Бұл сөзіміздің айғағын жоба мәтінінен аңғарамыз. Мәселен, 4-баптың 1-тармағында «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі» делінген. Яғни, қоғам мемлекеттік шешім қабылдау процестеріне қатыса алатынын білдіреді. Ал таяуда құрылуы мүмкін Халық Кеңесінің басты артықшылығы – талқылау алаңында айтылған қоғам пікірінің билікке жетуіне жол ашу. Жаңа құжаттағы 70-баптың 1-тармағында «Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган» деп нақтылап жазылған.
Жалпы, жаңа Конституцияның авторлары сабақтастықты сақтай алды десек болады. Біріншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында халықтың ұстанымын саяси билікке жеткізуші институттар болды. Тарихтан мысал келтірсек, Билер кеңесі мен Құрылтайды айта аламыз. Екіншіден, Кеңес дәуірін есепке алмағанда, Тәуелсіздік жылдары бұндай жалғастық жоғалған жоқ. 2019 жылы қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейту үшін Қоғамдық кеңес құрылып, кейін Ұлттық құрылтайға ұласты. Мемлекеттік органдардың жанында ұсыныс беру үшін қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел аумағындағы жүздеген этностың құқықтарын қамтып, пікірін мінберлерге жеткізді. Әйтсе де, кейінгі өзгерістер, соның ішінде жаңа Конституция жобасы халықтың мемлекеттік шешім қабылдау істеріне қатысуын қаншалықты қамтамасыз етеді? Осы сауалдың жауабын сарапшылардан сұрауды жөн көрдік.
Ғазиз ӘБІШЕВ,
саясаттанушы:
Талқылаушы демократияның үлгісі
– Халық Кеңесі – делиберативті (талқылаушы) демократия деп аталатын жүйеге жататын орган. Талқылаушы демократияның мәні терең, яғни мемлекет шешімдерді әзірлеу мен талқылау процесіне саяси логикамен әрекет ететін саяси мандат иелерін ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерін де тартады. Азаматтық қоғам өкілдеріне саяси қысым аз, олар электоралдық мүдделерге тәуелді емес. Сол себепті мұндай алаңда балама пікірлер, әртүрлі көзқарастардың айтылуына мүмкіндік туады. Әдетте, саяси күштер белгілі бір ортақ келісімге келіп, өз ұстанымдарын білдіреді. Алайда көп жағдайда саяси жүйеде негізгі 2-3 полярлы пікір ғана үстем болады. Мысалы, мұны Ұлыбритания парламентінен де көруге болады. Ал талқылаушы демократия органдары күн тәртібіне әлдеқайда кеңауқымдағы пікірлер мен ұсыныстарды шығаруға жол ашады.
Сондықтан, менің ойымша, бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Ұлттық құрылтай қандай рөл атқарса, енді Халық Кеңесі сол жолды жалғайды. Ол саяси жүйеге және қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасқа нақты ықпал ете ала ма, жоқ па – бұл қабылданатын конституциялық заңға және билік тарапынан қалыптасатын құқық қолдану тәжірибесіне байланысты. Яғни, билік өкілдері Халық Кеңесінің пікірлері мен ұсыныстарына қаншалықты құлақ асатыны маңызды.
Дегенмен Халық Кеңесінің Конституцияда бекітілуінің өзі – осы институтты нығайту жолындағы маңызды қадам. Қаншалықты тиімді болатыны оған қандай мазмұн мен өкілеттіктер берілетініне байланысты.
Азаматтық қоғамның рөлін күшейту мәселесіне келсек, Президент бұған дейін «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынғаны белгілі. Бұл қағидаттар, әсіресе күшті Президент туралы ұстаным жаңа Негізгі заңда толық көрініс тапқан. Бұл – халық президенттік сайлауда Мемлекет басшысына үміткер тұлғаларды мұқият бағалап, сайланған Президентке айтарлықтай кең сенім мандатын береді деген ұстанымға негізделген. Одан кейін Мемлекет басшысы саяси жүйедегі күштер теңгерімін айқындайды.
Конституцияның 2-бабына сәйкес, Қазақстанда президенттік басқару нысаны бекітілген. Сондықтан Президент атқарушы билік пен азаматтық қоғам арасындағы тепе-теңдікті айқындайды. Қажет болған жағдайда басқарудың тиімділігін арттыру үшін азаматтық қоғамның рөлін күшейтуі мүмкін. Ал сыртқы немесе ішкі саяси дағдарыстар кезінде мемлекеттік институттардың күшін біріктіруге де басымдық бере алады.
Жалпы алғанда, Қазақстан жаңа Конституцияны және конституциялық заңдарды әзірлеу барысында стратегиялық саяси бағытта айқындалған басымдықтарға сүйеніп, әлемнің әртүрлі елдеріндегі халықаралық тәжірибелерді ескереді. Әрине, қоғамдық институттар еліміздегі демократиялық процестердің дамуына ықпал ете алады. Бұл тұрғыда бизнес-қауымдастық та, азаматтық қоғам да, сондай-ақ саяси күштердің өзі де маңызды рөл атқарады.
Ардақ МОНТАЕВ,
саясаттанушы:
Талқылаудың тұрақты тетігі
– Халық Кеңесінің құрылуы қоғам мен билік арасындағы қоғамдық-саяси диалогтың бұрынғы жүйесімен салыстырғанда белгілі бір өзгерістерге әкелуі мүмкін. Егер бұл орган шын мәнінде әртүрлі әлеуметтік топтардың, сарапшылардың және өңір өкілдерінің қатысуымен құрылған алаң болса, онда ол қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етуі ықтимал.
Біріншіден, Халық Кеңесі қоғамдық диалогты институционалдандырып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауды тұрақты өзара іс-қимыл тетігіне айналдыруы мүмкін.
Екіншіден, өткен кеңесші сипаттағы форматтардан айырмашылығы, мұндай орган нақты өкілеттіктерге ие болуы ықтимал. Мысалы, ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ заңнамалық бастамалар көтеру құқығына ие болады.
Үшіншіден, егер Халық Кеңесінің құрамына түрлі қоғамдық топтардың, кәсіби қауымдастықтардың және өңір өкілдері енсе, мемлекеттің стратегиялық шешімдерін талқылауда қоғамдық қатысу деңгейін арттырады.
Ұлттық құрылтай негізінен кеңауқымды қоғамдық пікір алмасу мен көзқарастарды біріктіру қызметін атқарды. Ал Халық Кеңесі неғұрлым институционалданған органға айналып, қоғамдық мүдделерді білдіріп, ішкі саясат пен қоғамдық келісім мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеуге қатысуы мүмкін. Алайда оның нақты маңызы ұсыныстарының мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қаншалықты ықпал ететініне байланысты.
Әлемдік тәжірибеде мұндай органдар көбіне қоғамдық-консультативтік институттар қызметін атқарады. Олар азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығын мемлекеттік шешімдерді талқылауға тартуға мүмкіндік береді. Егер Халық Кеңесі де осындай форматта жұмыс істесе, ол қоғамның билікке деген сенімін арттырып, ел дамуының маңызды мәселелері бойынша кең қоғамдық консенсус қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.
Тағы бір маңызды норма – Халық Кеңесінің бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығының болуы. Бұл тікелей демократия элементтерін күшейтеді. Жалпы алғанда, аталған ережелер қоғамдық қатысуды институционалдандыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара әрекеттестіктің қосымша арналарының қалыптасуына бағытталған.
Қоғамдық институттардың дамуы – заманауи демократиялық жүйені қалыптастырудағы маңызды шарттардың бірі. Тиімді жұмыс істеген жағдайда мұндай институттар тұрақты даму мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін маңызды факторға айнала алады.
Дайындаған
М.ТӨЛЕУ
