Бүгінге дейін Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы кеңкөлемді, екі актіден тұратын қойылым болмаған. Режиссер көрермен назарына Шәкәрім өмірі мен шығармашылығы, оның терең философиясы, Абай мен Шәкәрім арасындағы рухани байланыс, ақын өмір сүрген замананың кейпін кеңінен бейнелеуді мақсат еткен. Асхат Маемиров спектакль алдында көрерменге ізгі тілек білдіріп, туынды бұрынғыдан өзгерек екенін тілге тиек етті.
– Хәкім Абайды айтқан кезде оның ақындық ортасы, ақындық мектебі туралы айтпай кете алмаймыз. Абай руханият ілімінің жалғастырушысы, рухани ұстаз, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірін, тағдырын, шығармашылық жолын арқау еткен спектакльге 6 ай дайындалдық. Театрдың этнофольклорлық ансамбілі шығармаларды бастан-аяқ сүйемелдейді. Композитор Бауыржан Ақтаев, хормейстр, хореографтар, киімдерімізді дайындаған азаматтар жанымызда отыр. Солардың бәрінің де еңбегі. 70-80-ге келген ақсақалдарды шымылдықтың ар жағындағы 25-30-дағы жігіттер сомдады, ол да оңай шаруа емес. Дегенмен біз шырқау шегіне жеттік деп ойлаймын, – дейді Асхат Маемиров.
Туынды Шәкәрімнің сүйегін 30 жыл күзеткен ауыл адамы Қабыш пен ұлы Ахаттың диалогінен басталады. Алпыстан асқан Ахаттың әке рухымен тілдесуі жанды мұздатып қоя берді. Ахат Шәкәрімұлы расымен әкемнің сүйегі осы ма деп сенер-сенбес күйде тұрғанда, Қабыш Шәкәрімнің киімінен үзіліп түскен қайың түймені тауып алады. Осы тұста қойылымдағы көркемдік шындық пен тарихи шындықтың арасында тығыз байланыс бары анық көрінді. Абайдың інісі Ысқақтың немересі Мінәш апаның естелігінде осы түйме туралы дерек бар. Онда Ахат Шәкәрімұлы «Құдықты асықпай жалғыз барып қаздым. Қасымда кісі тұрса, көмектессе, сүйекті бүлдірер және қандай жағдайда жатыр деген күдік те болды. Бас көрінгеннен аялап, топырақты шашпай алғанда, қисық жаға көйлектің екі тана түймесі мөлдіреп, киім де сүйекке жабысып тұр екен. Бірақ қол тиген соң киім үгіліп кетті» деп баяндаған. Қойылымның дәл осы сипатта басталуы көрерменді терең ойға шомуға, ары қарай не болар дегендей сан сауалға жетеледі. Ахат «Қайран, әкетайым-ау, осыншама зорлық көретіндей не жамандық жасап едің адамдарға?! Не қиянат қылып едің заманаға?!» деп әке рухымен тілдесіп, жан азабын ақтарады. «Сабыр, балам… Қандай қияметке тап болсаң да, елге тіліңді тигізбе, киесі ұрады. Заманға лағнет айтпа, балам. Тым болмағанда, жаназамды шығарып, адамша көмуге жарамағаны жаныма батады. Жаратқанның жазғанына кінәрат айтудан сақтан…» деп Шәкәрім рухының тіл қатуы ұлына емес, түгел қазаққа айтқан басуы іспетті.
Бұдан соң көрерменге әсер еткен деталь – ақсұңқар мен құзғынның тартыс-айқасы. Ақсұңқар – періште, құзғын – жын-шайтан. Ақсұңқар – ел қамын ойлаған Алаш азаматтары. Құзғын – сұм заманның кейпі, елді тоздырып, топалаңға түсірген жүйе. Әр көрініс сайын ортада ақ пен қараның күресі көркем түрде жүріп жатты. Екі символ отаршылдық дәуірде қазақтың екіге бөлінуін айқын көрсетті.
Қойылым Шәкәрімнің өлімі мен өміріне деген толғаныстан басталса, бұдан әрмен тамашалап отырып ақынның бала, бозбала, жігіт ағасы шағына саяхат жасайсың. Жас Шәкәрім мен Шәкәрім рухын бір етіп тұрған деталь – қарапайым ғана айна. Жас Шәкәрім айнаға қараса, алдынан ауызы опырайған, сақалы қудай қарияны көріп, оның өзі екенін түсінгенде, шошып кетеді. Айнаға қараған сайын өткен дәурен суреті көлбеңдейді. Шәкәрімнің бала кезін сомдаған небәрі 9 жасар актер Даниал Нұрланның өнері көпшілікті сүйсінтіп әкетті. Алты жасынан бастап киноға түскен өнерпаздың әр әрекеті шынайы. Құдайберді дүниеден қайтқанда, баласының әкелеп жылағаны көрермен көңілін тебірентті. Бала актермен тілдесудің сәті түсіп, әсерін білдік.
– Рөлім аса қиынға соқпады, дегенмен күрделісі – Шәкәрімнің асық ойнап отырған жерінен бірден түрегеп, әке деп жылап жүгіргені. Рөлге кастингтен өтіп тағайындалдым. Дайындықта Абай, Шәкәрім шығармашылығы жайында қаншама мағлұмат естідім. Қазбек Есқара, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов сынды кәсіби мамандармен бір сахнада өнер көрсетуім – үлкен қуаныш. Репетиция өте қызықты болды, көп нәрсе үйрендім. Уақыттың тез өтіп, қалай кеш батып, түн ауғанын байқамай қалатынмын. Театр әртістері тәтті-дәмдісін беріп, арқамнан қағып, аямай қолдап отырды. Түсінгенім, қазір білім алуға ұмтылуымыз керек. Оқу оқып, жан-жақты толысып, халыққа еңбек қылу Шәкәрім атамыздың арманы еді. Болашақ кілті тек білімде, – дейді жас актер.
Қазір Даниал Гүлдана Әлиханқызының Artist studio өнер дамыту орталығында қосымша білім алып жүр. Өнер жолын Музыкалық жас көрермен театрының сахнасынан бастаған жас актердың алар асу әлі алда демекпіз.
Иә, қойылым жанры драма болған соң өлім, ел қайғысы көбірек суреттеледі, дегенмен жас Шәкәрімнің киім-киісі, ойнақы қылығы, өкшелі аяқкиіммен секіре билеуі, сан түрлі өнері жас көрерменнің көңілін жадыратып, күлкі де сыйлады. Шәкәрімнің жастық шағын ойнаған Аян Өтепбергеннің актерлік шеберлігі жұртты тәнті еткені анық. Ал екінші актіде ақын шығармашылығы, Абайдың қолдауымен шетелден білім алуы, ел ісіне араласып, әділ би болғаны, елдің ертеңін ойлап, күңіренгені – бәрі-бәрі анық-қанық сипатталды. Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Қалың елім, қазағым, қайран, жұртым…», Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастаны, «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы…», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» сынды өлеңдері, қос ақынның шығармашылығы бір-бірін толықтырып, қойылым идеясына мән қосып отырды.
Шәкәрімнің жан толғанысы жас көрерменге жаңа ой тастағандай. Қойылым авторы Ермек Аманшаевтың сөзімен айтсақ, қойылым – жай ғана өмір жолы емес, «ұлттың мәңгілік сұрақтарына жауап іздейтін рухани айна».
Айсұлу СЪЕЗХАН