­ды. Елді апаттан аман алып қа­лудың жо­лын тапты. Өз жолы­мен, өз таң­дауымен тапты. Жас­тарға жігер беретін, жастардың дауысы есті­летін осындай жобалар керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына үлкен жауапкершілік жүктегенін білеміз. Алдағы уақытта да ор­талық питчингтен өткен кино­жобаларға кеңінен жол ашып, жаңа есімдерді, талантты жас режиссерлерді таны­татынына се­неміз, – дейді белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова. 

Бұл алғашқы отандық катас­трофалық фильм болғандықтан, түсірім жұмыстары да оңайға соқ­папты. Ауқымды декорация­ларды тұрғызу, су тасқынын бейнелейтін компьютерлік графика жасау се­кілді күрделі жұмыстарды атқаруға тура келген. Су ба­сатын ауылды салудың өзіне үш ай уақыт кеткен. Осындай қолды бай­лайтын, тех­ни­калық тұрғыдан ауыр да­йын­дықтың өзі көп күш пен уа­қытты талап етеді. Жалпы ал­ғанда, Qaitadan фильмінің идеясы туғаннан бастап, дайын туынды ретінде көрерменге жол тартуына дейін тура бес жыл уақыт кеткен.

– Эвакуация мен бөгеттің жа­рылу көріністерін түсіру оңай бол­ған жоқ – оған 300-ден астам мас­совка, ондаған дрон және екі ірі түсірілім тобы тартылды. Жал­пы, өте масштабты, техникалық тұрғы­дан қиын жоба болғандық­тан, әрбір түсірілім күні сынаққа толы болды. Әлбетте, бұл жұмыс­тарды ат­қару оңай болған жоқ. Дегенмен жұмыс тобының жобаға деген се­німі мен ауызбіршілігінің арқа­сын­да бәрін өткердік. Ең бастысы – көрерменге сапалы, ой саларлық терең туынды ұсын­ғымыз келді. Қалғанын халық бағалайды, – деп қорытындылады фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген.

Иә, Голливудта да бір күннің қайталануы жайлы түсірілген фильм­­дер бар. Мәселен, Groundhog Day (Таңғы ызғар күні), Edge of To­morrow (Ертеңгі күн шебінде) сияқ­­­ты туындылар көпшілікке жақ­сы таныс. Дегенмен, «Қайта­дан» филь­мі тек уақыттың ілме­гіне түс­кен ке­йіпкер тағдырын емес, қазақы бол­мыс пен ауыл тіршілігін, ұлттық құн­дылықтар­ды қатар өріп көрсетеді.

Егер шетелдік картиналарда басты назар көбіне соғыс, фантас­тика немесе комедияға аударылса, Qaitadan қарапайым ауыл өмірін арқау етеді. Қала баласы Рауан­ның тағдыры арқылы фильм кө­рерменге үлкен философиялық ой тастайды. Себебі өзіңді ғана емес, айналаңды, тіпті тұтас қоғамды құтқаруға ұмты­лу – әр адамның міндеті.

Кербез ЕСІМ