in

Күлкі мен шындық тоғысқан комедия

Комедия жанрында түсірілген бұл картина алғашқы аптасында-ақ көрермендерді күлкіге қарық қылып, кинотеатрлар кассасында рекордтық көрсеткіш жинады. Бірақ фильмнің құндылығы тек әзілде ғана емес, астарлай отырып, қоғамдағы түйт­кілді мәселелерді жеңіл жеткізе білуінде.

Фильм бір қарағанда әдеттегі махаббат пен отбасы төңірегіндегі жауыр болған мәселелерді баяндағандай көрінеді. Алайда оқиға желісінде қыз алып қашу, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, өз өмірін нумерологтың болжамына байланыстыру, ажырасқан әйелдің таңдауы секілді күрделі тақырып өріледі. Көрер­менді бірде күлдіріп, бірде ойландыратын да осы тұсы. Сондықтан шығар, комедияның басты ерекшелігі – өзекті проблеманы ауырлатып емес, жеңіл қалжың арқылы жеткізуінде. Бұл тәсіл көрерменге ой салумен қатар, қоғамдағы ескі көзқарас пен жаңа буынның таңдауы арасындағы қайшылықты көрсетеді.

Кейіпкерлер халықтың арасынан алынған

Киноның сюжеті бойынша, Самал – 35 жасқа келген, ашық мінезді, қаржылық жағдайы жақсы, бірақ тым ырымшыл әйел. Ол жасына қарамастан тұрмыс құруға асықпай, өмірін еркін, алаңсыз өткізгенді жөн көреді. Себебі Самалдың бірінші некеден аузы күйген. Оны бұрынғы күйе­уі «бала көтере алмадың» деп кінәлап, тастап кеткен. Сәйкесінше, ол анасының емес, әрдайым ақыл сұрайтын көріпкел Розаның сөзіне сенеді. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігі сол тәуіптің арқасында деп ойлайды. Самалдың бейнесі біздің қоғамға таныс. Жасы келгенше тұрмысқа шықпай жүрген бойжеткеннің біразы бақыты мен болашағын нақты өмірден емес, түрлі жорамал мен сан үйлесімінен іздейді. Олар шынайы қарым-қатынастан гөрі, «тағдырға жазылған белгіге» сенгіш келеді. Фильм осы әлеуметтік құбылысты әзіл арқылы жеңіл жеткізген. Роза Самалға ерекше «тағдыр­лы хабарын» айтады: егер ол жақында өзінің болашақ жарына жолықпаса, өмір бойы бақытсыздыққа ұшырайды екен-мыс. Әрине, Самал бұл сөздерге сенеді. Жанына жігерлі, бірбеткей, бұрынғы спортшы Сезім және жұлдыздарға шексіз сенетін, әзіл-қалжыңы көп астролог Света құрбысын алып, көріпкел айтқан ауылға жолға шығады. 

Олар таңғаларлық оқиғаларды бастан кешіп, тылсымға толы белгілерді тәпсірлей жүріп, шағын көлге жетеді. Барлық ишара оларды Бақыт есімді қарапайым, бірақ адал, жүрегі таза ауыл жігітіне алып келеді. Ол да отбасын құрмаған, алайда өмірге көзқарасы мүлдем бөлек – салмақты, сабырлы, ауылдан ұзап ешқайда шықпаған адам. Самал оған көріпкелдің айтқанын ашық жеткізеді. Бақыт барынша күліп, бұл «тағдырлы спектакльге» қатысудан үзілді-кесілді бас тартады. Ол өмірлік жарын ешкімнің болжамы арқылы емес, жүрек қалауымен таңдайтынын айтады.

Алайда күтпеген жағдайлар, Сезім мен Светаның араласуы Бақытты алып қашумен аяқталады. Иә, иә, кинода қызды емес, қыздар жігітті алып қашады. Осылайша, Бақыт бір рет Роза тәуіпке жолығып, болжамды өз құлағымен естісін деп қыздар тәуекелге бел буады. Екі жастың арасында бастапқыда қақтығыс көп болса да, уақыт өте келе шынайы сезім ұшқыны байқала бастайды. Жалпы, фильмнің табысты шығуына актерлер ойынының шынайылығы да ықпал еткен. Әр кейіпкер өз орнын дәл тауып, күнделікті өмірдегі таныс адамдарды еске салады. Әсіресе, Айшолпан Байтүгел (Сезім) мен Зарина Карменнің (Самал) образы көрермен жүрегінен орын тапты. Олар арқылы қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі мен таңдауы айқын көрсетілгендей. 

– «Қолыңнан келсе, алып қаш» киносындағы Қанаттың ойыны ұнады. Зарина Кармен екеуінің тандемі керемет шыққан. Есте қалған диалогтар көп. Импровизация сияқты репликалар бар. Сценарийі оңтүстіктің менталитетіне сай сөздермен ауызекі тілде жазылған. Маған қатты ұнады. Фильмнің басынан соңына дейін күліп отырдық. Көңілімнен шыққан сюжет – көже үшін қуып келген адамдар болды, – дейді режиссер Жандос Құсайын. 

Күлкі – ем, кино – ой салу құралы

Ендеше «Қолыңнан келсе, алып қаш» жай ғана күлдіру үшін түсірілген туынды емес. Әзіл арқылы айтылған әрбір ситуация көрерменді бір сәтке болса да ойлануға жетелейді. Мәселен, жол полициясына дөрекілік көрсетіп, темір торға қамалған сәтте Бақыт: «Ажырасқан әйелге үйленіп, ауылдағыларға «қарабет» болғым келмейді. Сен бір күйеуден ажырастың. Құдай біледі, екінші отбасының да берекесін кетірерсің. Анасы мен ұлының арасына «от» салатын, мына, сендейлер!…» – деп Самалға ауыр сөз айтады. Сонда қыз қоғамның ажырасқан әйелдерге көзқарасының осындай екенін айтып: «Туысқандарың не айтады деп емес, өзің үшін үйлен! Ертең сен тұрасың онымен, туысқандарың емес. Әйел – сенің отбасың», – деп нүкте қояды. 

Былтыр Қазақстанда 123 600 неке тіркелсе, 40 500 отбасы ажырасыпты. Өкінішке қарай, кейде «ажырасқан әйелдің тағдыры сәтсіз» деген көзқарас кездеседі. Бұл – ескірген түсінік. Қазіргі қоғамда екінші рет бақытын тапқан отбасы өте көп. Бастысы, адам өзін кінәлі сезінбей, өткенін артта қалдырып, жаңа өмірге сеніммен қадам баса білуі керек. Ажырасқан қыздар да толыққанды, бақытты отбасы құра алады. Міне, фильмнің көрерменге айтқысы келгені дәл осы ой. 

– Қазір қоғамда ажырасқан әйелдерге көзқарас басқаша. Бірақ біз олардың өмірінің ауыртпашылығын көрсетіп, ажырасу деген таңба емес екенін көрсеткіміз келді. Әр әйел өзінің бақытын табуға тиіс, – дейді креативті продюсер Азамат Рзағалиев. 

Фильм бар болғаны бір айға жуық уақыт ішінде түсірілген. Бірақ қысқа уақытқа қарамастан, түсірілім тобы әр сахнаны шынайы әрі шымыр қылып шығаруға тырысқан. Дегенмен киносыншылардың комедияға артар сыны да бар. Ербол Ташкеевтың пікірінше, басты кейіпкер өмір көрген, ажырасқан әйелге мүлдем ұқсамайды. Аңғал, жас қыз сияқты. 

– Зарина Карменнің ойынына ешқандай мін тақпаймын. Бірақ оның кейіпкері сценаристердің «қуыршағы» болып қалған сияқты. Әзілдер кейіпкердің мінезіне, өткен өміріне емес, тек сыртқы факторларға ғана құрылған. Маған ұнамаған тағы бір жайт – Светаны ұлты орыс актриса ойнауы керек еді. Өйткені сценарий оның басқа ұлт екенін айқындап тұрса да, ойнаған актриса Жансая Мұратбекқызының ойы­нына сене алмадық. Фильмнің соңында басты кейіпкер қоғамдағы ажырасу мәселесін көтереді. Бұл жерде «жігіттің жүрегін жаулау үшін қыздың мұң-зарын айтуы қаншалықты керек?» деген сұрақ туындады. Бұл сахнаны пафос, артық деп санаймын. Қазақстандағы кино операторларда ізденіс жоқ. Соңғы кездегі фильмнің барлығы бірдей кадрда түсіріліп жүр, – дейді әлеуметтік желіде белсенді киносыншы Ербол Ташкеев. 

Фильм прокатқа 21 тамыз күні шығып, бірден аптаның үздік ондығына енген. Freedom Ticketon ұсынған мәліметке сәйкес, фильмдер ішінде отандық туынды көш бастап тұр. «Қолыңнан келсе алып қаш» – аптаның абсолютті көшбасшысы. Бірінші аптаның өзінде 432 302 325 теңге жинап, кассалық рекорд орнатты. Бұл комедия жанры көрермен жүрегінен орын тапқанын дәлелдеді. Ал осы мақаланы жазып отырған сәтте, фильм тура 1 миллиард касса жинағанын естідік. 

Көктем ҚАРҚЫН