Astana Music Hall сахнасында өткен салтанатты іс-шараға кино және мәдениет саласының кәсіби мамандары қатысып, айрықша қуаныштың куәсі болды. Платформаның тұсаукесерін Uni-Q Group медиахолдингі ұйымдастырған. Компания осыдан дәл бір жыл бұрын құрылып, жұмысын бастаса, ал биыл ұлттық өнерді әлемге насихаттайтын цифрлық жоба дайындап отыр. Аз ғана уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен жоба мамандарынан платформа жайында мағлұмат алдық.
Unico Play – еліміздегі алғашқы цифрлық ойын-сауықтың жаңа стандартын көрерменге ұсынған платформа. Платформа – қазақ өнеріндегі өткен мен бүгінді байланыстырып, болашақтың көшіне қадам басқан бірегей жоба. Оның атында да ғажап мән жатыр. Unique Content «қайталанбас мазмұн» деген мағына білдіреді.
– Unico Play – онлайн кинотеатрын дайындаумен қатар, отандық фильмдерді көріп, мақтаныш тұтуды әдетке айналдырып жатырмыз. Миллиондаған адамның ана тілінде тарихын тануы, шетелдік көрерменнің мәдениетіміз туралы білуі маңызды, – дейді Uni-Q Group бас продюсері Анар Жүнісова.
Онлайн кинотеатр алғашқы күннен-ақ көпке қолжетімділігімен ерекшеленді. Қосымшаны цифрлық құрылғыңызға орнатып, алғашқы бір айда тегін қолдануға болады. Көрермен 10 мың сағаттан аса контентке еркін қол жеткізе алады. Жүйені смартфон, теледидар, нотбук дейсіз бе, кез келген девайста пайдалануға мүмкіндік бар. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі интерфейс, 4K сапасы, офлайн режим, бес құрылғыға дейін бір жазылымнан қолдану мүмкіндігі және ЖИ технологиясына негізделген жүйе отандық өнімді әлемдік деңгейдегі сервистермен теңестіріп тұр.
– IT шешімдері тек сырттан келеді деп ойлауға үйренгенбіз. Unico Play мұның керісінше екенін дәлелдеді. Қазақстанда сапа мен мүмкіндіктер жағынан жаһандық жобалармен бәсекелесетін платформа құруға әбден болады. Әрине, ЖИ технологиясын әлі де жетілдіруіміз керек. Әлем бойынша 15 миллион адам ғана қазақ тілінде сөйлейді, сондықтан күннен-күнге қазақ тілінде сапалы контент жасауды дамыта береміз. Қазір платформадағы әрбір субтитр толықтай ЖИ технологиясы арқылы жасалған және қазақ тіліндегі туындыларды шет тіліне аударып жатырмыз, – дейді Unico Play жобасының басшысы Дияс Досмұханбет.
Д.Досмұханбеттің сөзінше, қазір ЖИ технологиясы толықтай жаңа сервиске енген. ЖИ көрермендердің қараған контентті талдап-саралап, жаңа материал ұсына алады. Тағы бір жаңалық – ЖИ дубляж технологиясы. Қазір платформа актерлардың эмоциясын сақтай отыра қазақ фильмін ағылшын, испан, қытай, түрік, кәріс сынды оннан астам шет тілінде ұсына алады.
– Анамның құрбысы Германияда жұмыс істейді. Бірде ол «Қазақ киноларын шетелдік әріптестеріме, құрбы-құрдастарыма көрсеткім келеді, бірақ неліктен субтитр, шет тіліне дыбыстау мүмкіндігі атымен жоқ?» деп сұраған еді. Бұл ойды іске асыру керегін, қазақ тіліндегі контентті әлемнің қай нүктесінен де тамашалауға мүмкіндік беру керегін командама келіп айттым. Біз өзге платформаларға зерттеу жасап, технологияларды меңгеріп, өз жобамызды дайындап, дамытып жатырмыз. Жыл соңына дейін платформада қазақ классикасының 100-ден аса киносы әлемнің 10 тілінде жарияланатын болады, – дейді Д.Досмұханбет.
Расында да, таныстырылымға келген қонақтар ЖИ технологиясының озық үлгілері арқылы түрлі тілге дыбысталған «Менің атым Қожа» фильмін көріп, таң-тамаша болды. Қазір компания қызметкерлері ЖИ технологиясын жетілдірумен қатар платформаға липсинк технологиясын енгізуді қолға алған. Дияс мырзаның айтуынша, компания міндетінің бірі – интернеттегі пираттарға қарсы күрес, креаторлардың құқығын қорғау, YouTube, Telegram, Instagram сынды танымал желілерде заңсыз тарап жатқан контентті жоюмен айналысу. Компания мамандары жыл басынан бері пираттық контенті бар 600 миллионнан астам трафикті бұғаттаған.
Мұнымен қатар платформада биыл 6 түпнұсқа сериал көрсетілмек, тағы 23 жоба өндірісте тұр. Қосымшаның тұсаукесеріне орай, Unico Play-де «Қара Бекіре» драмасының премьерасы өтті. Кинотуынды Каспий теңізін құтқару және оның экожүйесін қалпына келтірудің өзекті мәселесімен тығыз байланысты. Бұдан бөлек, Unico Play қорында қазақ тіліндегі әлемдік премьералар, танымал түрік және кәріс сериалдары, отандық кино классикасы, жүзден астам телеарна, спорттық хабарлар мен қазақ тіліндегі балаларға арналған ең үлкен топтама бар. Енді қазақ баласы әлемнің үздік анимациялық туындыларын ана тілінде де тамашалай алады.
– Біз анимация саласында тек аударумен айналыспаймыз. Мысалы, танымал Lady bag мультхикаясын қазақ тіліне бейімдеп аударып қоймай, музыкалық шығармаларды қазақ әртістерінің орындауында ұсынып отырмыз. Осы күзде «Өрмекші адам» анимациялық фильмі жарыққа шығады, бұл жобаны Sony компаниясымен бірлесе атқарып жатырмыз. ИК және 91 тобымен де жұмыс істедік, – дейді жоба басшысы.
Жоба ісіне AINA сандық форматтар зертханасы және жас авторларға арналған Shabyt Lab қолдау бағдарламасы да кіреді. Осылайша, компания жас режиссерлардың шығармашылық жұмысын қолдауды мақсат еткен. Шабыт зертханасына бүгінге дейін үміткер режиссерлардан 663 өтінім келіп түскен, ал финалистер желтоқсан айына дейін премьераға дайындалып жатыр. Бір айтарлығы, платформаны дамытуға «Дара» Президенттік бастамалар қоры мен өзге де жеке инвесторлар белсенді қолдау көрсеткен. Қоғам және бизнес тарапынан сенімге ие болған жобаның өміршең боларына үмітіміз зор.
Айсұлу СЪЕЗХАН