in

Алдағы күндері ел аумағында 42 градусқа дейін аптап ыстық, қатты жаңбыр күтіледі

Синоптиктер 25-27 маусым аралығында Қазақстан күн райы қандай болатынын айтты. Кей өңірлерде қатты жаңбыр жаууы ықтимал, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасаған astana24.com.

Метеорологтардың мәліметінше, алдағы күндері республика аумағындағы ауа райын солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер айқындайды.

Осыған байланысты жаңбыр, найзағай, бұршақ, желдің екпінді күшеюі және шаңды дауыл күтіледі.

25 маусымда Қазақстанның солтүстік-батысында және солтүстігінде, 25-26 маусымда шығысында, 26-27 маусымда батысы мен солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады деп болжанады.

Сондай-ақ солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде аптап ыстықтың бәсеңдеуі күтіледі, күндізгі ауа температурасы +23…+28°С-қа дейін төмендейді.

Алайда Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлеріне Ашхабад маңынан құрғақ әрі жылы ауа массаларының келуі жалғасады. Соның әсерінен бұл өңірлерде ауа температурасы +33…+38°С шамасында сақталып, жекелеген аудандарда +40…+42°С-қа дейін аптап ыстық болады.