in

«Хабар» агенттігі: Отандық кеңістіктегі озық медиа

1994 жылдың 20 мамырында Қазақ те­ле­визиясының ақпарат қызметінің база­сын­да «Қазақстан» РТРК» АҚ-тың құры­лы­мында «Хабар» ұлттық телевизиялық ақ­парат агенттігі құрылды. Сол шақта «Ха­бар» брендімен алғашқы жаңалықтар бағ­дарламасы көрермен аудиториясымен қауышты. 1995 жылғы 23 қазанда Үкімет қау­лысымен «Хабар» агенттігі респуб­ли­ка­лық мемлекеттік кәсіпорын ретінде құ­­рылып, «Хабар» агенттігіне «Қазақ­стан-1» телеарнасында хабар тарату уа­қы­ты бекітіліп, орташа хабар тарату көлемі 4,9 сағатты құрады. 

Ал 1997 жылғы 27 қаңтардан бастап «Хабар» телеарнасы өз толқынында эфирге шы­ғып, күн сайын 14 сағаттық эфир түрлі жанрдағы қызықты, сан алуан бағдар­ла­ма­лар­мен толықты. Уақыт белдеуінде «Хабар» те­леарнасының бағдарламаларын ше­ка­ра­лас Ресей, Қытай және Орталық Азия ел­де­рінің көрермендері де көру мүмкіндігіне ие болды. 1996 жылы Ақмола, Қарағанды, Се­мей қалаларында 3 тілшілер қосыны ашыл­са, 1999 жылы 14 тілшілер қосыны бой көтерді. Өкілдіктер әлемнің АҚШ, БАӘ, Ресей, Бельгия, Ұлыбритания, Оң­түс­тік Корея, Қытай, Германия, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Франция, Түркия, Грузия, Ис­пания, Малайзия елдерінде орналасты. Бүгінде алыс-жақын шетелдердегі тілшілер желісі көрермен талабына сай еңбек етуде.

«Хабар» агенттігінің игілікті істерінің бі­рі – жаңалықтар мен бағдарламаларды ұйым­дастырушы, даярлаушы, жүргізуші құрам­ның шынайы кәсібилігі мен білім-бі­лі­гінің молдығы, мол тәжірибелігі, сан қыр­лы телевизия әлемінің сиқырына қа­нық­тығы. Журналист қай кезеңде де үнемі із­деніспен, тынымсыз ой үстінде, буырқан­ған бұлқыныс құшағында жүреді. Іздеген та­қырыбын тапқан сәттен басталған ар­палыс, көрермен назарына ұсынылған шақ­қа дейін автор жан дүниесінде қа­бат­таса, қойындаса жүреді. Себебі хабардың кө­­­­рермен көңілінен шығып, сан миллион­даған талғампаз аудиторияны жаулап алуы­ның сыры – көрермен көкейінде жүр­ген, адамилық қасиет пен ізгілікті ту етіп ұстанған, қозғалған тақырып өзегін­дегі шынайылықтың шындықпен өзектесе қабысуы. Соның бір дәлелі – 70-жылдары Т.Мың­жасармен басталған достық рәуіш­тің бүгінге дейін жалғастығында. Тілеуқ­а­был қашанда ізденісте жүретін, әзілі мен ада­милығы бір бойына жарасымды, үні телерадиоэфирге лайықты тұлға болды. Жур­налистік сапарындағы жанқиярлық еңбегі үшін Алматы облысында меншікті тіл­ші қызметін абыроймен атқарған ар­дагер журналиске Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Ширек ғасырдан астам тарихында «Хабар» журналистиканың «нақ­ты, жедел әрі шынайы» дейтін үш қа­ғи­дасын тұмар етіп ұстанды. Тәуелсіз ел­дің саяси өмірінен ақпарат таратуда агенттікке жүк­телген жауапкершілік те мол еді. 2005 жылы «Жаңалықтар» қызметінде кәсіби жур­налистер тобынан Президент қызметін жа­риялайтын «Президенттік пул» жасақ­тал­ды. Топқа Майра Қабиева, Тілеуқабыл Мың­жасар, Махат Садық сынды жур­на­листер іріктелді. «Президенттік пулдың» тұң­­ғыш қазақ тілді тілшісі марқұм «от ауыз­ды, орақ тілді» Бейсен Құранбек бол­ды. Қысқа ғұмырларында телеэкранда жа­­­­сындай жарқылдап өткен тұлғалар есім­дері телевизия тарихына «Алтын әріп­тер­мен» жазылды.

Ақпарат қызметі алғаш болып breaking news форматында, аудиторияға үздіксіз ха­бар тарату жүйесін жүзеге асырды. Бағ­дар­ламалардың жанрлық құрамы ақпа­рат­тан тыс, саяси-экономикалық, тарихи-та­ным­дық, мәдени-тәрбиелік, ойын-сауық, ток-шоулармен толықты. Алғашқы 3 жыл­­да 30-дан астам жаңа жоба эфирге шы­ғарылды. 1996 жылы отандық телевизия тари­хында тұңғыш рет түсірілімі 4 жылға со­­зыл­ған 465 сериялы «Перекресток» кө­рер­мендерге ұсынылып, ол ТМД ме­диа­форумында «Ең үздік сериал» номи­на­ция­сына ие болды. 

«Хабар» бірте-бірте отандық ли­цен­зия­ланған көркем және деректі фильмдер, те­лесериалдар, мультфильмдерді көрсете бас­тады. 2000 жылдары «Хабар-ньюс», «Ұят болмасын», «77 күн», «Бизнес-Ха­бар», «Хабар-Жер», «Алтыбақан», «Ку­ли­нар­лық шоу», «Бетпе-бет», «ХХI ғасыр көш­басшысы» сынды 43 жоба эфирге шық­ты. Эфирде әрбір хабардың көтерген жүгі мен оны даярлау мерзіміндегі сан алуан жұмыстар көлемін ескерсек, қыруар іс­тің жанкештілікпен атқарылғанына көз жет­кізесің. Тақырып табудан эфирге дейін­гі ұзақ сонар жолдың өн бойындағы жал­ғас­қан желі арнасында көзге көрінбес бе­лес­тер, сандаған өнер тоғысқан алқаптар қан­шама?! Қашанда «біткен іске сыншы көп». Алайда талғампаз көрермен көре оты­р­ып, өзіне керектісін қажетіне жара­та­ды.

Агенттік тарихына көз жүгіртсек, ал­ғаш­қы құрылған кезеңнен бүгінде дейін «Ха­бар» агенттігін есімдері елге танымал 12 тұлға басқарған екен. Олардың әрбірі агент­­тік тарихында өзінің қабілет-қары­мы­­на, менеджерлік іскерлігіне сай әр жыл­­­­­дары көрермен есінде өзіндік қолтаң­ба­­ларын қалдырды. Бүгінде «Хабар» агент­тігін тәжірибелі, отандық және алыс-жа­қын шетелге танымал медиаменеджер Ке­­­­­мелбек Ойшыбаев басқаруда. Басшы ақ­парат министрлігінде жауапты қыз­мет­тегі көргені мен түйгенін агенттіктің әлем­дік ақпарат саласынан өзіне лайықты орын алуына бар күш-жігерін жұмылдыруда. ХХI ғасыр әлем кеңістігіне «Ақпарат ға­сыры» атауымен енген шақта әлденеше жүз­деген команда мүшелеріне жүктелер мін­дет те орасан. Қашанда ақпаратты беру­дің негізгі ұстанымдары – жылдамдық, со­­­­нылық, то­лыққандылық пен объективті көз­қарас. Телевидениенің негізгі міндеті – жалпы ақ­­паратты жинап, өңдеп, көрерменге ұсы­ну болғанымен, оның насихаттық рөл ат­қара­тынын естен шығармау лазым. Агент­тік журналистері қоғам өміріне бел­сене ара­ласа отырып, әрбір хабарда көте­рі­ліп отыр­ған мәселеге тиімді баға беру, тия­нақ­ты қорытынды жасау, кемелді ұсы­ныстар айтумен қоғамға зор қозғау салуда.

2002 жылы CaspoNet атауымен халық­аралық аудиторияға бағытталған алғашқы ұлттық спутниктік телеарна арқылы ағыл­шын тілінде хабар таратыла бастады. Ол аз ғана мерзімде «Хабар» агенттігінің маңыз­ды бөлігіне айналды. Мақсаты – Қазақ­стан­ның шетелдегі имиджін ілгерілету. Елі­міздің мәдениет, экономика, саясат, ту­ризм, қоғам өмірі мен елдің өткені мен бү­гіні жайлы материалдар күн сайын 100 млн-ға жуық көрермені бар аудиторияға спу­тниктік желі арқылы тарап жатты. 2012 жыл­дан бастау алған Kazakh TV спутниктік же­лісі бүгінде әлемнің 118 еліне қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз және өзбек тілінде ха­барлар таратуда. Агенттік халықаралық ұйымдардың Азия-Тынық мұхитының БАҚ Одағының (ABU) толық құқықтық мү­шесі және Еуропалық БАҚ Одағымен (EBU) ассоциативті мүшелікке ие. Бұл өз кезе­гінде «Хабардың» жыл сайын түрлі бай­қаулар, тренингтер, шығармашылық жобаларға қатысуына кеңінен жол ашты.

«Хабар» агенттігі 30 жылдық тарихында те­леаудиторияға ақпараттық саясаттың ең се­німді жеткізушісі әрі саяси-экономи­ка­лық, әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттаушы екендігін айқын дәлелдеді. Агенттік 2024 жылы Парижде өткен ХХХIII жазғы Олимпиада ойын­дарын трансляциялау құқығына ие болса, сол жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарының ресми транс­ля­торы болды. Ауқымды шараға әлемнің 89 елінен 2 мыңнан астам қатысушы келіп, елі­міздің бай дәстүрлі мұраларымен та­ныс­ты. 2017 жылы «Хабар», «Хабар 24», «Kazakh TV», «Ел Арна» телеэфирде ауди­то­рия­мен бірге тыныстаса, бүгінде «Хабар» агент­тігі – қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын негізгі телеарна «Хабар» және тәулік бойы жұмыс істейтін ақпараттық «24KZ» арна­сы­нан тұратын медиамагнат.

Академик Мырзатай Серғалиев 90-шы жыл­дар аяғында «Хабардың» 7 жетістігін атаған еді. 

– Біріншіден, ұйымдастырушылар да, жүр­гізушілер де – жоғары кәсіби білімді, тәжірибелі журналистер; екіншіден, «Ха­бардың» мазмұны бай, үлгі тұтар істер де, сыни деректер де жиі беріліп жүр; үшін­ші­ден, оқиғалардың дер кезінде берілуі; төр­тіншіден, жүргізушілердің көпшілігі екі тіл­ді еркін меңгерген; бесіншіден, жүргізу­ші сөзі мен репортер сөзінің арасындағы ло­гикалық байланыс орнықты; алтын­шы­дан, тиісті мәселедегі нақтылық пен қыс­қалық; жетіншіден, журналистер сынға батыл бет бұра бастады, – деді.

Тіл саласы корифейінің осыдан ширек ға­сыр бұрын берген әділ бағасы бүгінде сан миллиондаған көрермен аудиториясы бар телеарна үшін қашанда мол мәртебе. Адам қа­жетіне керекті нәрсенің көп мөлшерін те­леэкраннан алады. Тұғыры берік, тәуел­сіз Қазақстанның саяси-экономикалық, мә­дени-әлеуметтік саладағы жеткен та­быс­тарын күн сайын әлем кеңістігіне же­дел­дете жеткізіп отырған «Хабар» агент­ті­гінің сындарлы саясаты дүние жүзі көрер­мен­дерінің қашанда назарында. Торқалы тойында аудиторияға қызықты бағдарлама­лары, алуан сипаттағы татымды хабар­лары­мен келген «Хабар» агенттігі алдағы ке­зеңде де әлемдік медиакеңістіктегі өз тұ­ғы­рынан таймайды деген сенім мен үміт мол.

Құдайберген ТҰРСЫН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері