in

Жастар мерейін асырған фестиваль

Бұл күннің мақсаты да айқын. Ол – жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, тәжірибе алмасуға жағдай жасау, суицидтің алдын алу, адамгершілік құн­ды­лықтарды қалыптастыру және құқық­тық мәдениетті арттыру. Сондай-ақ заң мен тәртіпке тәрбиелеуге ерекше назар аударылды. Биылғы фестиваль Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жүзе­ге асып отыр. Мұнда қала жастары ойын-сауыққа қанық болып қоймай, шығарма­шылық тәжірибе алмасу, адамгершілік құн­дылықтарды нығайту және құқықтық мәдениетті арттыру турасында білікті спикерлердің ойын білді. Сондай-ақ фестиваль аясында «Жұмысшы маман­дық­тары жылы» шеңберінде жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және «Таза Қа­зақ­стан» бастамасы аясында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Фестивальге Астана қаласы мәсли­хаты­ның төрағасы Табиғат Зейнулкабден, Жастар саясаты мәселелері басқарма­сының басшысы Самат Ибраев және бірқатар қонақ арнайы шақырылды. 

– Жастар күні – мереке ғана емес, бұл белсенді жастарға көрсетілетін үлкен құрмет. Сіздер еліміздің жарқын бола­шағысыздар. Белсенді жастар әрқашанда қаламыздың қоғамдық, мәдени, эколо­гиялық жобаларына қатысып жүр. Оның бәріне көзіміз жетті. «Жасыл ел» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар – тек ағаш отырғызу не оны суару емес, ол кейінгі ұрпаққа деген үлгі, қоршаған орта­ға деген ілтипат. Мемлекет басшы­сының бастамасымен құрылған «Таза Қазақстан» экоакциясына белсенді қа­тысып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіре­мін. Сіздерге үлкен үміт артамыз, – деді Табиғат Зейнулкабден.

Елордамызда 14 пен 35 жас арасында шамамен 455 мыңға жуық жас тұрады. Оның 135 мыңы – студенттер. Бүгінде соларға қолайлы жағдай жасалып жат­қаны да белгілі. Кеш басында сөйлеген Жас­тар саясаты мәселелері басқармасы­ның басшысы Самат Ибраев жастар мә­с­е­лесін шешудегі негізгі қадамдарға тоқталып, қала жастарын мерекемен құттықтады.

– Бүгін – Жастар күні. Бұл мереке әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Біз де сіздерді мерекені бірге атап өту үшін осы жерге жинадық. Білетін­дері­ң­іздей, қала басшылығы мемлекеттік жастар саясатын дамытуға айрықша көңіл бөледі. Жатақханалар, мектептер, университеттер салынып жатыр, мемле­кет жастарға қамқорлық жасап, олардың дамуына жағдай жасап келеді. Баршаң­ызға барлық істе өркендеу, оқуда табыс, жеке даму тілейміз. Ең бастысы тоқта­маңыздар, өздеріңізге сеніңіздер, сонда бәрі жақсы болады. Мерекелеріңізбен! – деп жылы лебізін білдірді Самат Ибраев.

Кешке қонақ ретінде шақырылған Мәдениет және ақпарат министрлігінің Креативті индустриялар департаментінің директоры, Қазақстандағы тұңғыш халық­аралық гроссмейстер Гүлісхан Нах­баева жастарға бүгінде трендке айналған әлеуметтік платформалар, түрлі контент және креатив индустрия төңірегінде жинаған тәжірибесін айтып берді.

– Президет айтқандай, жастарымыз –  тек ел болашағы емес, бүгінгі күннің ай­қын­дайтын күші. Біздің зерттеу орта­лығымыз 10 жылдан бері ұлттық баянда­маны жасақтап, мемлекеттік, квазимем­лекеттік органдарға өз ұсынысын жіберіп келеді. Мысалы, заманауи трендтердің бірқатар факторына тоқталсақ. Қазіргі құндылықтарымыз соңғы 5 жылда еш өзгеріссіз келе жатыр. Оларды әрі қарай дамытатын да жастар. Ал контент жағына келсек, қазір жастардың 33%-ы рилс формат­ын көреді. Платформалардың арасында Instagram, TikTok өтімді. Біз осындай трендтерді зерттей отырып, жастарға қандай мүмкіндік туды­ра аламыз деген сұрақтың жауабын табуға тырысамыз. Сіздермен жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз. Басты кредо – еңбек ету, – деді ол.

Одан бөлек, спикерлер жастармен мотивация, спорт, әскери-патриоттық тәрбие, нашақорлықтың алдын алу  және қаржылық сауаттылық тақырыптарында әңгіме өрбітті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңдалған спикерлердің әрбір сөзі жастарға өмірлік бағыт-бағдарын айқындап, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға көмектесуге бағытталды. Атап айтқанда, Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықбаев соңғы екі жылда әскери қызметке Астана қаласынан 3 500 жас сарбаз кеткенін негізге ала отырып, 127 қыз-жігіттер офицер атағымен тек Қару­лы күштеріміздің қатарына шақырылға­нын айтты. Түркістан облысы бойынша Эко­номикалық тергеп-тексеру департа­мен­тінің 2-Жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай жастарға алаяқтықтан сақтанудың алдын алу ша­ра­ларын үйретсе, EasyStep платформа­сының негізін қалаушы Әсел Сейфуллина жастар арасында экотехноойлау арқылы экологиялық мәдениетті дамыту тақыры­бын­да дәріс оқыды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық форматтағы фестивальді таңдаудың басты мақсаты – іс-шараны жастар үшін барынша қолжетімді, шабыттандыратын және қызықты ету. Ең бастысы қатысу­шы­ларға тек демалып қана қоймай, білім мен идея қорын толықтыруға мүмкіндік берілді.

Жастар күткен фестивальдің жарқын әрі көңілді бөлімі – эстрада жұлдыздары­ның орындауындағы әнді тыңдау. Кон­церт­тің бұл бөлімінде жас аудиторияға танымал әндердің орындаушылары ән шырқады. Амфитеатр сахнасына Ersultan Omar, Madeniyett, Серік Гамза-заде, Bonapart, Baxa, Rick және Kazybek Kuraiysh шығып, мереке атмосферасын одан әрі қыздыра түсті. 

Халықаралық жастар күні 1998 жылы Лиссабонда өткен Жастар ісі жөніндегі министрлердің Дүниежүзілік конферен­циясының ұсынымы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар­ды тұрақты өткізу білім алмасуға, мотива­цияға, салауатты өмір салты құндылық­тарын нығайтуға, белсенді азаматтық ұстанымды және еркін қарым-қатынасқа мүмкіндік беретін орта қалыптастырады. 

Биылғы Jastar Fest елорда қоғамдық өміріндегі жарқын, мазмұнды әрі шабыт­тандыратын оқиғаға айналып, жастарға пайдалы білім, даму мотивациясы және ұмытылмас эмоциялар сыйлады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ