Жалпы, толық картиналардың құрылымын жазатын болсақ, оның ішіне 175 көркем фильм, 215 деректі фильм, 83 анимациялық және 41 шежірелік (хроникалық) фильм кіреді. Сонымен қатар елдегі киностудиялар саны қысқарған, қазір олардың саны небәрі 80.
2024 жылы кинотеатрларға бару көрсеткіші – 23 миллион. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім бар деген сөз. Оның 53%-ы (12,2 млн) шетелдік фильмдерге тиесілі.
Қазақ фильмдерін көргендер – 43% немесе шамамен 9,9 млн көрермен.
Талғам өсті ме?
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы киноиндустрия үшін сәтті маусымдардың бірі болды. Оған себеп – отандастарымыздың кино көретін платформаларды жиі қолдануы. Халықаралық деңгейдегі Кинопоиск, IVI, Netflix, Okko, MEGOGO сынды платформалар елдегі көрермен талғамының айнасы болып кеткендей. Кино көрушілердің фильмдер тізімін анықтай отырып, сол қоғамның қызығушылығы мен сұранысын жіті бақылауға болады.
MEGOGO дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы алты айында қазақстандықтар экшн, фантастика, отбасылық классика сынды жанрларға басымдық берген. ТОП-10 фильмнің көшін Джейсон Стэйтем ойнаған «Пчеловод» бастап тұр. Бұл – көрермендердің әлі де болса, жылдам өрбитін оқиға, қаһармандық іс-әрекеттер мен бірден баурап алатын атмосфераны қалайтынының дәлелі. Тізімде Гарри Поттердің барлық бөлімдері де үздіктер қатарында. Бұл әлі де болса көрерменнің сиқырға деген махаббаттың сөнбегенін аңғартады. Ал Жаңа жылдық классика «Үйде жалғыз қалғанда» фильмі көрермендердің ностальгиялық күй кешуге деген қажеттілігін көрсетіп отыр.
Кинотанушы Жангелді Өмірәлиев еліміздің кинонарығы қатты өзгеріске ұшырағанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, отандық фильмдер голливудттың фильмдерін басып озады.
– Отандастарымыздың талғамы соңғы жылдары өзгерді. Қазір олар қазақстандық туындыларға ақша төлеуге дайын. Осыдан 10 жыл бұрын олай болмайтын, біздің киноға көп адам бармайтын. Қәзір бәрі өзгерді. Олар кинотеатрларға барып, ақша да төлеп жатыр. Болашақта бұл үрдіс дами беруі керек. Бірақ тек комедиялармен қалып қалсақ – көрермен шаршайды, жалығады. Сол себепті басқа да жанрларды дамыту керек.
Бұл жерде басты назар стримингтерде болып тұр – қазір елімізде бұл бағыт енді дамып келе жатыр. Орыстардың «Кинопоиск» пен «Иви», украиндардың «Мегого» онлайн кинотеатрларында отандық фильмдер қаптап шығып жатыр. Онымен қоса, жергілікті «Қазақтелеком» мен TV+ секілді платформалар бар. Жақында Unico Play мен Freedom Media онлайн кинотеатрлары ашылады. Бұл бағытта да жаңа ойыншылар пайда болып, алға жылжу жүріп жатыр. Соның арқасында бізде жаңа туындылар пайда болып, көрерменде комедиядан бөлек таңдау да болады, – дейді Жангелді Өмірәлиев.
Біз көретін жанр тек комедия емес
Қазақстандық көрермен тек фильммен шектелмейді. Сериалдар әлемінде де олардың талғамы біршама жоғары. Көш басында – әлемге әйгілі «Тақтар ойыны» сериалы. Әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған бұл фэнтези-драма әлемдік сапа мен ішкі драматургияны бағалайтын көрерменнің таңдауынан мүлде кеткен емес.
Тізімде одан бөлек, «Одни из нас» пен «Айдаһар үйі», «Ходячие мертвецы» сияқты антиутопиялық және постапокалиптикалық тақырыптағы жобалар да бар. Қазақстандықтардың арзан, жеңіл комедия емес, қатал реализм мен психологиялық шиеленісті де қажетсінетінін де осыдан-ақ байқауға болады.
– Қазір біз фильмдердің ішіне, әсіресе драмалар, комедиялар мен триллерлердің арасына аз-аздан хоррор жанрын қосып, жұмыс істеуге тырысып жүргендерді көреміз. Бұл тәжірибе біздің киноиндустрияның өсуі мен дамуы туралы пікір қалыптастырады. Бірақ өсу әдетте, жұмыс барысындағы ауыртпалықтармен қатар жүреді. Мысалы, біз кейбір жанрлық теңгерімсіздікті байқау үстіндеміз. Біздің көрермендер арасында ең танымал әрі табыс әкелетін ең пайдалы жанр комедия болғандықтан, олардың сұранысқа сай көптігін аңғарамыз. Сәйкесінше, басқа жанрлардың жетіспейтіндігі көңілге кірбің ұялатады. Мәселен, бізге әлі де болса сапалы экшн-фильмдер, триллерлер, қорқынышты кинокартиналар ауадай қажет. Бұл тиісінше сол жанрларды дамытады, – дейді кинотанушы Гүлажар Машрапова.
Қазіргі қазақ киносына әлеуметтік, ұлттық, тарихи бағыттағы жаңа туындылар келе бастағанымен, комедиялық жанрдағы фильмдер әлі де басым. Осыны ескерген қырғыз кинематографистері бізде кенжелеп тұрған жанрда фильмдер түсіріп, көрерменге ұсынып жүр. Кинотанушы Жанкелді Өмірәлиевтің айтуынша, елімізде де мұндай бағыттағы туындыларды сапалы түсіріп, әсіресе жарнаманы дұрыс жолға қойса, көрерменнің қызығушылығы артып, отандық киноға ағылар еді.
– «Міржақып. Оян қазақ» оған дәлел – бір миллиардқа жуық касса жинап алды. «Дәстүр» комедия емес, алайда 1,5 миллиардтай теңге жинады. Мысал ретінде көрші қырғыздарды алайық: олар Қазақстанда комедия күшті қаражат жинап жатқанын көріп тұр. Сол себепті бұл жанрға жоламай, біздің нарыққа өздерінің арзан қаражатқа түсірілген триллер, әлеуметтік драмалары арқылы кіруде және прокаттан бірталай ақша жинауда. Ол да бір қызық құбылыс, – дейді ол.
Дубляждағы олқылық
Қазір қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі кино әлемін де айналып өткен жоқ. Соңғы жылдары көптеген шетелдік фильм мен мультфильм қазақ тіліне дубляждалып, кинотеатр мен стриминг алаңдарына жол тартуда. Бұл бір жағынан отандық көрермен үшін ана тілінде сапалы контент көру мүмкіндігі болса, екінші жағынан аударма сапасына деген пікірталастардың көбеюіне себеп болды. Кейбір дубляждар көрермен көңілінен шығып, қазақ тілінің көркемдігін, эмоционалдық қуатын аша түссе, енді бірінде қате аудармалар, интонация мен сәтсіз шыққан сөйлем құрылымдары сынға ілікті. Әлеуметтік желілерде, әсіресе кейіпкер мінезіне сай келмейтін аудармалар мен сәтсіз қолданылған сөздер қызу талқыланып жүр.
Кинотанушылардың айтуынша, қазақ дубляжы даму үстінде, сол себепті ол осындай құбылыстардан өтуі шарт . Қазақша дубляж нарығы енді ғана қарқын алып келеді. Бірақ кәсіби аудармашылар мен актерлердің, режиссер-дубляжшылардың тәжірибесі артқан сайын сапа да, көрермен сенімі де жоғарылайтыны анық.
Режиссер Мұрат Есжанның айтуынша, қазіргі сериалдар мен фильмдерде тіл мәселесі мүлде назардан тыс қалып отыр. Оның пікірінше, кинотеатрда қазақша субтитрді оқып отырып, ұялатын жағдайлар жиі кездеседі. Себебі аударма шала, сауатсыз, мектептегі білім деңгейіндегі адам аудара салғандай әсер қалдырады.
– Бұл жерде әркім өз білгенінше істей берсін деп айта алмайсың. Өйткені тіл – жеке адамның ғана емес, бүкіл ұлттың мәселесі. Осы тақырыпты қозғасаң, бірден «қазақша сөйлешник» деп шығара қоятындар табылады. Олай болмауы керек қой. Мәселен, қазіргі қазақша субтитрлердің көпшілігі тек заң талабын орындау үшін жасалады. Шынайы қажеттілік пен тілге құрмет сезілмейді. Оны жасап жатқан адамдардың өзі «Әйтеуір тұр ма – тұр» деп қарайды. Бірақ мен қазақша субтитр болмаса, фильмнің мазмұнын мүлде түсінбейтін адамдарды білемін. Солар үшін сапалы аударма жай формальдылық емес, жалғыз мүмкіндік, – дейді Мұрат Есжан.
Кино – қоғам ойын өзгертетін, құндылық пен адамгершілік идеясын оятатын күшті насихат құралы. Адамның талғамы әр кезеңде өзгеріп отыруы заңды құбылыс. Қазір елімізде комедиялық бағыт басым болғанымен, кейін ол үлкен мағыналы жанрларға ұласуы мүмкін. Әзірге ол уақыттың еншісінде қала бермек.
Әсет ҚАЛИ