in

SuperStar KZ жобасы қайта оралды

Жобаға өнерге құштар, жасы 16-25 аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Офлайн кастинг 2026 жылғы 4-26 сәуір аралығында Қазақстанның 9 ірі қаласында өтеді. Шалғай өңірлердегі үміткерлер өздеріне жақын қалада қатысуға немесе онлайн өтініш беруге мүмкіндігі бар.

SuperStar KZ – бұл жай ғана тележоба емес, жас таланттардың үлкен сахнаға жолын ашатын бірегей алаң. Қатысушылар өз өнерін көрсетуімен қатар кәсіби деңгейде шыңдалып, жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Жоба әлемге танымал британдық Pop Idol форматы негізінде әзірленген және Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, көрерменнің ықыласына бөленген.

Жаңартылған маусым жаңа есімдер мен жаңа таланттарды ашуға бағытталған. Ірі қалаларда тікелей іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады, ал шалғай өңірлерде онлайн форматта қатысуға болады. Қазылар алқасында тәжірибелі журналист және танымал медиа тұлға Ләйлә Сұлтанқызы, жобаның бірінші маусымының финалисі әрі бүгінде отандық эстраданың жарқын өкілі Мақпал Исабекова және әнші, продюсер Ерболат Беделхан бар. Олар қатысушылардың өнерін бағалап, болашақ жұлдыздарды анықтауда кәсіби тәжірибесін ұсынады.