in

Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық әртісі: Өнер – менің тағдырым

Сондай қайталанбас дарын иелерінің келер ұрпақ алдында есімін өшірмей, керісінше, одан сайын биіктете түсетін де сол – халықтың берген бағасы. Осындай абыройлы мәртебеге ие жандардың бірі де бірегейі, есімі таныстырып жатуды қажет етпейтін аңыз адам – Бибігүл Төлегенова. Былтыр қазақтың бұлбұлы 95 жасқа толды. 

Біз таяуда ғана Бибігүл Ахметқызының шаңырағына арнайы барып, апамызбен сырластық. Тоқсанның толағай биігін бағындырған әншінің мінезі әлі де сондай жайдары, жүзі жадыраңқы.

– Бибігүл Ахметқызы, былтыр 95 жас мерейтойыңызға орай Ас­танада шәкірттеріңіз бен үзеңгілес әріптестеріңіз сахнаны әнге бөлеп, халық ерекше кештің куәсі болып қайтты. Осынау бір ғасырға та­титын тағылымды өмір жолыңызға нендей баға берер едіңіз? «Ұтқан» немесе «ұтылған» сәттеріңіз көп болды ма?

– Бүгінде 95 жасқа келсем де, әлі де мені қадірлейтін, сыйлайтын жандар бар екен. Осындай жана­шыр адамдардың арқасында был­тыр Астанадағы мерейтойым жо­ғары деңгейде өтті. Мен ешкімге ренжи алмаймын. Ең басты айта­рым, халқым аман болсын деп тілеймін. Қазір елімізде жоғары атақ-дәрежеге ие әртіс көп. Деген­мен мен өзімді халықтың шын ықыласына бөленген жанмын деп мақтанышпен айта аламын. Әсі­ресе, 95 жылдық мерейтойымда сол махаббаттың шынайылығына тағы бір мәрте куә болдым. Құ­дайға шүкір, биыл 95-тен аттап, 96-ға толғалы отырмын. Халқым әлі күнге дейін хабарласып, хал-жағдайымды сұрайды, бірі өзің сияқты арнайы сұхбаттасуға ниет білдірсе, енді бірі ақ батам мен тәлім-тәрбиеге байланысты ақыл-кеңесімді сұрап жатады. Алла тағала маған қанша ғұмыр бергенін кім білсін? Бірақ мен ақтық демім үзілгенге дейін үйде жұмыссыз отыра алмайтын жанмын. Қазір консерваторияда кеңесші ретінде еңбек етемін. Екі жылда бір мәрте халықаралық кәсіби әншілер бай­қау­ын өткіземіз. Биыл бұл бай­қауды он үшінші рет ұйымдастыр­ғалы отырмыз. Білген-түйгенімді іште сақтамай, жастарға жеткізуді парызым деп білемін. Бір қызығы, соңғы кеңеске барған уақытта ерекше бір жағдайға тап болдым. Консерватория менің студенттерге кеңес өткізетінім туралы хабар­лаған болса керек, сол күні зал лық толы отырды. Байқап қарасам, сту­денттердің арасында хабарлан­дыруды көріп, сырттан арнайы іздеп келген жандар да бар екен. Осы көрініске қарап отырып, біздің еңбегіміз әлі де халыққа қа­жет екенін түсіндім. Халық өнерді, мәдениетті қалайды екен. Өкі­нішке қарай, қазіргі Абай атын­дағы опера және балет театры сахнасында нағыз көшбасшылар болмаса да, жастардың ішінде талапты ұл-қыздар өсіп келе жа­тыр. Олардың жарқын болашағына кәміл сеніммен қараймыз. Мен мына бір жетістікті ауыз толтырып айта аламын. Қазір театр әнші­ле­рінің шамамен 30 пайызы – бай­қауымыздың лауреаттары болса, ал «Астана Опера» сахнасындағы әртістердің 50 пайызы да сол жобамыздан түлеп ұшқандар. 

– Ғұмыр жолыңызда есімі елге елеулі небір тұлғалармен сыйласып, қуанышы мен қайғысына ортақ бола білдіңіз. Солардың бірі – өзіңіз көрші тұрған Дінмұхамед Қонаев атамыз еді. Сол кезеңді еске түсі­рейікші… 

– Иә, Димекеңмен кезінде бір-екі рет жүздескенмін. Марқұм Ермек Серкебаев екеуміз барып арнайы сәлем беретінбіз. Диме­кеңнің қарапайымдылығы сон­шама, ол адам үйге кіргенде төрде паңдана күтпей, есіктің алдына шығып қарсы алатын. Кейін Дін­мұхамед Қонаев тақтан түскен соң бірсыпыра уақыт қысымшылықты бастан кешті ғой. Бір кез­дері Димекеңнің үйіне баяғыдай еркін баруға ешкімге рұқсат бе­рілмеді. Үй алдын­да жүрген күзетші бізге Қонаевпен сағат кешкі 20:00-ге дейін ғана сұх­баттасуға бола­тынын түсіндірді. Ал басқа уақытта кіруге ты­йым са­лынды. 

Кезінде маған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген уа­қытта ең бірінші хабар­ласып құттық­таған жан – Дін­мұхамед Ахметұлы­ның өзі еді. Сонда Димекең риясыз қуа­нып: «Құттық­тай­мын сені! Ба­қыт­ты бол, игілігімен болсын!» деп тілегін айтты. Дінмұхамед Қонаев партияның бірінші хатшысы қыз­метін атқаратын уақытта галстук пен костюмін киіп, сықиып оты­ратын. Өзі денелі адам еді. Бір күні ол маған: «Қызым, сен бойдақ­тардың шайын ішкің келмей ме?» деп хабарласты. Мен дәл сол сәтте консерваториядағы жұмыстан қайтқан едім, сағат кешкі бес-алты шамасы болатын. Жүгіріп жетсем, есік алдынан қарапайым ғана спорттық киім киген, жылы жүзді жан қарсы алды. Әдеттегі ресми киімде отырған Димаш жоқ. Қазір сол кездерде таспаланған естеліктердің біршамасы есімде қалмапты. Әңгіме арасында ол өткен өмірінен сыр шертіп, біраз мәселені қаузайтын. Әуелі Мәс­кеуде оқуды тәмамдаған соң Бал­қашқа жіберілгенін, содан кейін Зухра Шәріпқызы келгенін айтты. «Барақ үйлерде тұрдық, тұрмыс қиын болды» дейді. Кейін Өске­мендегі Риддерге жіберіпті. Сол тұста елде соғыс басталып, өзі оқталып майданға аттанғысы келген, бірақ оны «елге қажетсің» деп жібермеген екен. Димекең сұрапыл соғыс кезеңінде 8 оқтың біреуі Риддерден болғанын ай­тады. Сондай бір жүздесулеріміздің бірінде мынадай қызық оқиға бол­ған. Дінмұхамед Қонаевтың үйінде үй күтушісі орыс әйел жүретін. Бір кезде Димаш үй кү­тушісінен: «Сен мұнда кім отыр­ғанын білесің бе?» деп сұрады. Сол әйел мені алғаш көргенде кім екенімді білмей, тек жүзі таныс көрінгенін айтқан. Сонда Ди­мекең: «Бұл біздің аңыз қызымыз, бұлбұл – Бибігүл Төлегенова» дегенде, үй күтушісі шошып кетіп, қолындағы шәйнектегі шайды төңкеріп алды.

Димекең Зухра апамызбен талай қиындықты бірге өткер­генін, тұрмыс ауыр болғандықтан, баласыз қалғандарын да мұңая еске алды. Жары қайтыс болған­нан кейін біраз уақыт жалғыздықта өмір сүрді. Әрине, мұндай кезеңде оның көңілі құлазиды. Осылай жүздескен уақытта ол үнемі: «Үкімет менің басымдағы қалпа­ғым­нан бастап, аяғымдағы шұ­лығыма дейін тегін берді. Зухра Шәріпқызы ауырған кезде барлық пианино, кілем, жиһазымызды балалар үйіне өткіздік. Тапқан-таянған жалақымды да сонда аударып отырдым. Егер Үкімет маған киімім мен тамағымды беріп отырса, дүние жинағаным не керек?», – дейтін. 

Әкемнің әнін шырқай алмадым

– Бүгінге дейін киелі сахнада талай әнді шырқадыңыз. Бірақ бір сөзіңізде «Менің өмірімде айтыл­маған бір ән бар» деп айтып қал­дыңыз…

– Әкем сондай өнерлі адам еді. Скрипка мен домбыраны ше­бер тартып, кең дауыспен ән са­латын. Оның орындауындағы бір әннің қайырмасы әлі күнге дейін жадымда:

«Аққу едім-ай көлдегі, 

Сұңқар едім-ай шөлдегі,

Амалым бар ма-ау?

Әттең, Тәңірім,

Шөлдедім…»

Өмірімде сахна төрінде талай рет ән шырқасам да, мен шыр­қа­маған жалғыз ән, міне, әкемнің осы әні еді. Әкем бұл әнді дом­бырамен сүйемелдеп шырқайтын. Қазір кімге айтып сұрасам да, бұл әнді білетін жан табылмады, сол себепті оның ізіне жете алмадым.

– Қиын-қыстау кезеңде әке­ңіздің «халық жауы» ретінде ұс­тал­ғанынан хабардармыз. Араға он­даған жылдар салып әкеңіздің есімін қайта тірілте алдыңыз ба?

– Әкемнің тағдыры мен үшін жұмбақ күйінде қала берген еді. Сол жылы әкем ұсталғаннан кейін оның қайда, қалай кеткенін ешкім дөп басып айта алмады. Кейін семейліктер мен қатонқарағай­лықтар маған «Сенің әкең осында қайтыс болған, әкеңді осында өлтірген» деп айтатын. Бірақ бел­гісіз кеткен жанға қайда барып бел­гі қоярсың…Кеңес Одағы құ­лағаннан кейін Алматыдағы қа­зіргі Наурызбай мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы КГБ ғима­ратының жертөлесінен ескі ар­хивтерді сыртқа лақтырып жат­қанын естідім. Сол уақытта бір дүнген әйел хабарласып: «Бибігүл Ахметқызы, КГБ-нің жертөле­сіндегі барлық құжатты далаға шығарып жатыр. Біз соны жинап жүрміз. Құжаттың ішінен бір тізім көрдік, онда Телегенов А. №43 деп жазылған», – деді. Мен сол сәтте тізімдегі есім әкем екенін сездім. Құжатта 1938 жылдың 11 наурызы деп көрсетілген. Расында, атылған 43 адамның ішінде менің әкем де бар екен. Сөйтсем, әкемнің сүйегі Алматы облысында екен… Кезінде Қабанбай мен Наурызбай көше­лерінің бойында атылғандарды Талғардағы мемориал орналасқан аумаққа көмген. Сол маңнан Ауған­станнан келген ардагерлерге жер берген. Бірақ олар жерді қаза бастаса, адам сүйектері табылған. Ауған соғысының ардагерлері шошып: «Бір метрдің өзінде адам сүйектері толып жатыр» деп ол жерге барудан бас тартқан.

– Қазір Қатон-Қарағай өлке­сінде әкеңіз тұрған ауыл бар. Ке­йін­нен сол ауылға жолыңыз түсті ме? 

– Әкем 1937 жылы Қатон-Қарағайдан кетті ғой. Бірақ әкем­нің сүйегі Алматы облысында жа­тыр екен. Кейін біз Талғарға барып, әкемнің аруағына Құран бағыштап, қой сойдырдық. Әуелде жыл сайын 30 мамыр күні мен аяғымды басып жүре алғанша әкемнің рухына тағзым ететінбіз. Қазір көлікпен көп бара алмай­мын, себебі денсаулығым ұзақ жолды көтермейді. 

Әкем кезінде Алматыға жол тартып, осында екі жыл білім алып қайтты. Оқуын үздік аяқтап, ар­найы орденмен марапатталды. Алайда 1937 жылдың күзі біздің тағдырымызды күрт өзгертті. Сол жылы жазда ауылға оралған әкем қазан айында мені жеті жасымда 1-сыныпқа апарды. Бірде әкем бір ауылға іссапармен кеткенде, оны НКВД адамдары ат-арбаға мінгізіп әкелді. Үйімізді тінтіп шықты, бірақ ештеңе таппады. Біз ол кезде қызылшамен ауырып, төсек тар­тып жатқанбыз. Пештің үстінде анам пісіріп жатқан нанның иісі аңқып тұратын. Әкем үнемі қара арғымағына мініп жүретін. Сол күні әкем анама қарап: «Майнұр, сен жылама. Менің ешқандай кінәм жоқ. Жетім өскен адаммын, қолымда ешбір байлығым жоқ. Қайғырма, аман-есен оралармын» деп жұбатты. Амал нешік, әкем сол кеткеннен қайтып оралмады. 25 жастағы жүкті анам алты бала­сымен жалғыз қалды.

1921 жылы ата-анасы аштықта көз жұмғаннан кейін әкем сегіз-тоғыз жасынан қара жұмысқа жегіліп, кейіннен сол еңбегінің ар­қасында көтерілген жан еді. Ол қарапайым ауыл диірменшісінен бастап, Қатон-Қарағай аудандық пар­тия комитетінің екінші хатшы­сы лауазымына дейінгі қызметті атқарды. Біз тұрған өлке шекараға жақын болғандықтан, ол аймақта тұруға рұқсат бермей, Семейге көшуге тура келді. Бірақ мұнда келсек те, қайғы құшағымызды босатпады. Әкемнің жалғыз інісі Мұхамадкерім ауырып қайтыс болған екен. Қайғының артынан қайғы қуып, кішкентай Фатима атты сіңлімнің ішіне қызылша түсіп көз жұмды. Тіпті, ол кезде біздің қаралы хабар туралы ха­барымыз жоқ. 1940 жылы әкемнің інісі Семей ет комбинатында фабзавкомның төрағасы болып жұмыс істеді. Сол уақытта төрт қабатты үй салынып, тізімге біздің ағамызды да енгізіпті. Үй біткен соң біз сол үйдегі бір бөлмелі пә­терге көштік. Біздің балалық ша­ғымыз осында өтті. Бірақ біз үшін балалық шақ қуыршақ қуып, еркін асыр салып ойнайтын кезең бол­ған жоқ. Күнкөріс қамымен ана­мызға қолғабыс етіп, ерте есейдік. Анамыз қара жұмыс істеп, бізді солайша адам қатарына қосты. Соғыс басталған соң майданға әуелде ер-азаматтың бәрін алды, кейіннен әйелдерді де әскер қата­рына шақыра бастады. Ауылда тек кемпір-шалдар мен балалар ғана қалды. 

– Ән өнері – ұлттың рухани айнасы десек, бүгінгі айна бізді қандай кейіпте көрсетіп тұр?

– Менің әкем де, анам да музыкаға әуес жандар болған. Әлі есімде, анам әнді қазақтың қо­ңыр дауысымен шырқайтын. Жастық шағымда көптеген халық әнін анамнан үйрендім. Ал әкем болса домбырасын тартып оты­рып, сыр­лы әуендер орындайтын. Менің жіңішке дауысым сол әкемнен дарыған болса керек, себебі ол әнді тенор дауыспен шырқайтын. 

Ал қазіргі заманға келсек… Шынымды айтсам, қазір менің өнер саласының дамуына қарным ашады. Бізде небір талантты, жақ­сы әншілер қазір «ыртым-пыр­тымның» арқасында, қазақ айт­пақшы, «ауырдың үстімен, же­ңіл­дің астымен жүретінін» бай­қаймын. Әннің мәні мен маз­мұнына емес, сыртқы жылтырына көбірек мән беретін сияқты. Со­ның арқасында ақша тауып, кү­нелтіп жүр. Мен бір сәт өз өміріме қарап, тәубе деймін. Қазір Алма­тыда үш бөлмелі пәтерде өмір сү­ріп жатырмын. Ондағы көздің жа­уын алатын кәдесыйлардың бір­де-бірін өзім сатып алмаған­мын, бәрі де маған шынайы ықы­ласпен сыйға келген дүниелер. Бірақ түптің түбінде біз бәріміз жер қойнына кетеміз. Сол бай­лықтың, сол сыйлықтардың еш­қай­сысын да өзіммен бірге алып кете алмаймын. Қазіргі жастар­дың үйлері сән-салтанатқа толы, бірақ менде олай емес. Мен хал­қыма да, қалама да, тағдыр маған сыйлаған өмірге де ризамын. Құдайға шүкір, қарным ашып, үстім тозып отыр­ған жоқ. Жас кезімде қолымнан келгенше елге көмегімді аямай, біреудің қолын қайтармай өмір сүруге тырыстым. Сол үшін де жүрегім тыныш, көңілім тоқ.

Ең басты құндылық – білім алу

– Өзіңіз білетіндей, қазір өткен мен бүгінгі ұрпақтың айырмасы жер мен көктей. Бұған өркениеттің де ай­рықша ықпалы бар. Қазіргі буын­ның тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

– Жоқ, қазіргі балалардың тәр­биесіне көңілім тола қоймайды. Өйткені бүгінгі буынның өмірі түгелдей дерлік интернет пен гад­жетке байланған. Бала телефонның бір түймесін басып, іздегенін таба қояды да, ойланып-толғануға, ізденуге тырыспайды. Көптеген жоғары оқу орнында студенттер ғылыми мақала мен диссертация­ның өзін жасанды интеллектінің көмегімен жазып жүр. Мұндай қа­уіпті құбылысқа немқұрайлы қа­расақ, ертеңгі ұрпақ нағыз мәң­гүртке айналуы мүмкін.

Қазір төрт шөберем бар, екеуі есейіп қалды. Қайтыс болған кіші қызым Мәриямгүлдің екі немере­сі бар. Бірінің жасы 22-де, екіншісі – 20-да. Дамира бакалавриатты тә­мамдап, магистратураға оқуға түсті, ал ұлы бакалаврда білім алады. Ұлымның қызы Малика Төлеге­нова қазір «Астана Опера» теат­рын­да директордың халық­ара­лық байланыс жөніндегі орынба­сары лауазымын атқарады. Әр кезде әлем­нің әр нүктесінде ісса­пар­лар­мен жүреді. Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Мен үнемі «Бала­лардың қолына телефонды бер­мең­дер, ұстамасын» деп ескертіп отырамын. Сонда немерем «Әже, біз мектепте телефон қолдан­бай­мыз. Онда қол­дануға уақыт та жоқ, мектебімізде телефон ұстауға рұқсат етілмейді» дейді. Солай болуы да керек. Ең басты құн­ды­лық – білім алу, ал телефон еш­қайда қашпайды. Телефонды білмегеннен ешкім қорлық көрген емес, көрмейді де. Әрине, гаджет, интернет балаға кері әсер етеді. Мысалы, математикадан есепті калькуляторға салып есептеп, жауабын табу тіптен оңай дүниеге айналып кетті. Ең қауіптісі де сол, ол баланы баспен ойлауға үйрет­пейді. Ең бастысы, баланың ойлау қабілетін дамыту қажет дер едім. Нағыз білім ақыл-ойыңды іске қосқан кезде ғана келеді.

– Өмір бойы халықтың қо­шеметіне бөленген тұлға ретінде «бақытты сәт» деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Бақыт деген – үлкен еңбек, қызым. Қазақта «Біреудің бақыты байдан болады, біреудің бағы еңбегінен болады» деген сөз бар. Соған қарағанда менің бағым өз еңбегімнен болды деп ойлаймын. Мен талай жыл өмір сүріп, қан­ша­ма жерде қызмет еттім. Бірақ осы уақыт аралығында мына бөлмеде тұрған роялымнан ешқашан ажы­раған емеспін. Халық әндері, классика, жалпы қандай шығарма болсын, барлығын осы аспаптың пернесін тыңқылдатып, әбден түбіне жеткенше үйреніп отыра­мын. Міне, бақ деген – осы. Оңай жолмен келген дүние – бақ емес, ол бар болғаны уақытша ғана құ­былыс. Менің әжем «Өмір деген дөң­гелек қой, айналдырып бір ба­сады. Сен дөңгелектің үстінде­сің, бірде ол сенің үстіңде» дейтін. Сондықтан әркез қиындыққа мойымай, төзімді болу керек. Әрине, адам болған соң өміріңде қиыншылық көп болады. «Еңбек етіп жас шақта, білім алсаң, бақ орнайды басыңа нардай шөккен» дейді. Егер жастық шағыңды еңбек етуге арнасаң, есейгенде басыңа нардай шөккен бақ қонады.

– Сіз үшін өнер – тағдыр ма, әлде таңдау ма? 

– Әр адамның тағдыры өзгеше ғой. Менің тағдырым – өнер. Әжем дүниеге келгеннің бір жақ­сылығы: «Бір жаманға бір жақсы, бір жақсыға бір жаман, кейде арасында екі жақсы қосылады» дейтін. Менің бағым – өзімнің еткен еңбегімнен. Сондықтан қай кезеңде болмасын, өз еңбегіме ризамын.

– Кезінде ауыл-аймақты аралау былай тұрсын, тіпті шахталарға түсіп те концерт берген екенсіз. Сізді соншалықты алыс аймақтарға жетелеген қандай күш?

– Мен бала кезімнен мәде­ниетті, өнерді шын жақсы көріп өстім. Қазір де сол сүйіспенші­лікпен өмір сүріп келе жатырмын. Шынында да, өнер адамы ең алды­мен халықты сыйлап, халықты жақсы көруге тиіс. Мен қарапайым жұмысшылардың арасынан шық­қан адаммын. Сондықтан қара­пайым жұмысшының еңбегі қан­дай екенін жақсы түсінемін. Жас­тық шағымда шахтаға талай түстім, кеншілердің жұмысын көзіммен көрдім. Архивтегі кейбір суреттерімді қарасаңыз, бір суретте егіншілердің арасында жүрсек, екіншісінен сахнадан шыққаннан кейін шахтердің киімімен отыр­ғанымызды көруге болады. Бұл шағын ғана әуесқой түсірілген суреттер. Олар маңдай терімен қажырлы еңбек еткеннен кейін мен де олардың алдында ұятқа қалмайын деп қызмет ететінмін. Еңбек, еңбек және еңбек. Бақыт­тың бәрі осында, қызым.

Мені қанаттандырған – үш адам

– Өнер адамы ретінде қалып­та­суыңызға ықпал еткен үш әйел ту­ра­лы айтып қалдыңыз. Олар кімдер? 

– Өмір жолымда мені қанат­тандырған үш әйел болды. Бірін­шісі – жазушы Галина Серебря­кова. Ол кезінде белгілі жазушы Максим Горькийдің кеңесімен қаламгерлік жолға түсіпті. Мен көркемөнерпаздардың қалалық байқауына қатысқаннан кейін Га­лина Серебрякова ерекше қолдау танытқан жан болды. Екіншісі – консерваторияда бес жыл бойы мені білім мен өнердің асыл қыр­ларына баулыған ұстазым – На­дежда Самышина. Үшіншісі – Ека­терина Ивановна. Ол тағ­д­ы­рым­ның ең күрделі сәтінде, екі баламды анама аманаттап, өзім қайда барарымды білмей қалған шақта маған өз үйінен орын берді. Бір бөлмелі шағын пәтеріндегі жалғыз диванын ұсынып, үш жыл бойы өз қол астында паналатты. Әрине, мен жалақымның жарты­сын сол кісіге беріп тұрдым. Ха­лықтың жүрегіне нәр беріп, өнерге деген шексіз махаббатымды оят­қан алғашқы осы екі әйелдің арқа­сында мен де халықтың құлақ құ­рышын қандырар әнші бола ал­­дым. Мен қашанда жүрген же­рім­­де орыс достарыма «Басына барғанда үш әйелге үш шам қо­йыңдар» деп айтып жүремін. Өйткені олардың маған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. 

– Қазір халық сізді әлі күнге дейін сұлу келбеті сақталған әртіс деп біледі. Айтыңызшы, нағыз сұлулықтың сыры қандай?

– Мен сұлумын ба? (күлді). Қа­зақта «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген сөз бар. Сол айтқандай, мені сұлу деп қабылдайтындар – халықтың маған деген махаббаты мен мейірімінің арқасы шығар. Шын мәнінде, өзімді ешқашан сұлуға балап көрмеппін. Дегенмен халықтың ықыласы мен сүйіс­пен­шілігі сол бейнені менің бойымнан көргісі келетіндей. Сол үшін де мен оларға ризамын, халық үшін сұлу болайын. Уақыт өте келе адамның сыртқы келбеті өзгеріп, табиғи сұлулығы бәсеңдейді. Қазір иығым сырқырайтындықтан, бұ­рын­ғыдай шашымды сәндеп, әр­түр­лі үлгіге келтіре алмаймын. Әри­не, сахнаға шығарда өзіңді жи­нақы ұстауға тырысасың, бұл – көрерменге деген құрмет. Бірақ мен ешқашан бетіме түрлі маска қол­данып, күтім жасаған емеспін. Кей­бірі бетіне қаймақ жақса, бірі таңқурай, енді бірі қияр қойып жатады ғой. Ал мен үшін күнделікті бетімді сабынмен жуып, жеңіл ғана крем жағу жеткілікті болатын. Қазір өнер адамдарының арасында түрлі пластикалық отаға жүгіне­тіндер бар. Бірақ оның не қажеті бар? Қартайған соң әдемі қартаю керек. Бетіңді түзеткеніңмен, бәрібір жүріс-тұрысың, қимыл-қарекетің, болмысың – бәрі де се­нің шынайы жасыңды әшкере­леп тұрады.

– Өнермен өрілген өмір жо­лыңызда «әттеген-ай» деп еске алатын, орындалмай қалған арма­ныңыз бар ма?

– «Үмітсіз шайтан» дейді хал­қымыз. Өмірде үмітсіз адам бол­майды. Әрине, осынау ғұмырымда жүрек шым етіп, «әттеген-ай» дегізген сәттерім болған. Бірақ қазір оның бәрін ұмыттым. Қанша армандасам да, ол күндер қайта оралмайды. Олай болса, неге мен өткеніммен өмір сүруім керек? Өткенді қайтара алмайтыныңды, болашақта жағдайың қалай боларын болжай алмайтыныңды ұққан сәтте, өткеннің арман-өкі­ніштеріне байлануды доғарасың. Өткен іске өкініп, болашаққа шамадан тыс үміт артып, бүгінгі сәттің қадірін білмей қалуға бол­майды. Ертеңіңнің қалай бола­рын ешкім дөп басып айта ал­майды. Сол үшін адамға бүгінмен өмір сүрген абзал. Кезінде Қасым Аман­жолов былай деп жырлап еді:

«Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын, 

Ән мен күй, өлең сені қоя алмаспын.

Тірлікте тербелейін, тебіренейін,

Бір күні кетсем ұйықтап, оянбаспын…»

– Ел анасы ретінде бүгінгі өскелең ұрпаққа қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз? Неге үйреніп, неден жиренуіміз тиіс?

– Қандай жағдай болса да, адам баласы ешқашан асқақтап, асығыстыққа салынбауы қажет. Әр істі сабырмен, байыппен атқарған жөн. Бүгінің қиындыққа толы болса, ертеңгі күн қуаныш сый­лауы мүмкін. Сондықтан өмірдің аумалы-төкпелі сәттеріне төзіммен қараған дұрыс. Мен әрқашан Жаратқанның бергеніне шүкір айтып отырамын. Өмірде қайғы мен қуаныш қатар жүреді екен. Мен анамды, кейін бауыр етімдей болған қызымды жер қойнына тапсырдым, әкемді жоғалттым. Мұн­дай сәтте жүрек шаншып, жа­ны егіліп кетсе де, адам өзінің басын жоғалтпасын. Өмірмен қош айтысқан адамға жаның күйіп, өзіңді жеп қойсаң да, ештеңемен көмектесе алмайсың. Олардың рухына бағыштап Құран оқытып, май иісін шығару – біздің қолдан келер жалғыз дүние. Қазақ «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпаған. Адам баласы бұл дүниеде мәңгі жасамайды. Кезінде мен де жас болдым. Жиырмаға жетпей, он сегіз жасымда ет ком­бинатында жұмыс істеп жүрдім. Арман жетелеп, Алматы қаласына келіп, консерватория табалды­рығын аттадым. Көзді ашып-жұмғанша уақыт зымырап өте шы­ғыпты. Халық айтқандай, «қам­шының сабындай қысқа» ғұ­мырда бүгін 95 жасқа келгенімді өзім де аңғармай қалыппын…

– Әңгімеңізге рақмет, Бибігүл Ахметқызы! Ғасыр жасты бағын­дырыңыз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ