Әнші Света Айтбаева Президент Жолдауында айтылған мәселеге пікір білдірді, – деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі қоғамдағы мәдениет, тәрбие мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар қоғамдық орында балағат сөз айтып, көргенсіздік көрсететін әйелдердің бар екеніне алаңдаушылық білдірді.
“Мәдениет пен әдеп, тәлім мен тәрбие әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы тиіс”. Қанша қайталап айтсақ та артық болмайтын тақырып, міне, осы! Президент мәдениет пен әдепті тектен-текке қосақтап айтқан жоқ. Мәдениеттің ең бірінші белгісі – әдеп. Өкінішке қарай, осы бір “әдеп” деген әдемі ұғымның мәнін түсінбей, әдептілік деген қасиеттен ажырап бара жатырмыз. Президент жол бойындағы, көшедегі, қоғамдық орындардағы дарақылық, тәртіпсіздік туралы айтып өтті, расында да өте оғаш көрінетін жайттар. Ал әлеуметтік желілердегі “ұят, әдеп” дегендерді ұмытып, неше түрлі балағат сөздер айтып, көргенсіздік көрсетіп отырғандар қаншама! Солардың ішінде, жасыратыны жоқ, басым көпшілігі – әйелдер. Президент Жолдауының осы бір жерін өз басым, төмен қарап отырып тыңдадым. Түсіне білген жанға сүйектен өтер сөз айтылды! “Әйелді әдепсіздік құртады” деген екен академик Сергей Капица. Ұлт ертеңі, ұрпақ болашағы мықты болу үшін ең алдымен Әйел-Ана арлы, әдепті, білікті, білімді болуы керек. Сонда ғана тәрбие қонып, ұрпақ ұлағатты, отбасы мықты болмақ. Озық ойлы ел боламын десек, ең бірінші өзіміз дұрыс болайық!» – деді әнші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.