in

Әлем өнерпаздарына жол ашқан байқау

Жиында жоба ұйымдастырушылары байқаудың форматы, қатысушылары және халықаралық қазылар алқасының мүшелері жөнінде ақпарат берді. Ірі жобаның бірі болып келетін музыкалық конкурс Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) арасындағы Silk Way Star халықаралық жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асырылды.

Аталған келісімге 2025 жыл­дың 6 маусымында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай көшбасшысының қа­тысуымен қол қойылған еді. Silk Way Star – Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттер мен хал­ық­тардың мәдени құндылық­тар­ын паш ететін әрі әлемдік музыка ин­дус­триясындағы жарқын оқи­ғаға айналатын музыкалық байқау болмақ. Өйткені биыл алғаш рет эфирге шығатын байқауға 12 елдің өнерпаздары өтінім беріп үлгер­ген. Jibek Joly/Silk Way телеарнасы­ның басқарушы директоры Ерке­жан Күнтуғанның айтуынша, өт­ін­ім беру уақыты мәресіне таяса да, Вьетнам, Пәкістан, Тайланд сияқты бірқатар елден қатысу­ға ұсыныс келіп түсуде. Бұл – ат­ал­мыш жобаның алдағы уақытта жалғасатынын білдіреді.  

– Jibek Joly телеарнасы 3 жыл­дан бері эфирде жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақытта біз үлкен фор­маттағы жобаларды қолға ал­маған едік. Silk Way Star жобасы – алғашқы ірі жоба, биыл күзгі мау­сым­­нан бастап эфирге шығаруды жоспарлап отырмыз.  Бұл – қазақ­стандық мамандардың ойлап тап­қан жобасы. Мұндағы негізгі ак­цент – ел ішіндегі өнерпаздар ғана емес, шетелден де өнерпаздардың қатысуы. Бұл біз үшін жаңа тә­жі­ри­бе. Мұндай ауқымды жобаны ұйымдастыру мен өткізу үлкен ең­бекті, тың шешімдер мен көз­қарасты талап етеді. Осы орайда біздің шығармашылық топтың креативтілігі, табандылығымен қатар ерекше құлшынысын атап өту керек. Jibek Joly мен CMG ме­диа­корпорациясын біріктіретін осы жобаның жемісті боларына сенім зор. Мил­лион­даған көрер­мені­мізді тың жаңалықтар және әлемнің түкпір-түкпірінде тұра­тын жандардың бір алаңда ұйыс­қанын тамашалайтын ғажайып сәттер күтіп тұр.Бұл жоба Қытай­дың орталық теле­ар­насында да көрсетіледі. Қа­зақ­стан­дық өнім­нің шетелдік теле­ар­нада көрсетілуі – отандық ме­диа мамандардың еңбегінің жемісі деп білемін. Біздің сапа, біз­дің дәреже шетелдік көрер­меннің көңілінен шығады деген ойдамын, – деді Jibek Joly/Silk Way телеарнасының басқарушы дир­ек­торы Еркежан Күнтуған.  

Әлемде Еurovision Song Contest, Turkvision Song Contest сияқ­ты ауқымды вокалдық конкурстар, шоулар өтеді. Алайда Азияда әсі­ре­се, пандемиядан кейін мұндай байқаулар мүлде болмаған. Ұйым­дастырушылар Шығыс Азия ел­де­рі­нен сұраныс өте көп болуын осын­­дай жағдаймен байланыс­тырды. 

Жоба – Қазақстан мен Қытай­дың бірлескен өнімі. Сондықтан биыл Қазақстанда өтсе, келесі жылы Қытай елінде өткізу жос­пар­ланған. Жиында сөз сөйлеген Қытай Медиа Корпорациясы (CMG) Еуразия бюросының директоры Ван Бинь Silk Way Star мегажобасын Қытай медиакор­по­ра­циясы мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Президенті Әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық дең­гейін айқын көрсететінін айтты. Сондай-ақ ортақ жоба ұзақмер­зімді әрі тұрақты боларына сенім білдірді.

– Медиакорпорациямыздың бас директоры Шэнь Хайсюн мыр­заның айтуынша, бұл – аса маңыз­ды стратегиялық құжат. Бұл жоба­ны жүзеге асыру қытайлық және қазақстандық тарап үшін бірегей тәжірибе болмақ. Қытай тарапы жобаны барынша қол­дай­ды. Біз қазірдің өзінде тәжірибелі маман­дар­д­ан құралған топ құр­дық. Олар жыл сайын көктем ме­­ре­­кесіне арналған гала-кон­церт­терді ұйым­дастырады, ал бұл концерттерді жыл сайын әлем бойынша шама­мен 2 миллиард көрермен тамаша­лайды. Silk Way Star жобасында да ең үздік орын­дау­шы таңдалады деп сенеміз. Сондай-ақ байқауға қатысатын қытайлық өнерпаз да Димаштың Қытайда жеткен жетіс­тігіндей жо­ғары деңгейге жетеді деген үміт­теміз. Биыл жоба түсі­ріл­імдері Қазақстанда өтеді. Бар­лығы ойда­ғыдай болады және келесі маусым Қытайда ұйым­дас­тырылады деп жоспарладық. Осы мақсатқа жету үшін бірлесе жұмыс істейміз, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың ай­ту­ын­ша, жобаға қатысушыларды таң­дау үшін әр елдегі елшіліктері­мен және Мәдениет министрлі­гімен тығыз қарым-қатынас орна­­­ған. Оның географиясының ау­қы­мы да кең. Яғни, Жібек жолы­ның аумағымен шектелмей, Ма­лайзия, Оңтүстік Корея сынды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де қатысушылар келіп бақ сынай­ды. Jibek Joly/Silk Way телеарна­сының басқарушы директорының орын­ба­сары Айнұр Иманғали елдер мен халықтар арасындағы мәдени бай­ланыстарды нығай­туға, өркен­иет­аралық диалогті дамытуға ба­ғыт­талғанын байқау география­сы­ның ауқымды болуы­мен байла­н­ыстырады.

– Silk Way Star – жай ғана вокал­дық байқау емес, одан да үл­кен, мәні терең мәдени халық­аралық жоба. Биыл біз Астанада ежелгі Жібек жолының бойында орналасқан елдердің бай да біре­гей мәдени мұрасын паш ететін 12 мемлекеттен өнерпаздарды қарсы аламыз. Астана – Еуразия құрлы­ғы­ның дәл жүрегі. Барлық елден ең дарынды, ең креативті, ең ба­тыл жас орындаушыларды қарсы алады. Бұл тек мәдени диалогті да­мы­ту мүмкіндігі ғана емес, соны­мен қатар Астананың заман­ауи келбетін, ерекше атмосфера­сын, бай тарихы мен дәстүрін бү­кіл әлемге таныстырудың жар­қын жолы. Айта кетейік, Silk Way Star байқауы Қазақстандағы әр­түрлі медиа платформалардан көр­сетіледі. Сонымен қатар шоу халықаралық аудиторияға Silk Way телеарнасы арқылы және байқауға қатысушы елдердің, соның ішінде Қытай, Орталық Азия мемлекет­тері, Әзербайжан, Моңғолия және басқа да елдердің аумағында және өз тілдерінде көрсетіледі, – деді Айнұр Иманғали.

Ал музыкалық жобаның тех­никалық мазмұны жайында Silk Way Star байқауының продю­сері, еліміздегі айтулы музыкалық жобалардың ұйымдастырушысы Динара Адам айтты. 

– Бүгінгі студиямыз 10 күннен кейін мүлде басқа кейіпке енеді. 700 шаршы метрлік алаңның 560 шаршы метрін LED-экрандар алып жатыр. Шамамен 400 жарық құ­рыл­ғысы орнатылған. Бұл студияда көптеген жоба түсірдім, ең ірі жоба­ларда да жабдықтар саны әдетте 200-250 шамасында болатын. Бұл жолы – екі есе көп. Кинетикалық декорациялар, ды­быс, техникалық арнайы эффекті­лер, жасанды интеллектті қол­дану – мұның бәрі аса мұқият бо­луды талап етеді, – деді продю­сер.

Ауқымды байқаудың құрылы­мы да күрделі. Жобаның бас ред­ак­торы Қасымхан Алдаш байқау­дың 10 эпизодтан тұратынын тар­қатып айтып берді. Алғашқы 9 эпизодта қатысушылар үздік атану үшін бақ сынайды, оларды 12 елден келген халықаралық қа­зы­лар алқасы бағалайды.кіт­ілген ережеге сәйкес, әр баға­лау­шы өз елінің өнерпазын баға­ла­май­ды. Әр эпизод белгілі бір тақ­ырыпқа негізделеді. Мәселен, қа­тысушылар тек өз тілінде емес, қарсыласының тіл­інде де ән айту­ға және қазақстан­дық поп, таны­мал әншілермен дуэт болуға мін­детті. 10-эпизод – финал. Бұл – тікелей эфир, халықтың да берген дауысы бойынша қоры­тын­дыланады. 50 пайыз – қазылар алқасының бағасы, 50 пайыз – 12 елдің көрермендерінің берген дауысы. Ұйымдастырушылардың айту­ынша, мұндай ауқымды қол­дау – бұрын-соңды болмаған құбылыс.

Қазылар алқасының құрамын­да танымал әртістер, композитор­лар, продюсерлер мен медиа өкіл­дері болады. Silk Way Star – азиялық музыканы насихаттау, халықтар арасындағы мәдени бай­ланысты нығайту және жаңа таланттарға жол ашатын алаң қалыптастыруға бағытталған біре­гей жоба әрі әлемдік музыкалық индустриядағы жарқын құбылыс болмақ. Бұл Ұлы Жібек жолы бойын­дағы елдер мен халықтар­дың мәдени құндылықтарын паш етеді. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, келіп түскен 80 өтінімнің ішінен іріктеліп алынған 12 елдің үздік, танымал әншілері сахнада өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Армения­дан – Саруар Геворгиян,  Әзербай­жаннан – Сабина Заде, Грузия­дан – Автандил Абесламидзе, Қытайдан – Чжан Хэсюань, Қыр­ғызстаннан – Тамға, Малайзиядан – Язмин Азиз, Моңғолиядан – Мищель Джозеф, Тәжікстаннан – Фахриддин Хакимов, Түрікмен­стан­нан – Давран Шаммыев, Өз­бек­станнан – Мадинабону Адылова, Оңтүстік Кореядан KANDIS  тобы қатысса, еліміздің атынан бақ сынайтын поп-жұл­дыз – ALEM. 

Байқауға қатысушылар әр елдің мәдениетіне тән музыкалық стильдердің алуандығын, дәс­түрлердің, әуендер мен орындау мәнерінің ерекшелігін көрсетеді.  Музыкалық сайыстың түсірілімі 20 тамызда басталады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ